Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

«Егемендігің құтты болсын, елім!»

1315
«Егемендігің құтты болсын, елім!» - e-history.kz

1990 жылы қазан айының 25-жұлдызы бейсенбі күні Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының Мемлекеттік егемендігі туралы Декларация қабылданды. Келесі күні «Социалистік Қазақстан» (қазіргі Egemen Qazaqstan) газетінің №247 (19722) санында «Егемендігің құтты болсын, елім!» деген сүйінші хабар жарияланды. 

Газеттің бас бетінде «Қазақ ССР Жоғарғы Советінің мәжілісі туралы ақпарат хабар» атты ҚазТАГ-тың  тілкімдей хабары берілген. Онда:

«Қазақ ССР Жоғарғы Советінің қазанның 25-індегі таңертеңгілік мәжілісінде республикадағы мемлекеттік өкімет органдарының және халық шаруашылығын басқарудың құрылымы туралы Қазақ ССР Президенті Н. Ә. Назарбаев баян- дама жасады.

Өкімет пен басқарудың жаңа құрылымымен байланысты Қазақ ССР-інің Конституциясына (Негізгі Заңына) өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын және тиісті түсініктеме жазбаны Жоғарғы Советтің комитеттері мен комиссияларында талқылау жөнінде ұсыныс қабылданды. Ұсынылған заң жобасы осы сессияның екінші пленарлық мәжілісінде талқыланады.

Бұдан кейін Қазақ ССР-інің мемлекеттік егемендігі туралы Декларацияның жобасын жетілдіру жөніндегі Жоғарғы Совет комиссиясы атынан оның төрағасы депутат С. 3. Зиманов сөз сөйледі.

Жоғарғы Советтің кешкі мәжілісінде Декларация жобасы статьялар бойынша талқыланды. Оның әрбір статьясы жекелей дауыс беру арқылы қабылданды.

Жоғарғы Совет Қазақ Советтік Социалистік Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы Декларацияны толығымен қабылдады.

Қазақ ССР Президенті Н. Ә. Назарбаев пен республика Жоғарғы Советінің Төрағасы Е. М. Асанбаев депутаттарды, мәжіліске қатысушылардың бәрін Советтік Қазақстан тарихындағы осы айтулы оқиғамен құттықтады. (ҚазТАГ)».

Бұдан әрі «Сессия күнделігі» айдарымен жарияланған «Социалистік Қазақстанның» парламент тілшілері хабарлаған «Егемендік ел үміті еді» тақырыбына көзіңіз түседі. 

«Алдыңғы күні комиссиялар мен комитеттерде жұмыс істеген парламент мүшелері бейсенбіде пленарлық мәжілісін бастады. Күн тәртібі бойынша кейініректе тұрған мәселе – «Қазақ ССР-індегі өкімет құрылымы туралы» Қазақ ССР Президенті Н Ә. Назарбаев баяндама жасады. Алайда, депутаттар баяндаманы талқылауды кейінге қалдыра тұрып, «Қазақ Советтік Социалистік Республикасының мемлекеттік егемендегі туралы» Қазақ ССР Декларация толықтырылған жобасын талқылауға кірісіп кетті. 

Оқырмандарымыздың есіне сала кетейік, сессияның алғашқы күндерінде Декларацияның негізгі жобасы талқыланып, оған балама негізде «Демократиялық Қазақстан» депутаттар тобының жобасы ұсынылғанын білесіздер. Соған орай депутаттардан ғана емес, жалпы жұртшылықтан түскен пікірлер мен ескертулерді Декларация жобасына енгізу жөнінде арнайы комиссия құрылып, ол депутат С. Зимановтың басшылығымен бір аптадан астам жұмыс істеген болатын. Міне, сол комиссия жұмысы қорытындысында толықтырулар енгізілген Декларация жобасы тағы да қызу талқыға түсіп, депутаттар оған аса мұқият қаралды. Парламент мүшелері Декларацияның әрбір сөйлеміне, сөзіне жете мән беріп, тоқталып, айтылған ұсынысты сол бойда дауысқа салып отырды.

Біз үзіліс арасында республикамыздың егемендік алудағы бағдарының жобасы туралы пікірлерін білдіру үшін бірнеше депутатты әңгімеге тартып, мәселені өз ауыздарынан естігенді жөн көрдік.

Алтыншаш ЖАҒАНОВА:

– Республикамыздың егемендігі туралы мәселеге келгенде парламент мүшелерінің оған енжар қарамай, қызу пікірталас туғызуы, тіптен баламалы Декларация жобасын ұсынуы заңды құбылыс деп ойлаймын. Өйткені, қабылданғалы отырған Қазақ ССР-інің егемендігі туралы Декларация жобасы біздің халықтығымызды айқындап, болашағымызды бағдарлап бермек. Яғни, бұл – біздің республикамыздың егемендік алу жолындағы бағдары. Алайда, «Демократиялық Қазақстан» депутаттар тобының Декларациясының негізгі жобасындағы ойларды тек қана қазақ ұлтының мүддесін көздеу деп түсінуі жанымызға батады. Негізгі жобаны талқылау кезінде кейбір депутаттардың қызу қандылықпен еркін сөйлеп, тіптен қазақ халқының намысына тиетін пікірлер білдіргені тым асқақтаушылық. Бұл тарихты бұрмалау. Әрине, мен «Демократиялық Қазақстанды» қалайтындардың барлық пікірлерін жоққа шығарып тұрған жоқпын. Оларда республика болашағын ойлаған келелі пікірлер де бар. Сондықтан да, негізгі жобаны қайта қарағанымыз, толықтырулар енгізгеніміз дұрыс болды ғой деп ойлаймын. Арнайы комиссия құрылып, баламалы жобадағы ұсыныстарды ғана емес, жалпы жұртшылықтан түскен барлық пікірлерді ескеріп, бүгінгі талқылап отырған Декларацияның толықтырылған жобасын ұсынуы – Жоғарғы Советтің үлкен ісі деп бағалаймын. Бұл жоба барлық Қазақстанда мекендеген халықтардың мүддесін толықтай қанағаттандыруды көздеген. Сондықтан, республикамыздың бүгінгі тынысына, мақсатына, сай келеді деп ойлаймын.

Сұлтан САРТАЕВ:

– Мен Декларацияның негізгі жобасына толықтырулар мен өзгерістер енгізу үшін құрылған комиссияға мүше болдым. Комиссияның жұмысы барысында біз баламалы негіздегі жобаға да, халықтан жазбаша түскен пікірлерге де жете мән бердік. Қайткенде де біздің республикамыздың Декларациясы Қазақстанда мекендеген барлық халықтардың тең праволы дамуын қамтамасыз ететіндей болуына, біздің өзге халықтармен тереземіз тең ел екендігімізді білдіретін егемендікке жетуімізге баса назар аудардық. Өйткені, бұл құжат келешекте республика өмірінде аса маңызды роль атқармақ. Бұл алда қаралатын Қазақ ССР Конституциясын қабылдауда, Одақтық шарт жасауда негізге алынады. Сондықтан да, тек бүгінгісін ойлап, еліміздің болашағын бағдарламай, бұра тартқысы келетіндерге ғылыми негізде түсінік беруге тырысудамын. Мұны айтып отырған себебім: «Демократиялық Қазақстан» тобындағы депутаттар, сондай-ақ республикамыздың кейбір жұртшылығы «ұлттық республика дегенді жойып, азаматтық қоғам құрайық» деген пікір айтады. Ал, оларға мен әлемдік тәжірибелерге сүйене отырып, мынаны айтқым келеді: сіздер ойлағандай ұлттық мемлекет азаматтық қоғамға, яғни праволық мемлекетке қайшы келмейді. Мәселен, Англия – праволық мемлекет. Алайда, ол ағылшындардың ұлттық мемлекеті. Сондай-ақ, Франция, Испания, Жапония тағы да басқа көптеген ұлттық негіздегі праволық мемлекеттерді мысалға келтіруге болады. Біз де осы мемлекеттердің үлгісінде өзіміздің егеменді, ұлттық республикамызды дамытамыз, гүлдендіреміз. Декларациядағы қазақ деген сөзден қорқатын ештеңе де жоқ. Қазақ ұлты, сонау ерте дәуірден тілі, ділі қалыптасқан, кіндік қаны тамған өз ата мекені бар халық қой. Енді келіп оны мүлде сызып тастау мүмкін емec.

Қадыр МЫРЗАЛИЕВ:

– Декларация жобасының әрбір сөйлемі, тіптен сөзіне мән беріп, талқыға салуымыздың өзі депутаттардың республика егемендігіне енжар қарамайтынын көрсетіп отыр. Алайда, кейбір елдігімізге, егемендігімізге пайдасы тие қоймайтын пікірлердің белең алуы кім-кімге де тиімді бола қоймас. Егемендік егеспен келмейді. Қайта ол біздің республикамыздағы барлық ұлттардың ынтымағы, бірлігі арқасында ғана келеді. Сонда ғана біздің республика экономикасы, мәдениеті гүлденген елге айналмақ. Ел болашағын ойламай, тек өзінің бүгінгісін ойлаған депутаттарға тоқтау салайық.

1990 жылдың 25 қазан күнгі 18 сағат 55 минөтті есімізге сақтайық. Қазақстан парламенті осы сәтте республика көп ұлтты халқының мүддесіне қызмет ететін егемендік туралы тарихи Декларацияны қабылдады!

Г. ЕҢСЕПОВА, Ә. ӘЛІБЕКОВ.»

Міне, бұл қазақ үшін айырықша күннің ертесінде шыққан газетте шыққан материалдар. Ондағы депутаттардың пікірі де қаз-қалпында берілді. Сөйтіп бұл сандағы егемендік жайлы жазылған мақалалардың тізбегі осымен тәмәм. Басқа беттерге күнделікті хабарлар мен мақалалар жайғасыпты. Ал «Социалистік Қазақстанның» келесі нөмірлері Декларация жайлы не жазыпты дегенді ақтарып көрдік. 

27 қазандағы нөмірде «Елдігіміздің басты белгісі» тақырыбымен шыққан мақалада Қазақ ССР Президенті Н Ә. Назарбаевтың халқымыздың саяси өміріндегі үлкен маңызы бар құжат – Қазақстан егемендігі туралы Декларацияның қабылдануымен қызу құттықтағаны айтылған. Декларацияның алдағы күндері жарияланатыны жеткізіліп, оған тіл туралы баптың енгізілмегені түсіндірлген. 

«Декларация жақын күндерде баспасөз бетінде жарияланады. Сондықтан, мұнда оның жалпы мазмұнына тоқталып жатудың жөні жоқ. Әйтсе де, оқырмандарымыз құлақ түріп отырған кейбір мәселелерден хабардар ете кетейік. Мәселен, Декларацияның осыдан бір айдан астам уақыт бұрын баспасөзде жарияланған жобасында республикамызда қазақ тілі – мемлекеттік тіл, ал орыс тілі ұлтаралық қатынастар тілі деген тұжырым бар болатын. Бұл бұдан бұрын қабылданған Тіл туралы Заңда бекітілген қағидаға қайшы болғандықтан, халқымыздың арасында түсінбеушілік туғызып еді. Осыған байланысты газет редакциясына оқырмандардан әртүрлі пікірлер айтылған хаттар түскен. Оған жауапты осы Қазақ Жоғарғы Советінің екінші сессиясынан күткенбіз. Енді, міне, ол шешімнен хабардар болып отырмыз. Кеше қабылданған Декларацияға тіл туралы бап енбей қалды. Себебі, депутаттар, республикамызда тіл туралы мәселе арнайы заң- да тұжырымын тапқан, енді Декларацияда оған қайтып оралудың жөні жоқ деп тапты. Мұны оқырмандар қуана қабыл алады деген ойдамыз», делінген мақалада. 

Уәде етілгендей Декларация толықтай 1990 жылы қазанның 28-жұлдызы жексенбідегі санда жарияланған. Басты бетке «Қазақ Советтік Социалистік Республикасының егемендігі туралы Декларациядан» бөлек «Ерекше маңызды құжат» атты сол кездегі депутат, Қазақ ССР Ғылым академиясының академигі С. Зимановтың мақаласы жайғасқан. Онда автор егемендік туралы декларацияны Қазақстан соңғылардың бірі болып қабылдағанын және оның артықшылығы мен кемшілігі бар екенін айтып өткен. Сондай-ақ Декларацияның әр бабына тоқталып, жіңішкелікпен түсіндірген. 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?