Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Халық ақыны Көшен Елеуов

1507
Халық ақыны Көшен Елеуов - e-history.kz

Халық ақыны Көшен Елеуов 1892 жылы қазіргі Қарқаралы ауданы жеріндегі Бесоба ауылына қарасты Ынталы деген жерде дүниеге келген. Шыққан тегі жағынан арғын тайпасының бес мейрамына жататын қуандық руының мойын-байболды атасынан тарайды. Әкесі Елеу мен анасы Қазиненің тұңғышы болып дүниеге келген Көшен сол кездегі барлық дерлік балалар тәрізді, 1902-1911 жылдар арасында ауыл молласынан және медреселік сабақ алады. Сабақты жақсы оқып, араб, парсы тілдерін жақсы меңгереді.

Әкесі Елеу – сауыққой, саятшы, домбырашы адам болыпты. Жас Көшеннің өлең-жырға құмар болып өсуіне әкесінің ықпалы ерекше болыпты. Бала кезінен әке жолын қуып, өлең-жырға бейім болып өскен Көшен батырлық, ғашықтық жыр-дастандарды жаттап, домбыраға қосылып айтып, ауыл арасындағы ойын-тойларда көпшіліктің алдында өнер көрсетеді. Сол дәуірдегі белгілі өнерпаздар, айтыс ақындары, күйшілер – бала Көшеннің алғаш үлгі алған ұстаздары болады.

Көшен ақынның шығармашылығында 1916 жыл оқиғасы ерекше орын алады. Патша жарлығымен майданға алынған жастар арасында Көшен де бар еді. Майданда жүріп ол өмірдің түрлі сипаттары туралы өлеңдерін жазады. 

Майданнан келген соң, көкірек көзі ашылып, ел-жер таныған жас азамат Көшен ел басқару ісіне араласады. Ауыл ұстасы болып жүріп, 1917 жылы алдымен ауылдық кеңес төрағасының орынбасары, одан кейін төрағасы қызметін атқарады. Ақтоғайдағы қояншытағай еліне болыс болып қызмет атқарады. Осы елде Нұрсейіт деген байдың Мәкен атты қызына үйленіп, одан Қинуар атты қызды болады.

Отызыншы жылдары ел ішінде қиыншылық туындап, аумалы-төкпелі күндер туындағанда Көшеннің басына да қиындық түседі. «Байдың қызын алдың» деген жала жабылып, қудаланады. Осыдан кейін ол отбасынан бөлініп, інісі тұратын Кемеровоға кетеді. Кейіннен отбасын әкелу үшін талаптанғанымен, кедергілерге тап болып кері қайтуға мәжбүр болады. 

Оқи отырыңыздар: Тәңірберген Отарбайұлы және Алаш идеясы

1936 жылы Ресейден елге оралып қазіргі Белағаш аулына оралады. Келген соң түрлі кәсіп істеп еңбекке араласады.

1938 жылы 1 қазан мен 1 желтоқсан аралығында халық ақындары мен жас ақындардың екі айлық курсына барып, тәмамдайды. Осы кезеңнен бастап өмірінің соңына дейін айтыс өнерінің айналасында болып, елді бірлік пен берекеге, жауынгерлерді қан майданда жауды жеңуге, тың еңбекшілерін қайраттанып тер төгуге шақырады.

Ар үшін, намыс үшін, отан үшін,

Салғанда совет халқы барлық күшін.

Мадақтап Қарағанды ерлерінің,

Тамаша жанқиярлық айтсам ісін, - 

деп жырлаған Көшен ақын өзінің ақындық қабілет-қарымын туған халқына арнайды. Қарағанды облысының намысын қорғап, елдегі жақсылықтарға сүйініп, кемшіліктерге күйініп, оларды жоюға өткір сынымен атсалысады.

Кеңес Одағы тұсында халықтық өнер мен ауыз әдебиетіне белгілі деңгейде көңіл бөлініп, оның сақталуына, дамуына коммунистік партияның сұраныс ауқымына сай қамқорлық танытқаны белгілі. Осыған орай халық ақындары шығармашылығына мән беріліп, олардың бойындағы тума талант пен сан ғасырлардан бері солар сақтап келе жатқан жырлар мен ән-күйлерді жазып алу жұмысы жүрілген болатын.

Көшен Елеуов осы кезден бастап өмір бойына халық ауыз әдебиеті мен өзінен бұрын Қарағанды өңірінде өткен ақын-жыраулардың шығармаларын,ел аузындағы аңыз-ертегілер, мақал-мәтелдерді жинақтауға зор үлес қосады. Ол Мәди Бәпиұлы, Иманжүсіп Құтпанұлы өлеңдерін жинақтап, ҚР ҰҒА Тіл және Әдебиет институтына тапсырады. Ол осы беделді мекеменің корреспонденті деген куәлікке ие болады.

Өзі де жазба шығармашылықпен шұғылданған Көшен ақынның қаламынан өткен өмір мен өз заманы, көзбен көрген дәуірі туралы өлеңдер мен дастандар тудырады. «Баян», «Қорқыт», «Бозінген», «Екі дос», «Сарыарқалық жігіт», «Қарағанды», «Жылқышы» қатарлы туындыларының ішінде «Кенесары мен Наурызбай» дастанының орны ерекше.

Соғыс жылдарында қажыр мен қайрат жолында халықтың жігерін жанып, жауынгерлерді ерлікке ұмтылдырғаны үшін Көшен ақынның еңбегі лайықты бағаланып, «Қызыл Жұлдыз» және «І дәрежелі Отан соғысы» ордендерімен марапатталады.

Халық ақыны, шығармашыл тұлға Көшен Елеуов 1971 жылы 31 тамызда өмірден өтеді. Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданы Белағаш ауылындағы Хорошевская көшесі 1916 жылы Көшен Елеуов есіміне берілген. 

Көшен Елеуов – айтыскер ақын. Өз өмірінде көптеген ақындармен айтысқан Көшен Елеуов айтысының шарықтау шыңы – атақты Шашубай ақынмен айтысы. Біз осы айтыстың барысы туралы біршама тоқталмақпыз.

Неміс фашистері 1941 жылы 22 маусымда Кеңес Одағына тұтқиылдан шабуыл жасады. Кеңес әскерлері қаһармандықпен қарсылық көрсеткенімен, алғашқы жылдары шегінумен болды. Бұл кезеңде совет әскерлерінің, сонымен қатар тылдағы еңбекшілердің, жалпы халықтың рухын көтеру мәселесі алға қойылды. Бұл идеологиялық іс-әрекетті қаарғандылықтар соғыстың алғаш басталған кезінде-ақ қолға алған екен. Атап айтқанда 1941 жылдың 24-25 маусым күндері Қарағандыда, кеншілер сарайында Қарағанды, Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстары ақындары бас қосады. Бұл ақындар айтысына сол кездегі белгілі айтыскер ақындар Омар Шипин, Маясар Жапақов, Нұрхан Ақметбеков, Игібай Әлібаев, Сәби Әзденбаев, Ілияс Манкин, Шашубай Қошқарбаев қатарлы суырып салма өнерпаздар қатысады.

Олардың айтыстары жергілікті баспасөздерден жарияланады. Осыдан кейін айтыстың ел арасындағы беделіне негізделіп, еңбекші бұқарадан жыр сайысын ұйымдастыру туралы өтініштер билік органдарына түсе бастайды. Мұны ескерген жергілікті совет билігі айтысты өткізетін болып шешеді. Жалпы айтыстың үгіт-насихаттық әсерін жақсы сезінген коммунистік партия сонау отызыншы жылдардың өзінде халық ақындарын жинап, халық арасындағы олардың беделін ескере отырып іс-шаралар өткізе бастаған болатын. Бұған айтыс өнерінің үлкен зерттеушісі, әрі дем берушісі, академик Мұхтар Әуезовтің мына бір пікірі айғақ болатындай: «Совет ақындарының айтысы» мақаласында қазақтың ең алғашқы күрделі, көркем терең мазмұнды айтысы 1939 жылы Алматы қаласында Нартай, Нұрлыбек сияқты екі атақты ақынның айтысы түрінде етті... Сол айтыстан кейін республикалық үлкен айтысты 1943 жылы партия мен екімет басшылығының нұсқауы көмегімен жазушылар ұйымы бастап, бүкіл Қазақстан көлемінде өткізді. Бұл жылғы айтыстың басы ең әуелі, көмір кені, мыс телегейі бар Қарағанды облысында басталды. Сол жылы аз уақыт ішінде айтыс барлық облыстарға жайылды. Қарағандыға үн қосып Қазақстанның көп облыстары совет ақындарының Ұлы Отан соғысы кезіндегі жаңа мазмұнды айтыстарын жүргізе бастады». Классик жазушының, фолклортанушы ғалымның былай деп жазғаны бекер емес еді.

«1943 жылдың 29 тамызы күні республикалық «Социалистік Қазақстан» газетінде «Қайдасың Нұрлыбек пен Нартай ақын» деген тақырыппен бір топ қарағандылық жыр сүлейлерінің өлең-арнауы жарияланады. Оған Доскей, Шашубай, Қайып, Сәби, Көшен ақындар қол қояды. Ондағы: Майданда күн туатын марқаятын, 

Құлшынып ұрандамас қандай ақын. 

Белінен Сарыарқаның дабыл қақтық, 

Қайдасың Нұрлыбек пен Нартай ақын? 

Белсеніп шық айтысқа балуаның, 

Сөзіміз жайы болсын шаруаның. 

Жиналып кеңесейік – бас қосайық, 

Халықтың көтеруге аруағын! – 

деген жыр жолдары жер-жердегі тарлан ақындардың талайының қолына қайырадан үкілі домбырасын алдырып, облыстық жыр додаларын өткізуге мұрындық болды. Сол жылдың күзінде-ақ Қызылорда, Гурьев, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Жамбыл, Семей облыстарында халық ақындарының айтысы болып өтті. Жыр додалары өтпес бұрын айтыс ақындары өндіріс орындарын, ауыл-селоларды аралап, кеншілердің, малшылар мен егіншілердің жұмыс жайымен танысты. Әлеуметтік салалардың жағдайына да баса назар аударды. Кейбір облыстарда Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері болып, айтыс алдында әдістемелік жәрдем көрсетті. Осындай жан-жақты әзірліктен кейін республикалық айтыс өткізуге үйғарым жасалды. Жалынды жырларын ел басына күн туған шақта жауды жеңуге арнаған республикалық ақындар айтысы 1943 жылдың 4 желтоқсан күні кешке сағат 8-де Алматыдағы академиялық опера және балет театрында басталды. Сол күнгі «Социалистік Қазақстан» газетінде «Асыл ой, ағынды жыр жеңіс мүддесіне арналсын» деген тақырыппен бас мақала беріледі. Ақындар айтысының тұсауын жүз жасқа табан тіреген Жамбыл Жабаев толғау елеңімен кеседі.», - деп атап көрсетеді, Аман Жанғозин, Ермағамбет Лұқманов «Қазыналы қара шаңырақ» атты деректі кітабында. 

Оқи отырыңыздар: Шындықтың жаршысы – Шөже ақын

Қарағанды қаласындағы ақындар айтысын ұйымдастыруға «Советтік Қарағанды» газеті мұрындық болған екен. Сол кездегі аталған газеттің бас редакторы Әбдуәли Қарағұлов былай деп еске алған екен: «... Қарағандыда Доскей Әлімбаев дейтін кепті көрген көне, белгілі халық ақыны бар-ды. Редакцияға жиі келіп тұратын. Бірде бұл майдандағы армияның ерлігіне арналған өлеңін әкеліп, өзінің жас кезінде бір ақынмен айтысқаны жөнінде әңгіме айтты. Жұртшылық делебесін қоздыратын, кәріні де, жасты да тебірентетін осы айтыс өнерінің соңғы жылдары ұмыт қалып бара жатқанына қынжылатындығын сездірді. Бұл біздің журналистерге ой салды. Жергілікті ақын-жазушыларды редакцияға жинап, пікір алыстық. Әуелі екі шахтаның атынан екі халық ақынын айтыстырып көрмек болып ұйғарылды. Екі апта бойы дайындық жұмысы жүргізілді. Осыдан кейін Қарағанды қалалық партия комитеті мен «Советтік Қарағанды» газетінің редакциясы 1943 жылы 13 шілдеде бассейнде ақын-жазушылар мен кеншілердің кездесуін өткізді. Кездесу «Ұлы Отан соғысы және Қарағанды кеншілерінің міндеттері» деген тақырыппен өтті. Көмір қаласының тарихында болған бұл тұңғыш айрықша бас қосуды облыстық партия комитетінің идеология жөніндегі секретары, қазіргі профессор Әмір Қанапин ашты. Кеншілердің өмірі мен күресін жазу үшін Қарағандыға келіп жатқан белгілі жазушы, қазіргі академик, Социалистік Еңбек Ері Ғабит Мүсірепов сөз сөйледі. Бұдан соң №18 шахта мен №20 шахтаның жұмыстары туралы ақындар Қайып Айнабеков мен Ілияс Манкин айтысқа шықты...». Сөз зергері атанған әйгілі жазушы бұл кезеңде күллі Қазақстанға әйгілі болған көмірлі өлкенің өткені мен бүгіні туралы көлемді туынды жазу үшін жергілікті өлкені зерттеп тануды бастап жүрген кезі болатын. Осыдан кейін 1953 жылы «Оянған өлке» романы жазылса, кейіннен, уақыт талабына сай осы туындыны 1984 жылы «Жат қолында» деген атпен шығарған болатын.

Ғабит Мүсіреповтің жоғарыдағы сөзі болашақ айтыс ұйымдастыруға ықпал еткені анық еді. Осылайша Қарағанды, Балқаш қалалары арасында халық ақындары айтысын өткізу туралы шешім қабылданады.

«Егемен Қазақстан» газетінің 2020 жылғы 16 сәуірдегі санында белгілі мұрағаттанушы Темірғали Аршабековтің «Қарағандылықтар – қаһарлы соғыс жылдарында» атты мақаласында мынадай мәлімет берілген: «Соғыс алапатына қарамастан өңірде бейбіт өмірдің нышанының бірі ақындар айтысы болып өтті. Ақындар айтысының жаппай етек алып жандана түскен кезі 1943 жыл болды. Қазақстан жазушылар одағының III пленумы шақырылып, оған көрнекті халық ақындарының бір тобы қатысты. Кенен Әзірбаев пленумда сөйлеген сөзінде халық ақындарының еңбекшілерді жеңіске жігерлендірудегі патриоттық істерін айтады. Аудандар мен облыстарда айтыс өткізу ұйғарылды. Жазушылар одағына, облыс басшыларына нақты тапсырма берілді. Әуелде «Советтік Қарағанды» (қазіргі «Ortalyq Qazaqstan») газет ұжымынан шыққан осы бастаманың ел басына ауыр күн туған шақтағы елге тигізер оң ықпалын жете ұғынды. Айтысты ұйымдастырып, өткізуге қазақ әдебиетінің ірі өкілі, сөз зергері Ғабит Мүсірепов бөлінді. ... 14 тамызда Қарағанды мен Балқаш қалалары халық ақындарының айтысы өтіп, Қарағандының намысын Көшен Елеуов қорғаса, балқаштықтардың атынан Шашубай Қошқарбаев шығады. «Советтік Қарағанды» газеті редакциясы ұжымының шағын бөлмесінде туындаған осы идея үлкен халықтық дүбірлі сайысқа ұласты.»

Осылайша екі өндірісті өңірдің атынан шыққан ақындар көпшіліктің алдында барын салады. Бұл кезде екі ақын да өзінің шабытты шағында еді. Көшен ақын қырық тоғызда болса, Шашубай ақын жетпіс сегізге шыққан қарт болатын. 

Шашубай мен Көшеннің айтысы алғашқы аман-сәлемнен кейін-ақ өз өңірлерінің асты-үстіндегі қазына-байлықты, жаумен шайқастағы ерлікті, осы ерлікке қосылар үлесті саралап, тыңдаушының салмақтауына ұсынуды көздегенін айқын аңғарамыз.

Балқаштың құтты жері Сарышағаннан,

Жыр төгіп, асқақтатып ән шығарған.

Тынысы тарылмаған жүйрік едім,

Үш жүзге мәшһүр болып атым барған.

Бұл күнде мыспен күптеп босағамды,

Шынтақтап Бектау ата, Босағаңды.

Жастанып Шалқар көл мен Дересінді,

Байлығым басып жатыр осы араңды.

Дариям қандай болса, қазынам сондай,

Шоқтығым Алатаудан аса алады.

Жерім бар көз жеткісіз, кең шалқыған,

Дүние таңырқаған зор даңқына.

Көпіртіп көк теңіздің көбігіндей,

Сол жерден мың-мың тонна мыс қалқыған.

«1943 жылдың 5 тамызында Қарағанды облыстық комитетінің бюросы Қарағанды мен Балқаш ақындарының айтысын 14 тамызда Қарағанды қаласындағы қазақ драма театры ғимаратында өткізуді мақұлдап, балқаштық металлургтар атынан Шашубай Қошқарбаев және қарағандылық кеншілер атынан Көшен Елеуов айтысқа түседі. Оған екі ақын да аса үлкен жауапкершілікпен дайындалып, Қарағанды мен Балқашты 15 күн бойы зерттеген», - деген мәліметті ескерсек, айтыскерлердің өз жырларын халыққа барынша өтімді болдыру үшін негізгі түйінді ақпараттарды таңдағанын көреміз:

...Біз берген молибденнен сауыт киіп,

Танкілер қалың жауға кетсе тиіп.

Талқандап темір торын, тас қамалын,

Тау-тау ғып өлкесесін кетеді үйіп.

Мұндай тартымды бейнелі сөздер екі ақынның да жырларынан молынан табылады. Шашубай ақыннан кейін өзінің кезегін алған Көшен Елеуовтің де ел байлығы тұрғысында айтары мол еді.

Шашеке, жұрт алдында шаппай желдің,

Алдыңда әдеппенен сәлем бердім.

Орның бар шабыттанып шарықтауға,

Қырағы қыранысың айдын көлдің.

Байлығы Балқашыңның ұшан-теңіз,

Сай келген бағытына ерікті елдің.

Әйгілі бар әлемге мыс қазансың,

Төрінен орын алған туған жердің, - 

деп қарт ақын Шашубайдың түйдекті жырына қостау білдіре, Балқаштың ел байлығын еселеудегі орнын лайықты бағалайды. Дегенмен Балқаштың осы әлеуеті – ненің арқасында мүмкін болып тұрғандығын өз жырымен дәледеп, Шашубай ақынға сөзден тосқауыл жасайды. «Айтыс – сөз барымтасы», - деп академик Мұхтар Әуезов айтқанындай, ақын өзінің қарсыласының сөзіндегі екпінді мағынаны өз уәждемелері арқылы қоршауға алып, қарсыластың келесі шабуылын күтеді. Осы айқан сөзіміздің дәлеліндей, Көшен ақын Қарағандының байлығы көмірдің халық шаруашылығын жүргізудегі, жалпы ел өміріндегі ерекше маңызын алға тартады:

Балқытқан мың тонналап болат темір,

Орасан заводтардың жаны – көмір.

Майданға қару-жарақ, азық-түлік,

Таситын теміржолдың қаны – көмір!

Мұз бұзып, толқын тілген теңіздерде,

Керемет кемелердің жаны – көмір!

Бүгінгі техникалы тіршілікте,

Көмірсіз айта алмаймын, бар деп өмір.

Сарқылмас сол көмірдің дариясы,

Қапталған қара алтынның қазынасы.

Бойында Қарағанды сан ғасырға,

Жетеді Қап тауындай мол мұрасы.

Көмірдің күшін байқап қарасаңыз,

Қамалдың бұзылмайды қай қиясы?!

Дегенде: «Қарағанды!» фашистердің,

Үрпиіп тік тұрады төбе шашы.

Өйткені біздің көмір бомба болып,

Жауғанда жерге кіред жаудың басы.

Осылайша Қарағанды көмір алабының маңызын ұрымтал ұғымдарымен түйдектеген Көшен ақын көсілте ұзақ жырлайды. Неміс фашистерін жеңудегі Қарағанды көмірінің маңызын, оны өндірушілердің тынымсыз еңбегін жырға қосқан Көшен Елеуов қарт ақынға келесі кезекті берер алдында оны шамырқанту үшін мынадай шумақтарды төге түсіп тоқтайды:

Шарқ ұрып, о Шашеке, шарықтадың,

Аз сөзбен айтарыңды анықтадың.

Жаңылып қалмағайсыз, шолып өттім,

Қайратын Қарағанды танытқанын.

Кел, бермен, айтыс болса іздегенің,

Менің де кесек тоят – көздегенім.

Балқаштың артық-кемді жерін айтпай,

Бола ма айыбыңды тіз дегенің?

Сонда әйгілі Шашубай ақын өз кезегін алып:

Үш жүзге даңқы кеткен Шашубай ем,

Айтыста шоқтығы асып жан жеңбеген.

Тап берген соны ұмытып бұл жиында,

Мынауың қай бала өзі – өңмеңдеген? 

Аңдап бас аяғыңды

Осылай қарсылас ақынына бір сес көрсетіп алған ақын, бұдан соң Қарағанды көмір кеніштеріндегі жоспар орындай алмай отырған мекемелерді, өңірде байқалып жүрген өзге де кемшіліктерді тізбектеп шығады.

Салсаң да шаршы топта самғап айғай:

«Баласы Қошқарбайдың, - деп, - Шашубай!»

Өрлеймін сөз қамшысы өткен сайын,

Шын жүйрік шаба алмайды, тер шашылмай.

Сыйлаймынң, Шашубайсың, әбден білем,

Қадірлеп жайшылықта басымды ием.

Үйіме келсең беріп бар мәзірді,

Жаямын жастық қойып, көрпе, кілем.

Кезіме аңсыраған кез кеп қалдың,

Бойлауық бәйге бермес Шашубай ең.

Асқанда ақтық жасың жарты жүзден,

Кездестің тұңғиыққа мендей терең.

Бұлтарып бұлтқа қарай жалтарсаң да,

Сыпырып көк тұйғындай бір-ақ ілем.

Жас тұлпар мен жебесем болдырарсың, 

Болсаң да өрен жүйрік, сүрінбеген, - 

деп көркем сөзбен кестелеп, қарт ақынға өзінің жыр төкпелеудегі әлеуетін таныта, тықсыра жырлайды. Айтыстың халыққа ұнайтын қыздырмалатуының өзі осылай туатыны белгілі. Осы арқылы айтыстың өтімділігі артады. Мұнда жасы үлкендігі мен атағы, қарым-қабілеті артықтығы екінші планда қалады. Тек артық кетіп, мінесу болмауы керек. Екіі ақын бұл дәстүрден аттамайды.

Қазақтың ақындары нелер дарын,

Шашубай білетін ед, жатқа бәрін.

Солардан иығы асып, топты жарған,

Әзірге естігем жоқ, Көшен барын, - 

деп қарсыласының қытығына тие жырлаған қарт ақын да Көшендей қарсыласы  тілге тиек етіп көпшіліктің алдында әйгілеп отырған өз өңіріндегі кемшіліктердің себебін айтып, арашалайды. Қарсылас жақтың өзі зерттеп қанық болған кемшіліктерін барынша тереңдете тізбелей түседі:

Тұрғандай жақсылығың жаннан асып,

Орынсыз мақтанасың неге тасып.

Екі күннің бірінде авария,

Иығыңнан жатқан жоқ па, мықтап басып.

Өйткені бұған дейін сөйлеспепсің,

Новиков, Қинаштармен бір сыр ашып.

Авария дегенде Горькийлықтар,

Көрдің бе, бұға беред, басын қасып!

Әлгі бір нөмер алты жаңа шахтаң,

Құтылад мінін айтсам қайда қашып? – 

деп Қарағанды шахталарында апатты жағдайдар жиі болатындығын айтып, қарсыласты сөзден тосылдыруға күш салады. Айтыс өнеріне биліктің осыншама мән беріп, халықтың алдында айтыскерлерге өнер көрсетуіне жағдай тудыруының өзі де осында жатыр. Мұнда айтылған кемшіліктер жалпы жұрттың, басшылықтың құлағына жетеді, олар өз кезегінде қатаң шара қолданады, сөйтіп жіберліген қателіктердің орны толтырылып, тиісті қорытынды шығарылатын болады. Бұрындары айтыстың сын садағына ілінген адамдар да, кәсіпорын, ұжымдар да өз кемшілігі үшін жауап жүктейтін болған. Бұл – айтыстың, өз кезегінде айтыскердің халық арасындағы беделін көтерген қадам еді.

Шашубай ақын мен Көшен ақын айтыстың ережесі бойынша бір-бірінің жауаптанған елі – Балқаш пен Қарағандыдағы жетістіктер мен кемшіліктерді аяусыз сынап, әшкере қылады. Бірақ та олар адами қалыптан, әдептен аттап кетпейді. Оған Көшен ақынның мына сөзі дәлел болады:

Айтысқа ә деп бастап беттегенде,

Айтылды жетіскен де, жетпеген де.

Сайыста сөз найзасын салыссақ та,

Қуандым ардан аттап кетпегенге.

Ағасың, артық айтсам айып етпе,

Жүрмейді сөзге қолқа ду-дүрмекте.

Ежелден ер мен ақын – ел қаруы,

Аруағын көтеретін жекпе-жекте! 

Иә, топ ортасында елдің, жердің намысын ту етіп, қарсыластан мысы басып тұрса, төніп келген жаудан қаймықпай қарсы тұрып ерлік танытса, ақын мен батырды қазақ жоғары бағалаған.

Осы айтыстың мәтініне, ондағы сөз саптау мен қарсыластың тұзағына уәжді жауап беру арқылы түсуден сытылып шығуына қарап, екі ақынның арасындағы айтыста Көшен ақынның бір бас жоғары болғанын бағамдай аламыз. Бұл айтыс – қазіргі кезеңмен алғанда тым егде адамдар арасында болып өткен. Қазіргі қазақ айтысында елуден жоғары жастағы айтыскерлердің өнер көрсетіп жүргені тым аз немесе жоқ деуге болады. Сонда айтыс – тек жастардың ғана ермегі болып қалды ма? Әлде айтыс шынымен де дамып кетіп, жасы үлкендердің қоғамға еш айтары қалмады ма? Әлде айтыстың қоғамдағы рөлі төмендеп, тек жастардың бір-бірін жаттанды бірнеше бағыт бойынша әзілдеу арқылы ұйқас қуалаушылық қана болып қалды ма? Шашубаймен айтысқанда Көшен ақынның өзі елуде екендігін ескерсек, бүгінгі қазақ айтысымен салыстырудың өзі қиын. Айтыстың қажеті жоқ деп жүргендер де бар. Айтыстың қажеті болмаса, кешегі өткен ақындарымызды еске алып, олардың туындыларын ардақтап, ұлықтаудың да қажеті болмайтын шығар.

Ең бастысы, өз дәуірінде шығармашылықпен шұғылданып, фольклор жинаушы, ақын, айтыскер, ел басқарған болыс, он саусағынан өнер тамған шебер болған Көшен Елеуовтей айтулы тұлғаның болғанын бүгінгі ұрпақ ұмытпауы қажет деп білеміз. 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?