Басты партияларды К. Байсейітова (Жібек), Қ. Байсейітов (Төлеген), М. Ержанов (Шеге) орындады.
Екі жастың мөлдір махаббаты лиро-романтикалық сазбен өрбіп, армандарына жете алмаған аянышты тағдыры трагедиямен аяқталады. Операда ұлттық вокалдық және аспаптық шығармалар, халық композиторларының (Үкілі Ыбырай, Мұхит, Жаяу Мұса, Тәттімбет) ән-күйлері молынан пайдаланылды. «Гәкку», «Айқара көк», «Аққұм», т.б. халық әндері кейіпкерлердің бейнелерін ашып, шығарманың ұлттық бояуын канықтыра түсті. «Қыз Жібек»» операсының қойылуы ұлттық мәдениет тарихындағы айтулы оқиға еді. Опера сахнада ұзақ жылдар қойылып келеді. Әнші артистердің кәсіби деңгейі өсіп, орындаушылық қабілетінің шыңдалуына ықпал етті. «Қыз Жібек» операсындағы әндер, билер көркемөнерпаздар үйірмелері мен жеке орындаушылар репертуарынан берік орын алды. 1968 жылғы 27 қаңтарда «Қыз Жібек» операсының 1000-қойылымы (реж. Б. Досымжанов) өнер мерекесіне айналды.