Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Батырға лайық іс қылса да мойындалмаған қазақтар

1971
Батырға лайық іс қылса да мойындалмаған қазақтар - e-history.kz

Адамзат тарихындағы ең қасыретті оқиғалардың бірі - екінші дүние жүзілік соғысында көзсіз ерлік көрсетіп, бұрынғының батырларынша шайқасып, майдан даласында  жанын пида етсе де өзін мойындата алмаған қазақтар көп. Нақтысын айтқанда олардың ерлігін сол кездегі саяси жағдай мойындағысы келмейтін еді. Ал шын мәнінде қазақ жауынгерлерінің көбі бораған оқ пен бұршақша төпелеген снарядқа кеудесін тосып, майданың алғы шебінде жүрген.  Соған қарамастан, қандай жағдай болмасын, славян ұлтының өкілі өзгелерден оқ бойы озық болуы тиіс деген жазылмаған ереже болды.

Осының салдарынан қаншама боздақтар лайықты бағасын ала алмаған күйі өмірден өтті, қаншамасы майдан даласында іздеусіз қалды, сұраусыз кетті. Жалпы саны 350 мыңнан астам қазақ азаматына жеңіс сәтін көру бақыты бұйырмапты. Қазақ даласынан барған 497 қазақстандық Кеңес Одағының батыры атаныпты Олардың 98-і қазақ ұлтынан. Кейіннен бұл сан 103-ке өсті.

Зерттеушілердің айтуынша, лайықты деп таныла тұра Кеңес одағының батыры атағына қол жеткізе алмағандардың саны жүздеп саналады. Олардың алды екі, тіптен үш мәрте батыр атағына ұсынылған екен. Халық батыры Бауыржан Момышұлы, атақты партизан Қасым Қайсенов пен Рейхстагқа жеңіс туын тіккен арда қазақ Рахымжан Қошқарбаев, Хиуаз Доспанова апамыз, Бақтыораз Бейсекбаевтар осындай саясаттың құрбаны болған тұлғалар.

 

Осыдан бірнеше жыл бұрын белгілі зерттеуші Берік Әбдіғали бастаған азаматтар Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылған, бірақ әртүрлі себептермен өздеріне лайықты марапатын ала алмаған қазақ жауынгерлерін іздеп табу мақсатында «Халық қаһарманы» акциясын бастаған болатын. Ұзамай тарихи құжаттарды ақтару барысында Жетпісбаев Балтабек, Рахметов Жұмаш, Сүлейменов Ибрагим, Ахметов Қасым, Әбдібеков Тілеуғали, Постольников Григорий, Қалиев Сембай, Ахметов Әбен, Мендығалиев Аменша, Сүйеубаев Исатай сынды ескерусіз қалған оншақты есім анықталды. Биыл міне, сол тізім 118-ге жетіпті. «Оларды Кеңес батыры атағына ұсынған. Бірақ әртүрлі себептермен ол атақтар берілмеген. Былтыр ғана ондай азаматтардың саны 14-15 адам деп ойлағанбыз. Қазір біраз жаңа деректер шығып жатыр. Соған сәйкес, 100-ден астам жерлесіміз ерекше ерлік көрсетіп, Кеңес батыры атағына ұсынылса да, ала алмаған. Мысалы, мерген Төлеуғали Әбдібековті бәрі біледі. Ол 400-ге жуық дұшпанды өлтірген. Сосын танкист Жұмаш Ахметов бар. Олардың ішінде екі рет ұсынылғандар да бар. Сонда да берілмеді.», - дейді Б.Әбдіғалиұлы.

Төлеуғали Әбдібеков атамыз Семей облысының Жарма ауданының тумасы. Ол 1942 жылдың соңында Панфилов атындағы дивизияның 1077- полкінің Калинин майданындағы қысқы шабуылдары басталғанда алғы шептерде болған. Оның мергендігі сондай немістер атамызды «Қара өлім» деп атаса керек. Ең таңдаулы деген неміс мергендері оның сонына түсіп, көзін құртуды мақсат тұтқан. Алайда Әбдібеков олардың барлығының көзін құртып отырған. Оқ тиіп жараланып жатса да майдан даласын тастап кетпейтін қайсар мінезді Төлеуғали Әбдібеков бір емес үш мәрте Кеңес Одағының Батыры атағын алуы керек болған. Бірақ саяси жүйе оған мүмкіндік бермеген. Атамызбен майданда бірге болған В.Зайцев (255 жаудың көзін жойған), Ф.Смолячков (125) деген мергендер аты аңызға айналған батырлар саналады. Екеуі де Кеңес Одағы Батырлары. Ал атамыздың тіркеу қағазында "395 немістің көзін жойды деген анықтама" болса да батыр атағын бермеген.

Осындай азаматтың бірі - Балтабек Жетпісбаев. Ол - И.В.Панфилов басқарған 316-атқыштар дивизиясының атқыштар полкінің бірін басқарған. Сұрапыл шайқастардың бірінде Балтабек басшылық еткен атқыштар полкі 60 танкі мен 20 бронитранспортерінен тұратын жау күшін қоршауға алып, жойып жібереді. Кеңес Армиясы тарихында бұған дейін мұндай оқиға болмаған екен. Бұл шайқас ғажайып ерлікке баланып Батыр атағына ұсынылған. Бірақ берілмеген.

Сол секілді құралайды көзге атқан Ыбрайым Сүлейменов те лайықты құрметін көре алмаған. Ол 1908 жылы Жамбыл облысының Сарысу ауылында туған. Ол әскерге алынғаннан кейін Мәскеу маңындағы үшінші екпінді армиядағы қазақтың ұлттық 100-ші атқыштар бригадасының атақты мергені болған. 1943 жылы 15 қазанда Невель қаласын фашистерден қорғау жолындағы шайқаста 60 шақты жауды жойып, асқан ерлікпен қаза табады. Ыбырайым мергеннің қолынан оққа ұшқан неміс солдаттары мен офицерлерінің саны 341-ге жеткен. «Жалғыз оқты винтовкамен осыншама жауды жою – сол уақыттағы соғыс тарихында тек қана екі қазақта: -  бірі Төлеуғали Әбдібековте (395 дұшпан) және осы Ыбрайым Сүлейменовта ғана болған! Бірақ, екеуіде Батыр атағын ала алмады», - деп жазылған зерттеуші Бейсенғазы Ұлықбектің зертеу мақалаларында.

Рота командирі, лейтенант Қабыш Құктаев, қатардағы жауынгер, сапер Құдайберген Жәнсеріков, аға сержант Мнайқұл Сағындықов және 248 фашистті жойған снайпер, аға сержант Зейтін Байжанов сынды бірнеше азамат аталмыш атаққа екі рет ұсынылса да қиянатқа ұшырапты.

Сол секілді Чкалов атындағы танк училищесінің түлегі, 362-ші өздігінен жүретін артиллерия полкінің командирі Аманша Меңдіғалиев туралы да осыны айтуға болады. Жас командир небары 23 жасында  Батыр атағына ұсынылған. Бірақ ұсыныс жауапсыз қалған.

Қожамсейіт Шая­х­­метұлы да 19 жасында, яғни 1942 жылдың сәуір айында майданға аттанады. Ол Сталинград, Дон, Оңтүстік-Батыс және 1-ші Беларусь майдандары құрамында Украина, Молдова, Польша жерлерін жаудан азат етуге қатысқан. Алғашқы ұрысында-ақ өзінің батылдығымен, ерлігімен ерекше көзге түскен адам. Оның ерлігін Гвардия майоры А.Сафоновтың өзі ерекше бағалап,  1945 жылдың 6 мамыры күні гвардия аға сержанты Қожамсейіт Шаяхметұлын батыр атағына ұсыну туралы арнайы рапорт жазыпты. Оның рапортында «...Берлин қаласының маңындағы ұрыс кезінде, Шпрее өзені, Ландвер каналы және қала­ның көше ұрыстарында, гвар­дияның аға сержанты Шаях­метов Қожамсейіт өз қаруымен 3 неміс танкісін, 2 өздігінен жүретін техникасын, 4 бро­не­транспортерін, әскери жүк­тері бар 10 автокөлікті, 40-қа жуық фаусшыларды, 5 ПТО құралдарын және 170-ке жуық фашисті жойды. Жеке өзі 21 гитлершілді, оның ішінде 2 капитанды тұт­қын­ға алды. Қожамсейіт Шаях­метов Кеңес Одағының Батыры атағына лайық. 64-інші гвардиялық ОИТПД ГВ гвардия командирі, гвардия майоры А.Сафонов. 1945 жылдың 6 мамыры» деп жазылған.

         Бұл тізімге сонымен Шахан Әлішев, Әбдірахман Қарғулин, Сұлтан Маматалиев, Ташан Рамазанов, Үмбетқұл Жиенбеков,  Мұсабек Айтқұлов Сұлтанбай Ысқақов, Ұрғалбай Үмікеев сынды жауынгерлерді де қосуға болады. Олардың барлығы да жоғар наградаға ұсынылып тұрып, Кеңес одағының батыры атана алмай қалған тұлғалар.

           Еліміздің батыс өңірінен шыққан ұшқыш Біләл Қалиевтің де ерліктері көп болған. Бір қызығы, оған 1941 жылы КСРО Батыр атағы берілген екен. Алайда кейін қайтарылып алынған. Оқиға былай болған: 1941 жылдын тамыз айында Біләл Қалиев бастаған ұшқыштар тобы бірнеше мәрте Балтық теңізінің Сарема аралынан шығып Берлинді бомбалап қайту туралы құпия тапсырма орындап қайтады. Осыдан кейін біраз ұшқыш Батыр атағын алады. Олардың арасында Біләл Қалиев те болады. Алайда, бұл ұшқыштар келесі бір тапсырмадан оралмайды. Осыны сылтауратқан Кремль оларға берілген Кеңес Одағының Батыр атағын түгел қайтарып алған. Ал іс жүзінде бұлар тапсырма орындау барысында ерлікпен қаза таптан еді.

Екінші дүниежүзілік соғысқа Қазақстаннан ұзын саны 5183 қыз-келіншек аттаныпты. Солардың ішінен Әлия мен Мәншүк Батыр атанды. Ал жалпы одақ бойынша 91 әйел батыр атағын алыпты. Штурман, гвардия лейтенанты, Хиуаз Доспанова (кейін «Халық Қаһарманы» атағын алды), әскери дәрігер Алтыншаш Нұрғожинова, пулеметші Жәмилә Бейсенбаева, ұшақ механигі Дәмелі Жәкеева, зенитті артиллерия командирі Ақлима Ақжолова сол секілді танкист  әйелдер Жамал Байтасова, Күлкен Тоқбергенова, Гүлжәмила Талқанбаева секілді батыр қыздарымыз асқан ерлік көрсеткен тұлғалар. Әсіресе, әскери дәрігер Алтыншаш Нұрғожинованың ерлігі ерекше болған. Ол да Әлия мен Мәншүк апамыз секілді Батыр атағына ұснылған еді. Өкінішке қарай берілмеген.

Әскери дәрігерден гвардия лейтенанты дәрежесіне дейін көтерілген Нұрғожинова Алтыншаш Өскенбайқызы 1924 жылы қазіргі Атырау өңірінде (тағы бір деректерде Мәскеуде туған делінеді) дүниеге келген. Әскер қатарына Мәскеу қаласында жүргенде шақыртылған. 1941 жылы Орал әскери округiнде қысқаша алты айлық комсоргтер курсынан өткеннен кейін бірден Орталық Воронеж және Украина майдандарына жіберіледі. Сол жерде жүріп танк армиясының 24-жеке механи­калан­дырылған құрамының санитарлық бөлi­мiн­де медбике кейін 237- және 70-атқыштар дивизияларында батальон комсоргi болған. Алтыншаш Ескенбайқызы 1944 жылы Катовице қаласының түбінде болған шайқастардың бірінде жаудың қос бірдей танкiсiн гранатамен жарып, шепті бұзып береді. Алайда өзі қатты жарақат алып, осы жарақытан дала госпиталiнде жатып қаза табады. Тағы бір деректерде батыр апамыздың жаудың шебін бұзу үшін қолындағы гранатасымен бірге екінші танкінің астына түсіп мерт болғаны айтылады.  Майдандық «Патриот Родины» га­зетінің қызметкері Михаил Левченконың ес­телігінде былай делінеді: «Майданда материал жинап жүріп, бір топ солдаттармен және офицерлермен бірге неміс фашистерінің қоршауында қалып қойдым. Меніңше, бұл Катовице маңында болса керек. Жағдай тым қиын еді. Кенет жауынгерлердің арасынан қаршадай бір қазақ қызы шыға келді де, қорғаныс ұйымдастырып, алға ұмтылды. Гранатамен жаудың бір танкісін отқа орады. Орнынан тұрып, «алға» деп ілгері ұмтылғанда, тасадан екінші темір тажал шыға келгені ғой. Әлгі қыз әй-шайға қарамастан, соған қарсы ұмтылды. Өзі де мерт болды. Жолдастарына да жол ашты. Ол осы батальонның комсоргі Алтыншаш Нұрғожинова екен. Осы ерлiгi үшiн ол «Қызыл жұлдыз» орденiне ұсынылған. 1944 жылғы 4 қазандағы 207-Қызыл­тулы гвардиялық атқыштар полкінің командирі, гвардия полковнигі Демков гвардия лейтенанты Алтыншаш Нұрғжинованы «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапаттау қағазында мынадай мінездеме жазған: «Гвардия лейтенанты Алтыншаш Нұрғожинова батальон жұмысын жан­дан­дыруға көп еңбек сіңірді. Командованиеге елеулі еңбек сіңірді, жастар жетекшісі бола білді, жауынгерлер арасында беделі артып, құрметке бөленді. Нұрғожинова жолдас ұрыста болып шешім қабылдап, көзге түсті. Сондай ұрыстардың бірінде ол өзі пулеметтен, минометтен қарша бораған оқтан ауыр жараланған алты жауынгерді аман алып шықты. Сонымен бірге басқаларды сөзімен де, іс-қимылымен де жігерлендіріп, ерліктің үлгісін көрсетті». «Үкімет наградасы – «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапаттауға лайық деп танылды» делінген.

Қаза тапқаннан кейін, бұрын көрсеткен талай ерліктерімен қоса осы жолғы батырлығы үшін әскери кеңес батыр атағына ұсынып, құжатты Мәскеуге жібереді. Бірақ жоғарғы жақтан қазақ қызына атақ берілмеді.

1941 және 1945 жылдар аралығында барлығы 11 695 адам Кеңес Одағының Батыры атағына ие болған. Олардың 8160-ы орыс ұлтының өкілдері –адам. Одан кейін 2069 адаммен украиндар тұр. Белорустар – 309, татарлар – 161, еврейлер – 131, әзербайжандар – 97, грузиндер – 90 адам.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?