Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Тағдыр тауқыметін тартқан тарихи тұлға

2822
Тағдыр тауқыметін тартқан тарихи тұлға  - e-history.kz
Туғанына бүгін тура 100 жыл толған Қайым Мұхамедханов – қажырлы ғалым, абайтанушы, ғылым қайраткері, шәкәрімтану ғылымының негізін салушы тарихи тұлға

Ол өзі өмір сүрген қым-қуыт уақытта қуғын-сүргіннен көз ашпаса да, бірнеше мәрте «тұңғыш» мәртебесін иемденді: Семей қаласындағы Абай музейінің ұйымдастырушысы әрі тұңғыш директоры болды; Қазақ ССР гимнінің сөзін жазған тұңғыш авторы; абайтану ғылымын негіздеуші және «Абайдың ақындық мектебін» ғылыми айналымға енгізді; Абай мұраларының текстологы болып өнімді еңбек етті; шәкәрімтану ғылымының негізін қалады. 

84f4e3dac83887eb2f07a0bba487b57e.jpg

Осыдан 100 жыл бұрын Қайым Мұхамедханов Семей қаласында дүние есігін ашты. Ғалымның шәкірті Тұрсын Жұртбайдың айтуынша, «қалада туып, қалада өскен интеллигенция өкілі Қайым бала кезінде қала көшесін көріп өсті. Ол ауыл топырағын басып, шаңында аунап өспеді, таза қаладан шыққан интеллигент атанды. Ол дүниедегі кереғар қоғамдар капиталистік және социалистік идеялардың ешқайсысына жақ болмады». 

Қайымның әкесі Мұхамедхан Сейітқұлов – Алашорда көсемдері Ә. Бөкейхан, А. Байтұрсынұлымен бас қосып, ұлт, ел-жұрт туралы келелі ойларын талқылаған ел жанашыры. Оның шаңырағына Шәкәрім мен Көкбай да келіп тұрған. «Абай» журналын шығаруға демеушілік жасаған меценат ретінде де белгілі. Өз ісін білетін, өмірден түйгені мол, көзі ашық жанды сталиндік репрессия еркіне қоймады: Мұхамедхан Сейітқұлов 1937 жылы 24 қарашада тұтқындалып, 3 желтоқсанда атылған. 

Қайым 1941 жылы Семей педагогика институтының филология факультетін бітіреді. Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан. Ол әдебиетке 1930 жылдың орта шенінде келіп, алғашында өлең-жырлар, драматургия жанрында шығармалар жазды, тәржіме жасаумен де көбірек шұғылданған. 

Абай музейінің тарихы 1939 жылдың 19 желтоқсанындағы «Қазақ халқының ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың туғанына 95 жыл толу мерейтойын өткізу туралы» Семей қаласында комиссия отырысынан басталған. Комиссия отырысына Әрхам Ысқақұлы, Н. Баймұратов, Ә. Жиреншин секілді танымал адамдар қатысып, ұлы ақын мұрасын жинау, іздестіру жұмыстарын бастауды, музейді жабдықтауға кететін шығындарды есептеуді қолға алады. Кейін араға соғыс килігіп, бұл шаруа біраз уақытқа созылады. Абау музейін алғашында 1940-1944 жылдары Бекбай Байысовтың үйінде орналасса, кейін 1944-1967 жылда аралығында Әняр Молдабаевтың үйінде қоныс тебеді. Оның алғашқы директоры жас талантты әдебиетші Қайым Мұхамедханов болды. 

ce84122cb5fee070aff2698632517dac.jpg

Ол Әуезовтің кеңесімен гимн жөніндегі байқауға қатысып, «жеңімпаз атанғанымда жасым небәрі 27-де ғана болатын» деп еске алады. Советтің қылышынан қаны тамып тұрған кезеңінде «Біз қазақ ежелден еркіндік аңсаған» деп тебірене жазуы ерлікпен парапар іс. Белгілі жазушы Ғаббас Қабышұлы «Ақиқатқа адвокат қажет емес» деген мақаласында гимн авторы Қайым Мұхмедханов бола тұра, оның шығармасына қазақтың классик ақын-жазушылары Ғ. Мүсірепов пен Ә. Тәжібаевтың саясаттың араласуымен орта жолдан қосылғаны айқын жазылған. 

Жан-жақты дарын иесі, кең тынысты энциклопедиялық білімі бар Қайым Мұхамедхановтың ғылымға сіңірген ұшан-теңіз еңбегінің бір парасы «Абайдың ақындық мектебін» ғылыми айналымға енгізуімен дәлелденеді. Абайтану – өзінің шыңына шыққан ғылым. Қазақ әдебиетінде әбден зерттеліп, зерделенген сала болса, осы абайтану. Бұл ғылым саласы тарихи даму жолында аз кедергілерден өткен жоқ. Көрмеген құқай, тартпаған азабы жоқ. Советтік идеологияның күшейіп тұрған уақытында ұлттық поэзия нәрін сусындатудың қаншалықты қиын болғаны Қайым Мұхамедхановтың өмірінен анық көрінеді. Әдебиет зерттеуші ғалым ретінде Қайым Абай мұрасының текстологиялық зерттеулеріне өлшеусіз үлес қосты. Абай төңірегіндегі атақты әншілер: Көкбай, Ақылбай, Мағауия туралы, өткен заманның кейбір мұралары жайында зерттеулер, көлемді мақалалар жазды. Қайым Мұхамедханов «Абайдың ақындық мектебі» тақырыбында диссертация қорғағаны үшін 1951 жылы қамауға алынып, НКВД-ны түрмесі мен Карлаг лагерінің ауыр азаптарын басынан өткізген. 

«...Әкем 1951 жылдың 1 желтоқсанында сталиндік режиммен жиырма бес жыл бас бостандығынан айырылды. Басты айып – Абайдың ақындық мектебін зерттегені. Ғалымның сотталғаны, сол кездегі өмірі бөлек зерттеуді қажет етеді деп ойлаймын. Түрмеде әкем бірқатар өлеңдер жазған. Н. Карамзинның «Сормаңдай Лизасын» аударды. Лермонтовтың «Вадимін» Абай, Пушкиннің «Дубровскийін» Шәкәрім аударғаны секілді қазақ әдебиетіне қосқан сүбелі үлесі еді. Анам әкеме үнемі рухани демеушілік көрсетіп отыратын. Декабристердің әйелдері сияқты әкемнің қиын ғұмырына ортақтасты. Әкем түрмеге айдалып кеткенде анам жеті баласымен үйде қалады», – деп еске алады қызы Дина Мұхамедхан. 

c6740d68fa4e1ed298cb57594cd5b2e7.jpg

Шәкерімтану ғылымының басында да тұрған ғалым – Қайым Мұхамедханов. Шәкерім шығармаларының текстологиясымен тұрақты түрде айналысып, діндар ақын өлеңдерінің жүйесі мен мағынасының дұрысталуына зор үлес қосты. Ұлы Абай өлеңдерінің түпнұсқасының болмауы секілді шәкәрім жырларының бұрмаланғаны, қате жазылғаны мол. Осынау ұлы байлықты ұрпақ кәдесін жарату үшін басын бәйгеге тіккен ғалымның ерлігі ұмытылмауға тиіс. Өткен ғасырдың 50 жылдарындағы сирек құжаттары қамтылып жазылған «Тағдыр және Қарлаг» атты кітапта Абай мен Шәкерім мұраларын сақтап қалуға тырысқан қайсар қаламгердің басынан кешкен қиындықтары баяндалады. 

Қайым Мұхамедхановты энциклопедист ғалым деп бекер айтпайды, дәлел ретінде оның Қазақ Советтік Энциклопедиясының барлық 12 томына ғылыми түсініктемелер жазып, қате жерлерін түзегенін айтсақ жеткілікті. 1995 жылы ұлы ақынның 150 жылдығы қарсаңында Абай шығармаларының академиялық басылымын дайындағаны үшін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды.

Ұлы ғалымның, тағдыр тауқыметін тартқан тарихи тұлғаның 10 томдық шығармалары шәкірттерінің ұйымдастыруымен жинақталып, кітап болып басылып шықты. Семей қаласында ескерткіші орнатылып, тұрған үйіне ескерткіш-тақта ілінді. Сонда да қажырлы қайраткер атындағы көшенің болмауы мәселенің өзектілігін жоғалтқан жоқ. 

Заңғар Кәрімхан

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?