Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Айн Джалут шайқасы

2704
Айн Джалут шайқасы  - e-history.kz
Тарихшылар шайқас мұңғұлдардың ұранымен басталғанын жазады. Әл-Мақризи: «Мұсылмандардың жүрегінде үлкен қорқыныш бар еді», – дейді

Айн Джалут – Палестинадағы Назарет қаласының маңындағы елді мекен. Байсан қаласының солтүстік-батыс жағында, Джалут өзенінің бойында орналасқан. Осы елді мекенде 1260 жылдың 3 қыркүйегінде мәмлүк әскері мен Кетбұқа ноянның түмені кездеседі. Құтыз сарбаздарының саны қырық мыңдай, Кетбұқа ноян әскері шамамен он мың болатын. Хулагу әскерінің үш мыңын армян, грузин жасақтары құрайды. 

Һижраның 658 жылы рамазан айының 15-і күні, яғни 1260 жылдың 3 қыркүйегінде таңертең екі жақ шайқас алаңында бетпе-бет келеді. Мұңғұл әскерінің алдына ақбоз ат мініп, мұңғұл әдеті бойынша екі қолына екі қылыш ұстаған қолбасы Кетбұқа ноян шығады. Қарсы жақта шұбар ат мініп, Құтыз сұлтан тұрады. 

Тарихшылар шайқас мұңғұлдардың ұранымен басталғанын жазады. Әл-Мақризи: «Мұсылмандардың жүрегінде үлкен қорқыныш бар еді», – дейді. Мәмлүктер де дабыл қағып, шайқасқа кіруге белгі береді. 

5550d2261306634191b61940403aeb39.jpg

Кескілескен ұрыстан соң Құтыз мәмлүктері мұңғұл әскерінің сол қанаты мен ортасынан бөліп, сол қанатын толық қоршауға алады. Сөйтіп, сан жағынан аз мұңғұл әскері екіге бөлініп, қоршауда қалады. Мұңғұл жаяу әскерін мәмлүк атты әскері қуып жүріп қырады. Сол күні мұңғұл әскері талқандалып, жеңіс мәмлүктерге бұйырады. Талай шайқастарда жеңіліс дәмін татып көрмеген мұңғұлдар Палестина жерінде жусап қалады. Құтыз сұлтан аттан түсіп, намазға жығылады, сақалын жас жуып, жауды жеңіп, аталарының кегін қайтаруға күш берген Құдайға ризашылығын білдіреді. 

Тарихшылар Кетбұқа ноянның соңғы сағаттарын тәптіштеп жазып қалдырған. Бір деректер бойынша соңғы жауынгері қалғанша соғысқан Кетбұқа ноян атынан құлап, қолға түсіп, Құтыз сұлтанның алдына әкелінеді. Құтыз оған: «Жазықсыз адамдардың қанын төккен, ұлы батырларды өтірік уәделермен, ақсүйек отбасыларын жалған сөздермен алдаған оңбаған, ақыры орға түстің бе?» – дейді. Кетбұқа ешбір тайсалмастан: «Уақытша жеңіспен өзіңді алдама. Менің өлімім туралы хабар Хулагу ханға жетісімен, ол теңіздей буырқанып, мұңғұл әскері Әзірбайжаннан Мысыр қақпаларына дейінгі жерлерді таптап шығады. Мен туғаннан ханның құлымын, сен секілді иемді өлтіріп билікке ұмтылған жоқпын», – деп жауап береді. Ноянның басы шабылып, Каир көшелерімен алып жүреді. Кейін қала қақпаларының біріне ілінеді. 

d0d2ba3cc018d0c7f6963062b3eec0f6.jpg

Енді бір деректер бойынша, Кетбұқа шайқаста қаза табады. Тарихшы Тәңірберді: «Кетбұқа ноянның татарлар арасындағы орны ерекше еді. Оның сөзі, батырлығы және ісі әрдайым есепке алынып отыратын. Ол ержүрек, батыл, нағыз соғыс шебері еді. Парсы жерін және Иракты жаулап алған Кетбұқа ноян болатын. Хулагу хан оған толық сенетін, ешқашан қарсы келмейтін, сөзін жерге тастамайтын. Кетбұқаның шайқастары туралы таңғажайып әңгімелер айтылатын», – деп жазады. 

Ал Кутбуддин әл-Юнини: «Татарлар Баалбекті құрсауға алғанда Кетбұқа ноянды көрдім. Жалбыраған ұзын, жұмсақ сақалды, кейде оны құлағына іліп қоятын әдемі қария. Салтанатты, өктем болатын. Қамалды көру үшін мешітке кіріп, мұнарасына шығады. Кетбұқа ноян Құтыз сұлтанның әскерін жеңемін деп ойлады. Құтыз әскерінің оң қанатын тас-талқан етті, алайда Құдай жеңісті мұсылмандарға береді. Осы шайқаста Кетбұқа ноян қаза тауып, ұлы тұтқынға түседі. Әдемі жігіт екен, Құтыздың алдына әкелгенде одан: «Әкең қашып кетті ме?» – деп сұрайды. «Ол ешқашан қашпайды», – деп жауап береді ұлы. Біраздан соң Кетбұқа ноянның денесі өлгендердің ішінен табылады. Әмір Ақұш аш-Шамсидің қолынан қаза тапқан екен. Баласы оны көргенде қатты жылап, жоқтау салады. Құтыз сұрауға алғанда ол: «Кетбұқа —– татарлардың бақыты еді, енді олардың бағы тайды», – дейді. Шынында солай болады. Иран елхандары қанша тырысқанымен, мәмлүктер оларға беріспейді. «Мәмлүктерге қарсы шайқастарда мұңғұлдар бірде-бір рет жеңіске жете алмады», – деп жазады. 

d9784d992223365a4482c415c4de4a94.jpg

Араб тарихшылары мұңғұлдардың жеңілу себебінің бірі ретінде Ұлы ханның өліміне байланысты Хулагудың Қарақорымға сапар шеккенін алға тартса, ортағасырлық мұсылман тарихшылары оған кереғар мәліметтерді келтіреді. Олардың айтуы бойынша, Хулагу хан ол кезде Тебриз қаласында болған. Әл-Юнини: «Мұңғұл әскерінің Айн Джалут жерінде талқандалуы сол кезде Кіші Азияда Тебризде отырған Хулагу ханның ашу-ызасын тудырады. Ол империяның шығыс жағындағы иеліктерін кеңейткені үшін өзін Ұлы хан сайлайды деген сеніммен құрылтайға қатысуға аттанады. Бірақ Тебриз қаласына келгенде Құбылай Ұлы хан болып сайланғандығы туралы хабар келіп жетеді». Ұлы ханды сайлау батыс иеліктердің хандарының қатысуынсыз өткендіктен, Шыңғыс ханның шешімі Яссысының талаптарына қайшы келіп тұрса да, ағасына деген құрметі үшін Хулагу аталған шешімді қабыл алады. Ол Дамаскіге қайтып бара жатқан Шам билеушісі Салахуддин Юсефті жарты жолдан қайтарып алады. «Мысыр елінде мәмлүктер аз, айтарлықтай күштері жоқ деп мені алдадың. Сенің сөзіңе сеніп, мен аз әскер жұмсап, жеңіліске ұшырадым», – деп қасындағы нөкерлерімен қоса бастарын шабуға әмір береді. Баласын қоса өлтірмекші болады. Алайда Хулагудың жұбайы Тоқыз қатын баланы өлімнен арашалап алып қалады». 

0388da62755fe447e5f524c7ab8973c2.jpg

Бейбарыс сұлтан 1260 жылы Айн Джалут шайқасы болған жерге «Жеңіс белгісі» деген атпен әйгілі болған ескерткіш тұрғызады. Бұл жеңіс құрметіне тұрғызылған бірден-бір ескерткіш болып табылады. Айн Джалут шайқасы Ислам тарихындағы өте маңызды шайқастардың қатарына жатады. Мұңғұлдар бірінші рет күйрей жеңіліп, Кетбұқа ноян бар әскерінен айырылаы. Хулагу кек қайтармақ болып, жаңа жорық жасауға ұмтылғанымен, сол кезде қалыптасқан жағдайға байланысты бұл ойын жүзеге асыра алмайды. Айн Джалут шайқасынан кейін мәмлүктер тек Мысыр жерін ғана емес, Евфратқа дейінгі аймақты түгел билейді. Аюбидтер тұқымының билігінен кеткен иеліктерді біріктіріп, Мысыр мен Шам елін бір орталыққа бағындырады. Араб тарихнамасы Айн Джалуттағы мәмлүктердің жеңісі ислам әлемін ең қатерлі қауіптен құтқарып қана қоймай, ірі мұсылман мемлекетін сақтап қалды деп бағалайды. Сонымен қатар осы шайқас екі ғасыр бойы Таяу Шығыста бірден-бір өктем күшке айналған мәмлүктерді саяси сахнаға шығарды. 

Қайрат СӘКИ, арабтанушы 

«Құтыз сұлтан» // «Парасат» журналы, № 7, 2001. – 21-22-бб.

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?