Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Мемлекеттің тарихи сананы қалыптастырудағы рөлі

3433
Мемлекеттің тарихи сананы қалыптастырудағы рөлі  - e-history.kz
Мемлекеттің ұлттық тарихты жаңғырту мен зерделеу мақсатында қабылдаған «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы ауқымы орасан зор жұмыстар тындырды

Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін төл тарихымызды объективті түрде зерттеуге мүмкіндік туды. Тарихы жоқ халық болмайды. Ал біздің халқымыздың тарихы тереңде жатыр. Халқымыздың төл тарихы ұрпақтан-ұрпаққа құйма құлақ қариялар арқылы жеткізіліп, шежіре тарқату арқылы ұмытылмай келгені белгілі. Бүгінгі күнді түсіну үшін және болашақты болжауда өткенді білудің маңызы зор. Алаш арысы Ә. Бөкейхан: «Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынан өзі де жоғалуға бейім тұрады... Дүниеде өңген жұрттар қатарында қор болмайын, «тұқымым құрып қалмасын» деген халық өзінің шежіресін имани дәрежесінде ұғып білуге тиіс болады», – деп айтқан болатын [1]. 

1995 жылы «Қазақстан Республикасында тарихи сананы қалыптастырудың тұжырымдамасы» қабылданып, онда тарихи білімнің іргелі принциптері айқындалып, негізгі басымдықтары анықталды. Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен 1998 жыл «Халық бірлігі мен ұлттық тарих жылы» деп жариялануы еліміздің тарихқа ден қойғанын көрсетеді. 

Елбасы Н.Ә. Назарбаев: «Менің тарихқа ден қоюымның сыр-себебі де бүгінгі күннің оқиғаларынан тарихтың «табын» сезінгендігімде деп білемін» [2, 6-б.] деп жаза отырып, «Егер біз мемлекет болғымыз келсе, өзіміздің мемлекеттігімізді ұзақ уақытқа меңзеп құрғымыз келсе, онда халық руханиятының бастауларын түсінгеніміз жөн» [2, 267-б.] негіздейді. 

Президент Н.Ә. Назарбаев 2003 жылы жарық көрген «Тарих толқынында» атты еңбегінде өзінің тарихи көзқарасына тереңірек талдау жасайды. Аталған кітабында Н.Ә. Назарбаев тарихымызды бірнеше кезеңдерге бөліп қарастыра отырып: «Ең алдымен, төл тарихтың тіні деген мәселе. Бүгінгі таңда ұлттық тарих сөз болғанда – дәстүрлі көшпелілер қоғамы, Ресей империясының аясында болған кезең, кеңестік кезең, ең соңында қазақ ұлтының тәуелсіздік жағдайындағы кезең деп саралау әуезе болған. ...Қазақстан жерінің байырғы кезеңінде де, қазақ ұлтының төл этногенезі төбе көрсете бастағаннан бергі кезеңінде де қалалық жүйесі дамыған елді мекендердің болуы бір жақты байлам жасауды көтермейді. Оның үстіне, тұтас алаптарды қамтыған отырықшылдықтың сан ғасырлық дәстүрі бар екені белгілі. ...Сондықтан қазақ тарихының осынау ең бір этникалық ұзақ ғұмырын бажайлағанда біз қаптаған қасаң қалыптардан бас тарта отырып, ұлттың бүгінгі тұлғасына дәстүрлі қазақ қоғамының қандай ерекшеліктері «ізін қалдырып» отыр және сол сан ғасырлық әсер-ықпалдың ерекшелігі неде деген мәселені шындыққа сай сезінуіміз керек» дейді [2, 16-б.]. Әрі қарай ойын жалғастыра отырып: «Сонымен бірге отаршылдық пен кеңестік деп аталатын кезеңдегі қазақ ұлтының тіршілігіне қатысты мәселелер де түбегейлі қайта танып-түсінуді қажет етеді. Мәселенің мәні, тек патшалық Ресей ғана халықтардың түрмесі болып қойған жоқ еді, сонымен бірге ССРО-ның да жұмбақ болып жарытқаны шамалы деп келетін балаң тұжырымды көлденең тартып, белгілі шындықты сарната беруге де болмаса керек. ...Ұлттық тарихқа қатысты аталмыш екі кезеңнің де тек-тамырының ұқсастығында. Енді, міне, қоғамдық құрылыстың өзгеруі бұрыннан бар үрдісті одан сайын ұшықтыра түсіп, ұлттық мәдениет пен ұлттық жүйені шайқалтар тоталитарлы аласапыранға ұласуда. Асылы, қазақ ұлтының экоәлеуметтік жүйесімен біте қайнасқан тіршілігін түсіну үшін империялық және кеңестік отаршылдықтың айырмашылығына ден қоюдан гөрі, олардың түбірлі ұқсастығын танып-түсінген мәндірек болар» деп қорытындылады [2, 16-17-бб.]. 

Біздің тарихымыздың бастаулары тереңде жатыр. Мәселен, қазақтың тұңғыш ғалымы Ш. Уәлиханов қазақ халқының шежірелік мұрасын тұтас мәдениет деді, «бұл дастан-шежіренің барлығы – ішіндегі айтылып отырған оқиға, мақал-мәтелі, халық әдеті қазақ халқының өткен тарихи және рухани өмірін суреттейді, қазақ тарихын жазу, оның шығу тегін анықтау үшін таптырмайтын тарихи дерек», – деп көрсетті [3, 17-б.]. Шоқан Уәлиханов бірінші болып ғылыми айналымға тарихи деректердің жаңа түрін, қазақтар мен қырғыздардың ауызша халықтық дәстүрін дерек ретінде енгізді. Ғалым сондай-ақ: «Халық аңыздарының қандайы болмасын, әсіресе, тарихи аңыздар аса қызықты... Бұл жөнінде қазақ аңыздары өзінің мейлінше қарапайымдылығымен, айқындығымен онда табиғатқа қайшы ғажап оқиғалардың жоқтығымен айрықша бағалы орын алады. Ол көбінесе Әбілғазы хабарларында құпталады, әсіресе, «Жәми ат-тауарихтың», қырғыз-қайсақтың жазғаны таңдай қағарлық... Бірде-бір айтулы оқиға, бірде-бір тамаша адам халқының есінен шықпай сақталып қалған» деп халық аңыздарына жоғары баға береді [4, 23-24-бб.]. 

 Ұзақ уақыт бойы біздің тарихымызға, мәдениетімізге күмәнмен қарап келгені белгілі. Сондағы бізге тағылған сын, жазуы жоқ халықта тарихта, мәдениет те, болмайды деп айыптады. Көшпелі халықтардың тарихын, отырықшы қоғамның айырмашылық белгілерімен зерттеу дұрыс емес екенін алғаш аңғарған Ш. Уәлиханов болатын. Ғалым: «Көшпелі халықтың жазуы-сызуы болмағандықтан жалпы халықтың тарихи фактілерге емес, бәрінен бұрын олардың ертегі тәрізді аңыздарына негізделген. Өздерінің батырларының батырлық іс-әркеттері мен халық арасындағы маңызды оқиғалар туралы аңыздарды жырға айналдырып кейінгі ұрпаққа отбасындағы естелік әңгіме тәрізді айтып жеткізіп отыру барлық көшпелі тайпаларға тән сипат. Аңыз айтушылардың құрметтілері – сол аңызды сол қалпында жеткізушілер болып табылады» [5, 50-б.], – деп жазды. Ауызша дамыған рухани мұралардан ұлттық ділін алғаш көре білген және оны ғылыми қауымдастыққа сол тұрғысында таныстыруға алғаш ұмтылған да Ш. Уәлиханов болатын. 

Ш. Уәлиханов өзінің зерттеулерінде халықтың тарихи санасына қатысты сұрақтарды талдауда «халық жады» деген сөз тіркестерін жиі қоланады. Мұның өзі зерттеушінің халық ауыз әдебиетінің үлгілері түрлі атаулармен аталғанымен, бәрі бірігіп халықтың біртұтас тарихи зердесін құрайтынын тани білгенін көрсетеді. 

Міне, осындай айқын мысалдар арқылы халқымыздың тарихы қағазға түспесе де, ғасырлар бойы халықтың жадында ұрпақтан-ұрпаққа ауызша айту арқылы жалғасын тауып келгенін көрсетеді. Кеңес үкіметі тұсында тарихымыз тар шеңберде, қатаң сүзгіден өте отырып, жоғары жақтың бақылауымен, берген нұсқауы арқылы жазылды. Осы кезеңде біздің ұлттық руханиятымызға балта шабылып, тамыры қиылды. Тарихымызда нақты болған оқиғалар бұрмаланып, халқымыздан шыққан ірі тұлғаларымызға теріс баға беріліп, тарихты ойыншыққа айналдырды. Еліміз егемендік алған ұста осы кеңестік кезеңде әдейі жіберілген қателіктерді түсетуге, тарихымыздың ақтаңдақ беттерін сейілтуге мол мүмкіндіктер ашылды. Тарихымызды жаңаша көзқараста объективті түрде жазуда көптеген отандық белді тарихшыларымыз жұмыла әрекет етіп, жоғалтқан рухани мұраларымызды қалпына келтіруге күш салды. 

2003 жылы Қазақстан халқына Жолдауында Президент Н.Ә. Назарбаев бұрын-соңды болмаған «Мәдени мұра» бағдарлама қабылдайтынын жариялады. Бұл ұзақ уақыт бойы бұғауда болып, тұралап қалған төл тарихымызды зерттеуге қосқан зор үлес еді және бұл үлкен жаңалық болды. 

Мемлекеттің ұлттық тарихты жаңғырту мен зерделеу мақсатында қабылдаған «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы ауқымы орасан зор жұмыстар тындырды. «Мәдени мұра» бағдарламасының мақсаты жазба деректерді жинау және жариялау болып табылады. «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы екі кезеңді, бірінші кезеңі 2004-2006 жылдарды қамтыса, екінші кезеңі 2009-2011 жылдарды қамтиды. 

Бағдарлама қабылданғаннан кейін төрт жылда тарих пен мәдениеттің 51 ескерткіші қайта жаңғыртылып, Қазақстан аумағындағы 39 қалашықта, қоныста, тұрақта, обалар мен қорғандарда маусымдық археологиялық зерттеулер жүргізілді. Қытайға, Түркияға, Моңғолияға, Ресейге, Жапонияға, Египетке, Өзбекстанға, Арменияға, АҚШ пен Батыс Еуропаға 15 ғылыми экспедиция ұйымдастырылып, Қазақстан тарихы, этнографиясы, өнері жөнінде бұрын белгісіз болып келген 5000-ға жуық қолжазбалар мен баспалық басылымдар табылды. Тек Қытайға жасалған экспедицияның барысында Қазақстанның тарихы мен мәдениетіне қатысты бұрын зерттелмеген манчьжур тіліндегі 3 мың, қытай тіліндегі 300, шағатай тіліндегі 60, ойрат тіліндегі 70 дерек табылды [6, 289-б.]. 

Аталған бағдарлама негізінде елімізде қазақ хандары мен сұлтандарының Қытай, Қоқан, Хиуа және де басқа да көрші елдердің басшылары арасында жүргізілген хаттары табылды. Осы уақытқа дейін белгісіз болып келген қыпшақ тіліндегі жазулар белгілі болып ғылыми айналымға қосылды. Сонымен қатар Орталық Азиядағы ежелгі көшпелі халықтардың шаруашылық түріне, антропологиялық түріне, тілдеріне қатысты табылған этнологиялық деректер тарих ғылымына қосылған зор үлес болып табылады. 

Қожа Ахмет Иассауи кесенесі мен Тамғалы археологиялық кешені ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік Мұралар тізіміне енді. Бағдарлама аясында 230 аталым кітап жарық көрді, олар тарих, археология, этнография жөніндегі аса маңызды сериялар, жаңа энциклопедиялық сөздіктер. Мемлекеттік бағдарлама тарихи-мәдени мұраны қайта қалпына келтірумен ғана шектелмейді. Оның басты мақсаты – қоғамдық санада оң өзгерістерге қол жеткізу және нақ осы тұрғыда ол маңызды идеологиялық, жалпымемлекеттік мәнге ие болып отыр. 

«Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында қомақты жұмыс атқарылды. Халқымыздың мәдени мұрасын зерделеуге, сақтауға, қалпына келтіруге және тиімді пайдалануға бағытталған шаралар кешенін іске асыруды қамтамасыз ету мақсатында, Қазақстан Республикасы Үкіметі 2007 жылы 10 желтоқсанда 2007-2009 жылдарға арналған «Мәдени мұра» салалық бағдарламасын бекітті, ол Мемлекеттік бағдарламаның қисынды жалғасы болып табылады. 

Қорыта айтқанда, еліміз 70 жылдай совет үкіметінің құрамында болған кезінде тарихымыз маркстік-лениндік әдіснамаға сай жазылып, зерттеліп келді. Міне, осы олқылықтың орнын толтыру еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін ғана мүмкін болды. Ұлттық тарихымызды қайта зерделеп, объективті түрде жаңа заман тұрғысынан зерттеуде мемлекеттік қолдаудың қосқан үлесі орасан зор. 

Аурика Серубаева, Мемлекет тарихы институты Еуразиялық және салыстырмалы саяси зерттеулер бөлімінің ғылыми қызметкері, PhD докторант 

Пайдаланылған әдебиеттер: 

1. Тайжанов А. Тәуелсіздік және ұлттың рухани болмысы мен санасы // Егемен Қазақстан, 2011. – 17 желтоқсан. 

2. Назарбаев Н.Ә. Тарих толқынында. – Алматы: Атамұра, 2003. – 288 б. 

3. Алпысбес М. А. Қазақ шежіресі: тарихнамалық-деректанулық зерттеу: монография. – Астана: «BG-Print» ЖК, 2013. – 380 б. 

4. Сүлейменов Р. Б., Моисеев В. А. Шоқан Уәлиханов – шығыстанушы. Туғанына 150 жыл толуына орай. – Алматы: Ғылым, 1985. – 112 б. 

5. Ш. Ш. Уәлиханов. Көп томдық шығармалар жинағы. ІІІ том /2 басылым. – Алматы: «Толағай групп», 2010. – 424 б. 

6. Аяған Б.Ғ., Әбжанов Х. М., Махат Д. А. Қазіргі Қазақстан тарихы: Жоғары оқу орындарының тарихшы емес мамандықтарына (бакалавриат) арналған оқулық / Б.Ғ. Аяғанның жалпы редакциясымен. – Алматы: Раритет, 2010. – 448 б.

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?