Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

105 жыл бұрын: Ленин Алаш Ордамен келіссөз жүргізуге не үшін мәжбүр болды?

2613
105 жыл бұрын: Ленин Алаш Ордамен келіссөз жүргізуге не үшін мәжбүр болды? - e-history.kz

«Қазақстан тарихы» порталында бұған дейін Алаш Орда үкіметінің 1918 жылдың (https://e-history.kz/kz/news/show/33549/) наурыз-сәуір айларындағы саяси іс-қимылдарын жазған болатынбыз. Енді 1918 жылы тап сәуір айында болған саяси оқиғаларға назар аудармақпыз. Мысалы 1918 жылдың 2 сәуір күні Әлихан Бөкейханның тікелей тапсырмасы бойынша Халел Ғаббасұлы (кеңестік ресми құжаттарда Ғаббасов) Семейден тікелей телефон желісі арқылы В. Ленин және И. Сталинмен Алаш Орда мен Кеңес өкіметінің бір-бірін мойындауы жөнінде келіссөз жүргізді. Алаштанушы, әлихантанушы Сұлтан Хан Аққұлы Ленин мен Сталин Алаш Орда үкіметімен келіссөз жүргізуге өздері ынта білдіргенін айтады.

Осы күндер ішінде Алаш Орда және Кеңес өкіметінің басшылары жиі-жиі байланысқа шығып, келіссөз жүргізіп тұрған. Мәселен 3 сәуір күні Алаш Орда үкіметі атынан Алаш автономиясын жариялау жөніндегі РКФСР министрлер кеңесіне жеделхат жіберілді. Ал 4 сәуір күні Халел Ғаббасов Семейден Мәскеудегі Халел және Жаһанша Досмұхамедұлының атына жеделхат жөнелтіп, Кеңестер тарапынан тұтқындалған Алаш Орда мен басқа да қазақ ұйымдарының мүшелерін тез арада босатуды талап етуді тапсырды.

Арада күн салып Мәскеудегі Жаһанша мен Халел Досмұхаметұлдарынан Семейдегі Ғаббасұлына жеделхат келіп, онда Кеңес өкіметінің облыстардағы жергілікті билігі тұтқынға алған Алаш Орда үкіметі мен Қазақ комитеттерінің мүшелерін түгел босатуға нұсқау берілгенін хабарлады. Сондай-ақ Алаш Орда тарапынан жасалынған ұсыныстарды Кеңес өкіметі жақын арада қарап, жауап қайтаратынын айтады. Одан бөлек Ресейдің Халық комиссарлар кеңесі құрамында мүшелері Алаш Орда үкіметі тағайындайтын Қазақ комиссариаты құрылатыны хабарланды.

 .....jpg

 

 

«Алаш автономиясы егеменді ел болды»

 

С. Аққұлының айтуынша, Алаш Ұлттық Жерлі Республикасы құрылғанына 3 апта толмаған 1918 жылдың басындап Ресейдегі саяси ахуал түбегейлі өзгерді. «Нақты айтқанда 5-13 желтоқсанда Орынборда өткен ІІ Жалпықазақ-қырғыз құрылтайы Бүкілресейлік құрылтай жиналысында федеративтік парламенттік республика болып жарияланады деп күтілген Ресей федерациясының басқалармен терезесі тең, құқығы бір субектісі ретінде Алаш Ұлттық Жерлі Аутономиясын құрған болатын. Еске салсам, ІІ Жалпы қазақ-қырғыз құрылтайы қарсаңындағы бір мақаласында Әлихан Бөкейхан «Аутономия болған – өз алдына мемлекет болған. Мемлекет болып іс атқару оңай емес» деп жазған болатын. Ерекше атап өтетін аса маңызды мәселе – Ресейде патшалық (самодержавиелік) билік құлаған ХХ ғасыр басында «облыстық» (орысша «областничество) термині «автономия» ретінде, ал «автономия» сөзі «өз билігі өзінде дербес мемлекет», «республика» ретінде қолданылатын. ХІХ ғасырдың 60-жылдары Сібірде Г. Потанин бастаған бір топ орыс зиялысының «Сібір одағы» немесе «Сібір облыстығы» атты қозғалысын самодержавиелік биліктің «Ресейден бөлінуді көздеген сепаратизм» ретінде қудалағаны бірден-бір мысал болады. Ал Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның 1905 жылы Потанинге жазған хатына сәйкес, «Алаш» ұлт-азаттық қозғалысы «Сібір одағы» қозғалысының қазақ бөлімі ретінде дүниеге келгенін де ұмытпайық, дейді С. Аққұлы, - Сол себепті ХХ ғасыр басындағы «Автономия» ұғымын кейінгі кеңестік мағынада талдау зор қателік. Ұлт көсемінің стратегиясына сәйкес, кешегі отаршыл империя қоластындағы халықтардың бәрі өз алдына дербес ұлттық автономия, яғни мемлекет құрып, АҚШ үлгісі бойынша бір-бірімен құқы тең субъекті ретінде Ресей Федерациясына бірігуі керек. Мұндай көзқарасын Әлихан бәлшебектердің «Ұлы Қазан төңкерісімен» емес, Қазан бүлігімен Петроградтағы орталық билікті күштеп басып алуы қарсаңында 1917 жылдың 8-15 қазан аралығында Томскі қаласында өткен Бірінші Сібір облыстық сиезінде айтқан болатын. Алаш автономиясымен бірге Украина, Әзірбайжан, Түркістан, Башқұртстан, Сібір және т.б. облыстық автономиялар құрылған кезде бәрі де болашақ Ресей федерациясының бір-бірімен тең құқықты субектісі ретінде құрылып жарияланды. Бір сөзбен айтқанда – Ресей АҚШ сияқты тең құқықты мемлекеттердің одағы немесае федерациясы болу алдында тұрды, Алты Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан Ресейдің болашағын осылай деп жоспарлады және Алаш мемлекетінің ол одақ-федерациядан қалаған уақытында бөліну құқы болуға тиіс деп санады. Мысалға Әлихан ол ойын «Жалпы Сібір сиезі» атты мақаласында былай деп ашық атап көрсетті емес пе: «Сібір автономиясының негізгі законыне өз алды бір баб жазылмақ; қазақ ұлты һәм өзге Сібірді қоныс қылған жерлі жұрт Сібір автономиясына уақытша қосылады... Биыл жаздай болған комитет сайлаулары, біздің қазақ өзін өзі билегенде істеген істері көрсетіп тұр: іс атқаратын азаматтың аздығын, жалпы жұрттың қараңғылығын, біз ойладық – әуелі Сібірге сүйеніп, тасымалдап, жалғасып, көшіп кетелік; жіп жалғап, зор мемлекет көрнеуінен құтылып-ап, отау болып соңынан бөлінелік деп».

++++++++++++++.jpg

Бірақ 1918 жылдың 5-нен 6 қаңтарына қараған түні Кеңес өкіметі Петроградтағы Таврия сарайына жиналған Бүкілресейлік құрылтай жиналысын қуып таратқаннан кейін, Ресейде заңды, қалың жұртшылық мойындаған билік қалмады. Қысқасы, Ресей жоғарғы саяси биліксіз, өкіметсіз жағдайға тап болды. Кеңес өкіметін ешкім мойындамады, оны ешкім заңды билік деп санамады. Міне осындай биліксіз саяси ахуалда өздерін келешек Ресей федерациясының субъектісі ретінде жариялаған Украина, Әзербайжан, Башқұрстан, Сібір және т.б. жаңа ұлттық мемлекеттік құрылымдар, арасында әрине, оқырманға түсінікті болуы үшін қазіргі терминмен айтсақ - Алаш Республикасы да бар, 6 қаңтардан бастап күтпеген, жоспарламаған егемендікке ие болды. Осы сәттен бастап Алаш ұлттық жерлі автономиясының жоғарғы атқарушы билік тетігі - Алаш Орда үкіметі өзінің егемендік құзырын жүзеге асырып, алдымен Сібір республикасы үкіметімен, Кеңес өкіметімен, одан кейін 1918 жылдың маусымында Самар қаласында Кеңес өкіметіне қарсы құрылған тұңғыш бүкілресейлік билік – «Самар үкіметі» немесе Комучпен (Құрылтай жиналысы мүшелеренің комитеті, орысша – Комитет членов Учредительного собрания. – С.Ж.), Уфа директориясымен, ақыр соңында қайтадан Кеңес өкіметімен егеменді сыртқы саясатын жүргізгенін естен шығармау керек. Ол сыртқы саясаттың басты мақсаты – жаңа ғана туын көтерген Қазақ ұлттық мемлекетін қайткенде де сақтау, оны мойындату, азамат соғысы басталған сәттен бастап Кеңес өкіметіне қарсы күш біріктіру болғаны тарихи ақиқат.

-----------------------.jpg

Алаш Автономиясы болған жоқ, Алаш Орда ғана болды дейтін сауатсыз, надан, қысыр пікірге айту керек: Мемлекет және құқық теориясына сәйкес, мемлекет болудың өз жері (территориясы), азаматтығы (мемлекет құрушы халқы), заңнамалық-нормативтік негізі, жергілікті территориялық-әкімшілік бөліктері (облыс, ояз, болыс) сынды 6 белгісі болуы керек. Алаш мемлекетінде бұл белгілер болмады деу – тарихқа қиянат. Оған қоса азамат соғыс жағдайында Алаш Орда сот билігін, Алаш Орданың облыстық, ояздық (уездік) бөлімдерін, жергілікті облыстық, ояздық, болыстық билік тетіктерін (қазақ комитетерін, земстволар, управалар), тіпті Алаш Орда құрамында қорғаныс министрлігінің құзыры мендеттері жүктелген Әскери кеңес құрып, оның тұңғыш меңгерушісі, яғни тұңғыш қорғаныс министрі етіп кәсіби әскер қолбасы капитан Хамит Тоқтамысұлын тағайындап, ұлттық армияның негізін қалап үлгерген жоқ па?

Құрылтай жиналысы қуып таратылып, Ресейде азамат соғысы жағдайында Алаш Республикасының үкіметі Алаш Орда аса қиын да күрделі жағдайға, өлім мен өмірдің ортасына тап болды десе де болғандай. Себебі өзін қорғайтын армия, қарулы күші жоқ жас ұлттық мемлекетті сақтап қалу үшін Кеңес өкіметі және оған қарсы күштердің бірімен одақтасу қажет болды. Сол себепті Ресейде бәлшебектік кеңес өкіметіне қарсы қозғалыс не үкімет пайда бола қоймаған 1918 жылдың басында – наурыз-сәуір айларында - Алаш Орда идеологиялық, саяси көзқарасы жағынан үш қайнаса да сорпасы қосылмайтын Кеңес өкіметімен де келіссөзге барды. Келіссөзді Кеңес өкіметінің көсемдері В. Ленин мен И. Сталин бастағанын атап өткен дұрыс.  

Бірақ Кеңес өкіметін мойындау мен оған қосылудың Алаш Орда ұсынған 11 шартымен келіспеген кеңестер келіссөзді өздері бастап, өздері үнсіз үзді. Міне осындай аумалы-өтпелі сәтте Алаш Орда Кеңес өкіметін мойындамаған, оған қарсы мемлекеттік құрылымдармен одақ іздеуден басқа амалы қалмады. Сібір автономиясы үкіметімен арадағы келіссөзі ұзаққа созылып, нәтиже бермеді. 1918 жылдың жазында Самарда пайда болған тұңғыш антибәлшебектік Самар үкіметі – Комучпен арада алдымен әскери-саяси одақ құрып, қыркүйек айында өзін бүкілресейлік үкімет деп жариялаған «Уфа директориясы» құрылардың алдында КоМУЧ, Алаш Орда төрағасы Әлиханның Уфадан жолдаған жеделхатына сәйкес, Алашты мемлекет, Алаш Орданы – оның үкіметі деп мойындап, директорияның құрамына қосылды. Бірақ директория барлық ұлттық және облыстық автономиялар, оның ішінде Алаш Республикасы да бар, таратылсын деген қарар қабылдады. Бірақ Алаш Орда үкіметі ол қарарды орындауға асықпай, ІІ Жалпы қазақ-қырғыз құрылтайы жүктеген міндетін атқара берді. Оның үстіне арада 2 апта өте, қараша айының басында (1918 ж.) Омбыда адмирал А. Колчак «Уфа директориясын» әскери төңкеріспен құлатып, өзін «Ресейдің жоғарғы билеушісі әрі диктаторы» деп жариялап, тарихта «Колчактың Омбы үкіметі» деген атауымен белгілі, Сібір үкіметі негізінде өз үкіметін құрды. Алмирал Колчак патшалық Ресейді қалпына келтіріп, өзін оның жаңа императоры санап, ұлттық және облыстық автономиялардың бәрін мойындамай, таратуға кірісті.

1919 жылдың соңында Алаш Орда төрағасы Әлихан Бөкейхан үкіметтің төтенше мәжілісін шақырып, Ресейдегі саяси оқиғалар патшалық билікті қайта орнатуға қарай бет алған жағдайда ұлттық өзін өзі басқару туралы сөз болуы мүмкін емес. Не істеуіміз керек? – деген мәселе қойып, Кеңес өкіметінің 1917 жылғы 1 қарашада қабылдаған халықтардың өзін өзі билеу құқы туралы декаларациясын еске алып, Кеңес өкіметімен арадағы келіссөзді қайта жалғастыру туралы шешім қабылданады. Келіссөзге Мәскеуге А. Байтұрсынұлын жіберетін болып ұйғарылды. Міне Алаш Ұлттық Жерлі Республикасы Кеңес өкіметін мойындап, оған қосылған күннен бастап егемендігін жоғалтты. Бірақ «Алаш» қайраткерлері мен Алаш Республикасы өзінің ең бастысы тарихи борышын орындады – қызыл болсын, ақ болсын – Қазақ хандығы ыдырап, тарих сахнасынан біржола кетуінен тура 70 жыл өткен 1917 жылдың желтоқсанында сол хандықтың үйіндісі үстінен және соның жер аумағында қазақ ұлттық мемлекеттігін қайта жаңғартып, оны сақтап қалды. Ол мемлекеттің 1920 жылы жоғалтқан егемендігі мен тәуелсіздігіне қайта қол жеткізуі болашақ білімді де жас ұрпақ пен уақыт еншісіне қалды. Уақыт өте келе міне жаңа ұрпақ 1991 жылдың 16 желтоқсанында сол егемендігіміз бен тәуелсіздігімізді қалпына келтірді.

 

 

«Алаштың мақсаты Қазақ мемлекетін сақтап қалу болатын»

 

Әлихантанушы Алаш қозғалысы мен Алаш автономиясының тарихын бірнеше ғылым тарапынан тиянақты түрде зерттелуі керек деген пікірде. Нақтырақ айтсақ, ол бұл тақырып біріншіден тарихшылар тарапынан, екіншіден құқық және мемлекет теориясы тұрғысынан зерттелгенін қалайды.

«Егер мемлекет және құқық теориясы тұрғысынан қарайтын болсақ, осы саланың кез келген маманы «Алаш автономиясы егеменді ел ретінде келіссөз жүргізді» деп айтады. Нақтырақ айтсам, 1918 жылдың наурыз-сәуір айларында Кеңес өкіметімен келіссөз жүргізді, одан кейін Кеңес өкіметі келіссөз жүргізгеннен кейін Алаш автономиясы 1918 жылдың басынан бастап, Сібір автономиясымен келіссөз жүргізе бастады. Сібір мен Орал Кеңес өкіметінен тазартылғаннан кейін 1918 жылдың маусым айында Самар қаласында Бүкіл ресейлік құрылтай жиналысы мүшелерінің үкіметі құрылған кезде ең біріші Алаш автономиясы соларды егеменді ел ретінде танып, саяси-әскери одақ құру туралы келісімге келді.

Алайда Уфа директориясы «Алаш автономиясы мен Алаш Орда үкіметі таратсылсын» деген қаулы қабылдады. Бірақ ол қаулы қабылданғанымен Алашорла үкметі соны мойындап, таратылды ма? Мәселе сонда. Алаш Орда үкіметі өзін таратқан жоқ. Алаш Орда үкіметі ІІ жалпы қазақ-қырғыз құрылтайында алға қойған мақсатын одан әрі жалғастыра берді. Сөйтіп 1919 жылдың қараша айында және 1920 жылдың басында Кеңес өкіметімен келіссөз жүргізе бастады. Бұл жерде Алаш Орда үкіметі өз бастамасымен Кеңес өкіметімен келіссөзге барды. Өйткені Кеңес өкіметімен келіссөзге барудың ең басты сыры – жаңадан жасақталатын Қазақ мемлекетін қайткен күнде де сақтап қалу болатын. Бұған байланысты Ахмет Байтұрсынұлының «Ресей билігі ақ па, қызыл ма, бізге бәрі бір. Біз қазақтың өзін өзі басқару құқын мойындаса болды» сөзі – жаңа ғана қайта құрылған қазақ ұлттық мемлекетін сақтауды көздеген Алаш Орда үкіметінің берік ұстанымы болатын», – дейді ол.

1920 жылдың 26 тамызында Ленин мен Калинин Қырғыз-Қазақ автономиясын құру туралы декретке қол қойды. Алайда әлихантанушы бір ғана үкіметтің декретімен үкімет құрылмайтынын ескертеді.

«Ленин кейіннен өз қателігін түсініп, 1920 жылдың 4-12 қазан аралығында Қазақстан кеңестерінің құрылтай жиналысын дереу шақыруға мәжбүр болды. Кеңес өкіметі жоқ жерден Қазақ-қырғыз автономиясын құрған жоқ, кешегі Алаш Орда үкіметіннің негізінде қазақ-қырғыз автономиясын құрды. Бұл деген сөз Қазақ автономиясы 1920 жылы большевиктердің тарапынан құрылған жоқ, оны Алаш арыстары құрып кетті. Қазақ-қырғыз автономиясын құру үшін Мәскеуде Ленинмен келіссөз жүргізген кім еді? Ол Әлихан Бөкейхан мен Ахмет Байтұрсынұлы және Әлімхан Ермеков болатын. Кешегі Алаш автонмиясының жерін Ленинмен айтысып жүріп, соның басым бөлігін сақтап қалды», – дейді әлихантанушы.

Өкінішке қарай Қазақ-қырғыз автономиясы қайта құрылған кезде Алаш автономиясы өзінің егемендігінен айырылды. Әйтсе де тәу еткен Тәуелсіздікті 1991 жылдың 16 желтоқсан күні қайта жаңғырттық.


P.S. Өздеріңіз байқағандай 1918 жылдың сәуір айы Алаш арыстары үшін тартысты жыл болған. Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш арыстарының Ленин және Сталинмен келіссөзі және оның сәтсіз аяқталуының артында үлкен талас-тартыстар жатты. Бұл саяси күрестің нәтижесі 1991 жылы Қазақ елінің Тәуелсіз мемлекет болуына ықпал еткенін ұмытпауымыз қажет.


Дерек

 

22 сәуір күні Ленин мен Сталин Түркістан өлкесі Кеңестерінің V съезіне жолдаған телеграммаларында съездің Кеңестік негіздегі Түркістан автономиясын құрмақ болған жоспарына қолдау білдіреді. Ал 30 сәуір күні Түркістан өлкесі Кеңестерінің V съезінде РСФСР-дің құрамындағы Түркістан автономиялы Кеңестік Социалистік Республикасы құрылғандығын жариялады. Оның құрамына Орта Азияның басқа өңірлерімен бірге Қазақстанның екі оңтүстік облыстары – сол кездегі Жетісу мен Сырдария облыстары кірді.

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?