Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

«Ғұндарды жеңген Қытай емес...»

3480
«Ғұндарды жеңген Қытай емес...» - e-history.kz

Ғұн империясының тарихы жөніндегі әуесқой тарихшы Ерзат Меллатпен болған сұхбатымызды одан әрі жалғастырамыз. Бүгінгі бөлімде ғұндар мен Хань елі арасындағы қарым-қатынастар, ірі соғыстар және ғұндардың әлсірей бастаған кезеңі сөз болады. Бұнда да қытайдың тарихи жазбаларын негізге ала отырып, спикеріміз өз түсініктемесін береді. Ерзаттың айтуынша, ғұндарды жеңген Қытай емес, Ғұн елінің ішкі мәселелері және үлкен қателіктері дейді.

– Ғұндардың ең күшейген тұсы – Қытайды бағындырған кезі. Осы кезеңде Қытайды ұзақ жылдар бойы боданда ұстағаны туралы деректер бар. Осының егжей-тегжейі туралы Қытай деректері не дейді?

– Біздің заманымыздан бұрынғы 200 жылы Қытайдың Хань империясы мен ғұндар арасында тарихи сипат алған шешуші соғыс басталды. Бұған дейін Цинь империясы ыдырап таққа отырғанына  жеті жыл болған Лю Бань 320 мың жасақпен Ғұндарға қарсы аттанады.  Бұл соғыс туралы Қытай тарихшысы Сы Ма Цян былай дейді:

«Бұл Хән әулеті Кіндік қағанатты енді ғана тыншытқан Хән бегi Xəн Шин Дәй бектігіне жіберіліп, Ма-и қаласын астана етіп тұрған кез еді. Қалың қолмен шабуыл жасаған ғұндар Ма-и қаласын қоршап алды да, Xəн бегi Xəн Шин оларға берілді. Ғұндар Хән Шинді өздеріне қаратқаннан кейін, оңтүстікке шеру тартып, Гужу тауынан асты да, Тайюанды алып, Жиняңға қауіп төндірді. Fүндарға қарсы қол бастап Xəн Гаудидың өзі шықты...», – делінеді.

Бұл бар өмірін ғұндармен соғысуға арнаған Хан Уди сынды қаһарлы патшаның кезінде, яғни, аталған соғыстан тура 80 жыл кейін хатқа түскен. Осыған байланысты Сы Ма Цян Хан Уди патшаның кәріне ұшырап, еркектік мүшесі алынып тасталған болатын. Бұндай жағдайда орда тарихшысы патшаның ата-бабалары бастан кешірген қорлық тарихты мүмкіндігінше жасыруға тырысқаны байқалады. Жеңіліс анық жазылған, бірақ Ғұн жасағының саны 400 мың, Хань армиясы 320 мың, яғни санының аздығынан, табиғаттың қолайсыздығынан деп жал тапқан. Бірақ кейінгі тұтас Ғұн-Хань соғыстарында Ғұндар ең көп болғанда 140 мың ғана қосынмен соғысқа шыққаны тағы айтылады.  1211-1216 жылдары терістік Қытайды талқан еткен Шыңғысхан да небары 100 мың жасақпен Жинь-нің 400 мың жасағын қойша қырып тастаған болатын. Сонда Шыңғысханмен деңгейлес қаған оншалықты көп әскер шығара алуы қиын. Сахарадағы көшпенділердің саны да көбінде миллион адамнан көп аса бермеген. Демек, Ғұн әскері  асса 200 мың, әйтпесе 100 мың адам болған деуге болады. Ал Хань әскерінің саны 320 мың, ендеше соғыс қалай болды, Сы Ма Цян тек Хань армиясы қуалай берді, соңы қоршауға түсіп бір апта қамалды, соңынан қоршаудан шықты дей салған. Ал шын мәнісінде сұмдық қанды-қасап қырғын болғаны анық, Хань армиясы қоршауда "қойша қырылған", Хань Уди патша Ғұн тәңірқұтына тізе бүккен. Екі жақ келісімдер жасау арқылы Хань елі Ғұндарға жылына жүз мыңдаған тонна астық, жібек, кездеме, алтын-күміс төлеп тұратын сырттай бағынышты бодан елге айналған. Хань әулеті ең әдемі қыздарын Ғұн тәңірқұттарына әйелдікке беріп отыратын болған.  Соның өзінде жыл сайын Ғұн жасақтары Хань елінің шекара қалаларын үздіксіз тонап отырған, оған Хань патшалығы қарсы тұра алмаған.

«Содан кейін Хән Шин ғұн жасағына шерубасы болды да, арадағы бiтім шартқа опа қылмай қол астындағы Жау Ли, Уан Хуандармен бірге Дәйжүн, Янмын, Юнжүн аймақтарына талай мәрте басып кірді. Көп ұзамай Чын Ши сарайға опасыздық жасады да, Хән Шинмен тіл біріктіріп Дәйжүнге шабуыл жасады. Хән әулеті оларға қарсы Фән Куайды жіберіп, Дайжүн, Янмын, Юнжүн аймақтарының көп аудандарын қайтарып алды. Бірақ қорғаннан ұзап шықпады. Бұл кезде Хән әулетінін сардар сарбаздарының біразы ғұндарға беріліп, тізе бүгушілер көбейгендіктен Бақтұқ Дәй жүн аймағына ауық-ауык шапқыншылық жасап талан-таражлық істей берді. Бұдан қатты абыржыған Гауди патша Лю Жынды мәмілеге жіберу арқылы сарай канизәгінің бірін "хаша" деген атпен тәңiрқұтқа әтшелікке берді. Ғұндарға жыл сайын белгілі мөлшерде торғын-торқа, арақ-шарап, күріш және т.б. азық-түлік жіберіп тұрды. Арада андалык шарт жасалып, жегжаттық байланыс орнады. Бақтұқ содан былай шапқыншылығын аз да болса саябырлатты. Кейінірек Ян бeгi Лу Уән сатқындық жасап, 10 мыңға таяу аламанымен ғұндар жаққа кетті де, Хән Гауди тусында Шаңгудың шығыс алабына әрайым зобалаң салып тұрды.»

Ғұндарға әйел болған Жүй Хуаң Юе атты әйел Ғұнға келген ханьдіктерге: «Ей, топырақ үйде қамалып отыратындар, Ғұнның халық саны сендердің бір аймақтарыңа да жетпейді, бірақ соған қарамай айырықша қуатты болатын себебі – тұрмыс тәсілі ұқсамайды, олар ет жеп, қымыз ішеді,  сендерде қара халық қысы-жазы қара еңбек, егін егу, құрылыс салу мен титықтайды да соғыс бола қалса соғысқа жарамайды. Ал ғұндарда ерлікті дәріптейді, жастайынан аң қуып, садақ атады, күресіп күш сынасады, сендер қалай ғана шақ келмексіңдер? Жібек киіп, шіренгенді қойыңдар! Жыл сайын әкелетін астықтарың мен алтын-күміс, жібек, кездеме, фарфорларың саны толық әрі толымды болсын, өйтпегенде күзде егіндеріңді жасақтарымыз атпен таптап кетеді!», – деген.  Бұл дерек ғұндардың негізгі кәсібі мал бағу емес, қайта әскери тұрмыс екенін көрсетеді. Сонымен бірге, Хань елі ғұндарға жыл сайын алман-салық төлейтін басыбайлы бодан ел екенін көрсетеді. Айта кетерлігі, Ғұнның көреген Модон тәңірқұтының бұл соғысы тек шешуші соғыс, оның алдында да талай шекара қалаларды тонау соғысын жүргізгені анық. Ол шамасы келе тұра Қытайды түпкілікті басып алмай, қайта сырттай бағындыруды тиімді деп білген. Өйткені, Қытайлар сан жағынан ғұндардан 40-50 есе көп, оларды басып алса ғұндар оларға сіңіп жоғалатынын білген.

– Осы жерде қытай ханшайымның ханьдықтарға жазған хаты туралы бір ой келіп отыр. Бұл жерде Хань елінің кемшілігін айтумен қатар ғұндардың ішкі жағдайынан да мәлімет беріп отырған секілді.

– Иә, солай қарауға да болады. Негізінде жүз жыл бойы ғұндарға ұзатып отырған ханшалардың бәрінде дерлік миссия болған. Ол миссияны толықтай орындай алғандары да, алмағандары да бар. Оның біраз көрінісі екі ел арасындағы соғыстардан да көрінеді. Көшпенді әскери мемлекет ғұндар мен Қытайдың Хань империясы арасында соғыстар неше жүз жыл бойы толастамады. Осы соғыстардың басында ғұндар басым келіп 80 жыл бойы Хань елін бодандыққа ұстап, өздеріне салық төлетті. Кейін Уди патша Ғұндарға қарсы көтеріліп, олармен тіресті, екі жақ бір-бірін ала алмай көп қырқысты. Ғұн елінің ақсүйектері таққа таласып қырқысып, өз ішінен бүлінді, оған қоса қол астындағы бағынышты көшпенділер бас көтерді, соның ішінде Ахуандар, Усұндар мен Сәнбейлер қосылып Ғұн қағанатын ыдыратты. Ғұндардың жартысы Алтайдан батысқа көшіп V ғасырда Еуропадан бірақ шығады да тағы бір Ғұн империясын құрады. Қытай деректерінде көптеген соғыстарға қатысты мағлұматтар сақталған. Соның ішінде 14 шайқас ең әйгілі болған.

– Шамасы осы 14 шайқас ғұндардың тағдырын шешкен деуге болады ғой?

– Бұл 14 шайқас туралы бұлай бір ғана сөзбен сипаттама беруге келмейді. Ғұн-қытай соғыстары жоғарыда айтқанымдай көбінде ғұндардың басымдығымен өтсе де, ішкі берекенің бұзылуы ғұндардың тағдырын шешті деуге болады.

Бұл соғыстар туралы Бан Гудің «Хан Шу», Фан Вэйдің «Кейінгі Хан Шу», Сы Ма Цяньнің «Тарихи жазбалар»  атты кітаптарында дерлік бірдей жазылған. Ол шайқастар туралы төмендегідей баяндалады.

Ма-идағы аңдысу

Эрамыздан бұрынғы 133 жылы Хань Уди патша мемлекет қуатының ғұндармен алысуға жетерлік болғанын шамалап, ұлықтарының басын қосып ұлы жиын өткізеді, өзінің іргедегі жауы ғұндармен соғысуға бекігенін ашық айтады. Сол сәтте көптеген уәзірлер қорыққанынан дірілдеп кеткен деседі, көбі бұрынғыдай құдандалы болып тиісті салығын тапсырып тұрсақ болды деген ойда болады. Ақылдаса келе ғұндарды тәңірқұтымен шырғалап кіргізіп көздерін жоймақ болады, жансыздарын жіберіп Ғұнның Гүнзен тәңірқұтына Ханьның шекарасы босап қалғанын, барып шабудың орайы туғанын айтады. Мұны құп көрген Гүнзен 140 мың жасақпен оңтүстікке тартады, оларды аңдып Ма И қаласында 300 мың Хань жасағы орналастырылады. Ма И-ға келгесін жолда төңіректегі жым-жырт тыныштық Гүнзенді секем алдырады,  Ханьның бір жансызын қолға түсіріп, онан бар жағдайды аңғарады да, қосынын бастап шегініп кетеді, Хань қосыны да оларды өкшелеп қууға батпайды.

Хы Нан соғысы

Хы Нан соғысы туралы: «129 жылы Гүң Сүн Жиян деген қолбасшы Иүн Жұңда барлауда жүріп ғұндарға кездесіп қалады. Гүң Сүн Ау атты қолбасы Дәй Жүнде ғұндармен соғысып жеңіліп, 7000-нан аса адамынан айырылады. Ли Гуан атты әскербасы Ежиза тәңірқұттың үш қосынына тап болады, Ли Гуанның тұтас қосыны жойылып, өзі тірідей тұтқын болады. Бірақ жолда күзетшілердің сылбырлығы себепті қашып құтылады» дейді ескі жазбада.

Осы шайқастада ғұндар жеңіске жетеді, бірақ көлемі шағын соғыс деуге болады. Хань қолбасшысы Уй чиң тек 700 ғұн әскерін шығынға ұшыратыпты. Осы жылы қыста бірнеше мың Ғұн әскері тағы да Хань шекарасына басып кіріп тонаушылық істеді. Әсіресе Юй яң аймағы қатты шығынға ұшырады.

Ян Мін шайқасы

Ян Мін шайқасы жөнінде: «128 жылы Ғұнның 20 000 атты жасағы Лияуши аймағын шауып, Ян Жүн, Үй Гуан, Ян Мін аудандарын шауып, 2000-нан аса адамды айдап кетті. И Гуанның тұтығының мыңдаған әскерін жеңіп, Ангоға шабуылдады, Хань қосындары түгелі дерліктей қырылды. Көмекші қосын дер кезінде келгендіктен Ю Уаң  аман қалды. Сонымен бір уақытта Ғұн әскері Ян Мінге шабуылдап, шаһарды алып, неше мың адамды қырды. Уди патша Уй Чиңды 30 000 әскермен Ян Мінға аттандырды, Ли Ши Дәй Жүннен көмекке аттанды, екі қол бірігіп ғұндармен соғысты, Уй Чиң бірнеше мың ғұнды шығындады, ғұндар шегініп кетті» делінген. Бұл соғыста негізінен Ғұндар жеңіске жеткенін көруге болады.

Осы соғыстан кейін ғұндар тағы Ян Мін аймағын шапты.

Екінші Хы Нан соғысы

Екінші реткі Хы Нан соғысы туралы: «127 жылы  Ғұн әскері тағы да Шаң Гу, Үй Гуаңға шабуылдап бұқарадан неше мың адамды қырды, У Ди патша бар күшпен Хы Нанды қалпына келтіріп, Ғұндардың қатерін жоймақ болды, Ордосқа қарай ел көшіріп, тың игеріп, егін ектіруге бұйрық берді. Астана Чаң Анға тұтасатын жолдар жасатты... Уй Чиң сардар Ли Шиді 40 000 әскермен Иүн Жұңнан аттандырды, олар Сарыөзенмен батысқа тартты. Ши Түңдағы Ғұн бекінісін алып Ордостағы Ғұнның Аққой ханы мен басқаларының байланысын үзіп тастады.  Аққой ханы жағдайдың мәз еместігін байқап, әскерімен солтүстікке шегініп кетті, Хань қосыны олардың неше мың адамын жойды, осы орайда осы жерге 3800 отбасы көшірілді» дейді.

Бұл шайқас нәтижесінде ғұндардың Ордостағы қысқы қыстауы Хань елінің меншігіне өтеді. Бұдан 100 жылдай бұрын Мың Тиян атты Қытай қолбасшысы 300 мың қосынмен осы жерді тартып алған екен, кейін ғұндар күшейгенде бұл жерді қайтарып алған болатын. Бұл ғұндар үшін адам саны жөнінен алғанда мардымсыз жеңіліс саналғанымен, қасиетті құйқалы қонысынан айырылған үлкен жеңіліс деуге болады.

Шо Фаң соғысы

Шо Фаң соғысы туралы: «127 жылы Гүнзен тәңірқұт өлді, Ежиза тақтың заңды мұрагерді  Гүнзеннің ұлы  Юе Сеннен  хандық орынды тартып алды, Юе Сен  сарайға (Хань еліне) келіп тізе бүкті, оған Ма Бу Ән бегі деген шен берілді, бірақ бірнеше айдан кейін ауырып өлді.  126 жылы жазда Ежиза тәңірқұт Дәй Жүнді шауып неше мың адамды, күзде тағы Ян Мінді шауып мыңдаған адамды өлтірді. 126 жылы 30 000 қосын Дәй Жүн, Диң Раң, Шаң Жүннен аттанды. Ғұнның оң қанат ханы Шо Фаңда қорғаныс жасады (соғыс пен соғыс нәтижесі айтылмаған). 124 жылы Уй Чиң 30 000 қолмен Ғұндардың сол қанатына аттанды, Уй Чиң оң қанат ханның дайындықсыз жатқанын естіп, Шо Фаңнан жасырын өтіп У Юанға тартты,  6-7 шақырым жүріп  оң қанат ханға тұтқиыл шабуыл жасады.  Ол кезде оң қанат хан шарап ішіп, сұлу сылқымдармен қызықтап жатқан екен, олардан жиыны 15 000 адам және көптеген мал қолға түсті. Хан Уди естігенде төбесі көкке жеткендей қуанып, Уй Чиңді ең жоғары қолбасшыға көтеріп, оған тағы да 8700 отбасы сыйға тартты» делінген.

Көріп отырғанымыздай осы шайқаста Хань императоры төбесі көкке жеткендей қуанған, ғұндармен арадағы соғыстағы ең үлкен жеңіс, оның алдындағы  Ордосты былай қойғанда оң қанат хан бастаған ақсүйектермен қоса 15 000 адамды қолға түсірді. Ал ғұндар жағынан қарағанда оларда 100 жылға жуық уақыттағы империяның гүлденуі мен күшеюіне байланысты, оған қоса 60 миллион Хань елінен келетін есепсіз алман арқылы жеткен ырғын тұрмыс оларды қатты босаңсытып жібергенін көруге болады. Бұл шын мәнісінде Ғұн империясының құлдырауының басталуы еді. Демек көшпенді әскерилер үшін соғыс болмаса, көп жыл бейбітшілік болса онда олар үшін тиімсіз, оларды әлсірететінін көруге болады. Ғұн мен Хань елінің арасындағы бейбітшілік шарты көп жыл тыныштық Ғұндар үшін тиімсіз болып шықты. Ханның мол байлығымен өткізген ырғын тұрмыс кесірге айналды,  ара-тұра болатын шапқын оның есесін толтыра алмады.

Шөлдің оңтүстігіндегі соғыс

Бұл соғыс жөнінде: «123 жылы У Ди патша тағыда Уй Чиңге жарлық беріп, 100 неше мың атты әскермен аттандырды. Гүң Сүн Жиян оң қанатқа, Гүң Сін Ау сол қанатқа сардар болды... Алты бағыттан аттанды, көктем мен жазда екі ретте алты сардар 100 мыңнан аса қолмен Диң Раңнан аттанды, шөлдің оңтүстігіндегі тәңірқұттың базасын талқандап, 19 000-нан аса адамын жойды, өздерінен 3000-нан аса әскер мерт болды. Оң санғұн Сүн Жиян соқа басын әрең алып шықты, Ши бегі Жау Шымін де соғыста жеңіліп Ғұнға бағынды. Маңдай санғұн Жау Шин тәңірқұт жасағымен бетпе-бет келіп қалып бар жасағы қырылды.» деген дерек береді.

Хань елінің ғұндарға жасаған осы реткі жорығында Уй Чиң, Хо Шүйбиң бастаған топты есепке алмағанда басқа бағыттағы қосындары түгелдей жеңіліске ұшыраған. Бірақ қанша әскердің қырылғаны туралы мәлімет айтылмаған.

«Көптеген соғыстар болсада ғұндардың күші әлсіреген жоқ, әлі де айбатты еді, Дәй Ди, Ян Мін, Шаң Жүнге лаң салып тұрды. 124 жылы күзде ғұндар Дәй жүнге шабуылдады, аймақтың бас жасауылын өлтірді. 125 жылдың көктемінде тай санғұн Уй Чиңге жарлық беріп, ғұндарға алты санғұн 100 000 әскермен Диң Чиаңнан шабуылға өтті. Олар шекарадан 100 шақырым ұзап шығып ғұндардың 19 мыңнан аса адамын тұтқындады және өлтірді. Ал Шо Фаң сияқты шайқастарды жинақтай айтқанда Хань армиясы 100 000-нан аса адамнан айырылған еді, осы соғыста екі Хань сардары өлді, Хо Шүйбиң айрықша көзге түсіп 800 таңдаулы жасағымен жаудың екі мың адамын жойды, 2028 адамды (уәзір, ұлықтардан) тұтқындап еңбегі жағынан бірінші болып аға сардар шені берілді».

Бұл соғысқа Ғұннан қанша адам қатысқаны айтылмаған, десе де Хань жағынан бірнеше жылда 100 мыңнан аса жасақ шығын болғаны анық жазылған, бұдан ғұндардың әскери жақтан әлі де басым екенін, жауынгерлігі бұрынғыдай болмаса да Хань жасағынан мықты екенін көруге болады.

Хы Ши (өзеннің батысы) шайқасы

«121 жылы көктем мен жазда У Ди патша Хо Шүйбиңді 10 000 атты жасақпен Хы Шиге (қазіргі Гансу провинциясы) аттандырды. Алты күн ішінде сол аңғардағы алты елді алып, 1000 шақырым аумақтағы Ғұндардың оң қанатына қатты тиісті, 9000-нан аса Ғұнды өлтіріп, олардың  көкке тасаттық беретін алтын адамын ұстап алды. Жаздағы соғыс нәтижесі тіпті көрнекті болып Гүң Сүн Ау Хо Шүйбиңмен байланыссыз жағдайда Чүлен тауға барып 30 000 ғұнды қырып, оларды қатты есеңгіретіп тастады. Ал тағы бір сардар Ли Гуаң бастаған 4000-нан аса әскер Ғұнның сол білге ханына шабуыл жасап дені қырылды. Оған көмекке барған қосын да көбі қырылып қалды.» дейді Хы Ши шайқасы туралы.

Бұл шайқас негізі Ғұн елінің бейбіт бұқара, ауылдағы бала-шаға, кәрі-құртаңдары мен әйелдерін қырғындаған соғысқа ұқсайды, бұдан Ғұнның әскери сақтығының әлсірегенін көруге болады, осы соғыстан кейін ғұндар Шүлен таудан айырылады. Кейінгі айтылымдарда: «Шүлен тауға жорта келген Ғұн жасағының көзіне жас алмайтыны болмайды екен», – делінеді, ғұн жырында: «Янжі таудан айырылып, әйелім ажар таппады. Чүлен таудан айырылып, төрт түлік тыныш жатпады» деп айтылады, бұдан атақонысынан айырылған елдің мұң-зарын көруге болады. Жалпы жақтан алғанда ғұндар батыс бағыттағы соғыста жеңілгенімен шығыс бағытта жеңіске жетті. Келесі жылы ғұндардың неше түмен атты жасағы Ю Бейпиң, Диң Шияң аймақтарын шауып мыңнан аса адамды өлтірді және айдап кетеді.

Дешті құмның терістігіндегі шайқас

Бұл Хан патшалығы тарихындағы көлемі ең зор, әкелген шығыны мен қасыреті де ең үлкен соғыс болды. Соғыс 119 жылы болып, оған Уй Чиң мен Хо Шүйбиңдер қолбасшылық еткен, 100 мың атты жасақ пен неше жүз мың жаяу әскер қатысқан. Ғұн жағынан Ежиза тәңірқұт пен оның түменнен артық қолы, оң қанат хан, сол қанат хан бастаған қосындары майдандасқан. «Хо Шүйбиң Диң Раңнан 50 000 қолмен шығып ғұндардан хабар алады, бірақ хабары жалған болып шығады, осымен бір уақытта Уй Чиң Диң Раңнан 50 000 қолмен аттанады. Уй Чиң шөлден өтіп 1000 шақырым кіріп тәңірқұттың тайпасымен соғысады, сол күні күн қарауытып боран үдей соғады. Соған қарамай Уй Чиң тәңірқұтты екі бүйірден қыса соққылайды, тәңірқұт Хань әскерінің өздерінен сан есе көптігін байқап қоршауды бұзып солтүстікке қашады, Ханғай тауына дейін Уй Чиң Ғұнның 19 мың адамын өлтірді немесе тұтқынға алды, өз шығыны да одан аз болған жоқ, оның көмекші сардары жолдан адасып кетіп онымен қайта табыса алмайды. Хо Шүйбиң әскері ілгерінді-кейінді болып 70 443 ғұнды өлтірді немесе тұтқынға алды, ол Байқал көлі маңынан ат басын кері бұрады» делінеді «Хан Шу» кітабында.  Бұл соғысқа 100 мың атты әскерден тыс 140 мың қосар ат бірге жорыққа алып шыққан, Уй Чиң 19 мың ғұнды өлтіргенімен өзі де соған барабар адамнан айырылған, ал Хо Шүйбиң 15000-нан аса адамынан айырылды дейді, бұнысынан күмән туындайды. «Хан Шуда» сан түмен Хань жасағы өліп, 110 000 аттан айырылды дейді, ал жиыны 240 мың ат, Ғұнмен соғысқандар атты әскерлер, жаяу неше жүз мың адам оларға жете де алмайтыны анық, ал қайтқанда тек 30 мың атты жасақ келіп әскердің көбі жаяу қайтыпты, бұған қарағанда 100 мың атты әскердің 70 000 Ғұнмен соғыста өліп, тек 30 мыңы келген, ал келгеннің көбі жаяулар дегені соғысқа қатыспай қайта оралған жаяу әскерлер болса керек! Ал жаяу әскерден қырылғандар бұдан да көп болуы мүмкін. Сол жылы Ғұндар арасына оба ауруы тараған екен, бұл да оларды әлсіретеді, ал 19 мың мен 70 443 ғұнның ішінде жай бұқаралардың көп болуы мүмкін, өйіткені Хань әскерлері өте көп, оның үстіне неше мың шақырым ішкерілеп кірген, ата жауларының жай бұқарасына да қарамай қыруына таңғалуға болмайды. Осы зор соғыста ғұндар Ордос пен Чүлен таудан түбегейлі айырылады, 90 мыңнан аса адамнан айырылады, оларға бағынышты Қияндар мен Ахуандар олардан бет бұрады. Ал Хань елі осы соғысқа ерапайсыз қаражат жұмсап, қазынасы сарқылуға шақ қалады, сансыз таңдаулы әскерінен айырылады, халықтың алман-салығы ауырлап, миллиондаған егіншілер босып кетеді. Осыдан кейін екі жақ тура жеті жыл бейбіт тұрады. Бұдан екі жақтың шамалас түскенін байқауға болады.

– Шамасы бұл соғыс екі жақты да титықтатып, енді ғұндарға бағынышты нашар елдердің тыныстауына себеп болғанға ұқсайды ғой.

– Иә, кейін осы шағын елдердің ішінде де Хань еліне жақтасушылар шығады. Ол туралы әңгімеге өз кезегімен барайық. Осыдан кейін бірнеше жыл өткен соң Ежиза тәңірқұт қайтыс болып оның орынына Ағе тәңірқұт болды. Бұл эрамыздан бұрынғы 114 жыл еді. Арада 3 жыл өткен соң Хань елі Гүң Сінхыны сардар етіп 15000 әскермен аттандырды, олар 2000 шақырым жол басса да бірде-бір ғұн жолықпайды. Хань патшасы шегараға 180 мың жасақ топтап ғұндарға сес көрсетеді. Ағе тәңірқұт бірнеше жыл әскерін жаттықтырады.

112 жылы Ғұндар Уй Юанға шабуыл жасайды. Бұл әлі де Хань еліне қатер саналады, Хань елі 111 жылы 180 мың әскермен шекарада ғұндарға қарсы айбар көрсетеді, бірақ соғыс болмайды. Хан Уди күнәдан арылу жарлығын шығарып алман-салықты азайтады, ғұндарға 10 000 күбі арақ, 5000 дадан астық, 100 мың топ жібек пен торғын жібереді.

Ендігі жерде екі ел аңдысуға өтеді, ғұндар ханьдықтарға қайта құда болып, жылына астық, торғын, жібек беруді талап етеді. Осы зор шайқастың алды-артында Хань елі ғұндарды оқшау қалдыру үшін Ғұнның батысындағы елдерге елші жібереді, нүкістер одақтас болудан бас тартады, ал усүндер алғашында ғұндардан жасқанып екі елмен де байланысын үзгісі келмейді. Ежелгі нүкістің мекені Чүлентаудан айырылған соң оңтүстіктегі қияндармен арадағы байланыс үзіледі.

Ағе тәңірқұт 10 жыл үкім жүргізіп дүниеден көшті, оның орнына баласы Әсело тәңірқұт болды, ол жастай билік ұстағандықтан «Бала тәңірқұт» деп аталды. Оның тұсында ғұндар батысқа қарай ірге жайіп териториясын кеңіте бастайды. Эрамыздан бұрынғы 99 жылы Хань сардары Ли Гуаңли 30 мыңнан аса әскермен ғұндарға жорыққа аттанып, жолда ғұнның оң білге ханының жасағынан 10 мың адамды шығындатты. Бірақ өзі ғұндардың қоршауында қалып әскерінің 7/10 сі қырылды. Ли Лиң атты Хань сардары 5000 ғана Хань жасағымен Ғұн териториясына 10 мың шақырым кіріп, ең соңында қоршауда қалып, біткен әскері қырылып өзі тізе бүкті.

Үй Жи таудағы соғыс

«Эрамыздан бұрынғы104 жылы Хань елі нейсін санғұн Ли Гуаңлиді Дадуанға (Ферғана) жорыққа аттандырды. Ғұнның сол қанат тұтығы Ханьға бағынды, У Ди патша Жау Понуға  20 000 жасақ беріп  Шо Фаңнан солтүстікке аттандырды, ол Тойын өзеніне дейін келді. Ол шегініп келе жатып жолда Ғұндардың 80 мың қолының қат-қабат қоршауында қалып тұтас қосын жойылды» делінеді Үй Жи тауындағы соғыс туралы.

Бұл Ғұндар жеңіске жеткен соғыс саналады.

Жю Чуан шайқасы

Эрамыздан бұрынғы 97 жылы Хань У Ди өледі, ол ғұндарды талқандау мұратына жете алмады. «Эрамыздан бұрынғы 99 жылы мамырда аға сардар  Ли Гуаң Ли 30 мың әскермен Жю Чуаннан шығып,  Ғұнның оң қанат ханын Тәңіртауға дейін қуалады, қайтар жолында ғұндардың қоршауында қалып қатты шығындалып, тек оннан үші ғана аман оралды». Жоғарыдағы шайқастарда ғұндар Хань жасағын шырғалап өз жеріне кіргізеді, олар ғұндарды таба алмай сандалады, әбден титықтап амалсыз шегінген сәтте оларға тап береді. Бұл тегіннен келе жатқан далалық ұрыс тәсілдерінің бірі еді.

Хань елі осы тұстан бастап Шығыс түркістанға таласа бастады, ғұндар үшін Шығыс түркістанның егінші аймақтары астық және кездеменің қайнары еді, эрамыздан бұрынғы 121 жылдары Хань елі салық беруді тоқтатқаннан бері осы аймақтар арқылы қажетті бұйымдарды алып тұрған болатын. Сол жылы қыста тәңірқұт ауырып өлді.

Әсело тәңірқұт 3 жыл тәңірқұт болып қаза тапты, оның ұлы тым жас болғандықтан кіші әкесі оң білге хан Кұлеке тәңірқұт болды. Бұл эрамыздан бұрынғы 102 жыл еді. Сол жылы күзде ғұндар Юн жың, Диң шияң, Юан, Шофаң аймақтарына сұрапыл шабуыл жасап неше мың адамды өлтірді.

Тула өзені соғысы

«Эрамыздан бұрынғы 97 жылы Ли Гуаң Ли 60 мың атты әскер, 70 мың жаяу әскермен Шо Фаңнан Ғұндарға аттанды, Гүң Сүн Ау 10 мың атты әскер, 30 мың жаяу әскер,  генерал Хан Сай 30 мың жаяу әскермен Ян Міннан аттанады. Ғұн тәңірқұты Тула өзені бойында өзі 100 мың әскермен қарсы алады, Ли Гуаң Ли неше күн соғысса да жеңе алмай кері қайтады, басқа бағыттағылар да еңбек көрсете алмады, сол білге ханмен шайқасқан Гүң Сінау жеңіліп кері шегінді.»

Бұл соғыста ғұндар Модон, Лаушан, Гүнзен тәңірқұттан кейінгі ең зор көлемді жасақ шығарып, өзінен көп әскерді жеңіп кері шегіндірген, әрине жеңілгенін барынша жасыратын Қытай тарихшылары мұны терістей алмағанына қарағанда бұдан да зор жеңіліске ұшыраған болуы әбден мүмкін. Келесі жылы Сатеғо тәңірқұт қайтыс болды, ол бес жыл билік ұстаған еді, оның орынына Ғалүкга тәңірқұт болды.

Сатеғо тәңірқұттың екі ұлы бар еді, бірі сол білге хан, енді бірі сол аға сардар еді. Сатеғо тәңірқұт өлерден бұрын сол білге хан тәңірқұт болсын деп өсиет айытқан еді. Сол білге хан ол кезде үлгеріп келе алмағандықтан, өзге ұлықтар оны науқас болса керек деп ойлап, сол аға сардарды тәңірқұт көтерді. Бұны естіген сол білге хан ордаға келуден қорықты. Сол қанат сардар сол білге ханды ата тағына отырғызбақ болып ордаға шақырып кісі шаптырды. Сол білге хан «науқаспын» деп бас тартса да, сол қанат сардар: «Егер де науқас болып ажалыңыз жетіп қайтыс болсаңыз, барып таққа отырсам да кеш емес» деп тұрып алған соң ғана сол білге хан мақұл болды. Ғалүкга тәңірқұт болған соң сол қанат сардарды сол білге хан етіп көтереді. Бірақ бірнеше жылдан соң сол білге хан өлді, оның орынына баласы Сенғандан сол білге хан болуға жарамағындықтан, тәңірқұт өз ұлын сол білге хан етті де оны нетүк хан етіп тағайындады.

Ханғай тауындағы соғыс

Ғалүкга тәңірқұт болған соң 6 жылдан кейін (эрамыздан бұрынғы 91 жылы), ғұндар шегарадан өтіп Шаң Гу мен У Юанға шапқыншылық жасап мәнсаптылар мен бұқараларды қырғындады және тонады.

«Эрамыздан бұрынғы 90 жылы Ли Гуаң Ли 70 мың әскермен У Юаннан жорыққа шықты; Чю Фың 30 мың әскермен Хы Шидан; Ма Түң 40 мың әскермен Жю Чуаннан шықты. Бұдан хабар тапқан Ғұн тәңірқұты ордасын Селеңгі бойына көшірді, өзі негізгі қосынын бастап Түйне өзені бойында Хань армиясымен кездесті... ғұндар шегінді, Ли Гуаң Ли сол қанат ханды жеңіп оны өлтірді. Тәңірқұт Ли Лиңді 30 мың жасақпен Хань қосындарын қууға аттандырды, екі жақ бір-бірін ала алмады. Хан қосыны шегінгенде Тәңірқұт олардың титықтағанын біліп 50 мың қолмен оларды Ханғай тауында қоршауға алды, Хань қосыны ойсырай жеңіліп Ли Гуаң Ли тізе бүкті. Ма Тұң мен Шаң Чю бастаған қосын еңбек көрсете алмады. Ханғай тауындағы жеңілістен кейін Хань елінде экономикалық қиыншылық болып, халық қиындықта қалды, ғұндарға әскер шығару тоқтатылды».

Бұл шайқаста ғұндар айқын басым түскені байқалады, ғұндармен арадағы тынымсыз соғыс хань елінің экономикасын тұралатады. Жеңіс орайынан пайдаланған Ғұн тәңірқұты Хань мен арадағы құдандалықты жаңғырту, Хань елі жылына 5000 ағаш астық, 10 мың орам кездеме, 5 мың күбі жақсы шарап жіберсін деп сәлем жолдайды. Осыдан 3 жыл өткенде Хань Уди патша өлді, оның тұсында ұдайы 30 жыл ғұндармен соғысқандықтан Хань елінің қазынасы сарқылып, халқы кедейлесті. Сол үшін ғұндарға қайталай жорық жасалмады. Ғұндар үшін де жылына соғыс болғандықтан, ауа райының суықтығынан көптеген әйелдер түсік тастап, қар қалың жауды, сондықтан тыныстауға олар да мүдделі болды.

«Осыдан үш жыл өткен соң Ғалүкга тәңірқұт өлді. Оның шешесі бөлек інісі сол қанат сардар еді, ол өте білікті адам болып, бүкіл ел соның ауызына қарайтын. Тәңірқұттың әйелі өз құрсағынан шыққан ұлын емес сол қанат сардарды тәңірқұт етіп сайлар деп күдіктеніп адам жіберіп оны өлтіртті. Оған өшіккен сол қанат сардардың інісі бұдан кейін олардан бет бұрды. Тәңірқұт өлер алдында: «Балам жас, ел тізгінін ұстай алмайды, мен өлген соң орыныма інім оң жанақ хан отырсын» деп өсиет айтты. Бірақ Ғұнның ұлықтары тәңірқұттың әтшесімен құпия келісіп, тәңірқұттың өлгенін жасырып, және жалған жарлық жазып, дегдар ұлықтармен арақ ішіп аныттасып тәңірқұттың ұлы Ғағиянтекті тәңірқұт етіп көтерді. Бұл шиюаннің 2-жылы еді» (Эрамыздан бұрынғы 85 жыл).

Осы оқиға Ғұн империясының тарихындағы ең ауыр оқиға саналады, осыдан соң тақ таласы басталады, тәңірқұт бола алмаған сол білге хан, оң жанақ хандар Хань еліне бағынбақ болады да оңтүстіке қарай көшеді. Онан олар батыстағы усүндерге елші жіберіп, бірігіп тәңірқұтқа қарсы тұрмақ болды. Усүндер ол хабарды тәңірқұтқа жеткізді, тәңірқұт бұны анықтамақ болғанда олар мойындамады, келер жылы Ұлубалықтағы бас қосуға келмеді. Екі жылдан соң ғұндар тағы Дәйжүнге шабуыл жасады.

Эрамыздан бұрынғы 80 жылы ғұнның 20 мың әскері тағы да шабул қозғағанымен өздерінен 9000 адам шығын болды. Эрамыздан бұрынғы 78 жылы ғұндар Уюанға шабуылдап 3000 нан аса адамды өлтіреді, онан кейін де неше түмен ғұн әскері келіп Хань шекарасын шабады.

Ол кезде ғұндар экономикалық жақтан әлсіреді де Ханьға шапқыншылығын азайтты. Керісінше батыстағы усүндерге қысым жасады.

«Усүнге шабуыл жасап Гаян, Аске өңірлерін тартып алды. Усүн ханымы (Жиею, Хань патшасының қызы) Хань еліне хат жазып көмек сұрады. Хань Жауди бұны кеңеске салғанда жауапсыз қалды, артынан Жауди патша өлді де, Хань Шюанди билікке келді. Усүн патшасы: «Ғұндар арт-артынан шабуыл жасап жерімізді тартып алып жатыр, күнби өз басым бүкіл елдегі сайлауыт қосынымның жарымын, 50 мың қол сайлап ғұндарға бар күшпен шабуылдауға пейілмін, патшаның бізді жарылқап құтқаруын тілеймін», – деді».

– Қытай ханшаларының да саясатқа араласуын осы оқиғадан көретін секілдіміз ғой. Усүн елі арқылы ыдырата бастаған ба?

– Бұны тек Хань елінің ұтқырлығы емес, ғұндардың қателігі деген жөн секілді. Ғұндардың дәл осы мезгілде өз боданы саналатын усүндерге шабуыл жасап оларды қыспаққа алуы үлкен стратегиялық ұтылыс болатын. Бұдан ілгері Хань Удидың тұсында Хань патшалығы ғұндармен арадағы соғыста дегеніне жете алмағандықтан усүндермен одақтасу ниетінде оларға Ши Жүн атты қыздарын ұзтқан болатын. Бірақ ғұндар усүн күнбиіне олардан бұрын өз ханшаларын ұзатып жіберді, күнби оны сол тізесін басқан бәйбіше етеді, жосын бойынша ғұн ханшасының орыны жоғары болады. Бұл эрамыздан бұрынғы 108 жыл еді. Арада 4 жылдан соң осы Жие Ю ханшаны ұзатқан болатын. Ол усүн патшасы Оңғай күнбидің әйелі еді. Ғұндардың усүнге соқтығуы олардың Хань патшалығымен бірігіп өздеріне шабуыл жасауына әкеліп соқты.

72 жылғы соғыс

Хань Шуандидің тұсында шаруашылық қалпына келе бастады, тағы да Ғұндарға жаза жорығы басталды. Хань Удидан бастап ханьдықтар жеке өздері төтеп бере алмайтындықтан сырттан одақтастар іздейді, Іле мен Жетісудағы Ғұндардың шекара жасақтары усұндарды өз жағына тартпақ болады. Усұндарда 630 мың халық, 188 800 әскер бар болатын, олар Ғұндарға бағынатын, олардың батысындағы нүкүздерде 400 мың халық, 100 мың әскер бар еді, олар сақтарды жеңіп, мекенін тартып алған болатын. эрамыздан бұрынғы 178 жылы Лаушаң тәңірқұт нүкүздерді күйретіп, олардың ханының басынан ішімдік ішетін ыдыс жасатқан еді. Хань елшісі Жаң Чиян осы елдерге елші болып барады. Бірақ ондай оң қабақ танытылмайды, кейін усұн ханына Хань ханшасы ұзатылады, екі ел құдандалы болады. Усұндардың  Ханьға жақындасуы ғұндарға ұнамайды, оларға әскери қысым жасайды, сол сәтте усұндар Ханьға елші жіберіп көмек сұрайды, өздері 50 мың таңдаулы әскермен соғысқа дайындалады.  Хань елі бес бағытта 100 мың әскер аттандырады. Эрамыздан бұрынғы 72 жылы усұнның 50 мың атты жасағы Баркөл жерінде ғұндарға тұтқиыл шабуылдайды, ғұндарды ойсырата жеңіп, осы соғыста «... аламанбасы Чаң хұй усүн қолымен бірге оң жанақ ханның ордасына дейін барып, тәңірқұттың әке-көкелері мен олардың әйелдерін, қыздарын, күлік хандарын, леябасы жасауылын, мыңбасы, батырбасыларынан тартып 39 мың адамын тұтқындап, жылқы, түйе, сиыр, қой аралас 700 мың малын олжалайды».

Олардың соңынан Хань қолы келіп қосылады.  Осы кезде Ахуан, Сәнбей, Деңлең сияқты Ғұнға бағынышты елдер бас көтеріп тұс-тұстан ғұндарды қырғынға ұшыратады. Сол жылы қыста қалың қар жауып, Ғұнның 70% малы қырылады, 30 % адамы опат болады, осыдан бастап ғұндар оңалудан қалады. Хань қосыны Қашқария, Ақсу, Хотан, Корла, Құмыл, Тұрпан сияқты қазіргі Ұйғұр жеріндегі 36 бектікті өзіне қосып алады, онда «Батыс өңір тұтығы» құрылады, бұл ғұндардың маңызды экономикалық тірегінен айырады, Хань елімен батыс арасында «Жібек жолы» ашыла бастайды. Осы жолғы ауыр жеңіліске себепкер отырықшы  Хань елінің жасағы емес, қайта көшпенді Усұн, Деңлеңдердің жасағы болады.

Осы жеңілістен кейін: «Эрамыздан бұрынғы 72 жылы қыста Қағиянтек тәңірқұт 10 мың жасақпен Усүнді шауып, бірталай кәрі-құртаңды қолға түсіреді. Қайтарында бір күннің ішінде үш кездей жауған қардан адамдары мен малдары қырылады, содан жасағының оннан бірі ғана аман оралады. Ғұндардың қансыраған шағын қалыт жібермей күткен деңлеңдер ту сыртынан, ахуандар шығыстан, усүндер батыстан шабуылдайды. Үш ел ғұндардың сан түмен адамын қырып, сан түмен жылқысы мен есепсіз қой, сиырын олжаға алады. Аштан өлгендерімен қоса есептегенде халқының оннан үш бөлегі, малының оннан бесі қырылады, ғұндар жұбына жеткен тұста бағынышты елдер жалт беріп бет-бетіне кетеді ... Одан кейінге жылдан бастап (эрамыздан бұрынғы 68 жыл) деңлеңдер ғұндарды ұдайы үш жыл шауып, бірнеше мың адамды тұтқындайды және өлтіреді, ірі қара малдарын жиып алады. Ғұндар 10 000 нан аса жасағымен қуып салғанымен ешнәрсе өндіре алмайды.»

72 жылғы соғыс ғұндарды мейлінше әлсіретті, бұрын Ғұнға бағынышты болған елдер жалт беріп ғұндардан бет бұрды, онымен қоймай ғұндардың өзіне ауыз салды. «Жұт жеті ағайынды» дегендей сол жылғы қалың қар апатынан қыруар малдары қырылды, көп адамы аштан, ауырудан қырылды, ғұндар осылайша әбден жұбына жетті. Ғұнға қарасты усүн, ағуан, санбей сияқты тайпалар дербестене бастады, шығыс түркістан елдері де ғұннан бет бұрады да Хань еліне бағына бастайды. Ғұндар әлсіреген тұста усүндер күшейіп кетіп жасақ саны 188 800-ге жетеді.

– Тарих – сабақ дейміз, дәл осы ғұндардың тарихы шынымен үлкен сабақ боларлық екенін осы әңгімеден аңғаруға болатын секілді. Жібек жолы – Хань елі үшін аса үлкен сауда жолы болғаны анық. Оның көп бөлігі қазіргі Шыңжаң, яғни Шығыс Түркістан жерінен өтеді. Осы өлкеге ғұндар иелік етіп келді ғой, ғұндардың әлсіреуі Хань елінің Шығыс Түркістандағы ықпалын қалай арттырды?

– Иә, бұл өңір аса маңызды стратегиялық аймақ болғаны анық. Сондықтан да Шығыс Түркістанға талас ұзақ уақыт бойы жүрді. Эрамыздан бұрынғы 177 жылы ғұндардың нүкістерді жеңіліске ұшыратып Іле- Жетісудан қуып шығуы ғұндардың Шығыс Түркістанға үстемдік етуінің басталуы деуге болады. Осыдан тартып эрамыздан бұрынғы 92 жылға дейін ғұндар Шығыс Түркістанға усүндер арқылы билік жүргізді, усүндер ғұндардың нүкістерге аттандырған, батыс шегарасын қорғайтын әскерлері еді. Ғұн тәңірқұттары Усүн күнбиіне батыс шегараны мәңгі қорғау міндетін жүктеген.

Ал Усүн елінің батысындағы қаңлыларда ғұндарға сырттай бағынышты ел болған. Олар туралы деректе былай делінеді: «Ғұрып-әдеті нүкүздермен ұқсас, бұл ел шығыс жағындағы ғұндардың тізгіндеуінде».

Шығыс Түркістанның екі аймағы бар, Тәңіртаудың солтүстігі Жоңғария да, Тәңіртаудың оңтүстігі Қашқария. Жоңғария ежелден көшпенділердің мекені. Ал Қашқария ежелден отырықшы қалалы жұрт. Эрамыздан бұрынғы 123 жылдары Хань патшалығы ғұндарға салық тапсыруды тоқтатқаннан кейін егіншілік аймақтардың өнімі негізі осы Қашқариядан келіп тұратын болды.

Эрамыздан бұрынғы 68-жылы Ғағиянтек өліп оның орынына інісі сол жанақ хан отырды да, Құлұқуатқа тәңірқұт деп аталды. Ол бұрынғы тәңірқұттың әтшесін Жанқанды әтшеліктен қағып оның орынына оң қанат сардардың қызын әтшелікке алды. Хань елімен айқасатын күші қалмағандықтан ол елдесуге ниет білдірді. Ғұндар алдымен елші жіберіп соңынан басып кіріп тонаушылық жасамақ болды, бұны тізе бүккен ғұн адамдары жауға мәлім еткендіктен, Хань жағы шекара сақтықты күшейіткендіктен ғұндар жуи алмады. Сол жылы тағы да қар апаты болып ғұндардың малының 6-7 бөлігі қырылды, сонда да олар 10 мыңнан аса жасақ топтап соғысқа әзір тұрды. Эрамыздың «72 жылы ғұндар Касиды жаулап алып, тәңірқұттың інісі Дубекті Каси ханы етіп тағайындады, ол тарыдай шашылған елін жиып күншығысқа көшті, Касидың иен қалған орайын пайдаланып ол жаққа әскер жіберіп егін салғызды.»

Бұрын ғұндардың иелігінде болған Каси сияқты қалалы-отырықшы елдерге қарата Хань елі шапқыншылығын үдетеді. Басып алған жерлеріне егін салғызады. Эрамыздан бұрынғы 74 жылы ғұндар 26 000 жасақпен Қашқария қалаларына әскер жіберді. Олар екі рет шабуыл жасаса да Касиды ала алмады. Ғұн тәңірқұты қайтадан 100 мың әскер топтап Хань шегарасын шаппақшы болды, Хань елі шекара сақтығын күшейтті, сол кезде тәңірқұт қан құсып ауырды да кері шегінді. Көп ұзамай тәңірқұт қайтыс болды, бұл эрамыздан бұрынғы 60 жыл еді.

Шығыс Түркістанға таластың бір бөлігі осылай аяқталды. Бұдан кейін ғұндар екіге бөлінді, сөйтіп әлсірей берді...

– Деректерге толы, қызықты әңгімең үшін рахмет, әлі де жалғай түсерміз деп сенем.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?