Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Құтты мекен – Қарқаралы

4386
Құтты мекен – Қарқаралы - e-history.kz
Арқаның кербез сұлу, құт мекені – Қарқаралы. Ғажайып сұлулықтың тәж ордасы болғанынан бөлек қазақтың шежірелі тарихы да. Кие қонған, құтты мекен Қарқаралы қаласына 191 жыл толып отыр.

Кент таулары мен Қарқаралының баурайында той еш тарқаған емес. Кең даланы көгілдір таулары мен таңғажайып көлдермен бөктіріп жатқан Қарқаралы бұған дейін дауылпаз, ақын Қасым Аманжоловтың 100 жылдығын, әнші, сазгер Мәди Бәпиұлының 125 жылдық мерейтойларын атап өткен болатын. Бір жыл бұрын ғана 190 жылдық мерейтойын республика көлемінде дүркіретіп өткізген Қарқаралының шежірелі тарихы, мәдени ескерткіштері мен қасиетті өлкеде дүниеге келген таланттары жайы сөз қозғасақ. 

Ашық аспан астындағы тарихи қала 

Қарқаралы, шағын қала ғана емес, бүкіл атырабы – ашық аспан астындағы мұражай әрі тарихи орын. Қатпар-қатпар тасы, мың бұрала билеген жасыл ормандары шежірелі тарихтан ерекше сыр шертеді. Қарқаралы тарихи-мәдени орындарының тәуелсіздік жылдарында ерекше сипатқа ие болып, мемлекеттік дәрежеде қорғауға алына бастады. Қасиетті өлкеде орта жүздің ұлы биі Қаз дауысты Қазыбектің, тәтті күйдің тәңірі Тәттімбеттің, өр Мәдидің тұғырлы ескерткіштері, ардақтылар аллеясы мен Қаһармандар кешені, «Бәйтерек» алаңы, Ғарышкер Тоқтар Әубәкіров алаңы (Қарқаралы қаласында), т.б. нысандар қосылды. Туғанына 200 жыл толу қарсаңында Тәттімбет ауылдық округінде ұлы күйшінің мүрдесі қойылған қорым жөндеуден өтіп, абаттандырылды. Заман талабына сай келбетке ие болған, жаңадан салынған мәдени-танымдық қызмет көрсету ғимараттары да бірқатар. Дауылпаз, ақын Қасым Аманжоловтың туған жеріндегі су ішкен құдығы мен қыстауы мерейтой қарсаңында күрделі жөндеуден өтіп, тарихи ескерткіштер нысанына алынды. 

 

4b744d9000a6e6fb76d38d474749dfe3.jpg

Қарқаралы қаласындағы «тас базар» әлі күнге дейін халық игілігіне қызмет атқарып, өзінің құндылығын жоймаған. Сондай-ақ Қарқаралы тарихы ұлы қазақ ағартушысы, ақын-аудармашы, композитор Абай Құнанбаевтың атымен тығыз байланысты. Оның Қарқаралы округінің аға сұлтаны болған әкесі Құнанбай қажы мұсылман мешітін салу және қайырымдылық қызметін атқару арқылы өз есімін тарихта қалдырды. Бүгінде Құнанбай қажы салдырған мешіт сол қалпында өзінің тарихи болмысын өзгертпей сақталған. Тек сыртқы келбетін безендіріп, жөндеу жұмыстарын ғана жүргізіп келеді. Ұлы Абай тұрған үйде қайта жөндеуден өтіп, тарих пен мәдениеттің ескерткішіне айналды. Абай тоқтаған үйде қазіргі таңда аудандық саз мектебінің филиалы жұмыс атқарады. 

Қарқаралы – ешбір қалаға ұқсамайтын, өзіндік кескін-келбеті, сәулеттік өзгешелігі, бай тарихы бар орталық. Бір қаланың өзі – мыңдаған туриске жәдігерін ұсына алатын эскпонаты көп орталық. Тарихқа көз жүгіртсек, құла түзде құлан, арқар жайылып, орман-тоғайымызда аю мен бұлан жортқан замандарда бұл өңірде жер бетіндегі ең алғаш мекендеген адам баласы болғаны белгілі. Тіпті, жыртқыш жануардың ең алғашқы тұқымдасы динозаврлардың болғанын да тарих, ақиқаттады. Оған дәлел – қала басындағы «Суық бұлақ», «Үш үңгір» қазба орындары. Тіпті, шежірелі Кент тауларының маңындағы Талды қорымынан табылған «Алтын адам» жәдігері де көне сақ, ғұн тайпаларының дәуірлеу кезеңінің белгісі. Сол тұстағы жарты әлемді жайпаған ұлы бабаларымыздың құтты мекені де Қарқаралы болғаны – айғақты тарих. Сондай-ақ соңғы археологиялық қазба жұмыстары жүрген Белдеутастың да құпиясы Сақ, Ғұн мәдениетінен бастау алып, бүгінде өткеннен сыр шертіп тұр. 

Кейін Қарқаралы қаласының алғашқы орнау кезеңінде уезд округіне орыс мұжықтарының көзі түсіп, алғашқы орыс көпестері мен шаруалары келе бастады. Қала құрылысының алғашқы кезеңінде орыс әскерилері мен орысша сауатты казактар көптеген үй тұрғызып, тіршілік қауымына етене араласып кетті. Тағдырлары біте қайнасқан халқымыз оларды бауырына басып, бірге тату-тәтті ғұмыр кешіп, аялы алақандарын аямады. Орыс мұжықтарының қаладағы қызыл кірпіштен соққан үйлері әлі-де сол бәз қалпында сақтаулы. Ондай үйлерді Қарқаралыдан көптеп кездестіруге болады. 

Таланттар туған киелі топырақ 

Қарқаралы белгілі саясаткерлер, әдебиет және мәдениет қайраткерлері, ғалымдар мен саяхатшылар ат басын бұрмай кетпейтін ірі қоғамдық-саяси орталыққа айналған. Қарқаралы өңірінің ең тамаша суреттемелерінің бірін аса көрнекті қазақ ғалым-этнограф, тарихшы, географ Шоқан Уәлиханов жасаған. Қарқаралы туралы жазбаларды ресейлік саяхатшы Г. Потанин де қалдырған. Осыдан жүз жылдан астам уақыт бұрын ол тоқтаған көпес Андрей Рязанцевтің үйі бұл күнде қалада тарих пен мәдениет ескерткіші санатында сақталып келе жатыр. Қарқаралы – Қазыбек би, сазгер Тәттімбет, Кенже шешен, әнші Мәди, саяси қайраткер Әлихан Бөкейхан, алғашқы қазақ заңгері Жақып, Ақбаев, ҚазЦИК мүшесі ғалым-агроном Малай Юнусов, от ауызды, орақ тілді Кенже би, ақын Шөженің туған жері. 

 

2e9fce405e9a66817ec490a3f8bff0d3.jpg

XX ғасырдың басында Қазақстанда жаңа үкімет орнату жолында аянбай күрес жүргізген, ұлтымыздың біртуар мемлекет қайраткерлері Нығмет Нұрмақов, Жақып, Ақбаев, Әлімхан Ермеков, Мәдіғали Тәтімов, қазақ ән өнерін әлемге, Париж сахнасында әуелеткен Әміре Қашаубаев, жезтаңдай әнші Жүсіпбек Елебеков, дауылпаз, ақын Қасым Аманжолов, халық жазушысы Әлжаппар Әбішев, Қазақстанның халық әртістері Қалибек Қуанышбаев пен Мақпал Жүнісова, Совет Одағының батырлары Нүркен Әбдіров, Петр Трезев, Мартбек Мамраев, тұңғыш қазақ ғарышкері, генерал Тоқтар Әубәкіров секілді ірі тұлғалардың отаны. 

Арқаның кербез сұлу, құт мекені 

«Қарқаралы» сөзінің шығу тарихы туралы деректер де, тарихи әфсаналар да көп. Шежірелі қарт Қарқаралының кербез-де сұлу, көрікті тауларының алыстан қарағандағы пішіні қазақ әйелдерінің дәстүрлі бас киімі қарқараға ұқсап келеді. Сондықтан қаланың осылай аталуы да дәлелді пікір сияқты. Бірақ Алматы қаласының етегіндегі Қарқара жері-де осы атаудың мағынасын ашып тұрғандай. Сондықтан көп деректерде кездесетін Қарқара атауын көбіне осы Қарқара жеріне теліп келеді. «Қарқара» сөзінің енді бір мағыналық сипаты «тәж» мағынасында. Ертеде ел билеген көсемдердің, хандардың басында қарқарасы болған. Ендеше Сарыарқаның сайын даласындағы бұл таулар ханның басына киген алтын тәжі сияқты, қарқарадай болған соң, бұл өңір халық аузында Қарқаралы өңірі аталып кетуі әбден мүмкін. Өйткені Қарқаралы таулары – тым ерте дәуірде түзілген таулы қырат. Дей тұрғанмен Қарқара атауын қоя тұрып, «Қарқаралы» деген сөздің ұғымын ашатын болсақ, біз, әрине, көне қаланың өзін, оны қоршай біткен әсем табиғатты да айтамыз. Олай дейтініміз – бар сұлулық пен әсемдікті бойына жинаған бұл өңірді талай, ақын жырға қосқан. 

«Атыңнан айналайын, Қарқаралы, 

Сенен бұлт, менен қайғы тарқамады, – деп Мәди бабамыз жырлап кетсе, ұлы жазушымыз Сәбит Мұқанов «Сұлушаш» поэмасын жазып қалдырды. Сырбаз, ақын Сырбай Мәуленов Қарқаралыдан алған әсерін керемет өлең жолдарымен суреттеп берген: 

Таулар, таулар қашанғы қасқа алыптар, 

Мендей сені сезді ме басқа жұрттар. 

Ақ шашты әжем секілді тұрып алды 

Қарқаралы басында, ақша бұлттар. 

Сарыарқаның төскейінде күн ұрындай төгіліп тұрған, мұнартқан көгілдір таулар, маржандай сұлу көлдер, көне заманнан келе жатқан әсем таңғажайып ормандар жер біткеннің жәннатындай. Биік таулар мен құз жартастар түрлі түсті формаға еніп, алыстан жаныңды жаулап алатын қиялдарға шақырып тұрады. Әсіресе Қарқаралының символына айналған «Жиренсақал» шыңын көріп, бойыңдағы құдірет пен шабыт тау сілемдеріне өзіңді шақырғандай күйге енгізеді. Қарқаралы қаласынан оңтүстік-шығысқа созылып жатқан Кент таулары, ал одан шығысқа қарай Балқантау сілемдері ерте техтоникалық тау түзілу жоталарынан құралған. Олар да – бойларына жинаған, талай тарихи шежіре тұнған сұлу мекен. 

 

fe41e8be96a749e91d8ef517621e787b.jpg

Шайтанкөл – өзінің табиғи жаратылыс ерекшелігімен ертеден әсемдік пен сұлулықты қастерлеген қауымға шабыт берген, құтты мекен. Шайтанкөл бұл өңірде жалғыз емес. Дәл осындай таудың биік шыңдарындағы түзілген көлдер ретін азды-көпті бассейн көлдер тізбектейді. Биік таудың басында, қабырғалары тіп-тік болып, қолмен қойғандай жартастармен көмкерілген көлдер, шынында да, табиғи бассейн тәрізді. Шайтанкөл мен Бассейн сияқты көптеген үлкенді-кішілі көлдерді көк таулардың адам аяғы баспаған биік шындарында жиі кездестіруге болады. 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?