
2007 жылдың 29 наурызы күні ҚР Президенті Н.Назарбаевқа «Pakіstan Observer» газеті тағайындаған «Мұсылман мемлекеттері арасындағы үздік басқару жүйесі» сыйлығы тапсырылды.
Нұрсұлтан Назарбаевтың қабылдауында болған «Пәкстандық мұсылман лигасы» партиясының вице-президенті Гохар Аюб Хан Қазақстан басшысына осы елдің «Pakіstan Observer» газеті тағайындаған «Мұсылман мемлекеттері арасындағы үздік басқару жүйесі» сыйлығын табыс етті. «Pakіstan Observer» – Пәкстандағы ең беделді басылымдардың бірі. 2005 жылдан бері экономикалық, әлеуметтік және саяси реформалар қабылдау арқылы өз елін өркендетуге орасан зор үлес қосқан діни діңгегі бір елдердің басшыларын айрықша атап көрсету жөнінде шешім қабылдаған еді. Бұл ретте басылым бүгінгі таңда саяси дағдарысқа шырғалып, күрделі экономикалық күйзелістерді бастан өткеріп жатқан көптеген мұсылман елдеріне байсалды бауырларын өнеге етіп көрсетуді мақсат тұтады. Құрметті награданы тағайындау жөніндегі кеңес дүние жүзіндегі мұсылман әлемін Африка, Таяу Шығыс, Орталық Азия және Оңтүстік-Шығыс Азия деп төрт өңірге бөле отырып, осы аймақтардан озық ойлы басшыларды іріктеп келеді. Бұған дейін Африка құрлығы бойынша бұл марапат Алжир президенті А.Бутефликеге, Кавказ аймағынан Әзірбайжан президенті И.Әлиевке табыс етілген екен. Кезек бойынша Орталық Азия өңіріндегі елдер қарастырылғанда басылым ұжымы награданы бірауыздан Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа беру жөнінде шешім қабылдаған. Онда еліміздегі экономикалық рефомалар нәтижелері мен мұсылман әлемі елдері арасындағы жарасымды үнқатысуды кеңейтуге қосқан зор үлес ерекше қаперге алынған.