Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Астанада «Ортағасырлық Қазақстан тарихы: жаңаша зерделеу және міндеттер» атты дөңгелек үстел өтті

1272
Астанада «Ортағасырлық Қазақстан тарихы: жаңаша зерделеу және міндеттер» атты дөңгелек үстел өтті - e-history.kz

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Ортағасырлық Қазақстан тарихы: жаңаша зерделеу және міндеттер» атты дөңгелек үстел өтті.

Басқосуға «Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті» КеАҚ Директорлар кеңесінің төрағасы Жақсыбек Күлекеев, Еуразия ұлттық университетінің Басқарма төрағасы – ректор Ерлан Сыдықов және Қазақстанның белгілі ғалымдары, еліміздегі тарих саласының жетекші мамандары, тарих және білім беру жүйесі, ғылыми-зерттеу институттарының өкілдері, профессор-оқытушылар, студенттер мен магистрант, докторанттар қатысты.

«Іс-шараның негізгі мақсаты – отандық тарихты зерттеу мен зерделеудің жағдайы мен проблемалары туралы пікір алмасу, тың мәселелерді көтеру, сондай-ақ Ортағасырлық Қазақстан тарихын қайта зерттеу шеңберінде осы кезеңдегі тарихи деректердің нақтылығын саралау, оның дәлдігі мен дәйектілігі бойынша ұсынымдар әзірлеу болып табылады», - дейді шараны ұйымдастырушы, ЕҰУ тарих факультетінің деканы Өмірбай Бекмағамбетов.

«Ұлт тарихының әлі зерттеп, зерделейтін тұстары жеткілікті. Оның үстіне шетелдің архив, кітапханаларында тарихымызға қатысты игерілмеген деректер легі де баршылық. Осы мұраларды тауып, аударып, ғылыми айналымыға енгізудің маңызы үлкен. Себебі, тарихты жаңаша зерделеу және қайтадан зерттеуге бүгінгі жаңа Қазақстан жағдайында мүмкіндік туып отыр. Оның үстіне мемлекет басшысы Қ. Тоқаев тарихымызды түгендеуге баса мән бере отырып, ел тағдырын айқындаған тарихи оқиғаларға лайықты баға беруге үнемі қолдау танытып келеді»,- деп атап өтті модератор Ерлан Сыдықов.

Дөңгелек үстел барысында ғалымдар «Ғылыми орталықтың келешектегі міндеттері», «Қазақстандағы тарихи шығыстанудың міндеттері», «Ұлт тарихы үшін қолжазбалар мен сирек кітаптардың құндылығы», «ЖОО-да Қазақстан тарихын оқытудағы араб-парсы деректерін пайдалану мәселесі», «Қазіргі тарихнамадағы Шыңғыстану және Жошытану» тақырыбында ой қозғады.

«Мен тарихшы емеспін, бірақ өзімді тарихтың жанашырымын деп есптеймін.Орта ғасырдың тарихына келетін болсақ, оны зеттеу оңай емес. Зерттеу үшін, әрине, әлі де болса қолымызға тимей жатқан, бірақ басқа жерде жатқан көптеген тарихи қолжазбаларды табуымыз керек. Соларды зерделеп, соның ішіндегі дұрыстарын аударуға тырысумыз қажет.Ол үшін тарихшылардың ортасында парсы, араб, шағатай, көне түрік тілдерін білетін азаматтардың болғаны жөн.Жалпы кез келген мемлекетте ғылымда ең үлкен жетістікке жететін, жаңалық ашатын жастар. Сондықтан біз жастарымызға, магистрант, докторанттарымызға бағыт-бағдар бере білсек, тарихтағы жоғалтқанымыз түгенделеді деп есептеймін»,- деді Жақсыбек Күлекеев.

ЕҰУ «Отырар кітапханасы» Ғылыми орталығының директоры Данагүл Махат «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығының қалыптасу тарихы, мақсаты, қазақ тарихы мен руханиятына қатысты қолжазбаларды оқу, зерттеу, ғылыми айналымға шығару мәселелерін қозғаса, «Жошы ұлысы» Ғылыми-зерттеу институтының директоры Жақсылық Сәбитов, ҚР мәдениет және ақпарат министрлігі, «Қолжазбалар және сирек кітаптар» Ұлттық орталығының директоры, РҺD Жандос Болдықов, т.б. ғалымдар өздерінің сөздерінде көтеріліп отырған тақырыпты және онымен байланысты өзекті мәселелерді талқыға салып, жаңаша ғылыми пайымдаулар жасады, мәселенің ғылыми-теориялық жағын жетілдіру тұстарын көтерді.

Нәтижесінде, осында көтерілген ғылыми тұжырымдарды негізге ала отырып, бірқатар ұсыныстар жасалды. Қабылданған қарардың ішінде III-XVIII ғасырлардағы қазақ тарихына қатысты тарихнамалық талдаулар жасау үшін жақын және алыс шетелдердегі архив, музей, кітапхана құжаттарын қайта саралау үшін араб-парсы, көне хансу, мұңғыл жазбаларын түпнұсқадан аудара алатын мамандар тобын жасақтау; Иран, Египет, Түркия және т.б. елдерде сақталған қазақ тарихына қатысты деректерді анықтап, аудару мақсатында тіл білетін мамандардан жұмыс тобын құрып, ғылыми іс-сапарларға жіберу және сол елдерден осы жұмысқа қажетті зерттеушілерді тауып, келісім-шарт негізіндегі қызметті ұсыну жолын қарастыру; Ортағасырлық Қазақстан тарихына қатысты деректерді жинау, аудару және ғылыми айналымға енгізу жұмыстарын ұйымдастыру мен үйлестіру мақсатында Еуразия ұлттық университеті жанынан «Ортағасырлық Қазақстан тарихы» ғылыми-зерттеу орталығын құру секілді ұсыныстар бар.

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?