«Қазақ Елі» монументінің алдындағы алаңда басты халықтық серуен өтетін этноауыл салынуда. Барша қазақстандықтар аталған тарихи датаны алдағы демалыс күндері, 11-13 қыркүйекте атап өтеді. «Қазақ Елі» алаңында 50 киіз үй тігіліп, екі үлкен сахна, спорт алаңдары, алтыбақандар, тайқазан және т.б. орнатылды.
Ұйымдастырушылар қала тұрғындары мен қонақтарының назарына қызықты ойын-сауық және концерттік бағдарлама ұсынады. Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан облыстары, сонымен қатар, Астана мен Алматы қалаларының үздік шығармашылық ұжымдары үш күн бойы өз өнерлерін ортаға салады.
Еліміздің әр өңірі үздік хореографиялық ұжымдардың, ансамбльдердің, халық және эстрада өнері солистерінің қатысуымен өтетін концерттік бағдарламадан басқа, көрермендер назарына «Қазақстанның ежелгі қалалары» бейнепрезентациясын, «Қазақ ұлттық киімінің тарихы арқылы халық тарихын жеткізу» атты сән фестивалін, «Сиқырлы би әлемі» би фестивалін, «Бірлігіміз жарасқан» атты Қазақстан халқы достығы концертін, «Ғасырлар үні» этно-концерті ұсынылады. Бұдан басқа, этноауылда жетім балаларға арналған экскурсия және астаналық дарынды жастардың қатысуымен концерт өткізіледі.
Этноауылда қазақ күресі, арқан тарту, тоғызқұмалақ, бұқа тартыс, арқан тартыс, асық ату сынды ұлттық спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылады. Жеңімпаздар дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталады.
Мерекелік шаралар бағдарламасына сәндік-қолданбалы өнер көрме-жәрмеңкелері, халық шеберлерінің шеберлік дәрістері енгізілді. Барлық облыстардың ұлттық киім киген өкілдерінің шеруі үш күнге жалғасатын мерекенің көркін келтірмек.
Парад 12 қыркүйекте сағат 10.00-де «Қазақ Елі» монументі алдындағы алаңда өтеді. Осы күні сағат 19:00-де өңірлердің ең үздік номерлері гала-концертте көрермендер назарына ұсынылады.