Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Сейітбаттал Мұстафин «Абай» журналын алғашқы шығарушылардың бірі болған...

2574
Сейітбаттал Мұстафин «Абай» журналын алғашқы шығарушылардың бірі болған... - e-history.kz

Шынымды айтсам бұл екі тұлға туралы  ештеңе де білмейді екенмін. Бірі әйгілі «Ғалия» медресесінің түлегі болса екіншісі, Түркиядағы мұғалімдік семинарияны тәмамдап, «Алаш» партиясы ұйымдастырған әйгілі курстар жұмысына жан-тәнімен кірісіп, қазақ тілі мен физика пәндерінен сабақ берген.  Сұхбатта осы екі тұлғаның өмір дерегі туралы жан-жақты айтылатын болады.
Аян ҚАЖЫБАЙ, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің  оқытушысы,  Қазақстан Педагогикалық Ғылымдар Академиясының корреспондент мүшесі, филология ғылымдарының кандидаты. 

-Кез-келген өңірде аты қағаберісте қала беретін айтулы тұлғалары болады ғой. Сондай есім сойы белгісіз, Көкше өңірінде беймәлім тарихи тұлғалар бар ма?

-Өкініштісі, Есіл-Көкше өңірі әлі де болса, ескерусіз боздақтарға, беймәлім тарихи тұлғалар мен өнер адамдары көп.

Дегенмен, әр тарихи кезеңнің ашылар, ақтарылар орайы бар. Әлмисақтан адамзат баласы өткені мен бүгінін, болашағын білуге ынтызарлықпен ұмтылады. Тірліктің ұзын-ырғасын қас пен көздің арасымен өлшеп-межелеп, өтпелі өмірді қамшының сабындай шолақ ғұмырға балап, сусыған сынаптай өтіп бара жатқан уақыт үрдісінің терең ой тұңғиығына шомып, әр күнін еске түсіріп отыратын арғы-бергі ақылгөй, дана ата-бабаларымыз, «өлі риза болмай – тірі көгермейді» дей келе, тірілердің несібесі, өлілердің разылығы, келер ұрпақтың игілігі үшін өткенді бағдарлап-байқап, кесіп-пішіп жөн айтады. Елдің ұлылары мен заңғарларын бірде асқақтатып төбесіне көтерсе, енді бірде сау-тамтық қалдырмай жермен-жексен етеді.

Қазақ халқының тарих көші сан ғасырларға созылған бұралаң-қалтарыстардан өтіп, тәуелсіз сара жолға шықты. Қилы тарихымыздың жетпіс жыл бойы саяси және идеологиялық аласапыран мен рухани қысымға толы кезең болды. Қазан төңкерісі, азамат соғысының өртеңі мен жаңа қоғам құру науқанының тауқыметі, саяси қуғын-сүргін ұлттық сананы тұмшалап, оның рухын мәңгүрттік тұман басты. Дегенмен, «түрі ұлттық, мазмұны социалистік» атты жалаң ұранмен үстемдік құрған кереғар идеологияның кезінде күн кешсе де, қазақ халқының мәдениеті мен әдебиеті үздіксіз даму үстінде болды.

Қазақтың – «елі – алаш, керегесі – ағаш» азаттықтың еңсесі көтеріліп, төл тарихымызды тереңдеп танып зерделеуге, ақтаңдақтарымыздың көмбесін ашуға мемлекет тарапынан пәрменді қолғабыс пен мол мүмкіндіктер жасалынып отыр. Соның ең өзектілерінің бірі – рухани байлығымызды жаңаша бағамдау. Бұл қазақ халқының тарихына, мәдениетіне, әдебиетіне, өнеріне, ән-күйіне, тұрмыс-тіршілігіндегі әрқилы машықтары мен тәлім-тәрбие саласындағы үлгі-өнегесіне, сайып келгенде, рухани әлеміне жаңа заман биігінен қарап, салыстыра зерттеу, дәстүрдің озығы мен тозығын айқындап, өркениетіміздің бұрмаланбаған келбетін, ылайланбаған кәусәр ойын сол қалпында жеткізу, жалғандыққа ұрынбаған шын табиғатын таныту мақсатынан туып отыр.

Сіздің сұрағыңызға қайтып келсек, киелі Көкше топырағынан түлеп ұшқан, аттары ескерусіз болып отырған тұлғалардың бірі – «Ғалия» медресесінің шәкірті болған аса білімдар оқығаны мен тоқығаны ұшан-теңіз текті азамат Зияш Алдабергенов болса, екіншісі – Көкшенің бел тумасы, алаштың асыл азаматы Сейітбаттал Мұстафиндердің есімдерін атар едім.

Зияш Алдабергеновтың қадірлі есімін ертеден естіп өстім. Ол есімнің бала жадымда жатталып қалуына себепкер адам әкем Төлегеннің әкесі Қажыбайдың (майданда опат болған ) туған ағасы, қазақтың көрнекті ақыны Жақан Сыздықов болатын.  Бір жинағында «Ұстазым Зияш Алдабергеновке» деген арнау өлеңі де бар еді. Оның үстіне әкем Алматыда оқуда жүргенде Жақанның үйінде тұрғанын айттым. Сонда бірде, «Жаңа ғана башқұрт, ақыны Сәйфи Құдаштан, қырғыз ақыны Аалы Тоқабаевтан, түркімен жазушысы Берді Кербебаевтан хат алдым. Ал мынау хаттар елден – Көкшетаудағы ұстазым Зияш Алдабергенов пен Сәкен Сейфуллиннің әрі менің қияметтік досым Қаскей Өтекиннен келді», – деп қуанып отырғандығына әкеміз куә болған. Есесіне, Зияш ағаның үлкен ұлы Серік Алдабергеновпен әкеміз қатар өскен әрі қаламдас журналист болған. Әдебиетші ғалым, профессор Тұрсынбаек Кәкішевтың «Садақ» атты 1986 жылы «Жалын» баспасынан жарық көрген танымдық кітабынан сүзіп алған тарихи құжаттарға сүйенсек, Зияш 1888 жылы бүгінгі Солтүстік Қазақстан облысы Уәлиханов ауданына қарасты кешегі Көкшетау облысы Қайрат кеңшарының төңірегінде Сілеті өзенінің бойында дүниеге келген. Әкесі Алдаберген ел ішінде беделді, дөңгеленген шаруасы бар, діндар адам болған. Алдекең 1850 жылы туған. Руы – Құлатай қыпшақ. Алдабергеннің елге сыйлы, сөз ұстаған ұлағат иесі болғандығын Сілеті өзеніндегі бір өткелдің күні бүгінге «Алдаберген өткелі» аталуымен дәлелдей кетсек те жетіп жатыр. Алдабергеннің бәйбішесі қайтып, Фәтима деген татар әйеліне үйленген. Соңына еріп келген Ғаяз Абдуллин деген баланы қоспағанда, өз кіндігінен бес ұл: Шияп, Зияш, Мәшен, Иматай, Шайқы, екі қыз: Бәдіғұл, Бәткен тарайды. Ғаяздың Ақмола қаласында өз мектебі болған. Сол мектептен Зияш бес жыл оқып, білім алған. Ғаяздың нұсқауымен Зияш «Ғалия» медресесіне оқуға келген. Осы арада он сан қазақ балаларымен бірге Зияш та медресе ұсынған білім айдынына құлаш ұрады.

Осы арада медресе, мешіт десе аза бойы қаза тұратын атеистер мен қызыл идеологияның итаршылары ұстанған саясаттың солақай, сыңаржақтығын қадай айтуға қақылымыз. Өйткені «Ғалия» медресесі жалаң схоластикалық діни қасаң канондық қалыпта қалмаған, адамзатқа ортақ, озық білім беруді мақсат тұтынған өте прогресшіл оқу орны болғандығын атап айтқан жөн. «Ғалияның» ұстанған бағытына кезінде татар әдебиетінің классигі Ғалымжан Ибрагимов, өзі де содан білім алған башқұрт ақыны Сәйфи Құдаш, қазақтың бірсыпыра ғалымдары әділ де оң бағасын бергендіктерін ескерсек, сөз жоқ, аталмыш медресенің тақуа пірәдәрлар мен сәлдесі дағарадай молдаларды даярламағандығына көз жеткізуге әбден болады.

-«Ғалия» аты медресе демесеңіз университетке пар оқу орыны болды дейсіз ғой?

-Иә. Оның үстіне медресе «Ғалияны» бітірген он сан қазақ жастарының туған елге білім нұрын шашқандығын, имам молда болмағандығын тарихтан жақсы білеміз. Зияш  Алдабергенов медресе «Ғалияны» тәмамдаған соң елге оралған. Сәкен Сейфуллинмен ұшырасып, пікірлес, ниеттес болған. Зияштың 1924 жылы мерзімдегі баспасөзге араласуы, соның ішінде «Социалистік Қазақстан» газетіне келуіне Сәкен тікелей себепші болғандығына ерекше мән бергеніміз жөн. Осы жолдарда Зияштың қаламынан туған сан алуан материалдарды аға газет бетінен ерінбей іздегенге талай сүбелі сырды сүзіп алуға болады. Он жеті жыл бойы республиканың аға газетінде табан аудармай еңбек еткен, 1934–1937 жылдары Семей облысы бойынша меншікті тілшісі болған Зияш ағаның қазақ журналистикасының дамуына қосқан үлесін ерекше бағалауға міндеттіміз.

Медресе «Ғалияны» тәмамдап, елге оралған Зияш мектеп ашып, бала оқытқан. Төңіректің жуан сіңірлі байлары «Зияштың оқытып жатқаны дін оқуы емес, дінсіздердің оқуы» деп мектепті жаптырып тастаған. Осы фактілерден-ақ медресе берген білім аясы діни теологиялық ілімнен де ілгері тұрған ауқымы кең, таным көкжиегі әріде екендігін аңғару қиынға соқпайды.

1941 жылға дейін «Социалистік Қазақстан» газетінде еңбек еткен Зияштың от басына ауырлық түскен. Әйелі қайтыс болып шиеттей балаларымен қалып, Алматы облысының Еңбекші қазақ, Балқаш аудандарында, Үштөбе, Есік, Қарғалы елді мекендерінде әртүрлі жұмыстарда болған сыңайлы. Осы тұстағы ауыр халін Зияш былай деп толғайды:

«Боқ басып белуардан бақтым бұқа,

Дәрмен жоқ денсаулығым өте жұқа.

Сонда да сүйретіліп істеп жүрмін,

Жақыннан болмаған соң қайыр опа.

Жас жетіп қартайғанда мені баққан,

Екі ұлым Отан үшін қаза тапқан.

Жұдырық жығылғанға – әйел өліп,

Анасыз қызыл қарын бала баққам».

Қолындағы жүрдек қаламын қи күрейтін күрекке алмастырған Зияш ағаның тартқан тұрмыс тауқыметі оңай болмағанға ұқсайды. Оны жаңағы өлең жолдары әйгілеп тұр. Баласы Серіктің айтуына қарағанда, медресе «Ғалияда» оқығанымен, араб, татар тілдерін үздік меңгергенімен, діни жолды ұстамаған Зияш ақсақал шала молдаларды қатты сынаумен, білімділік, оқу, іздену, әлем даналарының мұраларын терең игеруге үндеу тәрізді ізгі қасиеттерді қуаттап қолдау жолында болған. Өзі де көз жұмғанша мерзімдік басылымдарды алдырып оқу, кітапты серік етумен күн кешкен. Көңілге түйгендерін төңірегіне нұр сәулесіндей себездете шашудан шалдықпаған да жалықпаған.

«Біреуі бес парыздың – адал еңбек,

Еңбекпен бар қырсықты адам жеңбек.

Не білім жоқ, немесе еңбек те жоқ,

Болса егер жақсы өмір қайдан келмек», – деген Зияш аға екі ұлы Серік пен Ерікке осылайша тіл қатады. Немесе:

«Жүре бер, жолың болсын, екі қозым,

Есіңе ал, әр уақытта әке сөзін.

Ұрлықтан, қиянаттан, жаман сөзден

Аулақ бол, мықтап ұста өзіңді-өзің», – деп ғибратты ойын түйеді.

«Әке – балаға сыншы». Екі ұлының қасиеттері де Зияш әкенің назарынан қағыс қалмайды, айтарын ашып айтады, көңілге түйгенін бүгіп қалмайды.

Кейіннен перзенті Серік жоғарғы білімді ауыл шаруашылығы мамандығын алғанымен журналистік салаға бүтіндей ден қойып, аудандық газеттерде редакторлық етеді. Орыс тілді журналист болғандығына қарамастан жазғандарын әкесі Зияш қатты қадағалап, қызыға оқып, құптап, қуаныш білдіріп отырған.

Бақанаста ауыр тұрмыс кешіп жатқан Зияш Алдабергеновты елден келген туыстары іздеп келіп алып кетеді. Сөйтіп, Қызылту ауданына қарасты Май кеңшарының Коминтерн бөлімшесінде асармен үй салып берген туыстары Зияш қартты өз орталарына орнықтырып, қамқорлығына алған. Елде бекіп қалмай неге шет жайлап кетті дегенге келсек, ол тұста қазақ зиялыларын шетінен тоғыта ұстап, атқанын атып, атпағанын соттап жатқан тұста Зияш та елде қала алмағанға ұқсайды. Көрер көрешекті өз ауылдас, туыс жақындарынан көретінін жақсы білген Зияш та туған топырақтан тысқары күн кешуге мәжбүр болған. Осы бір жайды Кенен, Елдәулет, Үмбетәлі, Әбдіғали тәрізді Жамбылдың шәкірт ізбасарларымен үзеңгілес, сырлас болған ақын Балтағұл Бигелдиновпен жазысқан хаттарының бірінде Зияш аға:

«Кір жуып, кіндік кескен жерден,

Қысылмай ер кетер ме еркіменен?

«Тұрмыс – жел, адам – қаңбақ» деген сөз бар,

Біз түгіл Асан қайғы тебіренген», – деп білдіреді.

Туған топырақтан Асан қайғыша безіп кетуін басқа түскен тауқыметтен, еріксіздіктен екендігін жасырмайды.

Хат демекші, Тұрсынбек Кәкішевтің «Садақ» кітабында Зияш Алдабергеновтың Балтағұл ақынға жазған хаттарынан мол ғибрат алуға болатындығын, Зекеңнің терең білімдарлығын, ұлағаты ұлықтауға лайық өнегелі адам екендігін айқын аңғаруға әбден болады. Ақынның «Балқаш қызы» поэмасын жазу үстіндегі жанкешті еңбегіне қолдау білдіреді, тынымсыз еңбек етіп, қолға алған істің сәтті аяқталуына тілектігін жеткізеді. Балтағұлдың «сынаптан сымбал буып, құмнан арқан ескендей» деген өлең тіркесінің сәттілігіне сүйсінгенін айтады. «Ақиқатты ашу, әділет, ынсапқа үндеу үшін пайдалы сөз керек. Мұны сізге бұрын да талай айтқанмын» деп ұстаздық ұлағатын да білдіріп қояды. Шикі шариғаттарын әшкерелеу үшін «молдашкелерге» (Зияштың өз сөзі ) соққы беру үшін «Мұғтасар», «Натаурат алхақ», «Алдин алхами» тәрізді діни кітаптарды да оқитындығын айтады. Араб ғалымының: «Дінге салақ ғалымда бәленің басы, ұстағанын тістей қатып айрылмайтын надан онан да бетер бәле. Осы екеуі де дүниенің фітнәсі, оларға ергендердің алды жар, арты тайғақ» деген аталы пікірін мысалға алады. Өзінің Әбурайхан әл-Бируни, Әбуғали Ибн-Сина, Әбунәсір әл-Фараби, Әлішер Науаи, Фирдаусилердің еңбектерін үзбей оқитындығын ескертеді. Балтағұлға Әлішердің «азсынбай оқи беріңіз, тамшыдан тама-тама дария болмақ» деген ұлағатты пікірін ескертуді де ұмытпайды. «Жұрт білмегенді білем деп үздіксіз оқимын» деген Зияш ақсақал өнегесін бүгінгілер де ескерсе екен дейсің. Зекең Балтағұлға кеңес қосқанда «қарт адамның мұндай поэзияны игеруі – керемет, мұжиза» деумен бірге «Алайда ақындық үшін – оқи беру, әдебиетпен шұғылдана беру, әсіресе Абайды көп оқып, өнеге алу шарт» деуі оның өрелі, өрісті білімдарылғын, өзіне де, өзгеге де батыл талап қоя білер талғампаздығын танытады. Зекең көне ғұламалар мұраларын игерумен бірге жаңа басылымдарды да қалт жібермей оқитындығын, мол ғибрат сүзетіндігін де жасырмайды. Кезекті бір хатында «Білім және еңбек» журналын үзбей оқисыз ба? Мұхаммед Хайдар деген ғалымның жазғанын оқыдыңыз ба?» деп сұрап алады да «Тарихшы Рашидин» туралы әлгі журналда толық мағлұмат берген Әлкей Марғұлан – Қазақ ССР Ғылым академиясының академигі – көсегесі көгергір!» деп шаттанады Зекең. Тұрсынбек аға Кәкішев ағасы Зияштың хаттарына өз кітабында молынан орын беруі тегін емес. Өйткені, бұл хаттар ауыл үйдің амандығынан әрі аспас, мәнсіз, мағнасыз дүниелер емес, тәлімі мол терең, өнегелі, ғибратты туындылар. Тұрсекең «жайлы да ажарлы сөйлемдері, қаламын еркін ойната білуі», «төңірегіндегілерге шуақ шаша жүретін зерделілік», «тәлім-тәрбиелік мәнділігі» үшін де разылық білдірген.

Өкініші сол, Зияш Алдабергеновтың ұшан-теңіз білімдарлығы, өнегесі, ғибраты өз кезінде әділ бағасын алмады. Артта қалған ұрпақтары әке мұрасын шашау шығармай жинастыра алмағандағы орны толмас өкініш болды.

Кеудесі алтын сандық аяулы қария 1970 жылы сексен екіге қараған шағында өмірден озды. Өз өсиетімен Жуантөбе биігіне жерленді. Кезінде Бейімбет Майлин, Жиенғали Тілепбергенов, Зейнелғабиден Иманжанов, Армия Ешкеев, Хамза Ибрагимов, Ғаббас Қанафин, Сәйфи Құдаш тәрізді шәкірттерімен бірге оқыған, ғұлама Ахмет Байтұрсынов, Ғалымжан Ибрагимовтерден өнеге алған медресе шәкірті Зияш Алдабергенов өмірі мен шығармашылық жолдары әлі де терең барлап, зерделей зерттеуді қажет етеді.

-Қандай керемет тұлғалар еді. Ендігі сөзді екінші кейіпкерімізге қарай бұрсақ?

-Сейітбаттал төңірегінде білгенімді қысқаша ғана  баян ете кетсем.

Сейітбаттал Мұстафин кім дейсіз ғой? Бұрынғы Көкшетау облысының Еңбекшілдер ауданына қарасты үшінші ауылда 1892 жылы өмірге келген Сейітбаттал өз кезеңінің алдыңғы қатарлы ойы озық, білімі кемел дария азаматы еді. Он алты жасында Түркияға сапар шеккен ол Ыстамбұл шаһарында мұғалімдік семинарияға түсіп, оны 1913 жылы тәмамдап Семей қаласына келген. Қазақ елінің іргелі де өркениетті мемлекет болуы оқу мен білімге тәуелді екендігін ерте сезінген ол мектепте сабақ беруге ден қойған. Сондай-ақ «Алаш» партиясы ұйымдастырған курстар жұмысын жандандыруға жан сала кірісіп, қазақ тілі мен физика пәндерінен дәріс оқыған.

Тұрсынбек Кәкішевтің іздестіре тапқан, 1918 жылдың 31 қазан айындағы бір маңызды құжатында: «Представление областного киргизского (казахского) учительского бюро в областную земельную управу постановления о программе курсов открываемых в г. Алаш и назначении преподавателем курсов Каныш Сатпаева» деп жазылған. Осы құжатта Қанышпен бірге Маннан Тұрғынбаев, Сейітбаттал Мұстафиндер де курсқа сабақ беруге бекітілгені айтылған. Мәселен, М.Тұрғынбаев уақытша курс жетекшісі әрі арифметика, гигиена, ислам тарихы, діни оқу пәндерінен сабақ беруге белгіленсе, Сейітбаттал Мұстафин қырғыз (қазақ) тарихы, физика пәндерінен, ал Қаныш Сәтпаев география, жалпы тарих, зоология, анатомия пәндері бойынша сабақ беруге бекітілген, 1918 жылдың 1 қараша күнгі құжатта 2 жылдық педагогикалық курсқа Қаныш Сәтпаев пен Сейітбаттал Мұстафиннің мұғалім болып бекітілгені жөнінен хабардар боламыз.

Осынау аса құнды құжаттардан халқымыздың болашақ, ұлы ғалымы Қаныш Сәтпаевпен бірге Сейітбаттал Мұстафиннің де халыққа білім беруден басталған жарқын еңбек жолының іздері сайрап жатыр.

Сейітбатталдың өміріндегі екінші бір жарқын белес Мұхтар Әуезов, Жүсіпбек Аймауытовпен бірге «Абай» журналын шығарысқан еңбегі десек жұртшылық осы бір аяулы азаматтың жарқын тұлғасын толымды қалпында қабылдайды ғой дейміз.

Қайтадан жаңғырып шыға бастаған «Абай» журналын алғаш шығарушылар М.Әуезов пен Ж.Аймауытовтың қатарына Сейітбаттал Мұстафинді де ешқандай дау-дамайсыз қосу керек. Сонда ғана біз өзінің қысқа да болса нұсқа боларлық жалынды ғұмырын оқу-ағарту, әлеуметтік-мәдени өміріміздің бастауында тұрған алаш азаматтарына деген ұрпақ алғысындай ақиқатшыл адал ниетімізді орнықтыра түсетін боламыз.

С.Мұстафин «Абай» журналын жай ғана шығарушылардың бірі емес, белсенді авторы да болған. Мәселен, 1918 жылғы жарық көрген журналдың № 18 санында жарияланған С.Мұстафин «Архимедтің заңы мен әңгімесі» деген танымдық мақаласында ұлы ғалымның өмірі мен ғылыми жаңалықтарын терең талдай түсіндіріп жазады, қазақ жастарын оқу мен білімге шақырады, өмірдің тетігі білімде деп үндейді.

Ал журналдың № 7 санында жарияланған «Архимедтің өнері» деген мақаласында Сейітбаттал ғалымның «Табан тірейтін ноқта бер, жерді көтерейін» дейтін айтулы пікірін алға тарта отырып, ғалым ашқан ғылыми жаңалықтарды түсіндіреді әрі өзі де шәкірттерге физикалық заңдылықтардың кейбір тұстарын мысалға алады.

«Бір стаканға сынап, су, керосин үшеуін құйыңыз. Астында сынап, ортада су, үстінде керосин. Ең ауыры сынап, ең жеңіл керосин», деп әр заттың физикалық қасиеттерін салыстырмалы түрде тәптіштей талдап берсе, екінші бір мысалында, «Үш сауыт алсаң, біріне ертіп тұзды су құйылса, екіншісіне нағыз таза су құйылса, үшінші сауыттың дәл ортасына шейін тұзды су құйылып, қалған жартысына тұзды суға араластырмай ғана жай су құйылса, бұдан соң үш сауытқа үш жұмыртқа батар еді, қай сауытта қалқып батпай тұрар еді» деп білесіңдер?» деп сауал қойып алады да өзі түсіндіріп береді және оның себептерін физикалық заңдылыққа сүйене отырып талдайды. Түсіндірмесін ұғынықты, кез келген шәкірт зердесіне жетер қарапайым тілмен жеткізеді.

«Абай» журналының № 4 санында жарияланған С.Мұстафинің «Қалай көндіру керек?» деген мақаласынан оның Мағжан Жұмабаевтың «Педагогикасымен» үндесіп жатар тұстарды аңғарасыз. Бала тәрбиесі, шәкірт парасаттылығы деген ұғым, түсініктерге автор шынайы педагогтік, тәлімді тәрбиешілік тұрғыдан келеді. «Баланы тар соқпақпен қысып ұстап, солдатша не қылса зорлап мойын ұсындыру керек пе, не болмаса мүлде баланың өз еркіне де жібермей ортадан бір жол тұтыну лайық па?» деген бала тәрбиесінде өте маңызды мәселелер төңірегінде өз пікірін одан әрі сабақтастыра талдап кетеді.

«Жалғыз денесі тәрбиеленіп, рухы тәрбие қылынбаса онда баланың тәрбиесі сыңаржақ болмақ» деген автор пікірі бүгін де өзінің өміршең өткірлігімен маңызды.

Тағы бір тұста автор «баланы таршылық жолмен ұстаудан үлкен залалдар шығады» деген пікірін алға тарта отырып оның салдарын сөз етеді, «балада табандылық, талаптылық, жігер сөнеді, өзінің үздік қасиеттерін жояды» деп орынды тұжырым жасайды.

«Зорлап істеткен нәрсе баланың адамшылығын, қасиетін, мағыналы қуатын жояды» деген автор пікірі де назар аударарлық па дейміз.

Бала тәрбиесі жайлы сан тарау пікірлерін түйіндей келіп педагог С.Мұстафин: «Балаға жақсы тәрбие беру үшін әуелі тәрбиеші (ата-ана, мұғалім, замандас) өзін түзеу керек. Қазақтың: «Үлгісі жаман, көргені жаман» дейтіні бала көргенінен ғана тәлім алатындықтан айтылған тәжірибе», – деген ой қорытындылайды.

Біздіңше осыдан 109 жыл бұрын айтылған Сейітбаттал Мұстафиннің бұл пікірі бүгінгі ұстаздардың да ұлағатты өнеге ретінде естен әсте шығармайтын құнды пікірі десек асыра айтқандық болмас.

Әрине, мөлшері шектеулі мақалада Сейітбаттал Мұстафиннің ұстаздық бағытта жазған дүниелерін көгенге тізіп түгел талдап беру мүмкін емес, әрі ол үшін мақсат та болмайды. С.Мұстафиннің қаламгерлік қуат қарымын танытарлық кесек туындылар төңірегінде бірер пікір білдірсем деймін. «Абай» журналы Сейітбатталдың іштен шыққан сүйікті дүниесі болғандықтан да оған автор ретінде белсене араласып, нөмір құрғатпай танымдық, тәрбиелік бағытта мақалалар жариялап тұруы заңды құбылыс.

Сонымен бірге ол өз кезінде шығып тұрған «Айқап» журналы, «Алаш» газетінің де жұмысына жиі араласып, қалам тартып отырған. Оған осы басылымдарда жарық көрген «Стамбулға саяхат», «Көшу турасында», «Бұрынғыны айтпай соңғы еске түспейді», «Қалың малдан пайда бола ма?» деген сан алуан тақырыптағы мақалаларын мысалға алуға болар еді. Ардақты азаматтың әдеби мұрасын жүйелеп зерттеймін дегендерге ашылмай ақтаңдақ күйінде тарих қойнауы, архив шаңдағы астында жатқан мұралары молынан ұшырасары даусыз.

Сейітбатталдың тағы бір пара еңбегі қазақтың ауыз әдебиет үлгілерін жинастыруы деп есептейміз. Әсіресе Төле би, Қали би, Өскен, Орынбай, Шортанбай сияқты ірі шайырлардың өлең-жырлары, өсиет сөздері, афоризмге айналып келген ат басындай алтынға бергісіз аталы сөздері Мұстафинді қатты қызықтырған, құндылық қуатымен тәнті еткен. Өкініші сол «Халық жауы» деп қамауға алынғанда осынау асыл мұралар жоғалып кеткен. Бәлкім КГБ-нің екінің бірінің көзі түсіп, қолы жете бермес архивінде жатыр ма екен?

Сейітбаттал түріктің «Көксанжақ» атты романын қазақ тіліне қотарған. Қазақстан ғылым академиясының қолжазбалар және сирек кітаптар қорында оның Шернияз ақын туралы көлемді еңбегі, Қазақ шаһарында басылып шыққан «Зуфунун» атты романы табылып отыр. Ендігі міндет осынау құнды дүниелерді қайра басып, бүгінгі оқырмандардың қолына тигізу.

Сейітбаттал Мұстафин 1922–25 жылдарда Көкшетау қаласында халыққа білім беру бөлімінде қызмет атқарды. Ал 1925–30 жылдарда Қызылжар қаласындағы педтехникумда ұстаздық етті. Осы тұста ол қазақтың ұлы ақыны Мағжан Жұмабаевпен етене жақын танысып, рухтас, ниеттес күн кешеді. Ақынның жауһар жырларынан өзінің әсершіл әсем жанына шуақ жинайды.

Сәбит Мұқанов, Жақан Сыздықов, Серкебай Бекмұхамедовтармен (әнші Ермектің әкесі ) достасады, пікірлес болады. Әдебиет әлеміне дендей, бойлай түседі. Өзінің педагогтік қызметінде жүріп қазақ елінің мәдениетін, әдебиетін, білім беру қызметінің алдында тұрған қиын да қыруар жұмыстарын алға оздыруда сарқыла еңбек етеді, қазыла қуат жұмсайды.

Әдебиетіміздің көрнекті өкілдері санатындағы ғалым Есмағамбет Ысмайылов, драматург Шахмет Құсайыновтар Сейітбаттал Мұстафин сияқты табиғатымен туа біткен ірі ұстаз, тамаша әдебиетшіден дәріс алады, оның туған халқына адал қызмет етуге ұмтылып тұрар жарқын тұлғасынан, іс-әрекеттерге өнеге етеді.

Жобасы Қызылжар қаласындағы ұлт зиялыларына таянған тықыр, тергеу, тексеру әрекеттері Сейітбаттал Мұстафингеде маза бермегенге ұқсайды. Содан да болар, ол Қызылжардағы қызметін тастап Степняк қаласына келіп мұғалім болып орналасады. Бірақ НКВД-нің құрығы ұзын еді. 1937 жылдың 25 сәуірі күні тұтқындалады да аты шулы «үштіктің» шешімімен «халық жауы», «Алаш орда» партиясының үгітшісі, әрі мүшесі ретінде ату жазасына кесіледі. 1937 жылдың 13 қыркүйегінде шығарылған үкім 16 қыркүйекте Қызылжар қаласында жүзеге асырылған.

Сейітбаттал Мұстафиннің сүйікті жары Үміт Аипова Санкт-Петербург университетінің заң факультетін бітірген көрнекті заңгер, Алашорда партиясын құрушылардың бірі Райымжан Марсековтың немере қарындасы, әкесі Айып та Алашорда мүшесі болған әрі Райымжанның ағасы еді. Үміт орыстың әйелдер гимназиясын бітірген жоғары сауатты ұстаз болды. Алайда жолдасын «халық жауы» ретінде ұстап әкеткеннен кейін Үміттің де басына қара бұлт орнап еді. Қызметінен қуылды. Жалғыз қызы Нәдияны арқалап әр жерде үзіп-жұлып дегендей еңбек етті, көзтүткі болып көп қорлық көрді.

«Халық жауының» әйелі, қызы деген қаңқу сөздер, күдік іздеген ізшіл иттей сумаңдаған ғайбаттаулар 45 жасында жазықсыз жаладан мерт болған Сейітбаттал Мұстафиннің артта қалған шаңырағына оңай тимеген. Жары Үміт, жалғыз қызы Нәдия тағдыр тауқыметінің темірдей тезіне түсіп, өзектен тепкен тасыр қылықтың, қиянатшыл тірліктің тәлкегіне төтеп берді. Алашым деп атқа қонып, халқының тәуелсіз туы желбіреген жасампаз, жарқын күнін көксеумен өткен, ерте оянып, тым ерте елеңдеген есіл азамат Сейітбаттал Мұстафинге тағылған айыптың негізсіздігі 1958 жылдың 28 желтоқсаны күнгі өз шешімінде Көкшетау облыстық сот атап көрсетті.

Сең сөгілді. Тарих ақтаңдағындай көп көңілінен көмескіленіп келген Сейітбатталдың аяулы азаматының артта қалған әдеби, педагогикалық еңбектеріне етене араласар уақыт та алыс емес.

Тек ол жүріп өткен жол, жазып қалдырған еңбектер ізіне түсер тағылымды іс-әрекет керек.

Ал мен болсам жарқын есімі, фотосуреттен үнсіз елжірей қараған қасиетті дидары болмаса бетін жасырған торқалы топырағы беймәлім мүрдесіне қойған бір тал гүліміз болсын деген ізгі ниетпен қайран боздағымыз туралы көңілге түйгенімді осылайша жеткізуге асықтым.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?