Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Түрік империясы

7629
Түрік империясы - e-history.kz

Халықаралық байланыстар тарихында ғұндардан кейін олардың жалғыз мұрагері - түркілер Еуразияның Қытай империясынан Рим империясына дейінгі тынышсыз геосаяси кеңістігінде әскери, саяси және дипломатиялық амал-әрекеттер жасап, осы кеңістіктегі халықтар мен мемлекеттерді алға тартушы күш ретінде осы байланыстар үшін аса қажетті «бірлестіруші түйін» қызметін өз кезеңінің шынайы ахуалы мен мүмкіншіліктері шеңберінде, қол жеткізген тәжірибелері арқылы жүзеге асырды.

Ерте орта ғасырларда түркі этносаяси жүйесінің дамуы нәтижесінде пайда болған түркі мемлекетінің аз уақытта жерін кеңейтіп, бүкіл Еуразияның орталығын қамтитын Ұлы Көктүрік империясына (Ұлы түркі қағанатына) айналғаны тарихи факті болып саналады. Он төрт миллион шаршы шақырымдық территорияға орналасқан Көктүрік империясы Еуразия мемлекеттерімен әскери, саяси және дипломатиялық байланыстарында тек өзінің ұлттық мүдделерін және геосаяси тепе-теңдікті сақтауды мақсат тұтып, белсенді, әрі көп бағытты саясат жүргізген. Қазіргі кезде әлемдік тарихтану ілімінің қолында көктүрік империясына қатысты, негізінен екі дереккөз бар. Ол Орхон жазба ескерткіштері мен қытай жылнамалары.

Сол кезеңнің оқиғаларын суреттеуі тұрғысынан олардың ұқсастығы бір-бірінде баяндалған фактілерді растайды деуге болады. Түркілердің өз тілдерінде, өз әліпбиімен барлық түркі тектес халықтар үшін бір манифест сипатында дүниеге әкелген Орхон ескерткіштері ерте орта ғасырлардың шынайы тарихи көрінісін суреттеу тұрғысынан да ерекше маңызға ие. Екі ағайынды көктүріктің - Бумын және Истеми қағандардың 552 жылы негізін қалаған Көктүрік империясы Пекин мен Константинополь (қазіргі Ыстанбұл) арасындағы алып географиялық кеңістікте саяси-дипломатиялық байланыстар құрған еуразиялық құдіретті түркі мемлекеті болған. Бұл империя - тарихта түркі бірлігінің ұлылығын айқын түрде көрсететін ең тамаша мысал бола алады. Осы бірлік бұзылған кезде өзгелер қолайлы сәтті күтіп отырған. Сөйтіп олар Қытай мемлекетінің қол астына өтті ( 630-680 жылдар). Алайда жарты ғасырға созылған тәуелділіктен кейін түркі бірлігі қайта жаңғырды. Көктүркітер бұрынғы қағандарының ұрпағы, әрі мұрагерлері - Елтеріс қаған, Қапаған қаған, Білге қаған, Күлтегін және Тоныкөктің арқасында тәуелсіздікке қол жеткізді. Олар Қытай билігіне қарсы жүргізген күресі арқылы азаттығына қауышып, аз уақытта ес жиып, Көктүрік мемлекетінің іргетасын қайта қалаған болатын. Еуразияның Жапон теңізінен Каспий теңізіне дейінгі кеңістігін қамтыған ең құдіретті империясы 552-745 жылдар арасында бейне бір ғұн дәстүрін (Шығыс және Батыс Ғұн империя дихотомиясы) жалғастырғандай екі ағайынды түркі билеушісі - Бумын қағанның билігінде Шығыс көктүрік қағанатына ( 552-640 жылдар.) және Истеми қағанның билігінде Батыс көктүрік қағанатына ( 552-660 жылдар) бөлінген болатын.

E3ccOY9XwAIBspB.jpg


Әсіресе Істеми қаған ғұн-түрік мұрагерлігін өзіне тән бірлестіруші саяси-идеологиялық платформада жалғастыруға тырысып, Еуразияның түрік суперэтносының ішіне жік түсіп, оның «қойнауына» іріткі салушы жат элементтердің кіруіне мүмкіндік бермеген. Шығыс түркі қағанатының саясаты мен армиясы - Қытай армиясына қарсы, ал Батыс көктүрік қағанатының саясаты мен армиясы - Сасан империясына, Каспий мен Қара теңіз аймағынан төнетін қауіптерге қарсы үнемі дайын тұрған еді. Түркілердің жаңа жерлерді жаулап алуға ұмтылысы да олардың геосаяси шындықты айқын ұғынып, осыған сай әрекет етуінен туындаған. Олар үлкен территорияларды басып алу үшін жүргізген әскери жорықтарында саяси-дипломатиялық әрекет-тәсілдері арқылы жеңіске жетпегенде, бұл территорияларда тұрақтап қала алмай, өз жерінен айырылып қалар еді. Түркілердің әскери жаулап алу әрекетінің саяси жаулап алу тәсілімен үйлесуі олардың тамаша империялық қабілетінің басты шарты болған. Көктүрік империясы осы қабілеті арқылы көршілес елдермен, тіпті алыс жатқан мемлекеттермен өз мүддесіне сай байланыс орнатқан болатын. Әсіресе, оңтүстік және батыс бағыттарында сол дәуірдің ең үлкен саяси күші болған Сасан империясымен, Византия империясымен дипломатиялық байланыс орнату түркілерге сол кездегі геосаяси процестерді басқару үшін аса қажет еді. Көктүрік империясы көрші мемлекеттермен соғыс тілінде де, дипломатия тілінде де қарым-қатынас орната білген. Халқының бейбіт жағдайда да, соғыс шарттарында да өмір сүріп, қырғын шайқастарда жеңіске жетуі үшін барлық жолды аса шебер қолданып, аймақтың саяси тізгінін қолында ұстап тұрған. Мысалы, 726 жылы Тибет мемлекеті Көктүрік мемлекетін Қытайға қарсы одақтас болуға шақырса да, мемлекеттің дана басшысы Білге қаған бұдан бас тартады. Бұдан кейінгі оқиғалар қағанның дұрыс әрекет еткенін көрсетеді. Егер ол сол ұсынысқа келіскенде, мұның соңы ұзақ соғысқа ұласып, тибеттіктермен жасалған одақтастық келісімге жік түсіп, мемлекет қажетсіз қиындықтарға тап болатын еді.

Түркі суперэтносының ірі әскери-саяси күші ретінде қалыптасқан көктүріктердің Еуразиядағы үстемдігі Ұлы Жібек жолының шекараларын Қара теңіз бен Жерорта теңізі аймағына дейін кеңейтті. Қытай тауарларын Орталық Азия мен Түркістанда танымал еткен соғдылық саудагер Маниахтың ұсынысы бойынша Көктүрік империясының елшісі Сизабу 571 жылы алғаш рет Батыспен саяси, дипломатиялық және сауда келіссөздерін жүргізу үшін Византияға жіберіледі. Византия елшісі Земарх да мемлекетінің түркілермен саяси және сауда байланыстарын орнату миссиясымен түркі еліне келеді. Осы арқылы түркілер Ұлы Жібек жолы дипломатиясының негізін қалады. Ұлы Жібек жолының «алтын ғасыры» осы дәуірден бастау алады. Түркілердің әскери-саяси қауіпсіздік кепілдігінің арқасында қытай жібегі басқа да тауарлармен бірге Византияға, сол жерден Еуропаның басқа да елдеріне тасымалданды. Бұл дәуірдегі соғыстар мемлекеттердің әскери басымдығын көрсетумен қатар, көшпелі және отырықшы өркениеттер арасындағы кейінгі бейбіт процестерге де себепші болды. Ал түркілер іс жүзінде осы принципті толықтай жүзеге асырды. VI-VIII ғасырларда Көктүрік империясы Қиыр Шығыс пен Жерорта теңізінің аймағын байланыстырған сауда жолдарының бақылауын өз қолында ұстап тұрды. Сол дәуірдегі жетекші мемлекеттер - Византия, Қытай және Сасан империясы Ұлы Жібек жолы саясатын жүргізуде Көктүрік империясымен санасуға мәжбүр болатын. Түркі (немесе Көктүрік) империясының Еуразияда орнатқан геосаяси жағдайы соғдылық саудагерлер арқылы Қытай тауарларын Еуропаға тасымалдауға мүмкіндік берді. Жоғарыда айтып өткеніміздей, кейіннен бұл империя Шығыс көктүрік қағанаты мен Батыс көктүрік қағанаттарына бөлінсе де, түріктер (оңтүстік бағытта - оғыздар; солтүстік бағытта - бұлғар, хазар және ұйғырлар) сол дәуірдің жетекші өркениет орталықтары арасындағы мәдениет және сауда байланыстарының негізгі детерминанттары болып қалды. Жалпы алғанда, шамамен 600-1000 жылдарда Еуразияның шығысы мен батысы арасында - Жапониядан Британияға дейінгі аралықта орта ғасырлар саудасының негізгі тасымал жүйесі ретінде қарқынды түрде қалыптасқан Ұлы Жібек жолының бойындағы елдердің қалаларында орналасқан «сауда қоймалары» өзіне тән ережелерге сәйкес жұмыс атқарған. Ұлы Жібек жолының бойындағы елдер, аймақтар мен қалалар дами түсті. Еуразияда жібек саудасы нарығының түрленіп, өзгеруі кең көлемдегі, жан-жақты экономикалық байланыстардың қалыптасуына негіз қалады. Орта ғасыр қалаларында сол кезеңдегі халықаралық сауданың талаптарына сай арнайы өндіріс және шаруашылық салалары пайда болды. Халықаралық саясатта белгілі бір елдің әскери қуатымен қатар, экономикалық әлеуеті, ел халқының өмір сүру деңгейі, сол деңгейге, салық төлеу шамасына сәйкес мемлекеттің қаржылық негіздері де маңызды факторға айналды. Елдер, қалалар, сауда орталықтары арасындағы бәсеке алаңдары да кеңейе түсті. Сол себепті қуатты мемлекеттер Ұлы Жібек жолы үшін болған күресте, әсіресе, дипломатиялық тұрғыда алға шығуға ұмтылды. Өйткені сауда ісі өзінің табиғи ерекшелігіне сай соғыссыз, бейбіт өмірді қажет етеді. Ал түркілер әскери саясатпен қатар, бейбіт саясатта да дипломатиялық тәсілдерді шебер қолданғандықтан, өзге империяларға қарағанда, ұзақ уақыт бойы осы тарихи миссияны абыроймен атқарды.

a0fb27e825ce8dd38a599dccde89c120.jpg


Түркі дипломатиясының тағы бір тарихи маңызы - түріктер мемлекеттілік мәселесімен қатар, жылнама жазу, кеңсе істерін жүргізу мәселесін де жақсы меңгерген қытайлықтарды шебер пайдалана білген. Көне Орхон ескерткіштерінің бірі - Күлтегін тас монументінің батыс бетіндегі қытайша бөлімді Тан императоры Хиуан Цонгтың бауырының ұлы, әскер басы Чанг Сенгюн жазған. Бұл мәтін көрші елдің жоғары дипломатиялық деңгейде көрсеткен достық байланысының белгісі. Осы жерде, түркі және қытай тілдеріндегі мәтіндердің кейбір тұстарының бір-біріне толықтай қайшы келетіні де назар аударарлық жайт. Жаңа айтып өткеніміздей, қытай тіліндегі мәтін ізгі көршілік байланыстар мәселесіне тоқталса, ал түркі тіліндегі мәтінде Қытайдың түркі мемлекетіне қарсы алдамшы, іріткі салушы әрекеті ашық түрде баяндалады, Әрине, Білге қаған қытай тілінде жазылған мәтіннің мазмұнын жақсы білген. Өйткені, бұл ескерткіш оның идеясының жемісі болатын, Бірақ, осыны біле тұра, келешекте сабақ болсын деген ниетпен мәтіндер арасындағы айырмашылықты сақтап қалған секілді, Яғни түркі халқы үнемі сақ болсын, өйткені Қытай саясаты мен дипломатиясы, тіпті осындай ізгі көршілік байланыстар орныққан кезеңде де өзінің астыртын арам пиғылын жүзеге асыруы мүмкін деген оймен әрекет еткендей. Расында да, кейінгі тарихи процестер Білге қағанның дұрыс әрекет еткенін көрсетті. Білге қағанның өлімінен кейін оның ұлы, осы мәтіндердің авторы Йоллық Тегін бірауыздан билік басына келді. Йоллық Тегіннің өлімінен кейін оның ұлы «Тәңірі хан» деген атақ алған Білге Құтлық хан билік басына келіп, Қытайға өз елшісін жіберді. Алты жыл өткеннен кейін - 745 жылы империяның құрамындағы түркі тектес халық - ұйғырлар Қытаймен одақтасып, Шығыс Көктүрік империясын құлатып, өз қағанаттарын құрды.

Кейінгі ғасырларда ұлттық мемлекеттілік дәстүр мен идеологиядан алшақтап, «ежелгі одақтастары» Қытайдың аяусыз қысымына ұшыраған Ұйғыр империясы да құлады. Қазір Қытайдың құрамында өмір сүріп, Қытай режимі тарапынан этникалық-саяси кемсітушілікке ұшырап жатқан ұйғырлар осы тарихи қателіктің құрбаны. Мұны олардың өздері де мойындайды. Тарихи тұрғыдан алып қарайтын болсақ, түркілердің Қытаймен саяси байланыстарында Қытайдың «жібек өркениетінің» байлығына, құбылмалы дипломатиясына алдануға болмайтынын үнемі басты назарда ұстағанын көреміз. Халықаралық байланыстарда түркі саясаты мен дипломатиясының әлемдік деңгейге көтерілген ең белсенді кезеңі екінші мыңжылдықтың орта ғасырларына тұстас келеді. Еуропа, Азия және Африка континенттерінің барлық ежелгі өркениеттері пайда болған аймақтарды қамтыған, әсіресе, XV-XVI ғасырларда әлем халқының басым бөлігі өмір сүрген үш алып түркі империясы - Осман (1300-1922) Сафауи (1501-1722) және Моғол империялары (1526-1858) бір-бірімен шекаралас территорияларда ғаламшарымыздың саяси күш-қуатына айналды. Бұл - түркі империя-мемлекеттілік жүйесінің әлемдік деңгейдегі жеңісінің жарқын үлгісі болуымен қатар, қазіргі түркі әлемінің жаһандық саяси кеңістікте қандай тарихи әлеуеті бар екендігін көрсететін фактор. Бірақ сол тарихи дәуірдің шынайы көрінісі туралы сөз болғанда міндетті түрде айтылатын, тіпті белгілі мақсатта әсіреленіп көрсетілетін Осман және Сафауи империялары арасындағы соғыстар мен осы жағдайды алыс-жақын елдердің теріс пиғылда пайдаланғаны секілді тарихи фактіні де ескеру керек. Сол дәуірдің тарихи-саяси талдауын жасағанда оғыз тайпасынан шығып, XVI ғасырдың басында тілі мен мәдениеті, саяси дәстүрі арасында ешқандай айырмашылық болмаған қуатты екі түркі мемлекетінің дипломатиялық байланыстарын тоқтатып, шайқас алаңында соғысуы, өздерін аймақтық шиеленістің орталығына айналдырып, жүргізіп отырған халықаралық саясатының бағытын кеңейтудің орнына, тарылтуы кертартпа, әрі сәтсіз әрекет болғанын көруге болады. Түркі империялары арасында араздық туып, әлемдік деңгейдегі жаңа тенденцияны алдын- ала бағамдай алмай, өз күштерін біріктірудің орнына бір-бірін әлсіретуі түркілердің рөлінің біртіндеп кемуіне себеп болды. XVIII-XIX ғасырларда халықаралық саясатта Еуропа үстемдігінің күшеюін, Азия және Африка халықтарының басым көпшілігінің әлем империализмінің отарына айналуын түркі әлемінің әлемдік саясаттағы ықпалының біртіндеп азаюымен байланыстыруға болады. Осындай бетбұрыс жағдайда түркі империя-мемлекеттілігінің жаңа сатыға өту бағытында шешуші қадам жасауы тиіс еді. Бірақ орта ғасырлардың соғыс саясатын дипломатия саясатынан жоғары қойған саяси-әскери элитасы келешекті дұрыс бағдарлай алмады, соның нәтижесінде басталған құлдырау процесі Осман империясынан басқа түркі халықтарының біртіндеп мемлекеттілігін жоғалтуына, негізінен Ресей империясы мен басқа да мемлекеттердің құрамына еніп, бөлшектенуіне апарып соқты. Тіпті осындай күрделі де қиын кезеңнің өзінде түркшілдік қозғалысы мен мемлекеттілікті қалпына келтіру әрекеті еш бәсеңсімеген деуге болады (мысалы, Әзербайжан Демократиялық Республикасы, 1918-1920; қазақтардың «Алаш Орда мемлекеті», 1917-1920). Жалпы түркі саясаты мен дипломатиясының жаңа сатысы XX ғасырдың соңынан - тәуелсіз түркі республикалары құрылған дәуірден басталады. Ал үшінші мыңжылдықтың басында, халықаралық саясатта қайтадан күш факторының алға шығуы, оның ғаламшардағы тұрақтылықты сақтап, қорғау мақсатында ең шиеленісті мәселелерде өзін белсенді дипломатиямен теңестіруі түркі өркениетінен шыққан тәуелсіз түркі мемлекеттерінің бір саяси жүйеге бірігіп, одақтасқан жағдайда ғана өзін жаһандану процестеріне бағыт беретін күш-қуат орталығы ретінде көрсете алатынын айқын түрде ұғындырды. Осы процесте өте бай мемлекеттілік және саяси дипломатия дәстүрі бар Түркия Республикасының жас тәуелсіз түрккі мемлекеттермен иық тіресе, ортақ стратегиялық бағыт ұстануы өте маңызды. Түркия мемлекетаралық байланыстарда салқындық пен тоқырауды тоқтатып, маңызды өзгерістерге жол ашатын бастамаларды сенімді түрде жүзеге асыру арқылы шынында да, әлем мен аймақ үшін «қажетті мемлекет» екенін айқын көрсете алады. Қазіргі таңда да саясаттың дипломатиялық бет-пердесінің астарында «Бөлшекте де, билей бер!» (Divide et empire!) деген екіжүзді арам пиғылдың жатқаны жасырын емес. Әлем саясатында жаһандық күш факторы әлі де үстем болып тұр Ал қазіргі түркі мемлекеттері осы саясаттың дипломатиялық желісін жүргізіп, әрі оның қатаң «шынайы саяси» тенденциясы бойынша әрекет етіп, бұлардың арасындағы әртүрлі саяси әрекеттерді басқара аларлық қабілетін көрсетуде. Олар Еуразияда қандай мүдделердің қалай қиысып жатқанын көріп, дұрыс қадам жасауға, стратегиялық мақсаттарында дұрыс бағыт белгілеуге, саяси тұрғыда дұрыс әрекет етуге тырысады. Қазір халықаралық түркі дипломатиясының жұмыс жасау тетіктері мен принциптерін айқындау процесі жүріп жатыр.

XXI ғасырдың алғашқы 15 жылы түркі мемлекеттерінің байланыстарын стратегиялық одақтастық деңгейіне көтеру жолындағы ерекше тарихи дәуір. Осы кезеңде түркі мемлекеттері арасындағы байланыстар жүйелі сипат алып, тіпті «салқын нүктелердің» өзінде «дипломатиялық жылы қарым-қатынас» орнатылып, түркі саяси лидерлері әртүрлі деңгейде өздерінің ішкі проблемаларын бірге талқылай бастады, тарихи қажеттілік болып саналатын түркі парламентаризміне апаратын алғашқы қадам жасалды.

Түркі тілдес мемлекеттердің Парламенттік Ассамблеясының негізгі мақсаттары – парламентаралық ынтымақтастықтың жаңа сатысы болып саналатын парламенттік дипломатия арқылы мемлекеттер арасындағы саяси диалогты одан әрі дамыту болып саналады. Қазіргі таңда Әзербайжан, Түркия, Қазақстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Қырғызстан және Солтүстік Кипр Түрік Республикасы барлық бағыттарда өз араларындағы екі жақты және көп жақты байланыстардың, стратегиялық одақтастықтың ең жоғары деңгейіне қол жеткізуге, осы байланыстарда туындайтын қандай да бір мәселені өзге мемлекеттердің қатысуынсыз, ортақ келісім негізінде шешуге, түркі дипломатиясының артықшылығын, әрі белсенділігін және демократияшылдығын ең алдымен тактикалық тұрғыда жүзеге асыруға, ал стратегиялық тұрғыда осы ортақ келісім ұстанымын халықаралық саясаттың жетекші тенденцияларымен үйлестіруге тырысады.

 

 

Пайдаланған әдебиеттер тізімі:


Жаваншир Фейзиев «Түрк әлемі»,

В.Малявин «Қытай өркениеті»,

Лев Гумилев «Ежелгі түркілер»,

Кляшторный С.Г «Түркі тайпаларының ежелгі тарихи мәселелері»,

Фарук Сумер «Оғыздар, түркімендер»,

Махмұд Қашқари «Диуани лұғат-ат түрік».

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?