Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

«Атандым мен екінші Балуан Шолақ...»

3153
                       «Атандым мен екінші Балуан Шолақ...» - e-history.kz

Біз дәстүрлі түрде «Қазақ балуандары» деген циклмен алаш топырағынан шыққан әйгілі балуандар жайлы қалам тербеген едік. Осы жолы да бұл жазбамызды одан әрмен жалғастырсақ дейміз.  Бұл жолғы жазбамыздың кейіпкері қазақша және еркін күрестен КСРО спорт шебері Өзаман Исатайұлы. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында  жарыққа шыққан «Қазақ балуандары» деген  еңбекке негіз сүйей отырып дайындалған, бұл материалдың шын ақы иесі Бақтияр Тайжан есімді адам. Осы тұлғаның әйгілі палуан жайлы деректі жазбасын қаз-қалпында ұсынғанды жөн көріп отырмыз.

                                                           I

Еc біліп, етегімізді жапқанда оның екі есімі барын білген едік. Өзаман Шолақ және Балуан Шолақ. Иә, ауылдастары еркөңіл жігітті осылай атайтын. Жай оғындай жарқылдап, ақсия күліп жүретін азаматқа бұл атаулар жарасатын. Өзі бұған қабақ шытпайтын. Кім қалай айтса да, осы атаудын астарында азаматқа деген құрмет жататын еді. Өзекең осыны шын сезетін секілді. Исатай ақсақалдың шаңырағынан өрбіген балалардың осалы жоқ. Көрші қолаң оларға қатты қызығатын. Әсіресе, Өзбек атты баласының құйтақандай болып күй тартқаны қандай?! Небір сазды әуенді домбыра тілімен құйқылжытқанда сабырлы, орнықты деген ақсақалдардың өзі сүйінішін жасыра алмаушы еді. Кішкентай Өзаман да ағасы сияқты күйші болғысы келген. Тек, қолы…Жұрт Өзбекті ортаға алып отырған да барлық балалар сияқты мақтан сүйетін шолақ қол, сарыжағал бала орнынан үнсіз тұрып, сыртқа сытылатын. Қора сыртындағы шөмеле үстіне өрмелеп шығып, ал кеп екі көзге ерік беретін. Құдай қарғаған сол күн есінде жоқ. Дүние есігін ашқанына алты ай болған балада не ес болсын. Көп күрсіңдірген сол күнгі оқиғаны шешесінің айтуымен ғана біледі. Соғыстан кейінгі ауыр уақыт. Партия тапсырмасын жанынан артық көрген ауылдың әжетке жараған баласы мен еңкейген қариясы егіс басында. Әкесі «мен» деген бригадир. Ерте кетеді, кеш келеді. Ана байқұстың да қолы күн ұзақ бір босамайды. Егіншілерге тамақ, нан пісіріп, күлді-көмеш болып, қазандық жақта жүргені. Өзаман өзгелердей емес, ширақ болып туыпты. Алты айлық баланың аяғынан қаз тұрып, үй-ішін еркін кезе беретінін көңілге қуаныш еткенімен, орны толмас өкініш әкелетінін кім білді дейсің. Бұл да тағдырдың жазуы болар.

Әлгіңде табаға салған нанын қарау үшін шешесі орнынан тұрды. Ана құшағынан айырылғысы келмеген Өзаман көйлегінің шалғайынан ұстап айырылар емес. Күзгі мезгіл. Аспанды қара бауыр бұлт жұтып, суық дымқыл бүркіп тұрған. Алты қанат киіз үйдің ортасында қос уыс тобылғының қозасы жайнап жатыр. Тентегінен қауіптенген ана күндегі әдетімен белінен шүберекпен тарс буып, ағаш кереуеттің бір аяғына байлап, далаға шығады. Әлгінде ғана қалаған жеріне жорғалап жүрген бала тосын кедергіге көнсін бе?! Әрі-бері аунап жатып, «қақпанынан» босанады.


8652f60b-46a1-4574-8e5c-8bd92dabe07a.jpg


Тарт енді далаға… Есі-дерті түрулі тұрған есіктен сыртқа шығу. Еңбектеп келе жатып, жайнап жатқан тобылғы қозасына оң қолын көміп алады…

Үйде қалған Өзаманның шар ете қалған даусын естіген ана ебіл-дебілі шығып жетеді. Көргенін құдай ешкімнің басына салмасын. Қолды-аяққа тұрмай безектеген баланың оң қолы кеудесінде. Тобылғы табына басқан саусақтары көрінбейді. Есі шыққан ана ұлын бас салып, далаға тұра қашқан. Пәлекет жерден аулақтасам баламның қолы жазылады деп ойлады ма екен. Жанұшырып, жандалбасалап жүрген ананы Әбдіқұл басқарма бас болып жүріп ұстайды. Соғыстың өрті енді басылып, ауыл-ауылға жан кіре бастағанда машина қайда. Даяр тұрған ат-көлік те жоқ. Қойшы, не керек, Өзаманды дәрігерге апару жайшылықта құдайларындай көретін басқарманың қолынан да келмейді. Азғантай үйлі жатақта емші де жоқ. Әркім білген ем-домын айтады. Өзаманның қолына қойдың құмалағы, жас баланың зәрі тартылады. Дауасы болса, кәнеки. Он бес күннен кейін жазылу былай тұрсын, қолы шіри бастапты. Құдай жар болғанда, зәуімен бір машина келе қалады да, аудан орталығына апарып салады…

Тағдыр бір қолын алғанымен, әдемі дауыс беріпті. Өзаман домбыраға қосылып мектеп кештерінде ән айтып жүрді. Шертуін өзі шертетін, ал пернені Өзбек ағасы басып тұратын. Шешесі байқұс ашуланғанда «қолыңның дертін тынымсыздығыңнан тауып едің» деп, ұрсатын. Құдай әу баста берген мінез өзгерсін бе. Қолды-аяққа тұрмай, тыпыршитын «ауру» тапты. Өзгелердей емес, алысқысы, жұлысқысы келіп тұрады. Ауылдың балалары бұның үйін алыстан орағытып өтетін. Тентек Өзаман бір бұрыштан қиқулап шыға келеді. Жай, түртіп, соғып кетсе, бір сәрі, «әй, мынаның маған әлі келеді-ей» дейді де, жағаласа кетеді. Темірдей құрсауынан құтылып көр сосын. Күндегі әдеті. Кешке салым үсті-басынан сау-тамтық жоқ, сөлбірейіп келіп тұрғаны. Киім шақ келмейді өзіне. Кейде өгізшелердің тұқыл мүйізіне жармасып, жағаласып жүргені. Айтқанды ұқпайтын тентегінен шешесі де жеңілген. «Ау, мынаны тағы да қасқыр тартып кетіпті ғой», дейді де қояды.

Кейін Исекең жылқыға ауысқанда Өзаман жетісіп қалды. Қандай рахат! Үйіндегі қолдан жем жеп, моңдыбас болған тай, жабағылардай емес. Жалына қол тигізбей, аспанға атылады. Жексенбі күні бір топ бала жаяу-жалпылап жылқылы ауылға келеді. Тайға бас білдірмек. Исекең қандай балажан. Өзаман шау тарта бастаған әке қайратына сүйсінетін. Жүген, құрық дегенді көп мойындамайтын кісі ғой, жарықтық. Не бір шу асау Исекең қос құлақтан тұқырта ұстағанда аяғына ие бола алмай, шатқаяқтап қалатын. Сағы сынып қалған жануар балаларға да әндемді қайрат көрсете алмады. Арманшыл бозбаланың аласұрған жүрегіне «балуан болсам-ау», деген тәтті орманды ұялатқан Исекеңнің серіктері еді. Ол кездегі ақсақалдардың әңгімелері қандай құнарлы. Бейәдеп сөзден ада. Олар бас қосқан күндері Өзаманды құлағынан тартып шығара алмайсың. Құйма құлақ бала әкесінің балуандық өнеріне ойысқанда өзге дүниені тарс ұмытатын. Әкесінің әрбір жекпе-жегі жадында жатталғалы қашан.

                                                     II

Самбодан Қанат Байшолақовтай қазақ жастары арасынан тұңғыш әлем чемпионы шыққан Жаңаарқа топырағы ол кезде де саңлақтардан кенде емес еді. Атақты Балуан Шолақтың батасын алған Битабар балуанның ізіне ерген серіктері бір шоғыр. Әсіресе, жаңаарқалықтар Шубай, Қадірсіз, Исатай, Мұқамеджан сынды балуандарын айрықша ардақ тұтатын. Өзаманға басқасы басқа, атақты Шубаймен әкесінің белдескен сәті қымбат-ақ. Жаңаарқаға әйгілі бір адамның асында ортаға Шубайдың өзі шығады. Түсі суық. Қабағынан қар жауады. Арбиған қолымен аумағы қазандай жердің топырағын көсіп алады. Үлкен аста бәсекелестігі ұстайтын ірі рулар бастығып қалған. Біреуі шықсашы.Ортаға таман төбедей болып тұрған Кедей Әймен намысқа әбден қызады.

–Жастың ішіндегі тәуірі Исатай еді. Бердім батамды. Жерге қаратпай Шубайга шықсын, - деп сәлем айтты. Исатайдың әкесі Бименде қақ-соғы жоқ момындау адам. Маңдайына шоқ басып алғандай шар ете қалды:

–Ойбай-ай, ағатай-ай, бұғанасы әлі қатқан жоқ. Әймен тыйып тастады:

–Тәйт, әрі. Балаға ие бола қалыпсың ғой. Біле білсең, ол сенің емес, халықтың ұлы. Шықсын ортаға! Қаны қызып, үлкендерден бата алмай тұрған жас арыстан ойнап шыға келеді. Қос алыптың айқасы сүт пісірімге созылады. Жалындап тұрған жас пері қойсын ба. Атақты Шубай оңбай жығылады. «Аллалап» тұрған ағайын Исатайды жерден шапанға орап әкетеді. Көз тимесін дегені.

–Әулетте бір адам әке жолын қуады дейді ғой дейді Өзаман.

  –Ағаларым қызуқаңды болғанмен, күресті дәл мендей арман еткен жоқ. Әдетте, «Әке балаға сыншы» деп айтады. Күрес десе, ішкен асымды жерге қоятын қасиетімді білсе де, ештеңе кесіп айтпады. Көп сыр шаша бермейтін, орынсыз ақтарылмайтын кісі өнерін үйретуге де асықпады. Ал мен болсам көрші-қолаңның баласын қасқыр тиген қойдай дүрліктірдім де жүрдім. Әңгімемізге Өзекеңнің зайыбы Нәсіп жеңгеміз араласты:

–Ау, отағасы, олай түйіп тастамай, басбұзар, тентек болғаныңды айтпайсың ба? Момақан, әдемі шолақ емес екеніңді де білсін ел. Айтқың келмесе, мен- ақ айтып берейін. Шешейден естігем.

Өзекең зайыбына қосылып кеңк-кеңк күлді.

–Несі бар, өзім-ақ әңгімелейін. Бір күні аулаға шықсам, көршінің баласы есік алдында күйбеңдеп әлдене істеп жүр екен. Менен екі жас үлкен. Көріп қалып, қашқалақтайын деп еді, «қызық көрсетем» деп алдап шақырып алдым. Қызығым белгілі ғой, бас салдым. Тыраң етіп құлады. Айызым қанбай қалды. «Өй, жаман», дедім ашуланып. Қалтамды қарап едім, бармақ басындай шарик жүр екен. Шөп шабатын агрегаттікі. Әлгіні алдым да ананың мұрнына тығып жіберейін. Бір жағы бұлтия қалып, шыңғырып жібергені. Зәрем кетіп, алайын десем, кері шықпайды. Кеңсірігінен қан кетті. Қойшы, не керек, әлгі шарикпен он күндей жүрді. Ата-анасы үйге келіп, ылаңды салып кеткен. Баласын сыртқа шығармайды. Аңдыдым келіп. Бір күні сәті түсті-ау. «Бәкі берем» деп ауыл сыртына шығарып алып, ал бақырт. Мұрнына сым иіп тығып, ақыры суырып алдым-ау. Екеуміз алақайлап ауылға шаптық. Тентектеу болғасын ба, қасыма балалар жуый бермейді, көбіне жалғыз ойнаймын. Бір күні кәдуілгі арбаның дөңгелегіне кез келдім. Ортасындағы темір шеңберіне көңілім кетті. «Әй, осыған басым сыя ма, жоқ па?» Не керек, әлгіні ырғап-ырғап мойныма киіп алдым ғой. Басыма сыяды екен. Құмарым қанғандай, кейін кері шығарайын десем, әлгі құрғыр шығар емес. Олай ырғаймын, былай ырғаймын, болатын түрі жоқ. Мойным әбден қажалып, терісі сыпырылып қан шыққанда ойбайды салып шешеме келдім. Ол кісіде де ес-түс жоқ. Сол қан күні мойнымдағы дөңгелегіммен ұйықтадым. Ұйықтады деген аты. Басың түгілі, иығың да жетпейді жастыққа. Шешем биіктетіп салып амалдаған болады. Әй, құрысын, әлгі арба дөңгелегі мойнымда бір жеті жүрді. Электр жарығы да жетпеген ауылда темір күйдіретін, кесетін құрал қайдан болсын. Әлдекімдер шапқымен кеспек болып еді, мойным қосыла үзіле жаздады. Ботадай боздаймын. Маған шешем мен бауырларым қосылады. Ақыры, көрші ауылдан Мәмила деген ұста келіп, шашымды ұстарамен алды. Сосын басымды, мойнымды сабынды сумен көпірте жуып, әлгіні ырғап, айналдырып жүріп, суырып алғаны.

Өзаман рахаттана күліп алды: - Мұндай оқиғалар көп қой бастан өткен. Мына жүлікті қайдан тауып алдыңдар деп, өзіңе ұрсып жүрмей ме?

–Жоқ, жоқ дейді Нәсіп тәтей. - Балаларға сабақ болсын, тентектігіңді, ит өртегеніңді айтпадың ғой. Бұл ағанның ондай кереметі де болған.

–Ол кезде Өркендеу бөлімшесінде тұрамыз, - деп бастады әңгімесін Өзекең.  Бір топ бала қыста өзенде хоккей ойнап жаттық. Доп-таяғымыз қолдан жасалған. Күн кешкіріп қалған мезгіл еді. Бірсыдырғы ойыннан жалықтық, әрі шайба дегеніміз жылқының қатқан тезегі еді, үгіле береді. Қаны тартқан шығар, арамызға бір сұр қаншық келе қалды. Құйрығын бұлғаңдатып, алаңнан кетсеші. Балалар айтқанымнан шықпайтын. «Ұстаңдар итті!» - дедім. Олар ұстады. Кесікбаев Бақтыбай деген балаға «бензин әкел» дедім. Бензинді шашып, сіріңкені жағып жібердім. Балалық қой. Ешкім «қой» деп айтпады. Қызық болар деп күткенбіз. Үсті-басы лаулаған қаншық алаулап ауылға шапсын.

–Қайырыңдар, қайырыңдар, - деймін есім шығып. Қайдан. Біреулердің қорасына кіріп кетті. Сөйтіп итпен қоса қораны да өртеп тындық. Ертеңінде мектепке сүмірейіп келдім. Директорымыз Тасжанов Қамажан деген қаталдау кісі еді. «Мектептен шығарылсын!» депті. Әкем малда болатын, білсе жонымнан таспа тілетін еді. Үйге айтпадым. «Сабаққа барам» деп шығам да, есік алдында жүрем. Балалар қоңырауға шыққанда күресіп құдайым бір беріп қалады. Осылайша жарты ай өтті. Директордың мектепке кіргізер ойы жоқ. Басқа жерде оқуға еш мүмкіндігім келмейді. Директордың шешесі әкемді қатты қадірлейтін еді.

Амалым қалмағаннан сол кісіге келдім. Шешей жалпылдап жатыр.

- Өй, мынау Өзаман ба, Исекеңнің баласы ғой, жақсы атаның баласы. Жоғары шық, айналайын. Директорымыз «оңбағандап» зекіріп жатыр. Тас жұтқандай сөлбірейіп мен тұрмын. Мән-жайға қаныққан шешесі:

–Бара ғой, айналайын, мектебіңе деді. Енді олай істеме, жарай ма. Мына директор менен туған бала ғой, бір айтқанымды жерге тастамайтын шығар.

Адамның маңдайы тасқа тимей қайтпайды екен. Сол оқиға маған қатты сабақ болды. Бердібек Соқпақбаевтың Қожасындай мен де өзіме өзім тыныш жүрем деп серт бердім. Сөйтіп, ұнамсыз қылықтарымнан арылдым.

Өркендеудегі мектеп орталау болғандықтан 8-кластан кейін балалар жан-жаққа тарыдай шашылады. Өзаман да аудан орталығына оқуын жалғастыруға келген. Мұңда әртүрлі спорт үйірмелері бар екен. Бәрінен, күресті айтсаңшы. Сол кезде әскер қатарынан оралып жаттықтырушылық жұмысын жалғастырып жатқан жас бапкер Диқанбай Биткөзевке келді. Ұлт жанашыры Тайтөлеу Жылқыбайұлының басшылығымен Жаңаарқа спорт мектебінің іргетасы қалана бастаған сол жылдарды Диқанбай аға тәтті сағынышпен еске алады:

–Өзімше жаттығулар жасап жүріп байқаймын, Ғазым әкеліп табыстаған бала маған көзін салып қояды. Анқаулығы жүзінен аңғарылып тұратын ауыл баласының бұнысы тегін емес, менімен күш сынасқысы, алысқысы келетінін сеземін. Оқта-текте ұстасып көрсем, жастығына қарамай алымды екен. Екі көзі жарқырап, қырандай бүріп тастағысы келеді. Күрес әліппесін басқа-басқа емес, есімі кешегі одаққа мәшһүр болған Диқанбай Биткөзовтен үйренген Өзаман топшысы бекіп, қанаты қатайған сәтінде жанын түсінетін мейірімді жігіт ағасына кез болды. Ауыл арасында кеудесін арман буған көп талапты жігіттің бірі болып қалар ма еді ол болмағанда.


0000-1-11.jpg


1966 жылы Қарқаралы малдәрігерлік техникумына қабылданысымен күрес залына асыққан. «Көңілінде бапкер қалай қарсы алар екен?» деген қауіп те жоқ емес еді. Жоқ, қапсағай келген нар тұлғалы жігіт туысқанын көргендей жылы ұшырады. Көзі мейірімге толып тұр екен. Еркін күрестен КСРО спорт шебері Жәкен Тәтиевпен Өзаманның достығы осылайша басталды. Малсақ ауыл баласына оқу аса қиынға түскен жоқ. Жаттығуға уақыт молынан жететін. Жәкен аса талапшыл екен. Шәкірттеріне бір әдісті әбден меңгертіп алғаннан кейін міндетті түрде қарсы айланы үйретеді. Шала-шарпы меңгерсең, маза жоқ. Сол әдісімен қанша лақтырып, діңкеңді құртады, кескен теректей сұлатады. Ерінбей тер төгіп, қатқан мейіздей бабына келген бура сан жігіттердің есімдері Қарағанды өңіріне белгілі бола бастады. Керегіне қолы жеткен Өзаман да қыннан суырған алмас қылыштай жарқырады. Алпыс екі килограм салмақта тек техникумның емес, қала чемпионы болуы біле-білген жанға зор мәртебе еді-ау. «Жалғыз қолды найзағай» атанған ол көп қарсыласын оңай жығып жүрді. Қарсы шабуыл оның қанына сіңген қасиет еді. Атойлап жүріп жеңетін. «Жұрт мақтаған жігітті қыз жақтаған». Нәсіпке де Өзаманның аузын ашса жүрегі көрінетін ақпейілділігі, баладай сенгіш көңілі, батыл жүрегі ұнаған болар. Жеңіл ойлы кей құрбыларының «шолаққа қалай тұрмысқа шығасың?» деген кекесін сөзіне қараған жоқ. Бақытына сенді. Волейболдан техникумдағы қыздар құрамасының сапындағы ақсары қыз Исекеңнің шаңырағына келін болып түсті.

Бір жылдың ішінде еркін күрестен спорт шеберлігіне кандидаттық дәрежені орындаған Өзаман Лениногор қаласында өтетін республикалық біріншілікке Қарағанды облысы атынан баратын болды. Құрамада жаңаарқалық жерлестері Диқанбай Биткөзов пен Құрал Әбділдин де бар болатын. Үш күнге созылған жарыстың шешуші бәсекелеріне Диқанбай мен Өзаман ғана жетті. Кешегі ұстаз бен шәкірт. Диқанбай көп қиналған жоқ. Жеңімпаз атанды. Құрамының ендігі сенгені  Өзаман еді. Бар тілек соның үстінде. Өзаманның қарсыласы КСРО спорт шебері Арсланов оңай шағылатын жаңғақ емес. Шойыннан құйғандай мығым. Қарсыластарын мерзімінен бұрын ұтқанын былай қойғанда, өңі де сұсты. Жеңгеніне адам боп бір қуансашы.  Үш күн бойы түксиді де жүрді. Құрдастары көңілін орнықтыруға тырысқанымен, Өзаманның өз көңілінде де қауіп жоқ емес. Бапкерлердің де назары осы кездесуге ауғандай. Екеуін төреші ортаға шақырғанда әлгінде ғана гуілдеп тұрған жанкүйерлер сілтідей тына қалды. Қол алысып, алғашқы ұпайларын алып үлгергенше зал төбесі айналып  ортаға түскендей болды. Өзаманға жақ тартатындар көп. Әлде, солай сезілді ме? Ал, Арсланов шаршауды білмейді екен. Қолы да темірдей. Әдіс жасайды- ау деп қауіптенбейді, тарпа бас салады. Қолын іліктірсе болды, екі аяғына ерік бермей дедектетіп әкетеді. Өзаманның мынадай қайратты балуанмен беттесіп тұрғаны осы. Күштеп жасамақшы болған әдістеріне бой бермей мысықша тырмысып жүрген. Демеу болар екінші қолы жоқ қолтоқпақтай жігітті дегеніне көндіре алмағанына күйінді ме, таулық жігіт қатты ызаланды. Бұған аш қасқырша бас салып, кілемнің ортасына қарай сүйреп бара жатқан. «Өзаман!» Күндей күркіреген дауыс тарс бітелген құлағын жарып жіберердей естілді. «Өзаман! Өлсең де іштен шал!» Арслановтың кезекті шабуылын тойтарып жатып айқай шыққан жаққа көз қиығын салып үлгерген. Кілемнің бір шетінде төбедей болып Жәкен отыр. Тізерлеп алыпты. Әкесі Исатайға бата берген Әйкен қарияға ұқсай ма қалай. Жанын шүберекке түйіп алғаны байқалады. Өңі әлемтапырықтанып кеткен.

Өзаман кілт тоқтап, сілкінді. Итеріп келе жатқан таулық жігіт «не ойладың?»  дегендей сұсты жүзін көтерген.  «Иә, аруақ! Итемген атамның аруағы қолдай гөр!», естірте айтты. Қысылғанда аузына алатын ата аруағы бойына ыстық қан құйғандай шымырлатып барады. Бір алапат күш бітті денесіне. Іштен

шалуға ыңғай бар еді. Арслановтың оң аяғы оңтайға келіп қалыпты. Сол жағымен алды да кілт айналды. Екпінінен айырылып, қанкөбелек ойнаған таулық жігіт күрес кілеміне жауырынмен оңбай жығылды.

«Арыстаным, арқарым менің!» Аюдай қорбаңдаған Жәкен ағасы әй-шәйға қарайтын түрі жоқ.  Төрешіге жеткізбей қағып әкетті. Иығына көтеріп алған. Арсланов орнынан жылап тұрды. Сол жолы Өзаман КСРО спорт шебері атанды. «Құдай ғой, Итемген атамның аруағын еске салған, дейді сол белдесуді есіне алып.  Сосын Жәкен ағам. Туған ағам ғой ол менің. Ел мені Балуан Шолақ десе, жұрт көзіне шығарған Тайтөлеу, Ғазым, Диқанбай және Жәкен ағаларым. Осы кісілерге қарыздармын мен.

Итемген ата туралы Тама тайпасында аңыз көп. Бірде Саржан Төре бұларға назаланып, ауылды шаптырмақ болады. Қарақұрым қолы бар, билігі күштіге аз ру не қайран қылсын. Дегенмен, бабадан мұраға найза алып қалған кіші жүзден емес пе. Қайып тауының Қызылжарында отырған шағын Тама қол жиып, ұрысқа әзірленді. Сол кезде Итемген ата:

«Қанай туғалы (кенже баласы) ел іргесіне жау тимеп еді, үйдің керегесін жау келер тұсқа жайындар» деп әмір береді де, өзі сол жерге келіп жатады. Қара адырдан екі жүйрік атпен қарауыл қаратып қояды. «Жау төбесі көрінгенде хабар беріңдер, мен «жау қашты» деп қос уыс топырақ шашамын, айқасқа содан соң кірісіңдер», дейді әз ата. Жау жетіп, бабадан әмір болған соң Арап, Түйтебай, Данаш, Бораш батырлар ақ найзаларын жарқыратып, тұс-тұстан ат қояды. Бұларды көрген соң жазаламақ болып деміне пісіп келе жатқаңдардың ойран-ботқасы шығып, кері қашқан екен. Сол ұрыста Саржан төре қолға түседі.

Есеңгіреп, есі кеткен төре: «Сендерге мұнша қол қайдан бітті, күн тұтылып, дала ақбоз атты, ақ найзалы батырларға толып кетті ғой» деген екен… Таманың шағын жасағын қарсы жаққа қалың қолдай елестеткен Итемген бабаның құдіреті дейді ел адамдары…

Оқу бітеді. Сырлас аға, туысқаны Жәкенмен қимай қоштасқан Өзаман мал дәрігері мамандығын алып ауылға қайтады. Бұл кезде Диқанбайдың айы  оңынан туып, дүрілдеп тұрған кезі еді. Баптаған алғашқы қырандары республикадан асып, кешегі Одақтың майлы қанжығасына қол сала бастаған. Ауданға шаруамен жиірек келетін Өзаман уақыт тауып Диқанбайға соғып тұрады. Биткөзовтің төңірегіне жиналған небір апайтөс жігіттер белдесе кеткенде сүйсінбейтін адам қалмайтын. Сөйтіп жүргенде Қарағанды да самбо күресінен үлкен жарыс болды. Құрдастары Өзаманды Өркендеуден шақырып алды. Самбодан кілемге шығып көрмеген Өзаманды бір жеті баптайды да, аудан сапында алып барады. Тағы да кедергі дәрігерлерден. Жарысқа жіберсеші. Диқанбай беделін салып жүріп, әупірімдеп рұқсат алды-ау.

Самбо күртесін алғаш киген Өзаманның белдесуі туралы спорт шебері Әбдеш Қалжанов былай дейді:

–Қарағандының атағы дүрілдеп тұрған, өздері КСРО құрамасының мүшесі екі балуан Өзаманның салмағында екен. Әп дегенде біреуімен шықты. Мұндай соқыр жеребені кім көрсін, «Апыр-ай, абырой бере көр» деп қылпылдасып қалдық. Өзаман өзін менсініңкіремей менменсіген алғашқысын көпбұйдаға салмай алып ұрды. Екіншісі де соның кебін құшты. Ұзаққа созбай сұлатты-ау.

Самбо күресінде есімі бейтаныс әлдекімнің КСРО құрамасының мүшелерін жусатып кеткені кейбір менмен жаттықтырушылардың, басшылардың көңліне келген болуы керек. Әлгілер ортаға түсіп жүріп, ақыры не керек, төрешілер «мүгедекке күреске түсуге болмайды» деп, Өзаманды жарыстан алып тастайды. Жаңаарқалықтар бармағын шайнап қала берген.

Жерлестері «аһ» ұрғанмен, ер көңілді жігіт үшін бұл үйреншікті жағдай еді.

Құрдас дегеннің әзілін қойсаңшы. Өркендеуден анда-санда келіп, «Жас сұңқарға» ат басын тірейтін Өзаман өз салмағындағыларды тымақша атып ұрып, мақтанып қайтып жүреді ауылына. Ауданда тағы бір жарыс өтетін болып Өзаман жетеді ентігіп. Әбдеш құрдасына сонда бір қызық ой келеді. Өзаманмен белдесіп, үнемі жығылып қалып жүрген бір татар жігіті бар екен. Соны шақырып алады.

–Өзамаңды жыққың келе ме?

–Әрине, бірақ қалай?

–Қалай-олайы жоқ. Амандасу рәсімінен соң шолақ қол жағындағы жеңінен айырылма. Буып, қолыңа байла, байқа, қолын шығаруға мүмкіндік берме, айтпесе құрисың. Зерек шәкірт ұстазының айтқанын қапысыз орындайды. Белдіктен іліп алып, зырқырата тартатын шолақ қолды ұясынан шығарсашы. Әдіс жасау қараң қалған, бар ынтызары сол жеңде. Сөйтіп спорт шеберлерін сан соқтырып жүрген есіл ерді ауыздықтайды.Құрдасының амалы екенін біліп, Өзаман сонда ашуланудың орнына қарқ-қарқ күліпті. Бірақ, құдай күрес кілемінде ұзақ жүруге жазбапты. Кешегі даңқты балуан, адуын әке жолын кес-кестейді. Кім баласына жамандық  ойлайды дейсіз. Шымкент қаласында республикалық жарыс өтетін болып, Диқанбай Өзаманға кісі салады. Алакөңіл болып жүрген Өзаман үй-ішін алдап кетеді. «Қарқаралыға білім жетілдіруге шақырып жатыр» деп. Соңда да дәл кетерде дәті шыдамай Нәсіпке: «Мен күресуге бара жатырмын. Әкей уайымдамасын, жеңіп келемін. Тек мен Жаңаарқадан ұзаған соң айтарсың» дейді.

Ұлының шұғыл жиналуынан сезімтал әке көңілі секем алады. Келінінен сұрайды. Атасын қалай алдасын. Бір топ балуан жігіттер улап-шула пойызға отырғалы жатқанда ашулы Исекең де жетеді. «Әй, Ғазым, Диқанбай, - дейді Исекең қатқыл дауыспен. – Сеңдердің дене мүшелерің, құдайға шүкір, түгел. Ал мынаның жалғыз қолы жазатайым сынып қалса, шиеттей бала-шағасын, әйелін кім асырайды. Бермеймін батамды!» Жігіттерде үн жоқ. Әке баласын алдына салып алып қайтады. Кейін Исекең K.Маркс атындағы совхозға қоныс аударады. Өзаман ағасы Қосармен бірігіп, білегіне қайың құрықты іліп, жылқыға шығады. Енді Өзманның ат үстіңдегі өнері бір сөзді он сөз етіп іліп әкететін ауылға дүңк-дүңк жетіп жатты. Әсіресе, жылқыға шапқан қасқырды оқ шығармай-ақ, қызықтап қуып, сойылмен соғып алатыны туралы аңызға бергісіз әңгімелер қызық-ақ. Небір асауға бұғалық тастап, бастыққанша таскенеше жабысып алатыны туралы әңгіме де көптің аузынан түспеді. –Осылай, бауырым, ағаңның халі. Өзекең хоштасарда осы сөзді тағы айтқан. Ешкімнен кем болған жоқпын. Тұрмыстан таршылық көрдім десем, Нәсіп өзі айтсын. Дүние де, мал да жетеді бір басымызға. Адал еңбегім, балаларым жаман болған жоқ. Міне, келін түсіріп, немере сүйдім. Ата болдым. Манарбек деген балам 8-класта оқиды. Өлең шығарып, домбыра тартады. Қаныбегім зергер, өрімші. Жанат деген қызым Қарағанды мемлекеттік университетінде оқиды. Алматыдағы студенттер айтысында (ҚазМУ-мен) бірінші орын алғанын естіп, қуанып жатырмыз. Инабатым  әнші. Тек, балуан пықпады. Өзіміз бұлардың жасында өгізді мүйізінен бұрап, тұқыртып тастаушы едік, бұл шіркіндер бұзаудың басына ие бола алмайды. Әй, шіркін-ай… Көп ішінде елеусіз ғана күн кетіп жатқан жерлесім туралы айтар ой, жазар сөз көп-ақ. Қайсыбірінің түбіне жетесің. Атбегілігін айтпағанда, сыңар қолмен екі аяқты мотоциклді аңырататынын қайда қоярсың. Ақыры сөз саптағаннан кейін, көпшілік, яғни, ауылдастарым білмейтін бір оқиғаны да айта кетейін. Жаңаарқада Талғат Байшолақовтармен бірге жарыстарға барып жүріп, Диқанбайдай ардагер аға мектебін көрген мен астанаға келген соң ересектер арасында самбодан бірінші дәреже де алдым. Каникулға ауылға барғам. Көңілдің көк дөненнен жүйрік кезі. Бір досымыз екеуміз судай тасып келе жатқанбыз. Өзекең қарсы жолықты: - Әй, Байкеннің баласы, тоқтай қал. Осы сені жақсы күреседі дейді ғой жұрт. Менімен күресемісің? - Жарайды, күресемін, - дедім атақты балуанмен күш сынасқан келіп.Кеттік. Жігіттер «шапшаңсың» деп мақтаушы еді. Қайдан. Сыңар қол белдігіме ілініп қалыпты. Аяғыма өтіп кеткен Өзекең диірмен әдісімен аспандата көтеріп бара жатыр. Өзеке, тоқтаңыз, сіз жеңдіңіз, - дедім сасып. Ә, бәсе. - Ол рахаттана күлді. Шолақ қолы қандай әлуетті еді. Қайыстыра тартқанда белім кілт еткендей болған. Мойындадым. Мойындаттырды. Батасын берді. Тосыннан күреске шақырғанына өзі де қырылып жатыр. Қаны қызып, жастық шағы есіне түсті ме екен. Өсер елдің баласы бірін-бірі батыр дейді. Өзекең сияқты тумысы бөлек жандарға қазақ топырағы кенде емес, құрметтей білсек, қанеки.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?