Қазақ хандығының 550 жылдық мерейлі тойы Астана қаласының Тәуелсіздік сарайында Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың салтанатты түрде ашып беруімен басталды. Еліміздің әр жерінен, шалғай өңірлер мен елдімекендерден және алыс-жақын шетелдік қонақтардың алдында Қазақстан халқын ұлы тойымен құттықтаған Елбасы тойдың маңызы мен тағылымына тоқталды.
Тойдың ең қызығы, «Барыс» мұзайдын кешенінде өткізілген «Мәңгілік ел» театрландырылған қойылымы болды. Заманауи құрал-жабдықтардың және арнайы эффектілердің көмегімен дайындалып жұртшылық назарына ұсынылған көрініс бір сағаттан артық уақытта көрермендерін тәнті етті. Салтанатты шараны біздің оқырмандарымыз порталымыздың онлайн желісімен тамашалй алды.
Театрландырылған қойылым жалпы мазмұнына Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тарих толқынында» атты кітабы арқау болды. Көрініс бірнеше бөлімге бөлініп, қазақтың ұлы тарихынан сыр шертті. Мерекелік қойылым барысында Елбасының жоғарыда аталған кітабының ең өзекті тұстары парақтарда көрсетіліп, ара-тұра тарих кезеңдері бойынша Президенттің өз бейнесімен берілген сұхбаты көрсетіліп тұрды.
Сахна әсем безендірілген. Аспан мен жерді байланыстырған бұл композицияның ортасында Ұлы Даланың тарихы жазылған Үлкен кітап орналасқан. Кітаптың әрбір парақтарында ұлт тарихы жазылған. Одан кейін пайда болған Өмір ағашы Ұлы Дала сахнасына тамырын жайғанын көрсетті. Бәйтерек – Өмір ағашы, Мәңгілік символы. Мерекелік салтанат әйгілі британ композиторы К. Дженкинстің «Туған жер» хореографиялық композициясы орындалуымен басталып, қазақ аспанын, әлем кеңістігін еркін шарлаған Қыран құс шынайы ұшып өткендей әсер қалдырды.
Қазақ хандығының түпнегізі туралы Елбасы Н. Назарбаевтың андронов мәдениетіне қатысты пікірі берілгеннен соң, Ұлы Даланың халықтары сақ, сармат, ғұн тайпаларының көрінісі бейнеленген «Сақтар» композициясында батыр бабаларымыздың ел қорғаған, «күндіз отырып, түнде ұйықтамаған» келбеті елестеді.
Алғашқы бөлім бойынша көрністердің шарықтау шегі – «Алтын адамның» ортаға қарай келуі. Алтынмен апталып, күміспен күптелген ең жоғарғы мәдениет нышандары көз алдыда. Батыстағы Хинган тауларынан бастап шығыстағы Альпі тауларына дейінгі ұлан-ғайыр аумақты Қлы Дала деп атаса, сол аумақты мекендеген ежелгі тайпалардың ортасы сол кезең бойынша ең жоғарғы өркениет деп саналғанын қазіргі ғылым мойындайды.
Ұлы Жібек жолы, Шыңғыс хан империясы, отырықшы ел мәдениеті мен Ұлы Даланың тұлпарының шабысын көрсету арқылы тарих парақтары ашылып, жылжып жатты. Биылғы бекітілген тарихи тақырып – Қазақ хандығының 550 жылдығы бойынша Қазақ Ордасының ту тігіп, шаңырақ көтерген сәті бейнеленген. Онда ұлыс басшысы Керейді ақ киізге көтеріп, Құран ұстап, ант беру, бір сөзбен айтқанда, хан сайлау рәсімінің жай-жапсары анық суреттелді. Хан сайлау рәсімі – тек өркениетті елде ғана құрылған ең маңызды нышан.
Тайқазан – қазақ тарихының, мәдениетінің бір бөлшегі. Бірліктің, елдіктің, молшылықтың символы деп саналады.
Тарих кезеңдерінің кезекті бөлігінде Совет үкіметінің басталуы мен аяқталуына дейінгі оқиғаларды тұлғаларымен қатар суреттегенде адамзаттың ғарышты игеруінен «Семей – Невада» қозғалысының құрылып, Семей ядролық полигонының жабылуына аттап кетті. Екі ортадағы тәуелсіздік үшін айтпауға болмайтын аса маңызды оқиға қамтылмай қалды.
«Қазақ тарихы – бірігу мен тұтастану тарихы», – дейді Президент Н. Назарбаев. Қазақтың өрімдей бүлдіршіндері 550 домбырашы болып, бір мезгілде күй тартты. Қазақстан қарулы күштері сарбаздарының орындауында өткен ғажайып көріністер тартымды-ақ. Адам санымен жазылған «550», «KZ», «Болашақ», Қазақстан картасы, т. с. с. қойылымның көркін аша түсті.
Түркі тілдес мемлекеттер – Қазақ елінің мәңгілік достары. Ұлы тойға арнайы келіп, қуанышпен бөліскен алыс-жақын шетелдік қонақтар қазақ елінің мызғымас беріктігіне, қылаудай сызат түспеген ынтымағына шын сүйсініс білдірді.
Бастауын бір жерден алатын, тамыры бір, мәдениеті егіз халықтардың ұлттық мәдениеті де шарадан тыс қалмады. Қазақтың бірлігін ұстап тұрған ұғым толеранттылық деп аталады. Елінде этникалық кикілжіңдер болмайтын біртұтас Қазақстан әлемге үлгі.
Еліміздің ең атақты театр ұжымдары, оның ең таңдаулы артистері, әлемге қазақ атын шығарып жүрген ұлы әншілер шоғыры, жас эстрада жұлдыздары, аса танымал өнер қайраткерлері мен ұлы тойға үлес қосқан баршы көпшіліктің ерен еңбегінің арқасында естен кетпес мерекелік кеш өтті. Осылайша халық пен тарихты, уақытты біріктірген «Мәңгілік ел» мерекелік қойылымының финалы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранын бірге шырқаумен аяқталды.
Алайда, Қазақ хандығының 550 жылдық тойы мұнымен біткен жоқ, бұл бастамасы ғана.
Заңғар КӘРІМХАН