Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Адам мінез-құлқы туралы қазақ жорамалдары

1812
Адам мінез-құлқы туралы қазақ жорамалдары - e-history.kz

Қазақ халқының адам мінез-құлқы жайлы көптеген жорамалдары мен сенімдері бар, олар ата-бабадан келе жатқан өмір тәжірибесіне негізделген. Бұл жорамалдар адамның сыртқы келбеті, туған айы, жыл мезгілі, жас ерекшеліктері, жұлдыз-жорамалдар сияқты түрлі факторларға байланысты туындаған. 

Қазақтар сан ғасырлық ұзақ өмір тәжірибесінде адамдардын қимыл-қылық, іс-әрекетін бақылау, зерттеу арқылы олардың мінез-құлқына әртүрлі жорамалдар жасап, анықтама беріп отырған. Қазақ дүниетанымы «адам – ұлы табиғаттың туындысы, ол топырақ, су, жел және от сияқты төрт заттан құрам тапқан» деп қарап, жалпы адамзатты топырақ тегі басым адам, су тегі басым адам, жел тегі басым адам және от тегі басым адам деп үлкен төрт топқа бөліп және әр адамның өзіне тән жұлдызы болады деп, оларға жеке-жеке мынадай мінез-құлық анықтамасын берген.

Топырақ тегі басым адамдар

Топырақ тегі басым адамдардың, яғни, топырақ жұлдызды адамдардың көзге ұрар ерекшелігі  байсалды, сабырлы болады. Сезімін ақылға жеңдіреді, өздерін құрметтеу сезімдері күшті, уәде-сертке берік, махаббат сезімі айқын болады, достық пен тыныштықты сүйеді, мақтанға бой ұрмайды. Алайда барлық іске күмәнмен қарайды, еңбегін бұлдап, ел көзіне түсе беруді қаламайды. Сыйласқанға адал, мейірбан, қарсы келгендер мен өзімшіл, озбырларға қатал келеді. Топырақ тектілердің бұл мінез-құлқы жер ананың мейірленіп иігенде шексіз жомарт, қаһарланғанда дүниені зілзала қып төңкеріп тастайтын қасиетімен байланысты деп қарайды.

Топырақ тектілердің басты кемшілігі: өте бірмойын, өзімшіл, бір нәрсеге сенсе оған шек келтірмейтін, тіпті, оның қателігі көзге көрініп тұрса да, наным-сенімін өзгертпейтін, жаңалыққа жатырқауық, дәстүршіл келеді. Қоғамдық қарым-қатынас пен махаббат, неке істерінде топырақ тегі басым адамдар өзара жолдас, дос, сабақтас, саптас, қызметтес болса, қатынастары қағидалы болады. Өзара әңгіме қозғағанда әңгімелері жарасып, өздерін ұмытып кетеді. 

Өзара үйленіп, жанұя құрса, жұлдыздары жарасқан жұбайларға айналып, ынтымақтары артады. Ал, тіл табыса алмаса, өмірдегі ең мазасыз отбасы болады. Екі жұлдыз отаспайды. Себебі, топырақ тегі басым адамдар көбінде сыр сақтағыш, аз сөзді келетіндіктен, олар ерлі-зайыпты бола тұрса да ішкі сырларын бүгіп отыратындықтан, бір-біріне күдікпен қарайды да, сырласып, әңгімелесе қалса, бір-біріне тәкаппар позиция ұстайды. Өз көзқарастарын қарсы жақтарына таңуға тырысады. 

Міне, соның салдарынан қайшылық асқынып, отбасылары ұрыс-керіс ошағына айналады. Егер, топырақ тегі басым ерлер мен от тегі басым әйелдер шынайы түсінісіп бас құраса, онда олар қосақтарымен қоса ағаратын тату-тәтті жұбайларға айналады. Жұлдыздары жараса кетеді. Шынайы түсініспеген ондай отбасыларының ері шен-шекпен, атақ-даңқты болса, әйелі отбасы ісіне жанын сала кіріседі, ал, қатардағы қарапайым адам болса, онда әйелі ерінің құлағына тыныштық бермейді. Соның салдарынан қайшылықтары асқынып, екеуі де титықтайды. Жұлдыздары суық тартады. 

Ал топырақ тегі басым еркек пен су тегі басым әйелді тағдыр қосса, олар жарасымды отбасын құрады. Жұлдыздары жарқырай түседі. Тіл табыса алмаса, бір-бірінен тез суынады. Жұлдыздары ызғар шашады. Себебі, топырак тектілер бірмойын, қатал, сыр сақтағыш, аз сөзді болатындықтан, әйелі оған төзе алмай, қырсық мінез көрсетеді. Қоғаммен араласқысы келсе, ері оны ұнатпайды. Сөйтіп аралары тез суынып, берекесіз отбасының біріне айналып шыға келеді. 

Егер топырак тегі басым ерлер мен жел тегі басым әйелдер қосылса, екі ғашық махаббат әлдиіне тербеліп, дүниедегі ең бақытты отбасына айналады. Жұлдыздары кұп жарасады. Әрқайсысы өздеріне тиесілі шаруаларымен шұғылданып, бір-бірінің ісіне араласпайды. Алайда ері сырын бүкпелеп, әйелімен ашық-жарқын сырласпайтындықтан, қайшылық туып, «жел гуілдеп, шаң борап» дегендей отбасыларына салқындық түсуі де мүмкін.

Су тегі басым адамдар

Су тегі басым адамдар, яғни су текті жұлдызды адамдар – өте секемшіл, бір нәрсенің анық-қанығына жетпей жаны жай таппайтын мазасыз, пайда-зиян десе жанын салатын, достыққа адал, өзгелерге көмектескіш, көңілге алған мұрат-мақсаты жолында қауіп-қатер мен бодау беруден тайынбайтын жанкешті болады. Кемшілігі: өзінен мықтыларға құлдық ұрғыш, тұрлаусыз келеді. Бастарына іс түссе, тез жасиды, бақ қонса, тез тасиды. Істері сәтсіз болса, адамдар мен қоғамғта өшігіп, үміт-сенімін жоғалтады. Тіпті, кейбіреулері монтаны болады. Біліп тұрса да әдейі білместікке салып, өтірік аңқаусып тұрады. Қарсы жағын түсінуге құлықсыз, өзіне қатыссыз істерге араласқыш, мақтаншақ келеді.

Қоғамдық қарым-қатынас және махаббат, неке істерінде су тегі басым адамдармен су тегі басым адамдар жолдас, дос, қызметтес, сабақтас болса, тез тіл табысып кетеді. Жүрген-тұрған жерлерін жыр-думанды, көңілді ортаға айналдырады. Өмірге бейімделгіш келеді. Кейде аяқ астынан бүлініп, аяқ астынан жарқ ете қалады. 

Су тегі басым адамдардың бұл мінезін су жарықтықтың кейде асып-тасып, барған жерін тас-талқан етіп, жуып-шайып кетсе, кейде барша жан- жануарлар мен өсімдіктердің өн бойына сіңіп, оларға нәр мен жан беретін қасиетіне ұқсайды. 

Су тегі басым ерлер мен су тегі басым әйелдер косылса, екі өзен косылып, табиғатқа көрік, жан-жануарлар мен өсімдіктерге нәр беретіні сияқты, өмірлері мәнді өтеді. Тіпті, жас шамасы қаншалық алшақ болса, солғұрлым тату-тәтті болады. Дегенмен, жастары тұрғылас болса, онда олардың кейбіреулері бірін-бірі басқарамын деп үстемдікке таласады. Құдды екі арықтың суын бір арыққа құйса, арықты да, атызды да бүлдіретіні сияқты, бір отбасына сыйыспай, шаңырақтарын шайқалтып алады. Алайда, бір-бірінің артық-кеміне түсіністікпен карап, бір-біріне жол берсе, онда тату-тәтті жұбайларға айналады. Жұлдыздары мәңгі жарасып өтеді. 

Ал су тегі басым ерлер мен топырақ тегі басым әйелдер өзара тағдыр қосса, бір-бірін құрметтеп аялайтын, арман-тілектері тоғысқан ерлі-зайыптыларға айналады. Яғни «сусыз топырақтың, топырақсыз судың күні жоқ» дегендей, жұлдыздары жараса кетеді. Алайда мұндай отба сында басты кикілжіңді әйел тудырады. Онда әйел ерінің сырғақтығы мен табансыздығын желеу етіп, қашанда өз айтқанын жөн санап тұрып алатындықтан, күйеуі дүлей толқындай буырқанып шыға келеді де, соның аяғынан шармаяқтасып, араларына салқындық түседі, яғни топырақ сазарып, су сұрланады. Бірақ көп ұзамай жер ана иіп, толкын сабасына түсіп, бұлақтар сылқ-сылқ күліп, тағы бір тынысты өмір басталып кетеді.

Егер су тегі басым ерлер мен жел тегі басым әйелдер бас кұрай қалса, онда су бетінде ерке толқын ойнап, салқын самал есіп, екі жұлдыз жараса кетеді де, жан сүйінтер жақсы шаңыраққа айналады. Отбасылары әзіл-қалжың, дырдуға толы болады. Алайда жел тегі басым әйелдер үй шаруасына мән бермейтін, күйеуін отағасы деп қарамайтындықтан, отбасылары ретсіз, шаруалары өнімсіз болады. Ең қиыны – ері ақыл айтса, әйелі оны мүлде қабылдамайтындықтан, «желді тосқан сайын гуілдейді, суды бөгеген сайын көтеріледі» дегеннің кебін киіп, жұлдыздары қарсы адамдарға айналады. Отбасыларынан береке қашады.

Ал су тегі басым ерлер мен от тегі басым әйелдер бас құраса, олар бір-бірін өліп-өшіп сүйетін бал жаласқан жұбайларға айналады. Жұлдыздары жайнап, жарқырап шыға келеді. Мұны су тегі басым адамдардың жылуға, от тегі басым адамдардың суға әуестік қасиеттері белгіленген. Алайда олар бір-бірінің қасиетін дұрыс түсініп, өзара тіл табыса алмаса, онда олар басында бір-біріне қанша ынтық болған болса, соңында соншалық кектеседі. Тіпті жұлдыздары мүлде жараспай кетеді.

Жел тегі басым адамдар

Кел тегі басым адамдар, яғни, жел жұлдызды адамдар адал әрі әділ болады. Біреуге жақсылық істемек болса, өздерін ұмытып кетеді. Пайда-зиянмен есептеспейді. Аңғал әрі қамсыз келеді. 

Басты кемшіліктері: аузына келгенін айтып, ойына келгенін істейтін парықсыз әрі қырсық болады. Қандай бір игі іс болса да оны қолдап-куаттамайды, қайта одан мін, тіпті, пәле іздейді. Өзгелердің ақыл-кенесін қабылдамайды. Белгілі мақсат, белгілі көзқарасы болмайды. Жақсылықты жамандықпен қайтарады. Рақым-шапағат, обал-сауап көзқарасы аз болады. Маңайынан үнемі жақсылық пен жылулық көрмесе, өмірге наразы болып, адамдарды даттайды. Өзіне шаң жуытпайды.

Қоғамдық қарым-қатынас және махаббат, неке істерінде мұндай қасиетке ие адамдар өзара қарым-қатынас жасаса, бір-бірін жатырқап-жатсынбай тез тіл табысады. Бір-біріне «айда, батырлап» дем беріп отырады. Араларында «сенікі, менікі» дейтін шет-шекара, жүйелі тәртіп болмайды. 

Ал өзара тіл табыса алмаса, бастары қосылмай, бет-бетіне кетеді. Тұрақсыздары мен сабырсыздары біршама көп болады. Егер мұндай адамдар тағдыр қосып некелессе, олардың жұлдыздары ал дегенде-ақ жараспайды. Әрқайсысы өзінікін жөн санап, отбасыларына онша көңіл бөлмейді. Алайда оларда жоғары дәреже, ерекше өнер болса, бірін-бірі демеп, «басы қатты болса, аяғы тәтті болады» дегендей, жұлдыздары жарасып кетеді.

Жел тегі басым ерлер мен су тегі басым әйелдер некелесіп, үйлі-баранды болса, олар өзара сәйкесіп, бір-бірін құрметтеп, аялап өтетін тату-тәтті жұбайларға айналады. Жұлдыздары жарқырап, өз жарасымын табады. Себебі мұндай ерлі-зайыптылар үнемі бір-бірін мадақтап, көтермелеп отыратындықтан, отбасыларында талас-тартыс, ұрыс-керіс аз болады. Ондай адамдар істі өз алдарына дербес істеуді ұнатады, бір-бірін қақпайлап тежеуді қаламайды. Алайда, әйелдің мінезі құбылмалы болатындыктан, кейде оны күйеуі түсіне алмайды. Бір-біріне сын-ұсыныс берсе, оны қабылдамай, аралары тез суынады. Тіпті тез ажыраса салады.

Егер жел тегі басым ерлер мен от тегі басым әйелдер тағдыр қосып, бас құраса, бір-бірін жақсы түсінетін, өзара ақылдасып, кеңесіп отыратын тату-тәтті, жұлдыздары жарасқан жұбайларға айналады. Араларында әлдебір ұғыспастық туыла қалса, бір-бірімен ерікті түрде сырласып, пікірлесіп, мәселені асқындырмай, дер кезінде шешіп отырады. Алайда мұндай адамдар бас құраса, отбасы екеумізге ортақ деп қарамайды. Қиындыққа жолықса бордай егіліп, береке-бірліктерін жоғалтып алады. Сөйтіп отбасыларының берекесі кашады.

Жел тегі басым ерлер мен топырақ тегі басым әйелдер некелессе, олардың сүйіспеншіліктері терең, бір-бірін баурау қуаты күшті болады, яғни жұлдыздары жарасқан ерлі-зайыптыларға айналады. Алайда жел тегі басым ерлер мен топырақ тегі басым әйелдер бір-бірін кінәлағыш, ойнап отырып тез отаса алмай қалады. Соның салдарынан отбасыларында ұрыс-керіс пен өкпе-реніш те аз болмайды.

От тегі басым адамдар

От тегі басым адамдар, яғни от жұлдызды адамдар қарым-қатынас жасауға шебер (өзімен катысы болсын-болмасын), қандай іске де араласуға құштар, ішіне сыр тұрмайтын ашық ауыз, не ойласа соны айтатын түзу мінезді болады. Бірақ өзгелердің қателігін бетке айта алмайтын, тіпті жек көрген адамдарын да күле қарсы алатын жігерсіз келеді. Өзгелерге жанашыр, мейірімді, қайырымды, адал болады. 

Басты кемшіліктері: қандай іске де ойжота тұжырым жасайды. Мінезі құбылмалы, екі беткей келетіндіктен, көптеген әурешіліктер тудырады. Өз отбасына көңіл бөлмейді. Жақсылықты түгел есеппен жасайды. Өзгелерді жазғырғыш, қоғамдық қимылдарға керенау, өз кемшілігін түзетуге әлсіз келеді.

Қоғамдық қарым-қатынас және махаббат, неке істерінде от тегі басым адамдар мен от тегі басым адамдар жолдас, қызметтес, сабақтас болса, өзара сыйласып өтеді. Дау-дамай, өкпе-реніштері аз болады. Басқалардан сақтанғыш келеді. Алайда өзгелерді жақтырмай тұрса да күліп тұрып қарсы алатындықтан, достары түгіл, жауларымен де тату-тәтті өтеді. Ұя бұзбас, ырымшыл келеді.

Егер от тегі басым адамдармен от тегі басым адамдар тағдыр қосып некелессе, бір-біріне ерекше сәйкесті, бір-біріне үлкен үміт-сенім артып отыратын тату-тәтті, жұлдыздары жарасқан жұбайлар болады. Алайда өзара тіл табыса алмаса, бір-бірінің жыртығына қол салып, бір-біріне қатты кек сақтайтындықтан, тату-тәтті отбасылары дау-жанжал ұясына айналады.

Ал от тегі басым ерлер мен жел тегі басым әйелдер некелессе, бір-бірлерінің көңілін жақсы түсінетін, жұлдыздары жарасқан жұбайлар болады. Өмірдегі үлгі-тағылымды, тату-тәтті отбасылар көбінде осы от тегі басым ерлер мен жел тегі басым әйелдерден шығады. Әдетте от тегі басым ерлер тұрмысқа икемді, іскер болады. Оның бұл қасиеті әйеліне ерекше ұнайды. Алайда жел тегі басым әйелдер ғұрып-әдет, салт-дәстүрге мән бермейтіндіктен, күйеуінен көп сөгіс естиді. Соның салдарынан бірталай әурешілік туады.

Егер от тегі басым ерлер мен топырақ тегі басым әйелдер бас құраса, олар бір-бірімен тыныстас, тағдырлас, жұлдыздары жарасқан жұбайларға айналады. Себебі от тегі басым еркектер момақан, іске мығым болатындықтан, әйелінің сүйіспеншілігіне тез ие болады. Алайда топырақ тегі басым әйелдер сыр сақтағыш, бір мойын келетіндіктен, күйеуімен екінің бірінде тіл табыса алмай, аяқ астынан ұрыс-керіс тудырады.

Ал от тегі басым ерлер мен су тегі басым әйелдерді тағдыр қосса, онда олардың жұлдыздары жарасқан, бақыттары баянды жұбайлар болады. Алайда су тегі басым әйелдің өте секемшіл, бір нәрсенің түп-тұқиянына дейін қазатын мінез-құлқы мен от тегі басым еркектің өзімен қатыссыз істерге құштар қылығы салдарынан араларында үлкен түсініспеушілік туып, татулықтары дау-жанжалға ұласады деген де жорамал бар.

Қорындылай келе, қазақ жорамалдары мен сенімдері адамның өмірге деген көзқарасын, оның мінез-құлқын және болашақтағы әрекеттерін анықтауға тырысқан тәжірибеге негізделген. Бұл жорамалдар халқының дүниетанымының байлығын, қоршаған ортаға бейімделуін және өмірлік жағдайын сақтауды қамтамасыз етеді.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?