Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Археологиялық бай мұраға қамқорлық ауадай қажет

3010
Археологиялық бай мұраға қамқорлық ауадай қажет  - e-history.kz
Теріскей Тарбағатайдың археологиялық мұра ескерткіштері зерттеу мен қорғауды қажет етеді

Шығыс Қазақстан облысының Тарбағатай ауданы – көне замандарда Еуразия даласында жүрген тарихи-мәдени үдерістердің қайнаған ортасында болған әрі көшпелі тайпалар арасындағы тарихи-мәдени байланысты нығайтауда алтын көпір қызметін атқарған өлкелердің бірегейі. Соның куәсіндей Шілікті патшалы обаларынан бастап, Кіндікті ауылындағы патшалы обаларына дейінгі ұзындығы 200-дей, ал ені 80 шақырымдай болатын таулы-жазықты кең алқапта көптеп шоғырланған археологиялық ескерткіштерді атап өтсек болады. Бүгінгі таңда Шілікті, Масалы, Базаршаты, Құлбасы сияқты бірқатар ескерткіштер ғылыми айналымға енгізіліп, Ұлы Дала көшпенділік мәдениетінің қалыптасуы мен дамуы бойынша жасалынған теориялардың деректік негізі бола отырып, еліміздің ғана емес, әлемдік тарихи-мәдени мұра ескерткіштері ретінде өте жоғары бағаланып отыр. Осыған қарамастан өңірде әлі де болса, тізімге алынбаған, зерттелмеген, шаруашылық, антропогендік, табиғи факторлар әсерінен бүлінушілікке ұшырап жатқан ескерткіштер саны өте көп. 

371d789c0b78f7cd9157a4990241cc66.jpg

Обаның бір көрінісі. Бесоба қорымы

Жалпы, Тарбағатай өңірінің археологиялық мұра ескерткіштерін есепке алу, тіркеу, зерттеу жұмыстарымен өткен ғасырдың орта тұсында Ленинградтық ғалым, С. С. Черников басқарған Шығыс Қазақстан археологиялық экспедициясының қызметімен тығыз байланысты [Төлеубаев Ә.Т., 2011., 52 б.]. С. С. Черников зерттеулері негізінен Шілікті жазығында шоғырланған «Патшалы оба» қорымдарын зерттеуге бағытталған еді. 1989 жылдан бастап, ҚазҰУ профессоры, т.ғ.д. Ә.Т. Төлеубаев басқаратын археологиялық экспедиция зерттеу жұмыстарын жүргізіп келе жатыр. 

f6c827f5d763bea4059f4e4158ec90f4.jpg

Сегізтастар. Бесоба қорымы

Әбдеш Төлеубаев басқарған археологиялық зерттеулер нәтижесінде ерте көшпелілердің Масалы, Ешкіөлмес, Базаршаты, Боғас, Құлбасы сияқты бірқатар ескерткіштері зерттеліп, Жетісу өлкесінде қалыптасқан үйсін археологиялық мәдениетінің солтүстік-шығыс шекарасы Тарбағатай өңірінде болғандығын ғылыми тұрғыда дәлелдеп бекітеді [Толеубаев А. Т., 2011]. Сондай-ақ, Ә.Т. Төлеубаевтың Шілікті жазығында 2003 жылдан бастап жүргізіліп келе жатқан зерттеулері Еуразия даласында cақ мәдени феноменінің қалыптасуы мен ерте темір дәуіріндегі мемлекеттіліктің алғы шарттары туралы дискуссиялық мәселелерді жаңаша пайымдауға негіз болатын деректерді ғылыми айналымға енгізді. Бәйгетөбе обасынан майлы бояумен ағаш тақтайшаға салынған бұғының суреті қола дәуірінен ерте темір дәуіріне өту кезеңі мен cақ мәдени компонентінің қалыптасу мәселесіне жаңаша тұжырымдар жасауға мүмкіндік ашып беріп отыр. Себебі, кезінде М. П. Грязнов ерте сақ археологиясының дефинициясына жататын бұғытастардың пайда болуы дөңгелек ағаш бөренелерге салынған әдемі суреттерден бастау алып, кейіннен тасқа қашау әдісіне көшкен деген болжам айтқан еді [Грязнов М. П., 1984, с. 76-82]. Ғалым болжамын дұрыстағандай Саян-Алтай өңіріндегі қола дәуірінің қорғандарынан бұғылардың тұғыр тастар мен ағаш тақтайшалардың беттеріне бедерленіп салынған суреттері табылған болатын [Бобров В. В., 1992]. Бірақ, әрдайым қорғандардан органикалық заттардың табыла бермеуі М. П. Грязнов ұсынған болжамын ары қарай дамытуға кедергі келтірген еді. 

f15f8d999ac98a0c0656c6b900683a0e.jpg

Бесоба қорымы. Сегізтастар

Шілікті жазығындағы ерте темір дәуірімен мерзімделетін 120 обаның 45 жуығы элитарлық обаларға жатауы, зерттелінген Бәйгетөбе обасының архитектуралық құрылысы мен табылған олжалар, кейбіреуінің тіпті сақ мұралары арасында баламасы жоқ, әлеуметтік және шексіз биліктің ықпалы екендігі сөзсіз, Бұл дегеніміз ерте темір дәуірінде Тарбағатай өлкесі ірі сақ тайпалық конфедерециясының орталығы болып қана қоймай, алғашқы протомемлекеттік құрылымның қызмет атқарғандығын айғақтайды. 

Сондай-ақ, Ә.Т. Төлеубаевтің жетекшілігімен жүргізілген экспедициясының археологиялық барлау жұмыстары нәтижесінде бұрындары ғылыми ортаға беймәлім болып келген Шілікті жазығымен Қызылкесік ауылына дейінгі аралықтағы қола ғасыры мен ерте түркі дәуіріне дейінгі 52 қорым мен бірнеше қонысты тіркеуге алып, ескерткіштердің топографиялық картасы, жоспарлары сызылып, фотоматериалдары мен нақты координаттары анықталып, ескерткіштердің төлқұжаты жасалады [Төлеубаев Ә.Т., 2011]. 

9fab46d548fdfaa8704d4351289e76de.jpg

Бұзылған оба. Жамбыл ауылы

2010 жылдардан бастап, Тарбағатай аймағының Ақсуат ауылдық округінінің әкімшілік шекарасында орналасқан ерте темір дәуірі ескерткіштері Астана қаласындағы Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты филиалының Шығыс Қазақстан археологиялық экспедициясының Ақсуат археологиялық тобы (жетекшісі Е. Оралбай) тарапынан зерттелініп келеді. Б. з. д. І мыңжылдықпен б. з. І мыңжылдықтары тоғысында Шығыс Қазақстанда өмір сүрген Құлажорға тайпалық одағының элитасын жерленген киелі мекен Тарбағатай тауларының теріскей бетіндегі Қабдеке, Ақсуат қорымдарын болуы мүмкін деген тұжырым жасайды. Бұл тұжырым зерттеушілерді ғұн-сармат дәуірінде Шығыс Қазақстан мен іргелес өңірлерде жүрген этно-мәдени және этно-саяси үдерістерге соны тұжырымдар жасауға бағыттап отыр [Оралбай Е., 2013.]. 

Жоғарыда айтып өткеніміздей Тарбағатай аймағында әлі де болса зерттелінбей жатқан тарихи мұра ескерткіштері жетерлік. Сондай, ескерткіштердің бірегейі, элитарлық обалар тобына жататын Маңырақ ауылынан солтүстікке қарай Маңырақ тауларының ішкері бөлігіндегі жазықта орналасқан Бесоба қорымын айтуға болады. Қорым Шәкерім атындағы Семей Мемлекеттік университеті М. Қозыбаев атындағы тарихи зерттеулер институтының ғылыми қызметкерлері тарапынан жүргізілген тарихи-этнографиялық зерттеу жұмыстары барысында 2012 жылы анықталған еді. Қорымдағы обалар негізінен топырақтан үйілген, тек бір оба ғана тастан тұрғызылған, топырақтан үйілген обаларды айналдыра ор қазылған. Барлығы 10-ға жуық оба. Обалардың орларымен қоса есептегендегі орташа диаметрі 80-100 метр шамасында. Орташа биіктіктері 3-5 метр болып келеді. Бесоба қорымынның басты ерекшілігі негізі тізбектегі обалардың батыс жағынан орналасқан ғұрыптық мәні бар «сегіз тастар» болып табылады. Қорған маңындағы бұндай конструкциялық ғұрыптық құрылыс нысандары Орталық Қазақстан, Жетісу, Қырғызстан, Таулы Алтай аймақтарының археологиялық материалдары бойынша белгілі. Бұл ғұрыптық нысандардың атқарған негізгі қызметі туралы дискуссиялық мәселелер баршылық. Орталық Қазақстан территориясындағы Бақыбұлақ қорымынан анықталған №4 және №5 ғұрыптық кешендерден ертесақ кезеңімен мерзімделетін ат-әбзелдері табылған еді. Сөзсіз осындай олжалар ертесақ кезеңінің түйткілді мәселелері бойынша қалыптасқан тұжырымдарға түзетулер енгізері хақ. Осы орайда, ерте көшпелілер дәуірінде жүрген тарихи-мәдени үдерістердің қайнаған ортасында болған Тарбағатай өңірінде жаңадан ашылған, ерекше архитектуралық құрылымдары бар ескерткіштерді зерттеудің маңыздылығы арта түсуде. 

Тарбағатай ауданында жүргізілген тарихи-этнографиялық экспедиция барысында бұзылып жатқан тарихи-мәдени ескерткіштерде анықталды. Жамбыл ауылының ішінде орналасқан обаны ауыл тұрғыны тарапынан ауыр техниканың көмегімен үймесін күреу фактісі анықталды. 

ea468356cc61e99baf4f535c1e591ff8.jpg

Обаның сақталған бөлігі. Жамбыл ауылы

Тарбағатай өңірінде жүргізілген археологиялық барлау және зерттеу нәтижесінде тарихи-мәдени мұра нысандарын сақтау, қорғау ісі қолға алынбағаның анықтадық. «Жергілікті маңызы бар Тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізімін бекіту туралы» Шығыс Қазақстан облысы әкімнің қаулысында Тарбағатай ауданына қарасты аумақтан енген археологиялық ескерткіштер өткен ғасырдың 40-80 жылдары аралығында жүргізілген зерттеу жұмыстарының нәтижесінде анықталған ескерткіштер негізінде жасалынғаның байқауға болады (http://www. akimvko. gov. kz). Осындай олқылық себебінен Тарбағатай ауданы территориясындағы ескерткіштер «қара археологтар» тарапынан тоналып жатыр. Бізге мәлім болғандай, Қарой ауылының территориясындағы обаларды металл іздегіштермен қазу арқылы бір обадан ерте темір дәуіріне жататын ат-әбзелдері табылған. Сондай-ақ, Үштөбе ауылынан адамдарды жалдап, металл іздегіштермен қаруланған облыс орталығынан келген тонаушылардың обаларды қазу фактісі тіркелген. Аталмыш өңірде барлау жұмыстарын жүргізген т.ғ.к. Ғ. Омаров анықталған нысандарда соңғы уақытта тонаушылардың жаңадан қалдырылған іздерінің кезігетіндігін жазады. Аудан көлеміндегі археологиялық ескерткіштерді тонаушылардан әрекеттерінен сақтау үшін тарихи-мәдени мұра ескерткіштеріннің төлқұжаттарын жасап, оларды аудан орталығындағы тарихи-өлкетану музейінің қызметкерлерін тарта отырып, мониторинг жасау ісін жүйеге келтіру қажет. Республика көлемінде жеке тұлғаларға металл іздегіштерді пайдалануды заңнамалық тұрғыда тыйым салу керек. 

Айдын Жүнісханов, археология және этнология магистрі 

Сілтемелер: 

1. http://www. akimvko. gov. kz/kz/culture/pamyatniki-istorii-i-kulturyi. html 

2. Бобров В. В. К проблеме вертикально установленных объектов в погребениях эпохи бронзы Сибири и Казахстана // Северная Евразия от древности до средневековья: тез. конф. к 90-летию со дня рождения М. П. Грязнова. – СПб., 1992. 

3. Грязнов М. П. О монументальном искусстве на заре скифо-сибирских культур в степной Азии // АСГЭ, 1984. – Вып. 25. 

4. Оралбай Е.Қ. Тарбағатай теріскейіндегі 2013 жылғы қазба жұмыстарының қортындылары // Труды филиала Института археологии им. А. Х. Маргуланав г. Астана. – Астана: Издательская группа ФИА им. А. Х. Маргулана в г. Астана, 2013. – С. 131-139. 

5. Төлеубаев Ә.Т., Омаров Ғ.Қ. Тарбағатай теріскейінің жаңадан ашылған археологиялық ескерткіштері // «Бұзылып жатқан тарихи-мәдени ескерткіштерді зерттеу және оларды туристік нысандарға енгізудің өзекті мәселелері» атты далалық-семинардың материалдары. — Алматы: Қазақ университеті, 2011. 52–63 бет. 

6. Толеубаев А. Т. Некоторые результаты исследований и исторических реконструкций группы ученых КазНУ им. аль-Фараби по изучению эпохи бронзы и раннего железного века Казахстана // Археология Казахстана в эпоху независимости: итоги, перспективы: материалы международной научной конференции, посвященной 20-летию Независимости Республики Казахстан и 20-летию Института археологии им. А. Х. Маргулана КН МОН РК. – Алматы, 2011. Т. 2. – C. 23-40.

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?