Бұл мекенде қазіргі күні елімізге белгілі іргелі мәдениет орны «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығы қызмет етеді
1963 ұлы жазушы М.Әуезовтің өмірі мен шығармашылығын көпшілікке таныстыру, насихаттау, зерттеу жұмыстарымен айналысатын ғылыми-мәдени мекеме ретінде «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығы ашылған. Орталық 1951-1961 жылдары Алматыда жазушының өзі тұрған Төлебаев көшесіндегі 155-ші үйде орналасқан. Орталық негізінен, үш бағытта жұмыс жүргізеді: Бірінші бағыты - жазушының өмірі мен шығармашылығы мұрасын жинақтау, оны ғылыми жүйеге түсіріп саралау, жариялау және әуезовтану саласы бойынша жарық көрген еңбектерді жинау. Екінші бағыты - мұражайдағы қолжазбалар мен экспонаттарды, кино, фото, дыбыс қорларындағы мұраларды ғылыми жүйеге түсіру, көрме ұйымдастыру. Қолжазба қорында 72 мыңнан астам мұрағаттар, сирек кездесетін кітаптар, жазушының күнделіктері мен жолжазбалары, мұрағаттардан жинаған құнды деректер, жеке басы құжаттары, т.б. бар. Үшінші бағыты - М.Әуезовтің азаматтық, шығармашылық құқығын қорғау.Мұхтар Әуезов бұл үйде 1951-1961 жылдар аралығында тұрған. Мұнда ол өзінің «Абай жолы» роман-эпопеясын жазды.