Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қазақтың ханы Әбілқайырға мәңгілік тағзым

2591
Қазақтың ханы Әбілқайырға мәңгілік тағзым  - e-history.kz
Ханы мен батыры, биі мен шешені қатар жерленген көне «Хан моласында» Әбілқайыр ханның құрметіне мемориалдық кешен орнатылды

Ақтөбе облысында Қазақ хандығының 550 жылдығын мерекелеу аясында Әйтеке би ауданында Кіші жүздің ұлы ханы, жоңғарлардан азат ету күресінде біріктірілген қазақ халқы жасақтарына қолбасшы болған Әбілқайыр хан жерленген «Хан моласы» ортағасырлық қорымында қазақтың ең атақты хандарының біріне арналған мемориалдық кешен ашылды. 

Жалпы жоба құны – 257 млн теңге. Кешен кесене мен қазақтың үш жүзін бейнелейтін үш ту түріндегі стелладан тұрады. Туларда бүкіл қазақ руларының таңбалары басылған. Кешеннің биіктігі 23 метр. 

975d7d5e888595f2a54cb15031b15470.jpg

«Хан моласы» 1748 жылы Әбілқайыр хан өлтірілген кезде пайда болған. Ең соңғы рет 1945 жылы қыста қайтыс болған бір әйел жерленіпті. Қорымда Кіші жүзден негізінен алтын, жаппас, шөмекей рулары мен бірен-саран шекті руының өкілдерінің зираттары бар. Сонымен қатар, бұл қорымда жатқандардың жартысына жуығы – орта жүздің арғын руының адамдары. Жалпы, бұл жер Әбілқайыр ханның жайлауы болып саналады. 

Әбілқайыр хан бабаларының бастауымен қазақ жауынгерлері Сайрам, Түркістан жәнеТашкент қалаларын қорғау жолында ерен ерлігімен көзге түсті. 1728 жылы қазақ әскері жеңіске қол жеткізді. Бұл шайқастар Ұлытау тауларында, Қарасиыр жері мен Бұланты өзенінің бойында болды, мұнда қазақтар қонтайшының ұлы басқаратын экспедициялық корпусты талқандады. 

e4d1b9803dc56fa9186a882f2f7e5dea.jpg

Бұл жеңістен кейін халық көкейінде жеңіске қол жеткізуге болады деген сенім ұялады. Басқыншыларға қарсы халық жұмыла көтерілді. 1730 жылы көктемде Балқаштың оңтүстік шығысындағы Итішпес елді мекенінде Әбілқайыр бастаған қазақ әскері жауларды тағы талқандады. Жоңғарларға қарсы жүз жылдық соғыста қазақ халқы өзгерісті кезеңге аяқ басты, жеңіске бір табан жақындағандай болды. 

Ақтөбеде мерейтойды атап өту барысында Әбілқайыр ханның ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі, қолданбалы өнер шеберлерінің халықаралық жәрмеңкесі, фотокөрме, аймақтық ақындар айтысы, ғылыми конференция, Сайрам шайқасының қатысушысы, батыр Тілеу Айтұлына арналған ескерткіштің ашылу салтанаты болып өтті. 

cae2f828bf665990226e064e9f96e366.jpg

Әйтеке би ауданындағы Толыбай ауылында елдің бірнеше аймағынан жиналған фольклорлық ансамбльдер фестивалі өтті, этноауыл ашылды, концерттер, ат спорты жарысы және халық жарыстарының басқа түрлері өтіп, Әбілқайыр ханның мұражайы ашылды. Мемориалдық кешеннің ашылуына елдің көптеген аймақтарынан, көршілес Ресейден қонақтар, Қазақстанның мемлекет және қоғам қайраткерлері, Парламент депутаттары, хан ұрпағы жиналды. 

Шара барысында Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев, Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов, ҚР Парламент Сенатының депутаты Елеусін Сағындықов, Мәдениет және спорт министрлігінің жауапты хатшысы Қуатжан Уәлиев, ҚР Ұлттық мұражай директоры Дархан Мыңбай, жобаның бас сәулетшісі Бек Ыбыраев және тағы басқалары сөз сөйледі.

b607a9ade192e09929f8d4174b37e0d0.jpg

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?