Әбдіуақап Қара, ғалым, жазушы, тарих ғылымдарының докторы, Мимар Синан атындағы Ыстамбұл университетінің профессоры:
Бүгін біз елордасы Астана қаласында Қазақ хандығының 550 жылдық мерейлі тойын атап өтудеміз және халықаралық көлемде ғылыми конференция өткізіп, жан-жақты зерттеп, зерделеп, талқылап жатырмыз. Ең алдымен осы қазақ халқын Қазақ хандығының 550 жылдық торқалы тойымен құттықтаймын. Біздің Мәңгілік ел идеясын айғақтайтын құбылыс кешегі 25 жылдық тәуелсіздік қана емес, одан бұрынғы сан ғасырлық бай тарихы жатқандығы барша қазақ болып түсінуімізде, ұққанымызда.
Қазақ хандығы қазіргі кезде тілге жеңіл айтылғанымен, өз заманында айтулы мемлекеттердің бірі болғаны аян. Өйткені қарап отырсақ, 1465 жылы іргесі қаланған ел Кенесарының туы жығылған 1847 жылдарға дейін 4 ғасырға жуық өмір сүрген мемлекет болып есептеледі. Әлем мемлекеттерінің тарихына қарап отырсақ, мұндай уақытқа дейін ғұмыр кешкен мемлекеттер некен-саяқ. Дүркіреп тұрған Совет Одағы дейміз, мұның өзі 70 жылға дейін әрең шыдады. Мұны салыстырмалы түрде алатын болсақ, Совет одағы өмір сүрген уақыттан 4-5 есе артық, ұзақ уақыт өмір сүрген Қазақ хандығының іргелі мемлекет екенін шамалай беріңіз. Біз осындай мемлекеттің ұрпағы ретінде қалай мақтансақ та жарасады. Егер біз өзімізді Алтын Орда империясының заңды мұрагері ретінде есептесек, онда біздің мемлекетіміздің тарихы тереңге кетеді, ежелгі сақ, ғұн, түркі империяларын қосып есептегенде 2500 жылдық тарихымыз бар қуатты, іргелі ел болғанымызды айқындаймыз.
Қазақстанның ХХІ ғасырдың басындағы ең үлкен жетістігі болып саналатын Астана қаласында Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойының салтанатты түрлде ашылып, жоғарғы деңгейде өтуі үлкен мәнге ие. Біз осы ұлы жиынға өз тарапымыздан не қоса аламыз, нендей еңбек сіңірсек болады дегенді ойлап, тарихшы ғалым ретінде ғылыми конференцияға арнайы бір баяндамамен қатысып отырмын.
Былтыр Англияда 1736 жылдары Қазақ даласына саяхат жасаған ағылшын жиһанкезінің сапарнама жазбалары кітап болып жарық көрді. Джон Касл есімді бұл саяхатшы Қазақ хандығын аралап, өлкемен танысып қайтқаннан кейін оның шығармасы алғашында 1784 жылы Рига қаласында неміс тілінде жарияланады. Кейін зерттеушілерден Оксфорд университетінің ғалымы Биетрис Тетлер деген ханым осы Ресей патшалығына қатысты кітаптың, Қазақ хандығына арналған бөлігін ағылшын тіліне аударып жарыққа шығарған.
Бұл кітаптың құндылығы сол: біріншіден, шығарманы жазушы адам Қазақ хандығына келген алғашқы саяхатшыларды бірі болғандығы; екіншіден, ол кездің өзінде қазақ даласын аралап әр түрлі мақсатта орыс зерттеушілері келіп кетсе де, бұл жиһанкездің ұлты орыс болмауында; үшіншісі, ең қызығы, бұл саяхатшының сонымен қоса суретшілігі. Әбілқайыр ханның портретін салған, хан ордасының ішкі-сыртқы суреттерін, әр түрлі адамдардың кейіптері, тіпті қазақтың сәлемдесу дәстүрінен 12-13 кескін салыпты.
Бүгінгі жасаған баяндамамызда осы кітапты таныстырдық. Кітап авторы еркін стилді таңдап, қай жерде қандай дәстүрді көріп таңданғанын, кейбір рәсімдердің ұнамай қалғанын ашық жазып қалдырған. Қазақтың ұлттық этнографиялық құндылықтары хақында, діни наным-сенімдері жөнінде көптеген қызықты фактілерді келтіреді.
Менің мұндағы мақсатым – осы ағылшын тілінде жарық көрген кітапты ендігі кезекте қазақ тілді оқырмандарға таныстыру, олардың қолына тиюіне мүмкіндік жасау.
Қазақ хандығының 550 жылдығында той тойлау мұрат емес, сонымен бірге ойлау да болып жатыр. Қазақ хандығының жетістіктері, кемшіліктері, сол кезеңде орын алған оқиғалар мен тағдырлы тұлғалар жайлы, мемлекеттің әлем тарихында алар орны туралы да алыс-жақыннан келген ғалымдармен бірлесіп, талқылап жатырмыз. Өйткені, біз өз тарихымызды өзіміз бағаламасақ, әлем елдеріне танытпасақ, онда біздің елдіміз қайда?! Мықты ел болу үшін, мәңгілік ел болу үшін ең алдымен ұлттық тарихы жақсы білуіміз керек.