Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Заңдар тарихы: Қазақ хандығынан тәуелсіз Қазақстанға дейін

6304
Заңдар тарихы: Қазақ хандығынан тәуелсіз Қазақстанға дейін  - e-history.kz
Қазақ хандығының заңдарынан бастап тәуелсіз Қазақстанның Конституциясына дейінгі жолына тарихи шолу

Алда «Қазақ мемлекетінің қалыптасуының 550 жылдығы», «Ата заңымызға 20 жыл» мерейтойлары келе жатыр. 30 тамыз күні ел болып ҚР Конституциясының 20 жылдығын қарсы аламыз. Соның ішінде мемлекетті заманның мүмкіндіктері мен талаптарына түрлі ереже, заңнамалық уставтар, құқықтық шешімдер арқылы реттеп отыратын Атазаңымыздың алар орны ерекше. 

Тарихқа кері шегінер болсақ, тәуелсіздікке ие болған Қазақстанның ең басты қадамы Конституцияны қабылдаумен тұтастай байланысты. Бұл туралы: «Тәуелсіздігімізді алғаннан кейін бізге бүгінгі өмір шындығымен және алдағы уақытпен бірге қадам басып, өткен ұрпақтың іс-тәжірибесі мен жарқын болашаққа деген сенімді жинақтаған Негізгі Заң қажет болды. Тәуелсіз Қазақстанның Конституциясы ашық және демократиялық қоғам орнатудың негізгі принциптерін баянды етуге тиіс болатын», – деп жазады Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Қазақстан жолы» атты кітабында. 

Осылайша, ел егемендігінен кейінгі 1993 жылы қабылданған Қазақстан Республикасының алғашқы Конституциясы егемендік тарихындағы ең демократияшыл құжат болып табылған еді. Еліміздің Конституциясы 1995 жылы 30 тамыз күні республикалық референдумда қабылданып, сол жылдың 5 қыркүйегінде күшіне енгені белгілі. Алайда, Қазақстанның Конституциялық тарихы қазақ хандығы тұсында қалыптасқан заңнамалық құжаттармен де өлшенеді. Ендеше назарларыңызға Атазаңымыздың қалыптасу тарихынан біраз қызықты деректер бөліссек. 

e45c3df3df3cc23c61f2ff74b62f5916.jpg

Қазақ хандығы тұсында алғашқы заңнама құжаттарымыз әзірленді. Алғашқы дала заңдары жинақтарының авторы – Қасым хан. Тарихта «Қасым ханның қасқа жолы» деген еңбек қалды. Ендеше қазақ тарихындағы тұңғыш заңнамалық құжат – «Қасым ханның қасқа жолы». Көрнекті қазақ заңгері, академик С. Зимановтың пікірі бойынша, «Қасым ханның реформалары ғасырлар бойы тұтастай қалыптасқан көшпелілер өмір салтына нұқсан келтірместен белгілі бір жаңалықтар енгізді, әрі олар көлемді болды». Сонымен қатар, олар «жаңалығымен бірге, көшпелі қауымдарда күші бар немесе бір кездері күші болған ел керегіне жарайтын, құқықтық нормаларды жаңа тілектерге сай етіп қолдану тәртібіне арналған ережелер болды», – дейді құқықтанушы ғалым. 

Қасым ханның заңдары бес бөлімнен тұрған. Оның бірінші бөлімі мал, мүлік және жерге байланысты баптарға, екінші бөлімі қылмыс пен жаза, үшінші бөлімі әскери қызмет тәртібі мен оны бұзғандарды жазалау тәртібі, төртінші бөлімі халықаралық қатынастар тәртібі, бесінші бөлімі түрлі дәстүрлерге арналған. 

Қасым ханның заңдары негізін ала отырып, толықтырулар енгізіп, қазақ халқын тәртіп пен заң алдында тең ұстаған құжаттың бірі – «Есім ханның ескі жолы». Авторы – қазақтың ханы Есім хан. 

Қазақ хандығының үшінші заңдық құжаты – Тәуке ханның «Жеті жарғысы». «Жарғы» сөзі қазақша әділдік, шешім деген ұғымды білдірген. «Жеті жарғы» – жеті әдеттік құқықтық жүйеден тұратын қоғамдық қатынастарды реттейтін құжат. Заңдық құжатта жер дауы, жесір дауы, құн дауы, бала тәрбиесі және неке, қылмыстық жауапкершілік, рулар арасындағы дау, ұлт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері қамтылған. 

Тәуке хан бұрыннан қалыптасқан дәстүрлі әдеп-ғұрып заңдары мен өзінен бұрынғы хандардың тұсында қабылданған «Қасым ханның қасқа жолы» мен «Есім ханның ескі жолын» одан әрі жетілдіру арқылы жаңа заң жүйесін жасауға тырысты. Үш жүздің игі жақсылары мен билерін жинап, оның ішінде атақты Төле би, Қазыбек би, Әйтеке билер бар, Күлтөбенің басында «Тәуке ханның Жеті жарғысы» деген атауға ие болған заңдар жиынтығын қабылдады. 

Жеті жарғыға сүйенген қазақ билері ел ішіндегі дау-жанжалдар мен саяси маңызы бар мәселелерді тиімді шеше алды. Жаңа заң жүйесі қазақ халқының өмірлік мәселелерін барлық жағынан қамтыды, соның нәтижесінде Тәуке ханның билік еткен тұсы Қазақ хандығының барынша күшейіп, дәуірлеген кезі болды. Жеті жарғыдан кейін арнайы атаулы заң жүйесі жасалмағандықтан және «Жеті жарғының» өзі талап, тілекті қанағаттандырарлық деңгейде болғандықтан, оның көптеген жол-жобалары мен қағидалары ХХ ғасырдың басына дейін қолданылып келді. 

«Абақ керей ережесі» немесе «Төрт би, төре заңы». Қазақ қоғамындағы ел басқару ісінде билерге айрықша мәртебе берілген «Төрт би, төре заңының» негізі «Жеті жарғыдан» алынған. Заңнамалық құжат – абақ керейдің ХХ ғасыр басындағы ішкі ахуалынан хабар беретін құнды құжат. «Төрт би, төре заңы» қазақтың ата заңдарының ішінде төре мен қарашаның арасына жарықшақ түсірмей, ақсүйек пен қарапайым жұртшылықты «теңдік» принципіне жүгіндірген тұңғыш заңнама. 

Сонымен бірге, «Төрт би, төре заңы» көшпелі өмір қатынасын дәуір талабына сай реттеген заңнама болды десек, қателеспейміз. Өйткені, бұл құқықтық құжатта сол кездегі қазақ қоғамының барлық ерекшеліктері қамтылған. «Төрт би, төре заңы» 17 тармақтан, 35 баптан тұрады. Онда «үйлену, некеге тұру жайында», «жарлы-жақыбай, кедейлерге жәрдем ету, қол ұшын беру турасында», «несие, қарыз талап ету жайында», «бөгдені жәбірлеу, мұқату», т. б. қағидалар бекітілген. Заң тармағын Қытай мен Моңғолияда тұратын керей тайпасының бір тармағы болып табылатын абақ керейлер ұстанған. Моңғолия Ғылым академиясының Тарих ғылыми-зерттеу институтының қорынан табылды. Бұл ереже «Қазақтың әдет-ғұрып құқығының материалдары» атты жинаққа 1996 жылы алғаш рет енді.

«Абай ережесі». 1885 жылы мамыр айында Қарамола жерінде орта жүз рулары бас қосқан жиын өткізілді. Оған жүзден астам билер қатысты. Бес дуанның болыс билері бас қосқан жиында 73 баптан тұратын «Ереже» қабылданды. Ережені Абай бірнеше күнде жазып шыққан. 

6bcfd36abdc71defd9705ef5b2f0747a.jpg

Бұл туралы философ, ғалым Асан Омаров «Абай: ашылмай келген қырлары» атты монографиялық еңбегінде: «Шабыты шалқығаны емес пе, жиылған би болыстарға арналған Ережені Абай 3-4 күнде дүниеге әкелген. Сол 73 баптан тұратын жаңа заңды баршасы – болыс, билер һәм ұлықтар мақұлдап, ереже астына қолдарын қояды», – деп жазады. 

Далалықтарға, яғни қыр халқына ғана тән әдет-ғұрып, дағды-машықтар ұлы дана Абайға жақын әрі түсінікті еді. Ол ережеге көп өзгертулер, түзетулер қосып өңдеді. «Абай ережесі» қамтыған кейбір дәстүрлерде өзіндік ерекшеліктер мен жаңалықтар байқалды. Бұл Абайдың туған халқының мүддесі жолындағы күресте жеткізген тарихи жеңісі еді. Заң алдындағы жауапкершілік өмір талабына сай өзгертілген. «Абай әдет-ғұрып мәселесін заманға сай лайықтап, халық пайдасына шешті, кем-кетіктің, әсіресе әйел провасын», – жақтады дейді көрнекті зерттеуші ғалым Әуелбек Қоңыратбаев. Бұл ереженің жазылуы жоғарыда айтып отырған Қарамола сьезінің басты тарихи оқиғасы болды. 

Ал тұңғыш қазақ конституциясының жобасын әзірлеген – Барлыбек Сыртанов. Ол 1911 жылы «Қазақ елінің Уставы» деп аталған құжаттың жобасын әзірледі. «Қазақ елінің уставы» құжатының негізгі идеясы – дербес ұлттық егемен мемлекетті қалыптастыру. Устав төрт бөлімнен тұрды. Қазақ елі республикасының жеке болуы турасында, адам баласының хұқы турасында, қазақ жері турасында, сот турасында. 

584e33980d5402995346523944d576bf.jpg

Барлыбек Сыртанов заңдық кодектерін құра отыра, қазақ халқының мүддесін қорғап, өз ағайындарының заң алдында құқықтық сауатын ашуға мейлінше ықпал етті. Заңның мүмкіндігін, қала берді өзінің беделін салып жүріп талай қазақ-қырғыздың кеткен ақысын қайтарып береді. Бұл жөнінде М. Тынышпаев: «Теңдікке қолы жетпегендер Барлыбек, Тұрлыбекке жылап келіп, теңдік алып, мауқын басушы еді, һеш кімді я жылатып, я жылатпауға Барлыбек, Тұрлыбек себепкер болған емес. Бұлай болған соң бүтін бір облыс орыс-қазақ-қырғыз Барлыбек, Тұрлыбектің сөзінен еш уақытта шыққан емес», – деп жазған еді. 

8262575a468d126961bc5e83f0124842.jpg

Бірақ бір өкініштісі, бұл конституция қабылданбай қалды. ХХ ғасырдың басында ұлт зиялылары құрған «Алаш» партиясының бағдарламасына кейбір конституциялық міндеттемелер енді. Алғаш болып 1917 жылы «Қазақ» газеті сол заңнамалық құжаттарды газет бетінде жариялады. Алаш зиялылары құрастырған конституциялық міндеттемелер еуропалық мемлекеттердің заң кодекстеріне сәйкес келді. Құжатта жаңа озық идеялар көрініс тауып, ұлттық автономия құру, сайлаудың жалпы сипаты, мемлекет билігі мәселелері көрсетілді. 

79fd1189e5b9d661cc9ca168a8806f5f.jpg

Совет үкіметі тұсында Қазақстанда екі Конституция қабылданды. Біріншісі 1937 жылы 20 наурызда қабылданды. Бұл құжат бойынша Кеңес Одағының құрамында Қазақ ССР құрылды. Екінші заңнамалық құжат 1978 жылы бекітілді. 1993 жылғы тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Конституциясының жобасын әзірленді. Қазіргі Конституциямыз 1995 жылы 30 тамызда қабылданды. Сол уақыттан бері Ата заңымызға үш рет толықтырулар енгізілді. ҚР қазіргі Конституциясына толықтыруларды енгізу үшін тиісті заңдар 1998 жылғы 7 қазанда, 2007 жылғы 21 мамырда, 2011 жылғы 2 ақпанда қабылданды. Қазіргі заңнамалық құжатымызды әзірлеуде Елбасы Н. Назарбаев көптеген мемлекеттердің конституцияларын қарастырып, шетелдердің тәжірибесін зерттеді. Көптеген заңгерлер, тарихшылар біздің Ата заңымызды Франция Конституциясымен ұқсас деп жатады. 

Алтынбек ҚҰМЫРЗАҚҰЛЫ

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?