Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Шығыстың сөнбес шырағы

1359
Шығыстың сөнбес шырағы - e-history.kz

1956 жылы Өзбекәлі Жәнібеков ауданнан көтеріліп Шымкент облысының комсомол ұйымына бірінші хатшы болып келеді. Жалындаған жүрегі ұлтына деген аса сүйіспеншілікпен соғып тұрған азамат келген бойда қазақ жастарына идеал болатын тұлғаны іздестіреді. Ол кезде коммунистік идеологияның өте дамыған кезі еді.

Маркстік-лениндік иделогия көсемдерді насихаттау барысында октябрят, пионер, комсомолдық тәрбиеден өткен жастар Советтік ұлт дайындау мақсатында ұлтқа қызмет еткен азаматтарды ұмыттыруға айналдырған, Алаш арыстарын И. Сталин баудай қырған. Репрессиядан аман қалған атқамінер қазақтар Алаш арыстарын айтуға қорқатын. Ұлттың алдыңғы қатарлы зиялы қауымы Қаныш Сәтбаев, Мұхтар Әуезов, Ахмет Жұбанов сияқты академиктер қудаланып Мәскеу жағалап, әупірімдеп аман қалған. Ал бағы жанбаған Ермұхан Бекмұханов, Қажым Жұмалиев, Бекежан Сүлейменов, Қайым Мұхамеджанов, Есмағамбет Ысмайылов сияқты ірі ғалымдар 25 жылға сотталып кеткен. Осындай қауіпті кезеңде Алматы мен Мәскеуге бірдей жағатын әрі қазақ халқының жүрегінен орын алған идеал тұлға табу қиын еді. 

Өзбекәлі Шымкентке келген бойда Ғанидың тұлғасын жастарға танытуды қолға алды. Аға буын Ғаниды онсыз да жақсы білетін. Себебі Ғани Ташкенде жүргенде кәнігі ұры-қарыға айнала бастаған қаңғыбас болған қазақ балаларын қуыс-қуыстан іздеп тауып, жуындырып, шайындырып, алып барып интернатқа жатқызған.  Ташкен деп отырған себебім ол кезде Түркістан Республикасының орталығы Ташкен қаласы болған, оның құрамына қазіргі Өзбек елінің жартысынан астамы, Тәжік елі түгелдей, Қазақстанның оңтүстігі, Жетісу уезі, Әулиеата уезі, Шымкент уезі, Ақмешіт уезі кіретін болған. Түркістан Республикасының басшылық қызметінде қазақтың білімді азаматтары Нәзір Төреқұлов, Тұрар Рысқұлов, Сұлтанбек Қожанов секілді қайраткерлер еңбек еткен. Солардың қатарында «Шығыстың жұлдызы» атанған Ғани Мұратбаев та болған. 

Ғани тәрбиелеп өсірген азаматтардың бірі–профессор Бейсенбай Кенжебаев. 1920 жылы Ғани Ташкеннің базарынан ұрлықпен айналысып жүрген алты баланы ұстап әкеледі. Ішіндегі атаманы Бейсенбай екен. Ғани олардың базардағы саудагерлерден нан мен жеміс ұрлап, соны бөлісіп жатқан жерінен ұстап алып:

– Алдымен өзімді таныстырайын. Менің атым – Ғани, әкемнің аты – Мұратбай. Қасымдағы жігіттің аты – Әбдікәрім. Сендерді көптен бақылап жүрміз. Мына істерің жарамайды. Ұрлық-қарлықпен өмір бақи тіршілік ете алмайсыңдар. Жүріңдер, сендерді интернатқа апарып орналастырайық. Сонда оқытамыз. Бұған не дейсіңдер? – дегенде, балалардың атаманы Бейсенбай бас изеп келіседі. Сол кезде Бейсенбай Ғанидан екі-ақ жас кіші екен. Осылайша оларды Ташкендегі №4 балалар үйіне әкеледі. Ғани оларға орысша дәріс беріп сауатын ашқан. Бейсенбай Кенжебаевтың өзі «Менің тағдырымда Ғани Мұратбаев шешуші рөл атқарды» деп еске алады. Ал осы Бейсенбай Кенжебаевтан білім алған Мұхтар Мағауин, Мырзатай Жолдасбеков, Немат Келімбетов, Рымғали Нұрғали, Алма Қыраубаева, Қойшығара Салғараұлы, Ханғали Сүйінішәлиев, Құлбек Ергөбек сияқты ғалымдар легі қазақ аспанында шамшырақ болып, Ғанидың сәулелеріндей жанып тұр.

Ғани 1920 жылы жазған бір хатында: «Ғылымсыз, оқусыз еш нәрсе болмайды екен. Биыл қара табан кезген жастардан 500 баланы оқу орындарына орналастырсам деп жүрмін», – деген екен. 

Ғанидың қамқорлығын көрген балалардың бірі – белгілі ақын Асқар Тоқмағанбетов. Ол: «Біз оның шағын кабинетіне түгел сыймадық. Қырыққа жуық орыс, қазақ, өзбек балалары оны қаумалап тұрдық. Бізді Пушкин көшесінде су мұрабтарын дайындайтын мектепке әкеліп, бәрімізді осы мектепке орналастырды», – дейді.

Қырғыздың халық ақыны Аалы Тоқамбаевты қаңғып жүрген жерінен тауып, интернатқа орналастырған. Ол: «Ғаниды ел сүйетін. Жетімдердің қамқоры еді», – деп есіне алады. 

Ғанидың қамқорлығын көргендердің бірі – Нұртас Оңдасынов. Ол да Ғанидың «тұтқынына» түскенде он бес жаста, ал Ғани он жеті жаста екен. Сол Нұртас Қазақстан Үкіметін 13 жыл басқарған алып тұлға болып шыққан. Шақпақ Артықбаев деген зиялы кісі «Ғани 250 оқушыға қамқор болып, бір айлық ақшасын түгел беріп жіберетін. Мұндай қамқорлықты ашаршылықта емес, тіпті ит басына іркіт төгілген мына заманда екінің емес онның бірі жасай алмасы шындық», – деген екен.

Профессор Әбубәкір Диваев 1920-32 жылдар арасында Түркістан өңірінде экспедиция жүргізіп, халық ауыз әдебиетін жинау жүргізген. Ғани профессорды интернатқа ертіп келіп, онда жатқан балалардан ертегі, аңыз, тақпақ, жұмбақ, жаңылтпаш жаздырған. 

Дәл сол жылдарда Польшадан жер аударылған музыка танушы А. Затаевич қазақ әндерін нотаға түсіріп жүргенде, Ғани әйгілі «Дударай» әнін ыңылдап айтып берген. Сол Затаевич жазып алған Дудар-ай әні қазақ өнерін әйгілеп тұратын әсерлі өлеңнің біріне айналды. 

Большевиктер 1920 жылы Алаш Орда үкіметін таратқан соң, көсемдері қысымға түсіп, «Алаш» атауы келместей болған. Сол жылы Ғани батыл түрде «Жас Алаш» деген газет ашып, Алаштың жас буынын дайындап жатты. 1921 жылы жауапты хатшы қызметіне Ілияс Жансүгіровты бекітеді. «Жас Алаш» газетінің атын өзгерт, ұлтшылдық лебі еседі деген шабуылдарға қарамай Ғани сол атпен қалдырады. Ғани дүниеден өткен соң ол газетті «Лениншіл жас» деп өзгерткен. Тәуелсіздік алғаннан кейін бұрынғы атын қайта иемденді. Сол газетке Ғани туралы жиі-жиі жазып тұрса қаза жастарында Отансүйгіштікті , ұлтына деген сүйіспеншілікті қалыптастырууға әсері болары анық.

Ташкенде бір топ қаңғыбас балаларды Нұртас Оңдасынов басқарып жүреді екен. 1919 жылдың жаз айы таң бозара атты, вагонның шұрық тесік еденінде баспанасыз балалар ұйықтап жатады. Олардың көптігі сонша ине шаншыр орын жоқ.

– Балалар, тұрыңдар! – деп әлдекім дауыстап айқайлайды. 

– Балалар, тұрыңдар! – деді тағы да бейтаныс дауыс. «Балалар, біз сендерге келдік. Интернатқа апарамыз, ол жерде тамақтандырамыз, киіндіреміз, мектепке оқытамыз. Егер оқығыларың келсе вагоннан шығып, бізге еріңдер», – деді. 

– Менің атым – Ғани, әкемнің аты – Мұратбай, Түркістан Орталық комсомол комитетінің хатшысымын. 

Көрікті жігіт бірден ұнады. Жүзі жылы екен. Кескінін мүсіндегенде табиғат жан жылуын аямаған тәрізді. Оның ашық жүзінен, сөйлеген сөзінен жалғандық байқалмады. Ақылды жанары қайырымдылықты, сымбатты денесі қайраттылықты, бұйра шашы әділдікке ұмтылған табандылықты аңғартып тұрды. 

Ғани бізге серіктерін таныстырды. Менің қасымда тұрған Баймаханов – қалалық ағарту бөлімінің төрағасы. Ақбаев-КазПИ төрағасы, ал мына жігіт – Сәдуақас Оспанов. Ол сендер жататын интернат бастығы. 

Біз вагон ішінде өзара сыбырласып, абыр-сабыр болдық. Бізді жаңа бейтаныс өмір қызықтырды. Ақбаевтың бұйрығынан соң жүзге тарта бала екі қатарға тұрып ілесіп кеттік. 

Ғани одан кейінгі жылдарын Мәскеуде Интернационал деп аталатын халықаралық ұйымда Шығыс жастарының атынан қызмет еткен. Кеңес Одағының Шығыс жастарының жұмысын үйлестіретін болған. Сол кездің өзінде «Шығыс шамшырағы» атанған, небары 23 жыл ғана өмір сүрген. 

Ғани 1925 жылдың 15 сәуірінде дүние салды. Ол комсомол көсемі ретінде Мәскеуде «Вагагньков» зиратына жерленген. 

Ғанидың қамқорлығын көрген қазақ, өзбек, қырғыз жастары оны өлгенше ұмытпады. Оның тәрбиелеген жастарының ішінен Совет Одағының министрлеріне дейін шыққан. Дегенмен 1960 жылдан кейінгі жылдарда оның есімі жаңа буынның жадынан өте бастады. Қазіргі кезде жастардан, орта буыннан Ғани Мұратбаевты білетіні кемде-кем шығар.

Осындай жағдайдың болатынын білгендіктен, оны есте мәңгілік қалдыру мақсатында ескерткіш қою қажеттілігі туындайды. Сондай ұлтжанды азаматтардың бірі де бірегейі де Өзбекәлі Жәнібеков болды. Оның қол астында істеген жастар «Өзбекәлі Ғанидың тұлғасына ғашық еді. Жатса-тұрса оның ерлігін бізге үлгі етіп бар болмысымен еліктеуге тырысатын», – дейді замандастары.

Өзбекәлі Республикада комсомол жетекшісі болып тұрғанда Мәскеудегі Ғанидың зиратына бірнеше экспедиция жіберіп, моласын тауып, басын қарайтып, арнайы жиын ұйымдастырды.  Оның қабірін Мәскеуге жолдамамен барған қазақ жастарының арнайы зиярат ететін міндетті маршрутына енгізді. 

Ғанидың шарапатын көргендердің бірі – даңқты әнші Құрманбек Жандарбеков. Ғаниға ескерткіш орнатуға белсене кіріседі. Ол мұғалімдік қызметіндегі жалақысынан бірнеше айлығын жаздырып алады. Ағайын-туысынан «жылу» жинайды. Бәрін қосқанда ескерткіштің тұғырына да жетпейді. Салы суға кеткен Құрманбек:

– Әй, қарғыс атқыр ақша-ай. Мұншама қадірлі болар ма едің? Мен сорлыда әннен басқа байлық жоқ. Апыр-ау, Ғани ағам бұл өнерімді «бәсі жоқ байлық» деп мақтаушы еді. Саябақта әлім құрып құлағанша ән салсам, қолыма келіп қонасың ба, ей ақша?» – деп күйінеді. Бұл кезде Құрманбектің жасы 19 толған кезі еді. 

Мен 1918 жылы Ташкенге алғаш оқуға барғанда Ғаниға жолықтым. Оқуға түсуіме көп көмек көрсетті. Білмеген сабағымды түсіндіріп, ұзақ уақыт жәрдем беріп жүрді. Сабақ оқудан жалыққан сәтте, ол менен жәрдем көрсеткені үшін жалақы сұрайтын.  Алатын «жалақысы» ақша емес, «Сәулем-ай» деген ән. 

Екеуміз Ташкеннің кадет корпусының шығыс бетіндегі мұнарасына шығып, мен «Сәулем-ай» салғанда тамсана тыңдап қайта-қайта айтқызатын. Құмары қанған соң, «бүгінгі жалақымды алдым, жүр енді сабақ оқиық» деуші еді. 

Сүйікті досыма ескерткіш орнатуға қаржы жинау үшін Әлішер Бейсенов (кейін партия-совет орындарында жауапты қызметте болған) екеуміз концерт ұйымдастырдық. Қағаздан билет жасап соны саттық. 

Арқан керіп, шаршы алаң жасадық. Афишаға өзім орындайтын 101 әннің атын тізіп жазып қойдық.  Әрине, олардың бәрін бір кеште айту мүмкін емес еді, алпысқа таяуын орындадым.

Құрманбектің ән кешіне өлермендікпен кіріскені сонша жастықтың қызуымен сақтықты ұмытып кетіп, концерттің жартысына келгенде су ішіп қойып, даусы қарлығады.  Осылайша есіл дауыс келмеске кетеді. Ол жоғалтқан даусыменен де талайды тамсандырған. 

Құрманбек даусының жоғалғанына қайғырмайды, оның өзегін өртеген өкініш – ескерткіштің салынбай қалуы болды.

Мүсін жасатуға Өзбекәлі де күшін салды. Бір күндік жалақыны Ғанидың мүсінін жасатуға береміз деген бастама көтеріп, қажетті қаражат жиналған соң Мәскеудегі атақты мүсінші Давид Шмуиловичке тапсырыс беріп , дене тұрқын Өзбекәлінікені өлшеп бір нұсқасын гипстен, екінші нұсқасын Ленинградтағы зауытта қоладан құйдырады. Қас шебердің  қолынан шыққан айбарлы мүсін мінсіз жарқырап тұр. Енді орнату ғана қалады. Қазақтың ең көп қоныстанған жері Оңтүстік Қазақстан облысының сол кездегі бірінші басшылары В.И. Макаров (1959-1962жж. аралығында басқарған) одан кейін болған В.А. Ливенцов (1962-197 жж. аралығында басқарған) орыс ұлтының өкілдері болғандықтан шовинистік көзқарасы жібермейді. Тіпті Қазақ ССР-нің екінші хатшысы М.С. Соломенцев те (1962-1964 жж.) «Егер ол халыққа шын қызмет еткен болса, есімі халық жүрегінде сақталады. Оған соларың да жетеді», – дейді. 

Бірінші хатшы үнсіз қалады. Сонымен ескерткіш Өзбекәлінің қайтпай күресуі нәтижесінде гипстен жасалған нұсқасы Шымкенттегі пионерлер паркіне орнатылады. Оны ертесіне біреулер қиратып кетіпті. Ал қоладан жасалған нұсқасын В.А. Ливецовтың тапсыруымен Келес ауданындағы Ғ. Мұратбаев атындағы совхозға орнатуға пәрмен береді. 

Өмірде адам өзінен асып түскен екінші бір тұлғаны танытуға тырысып, күншілдікке салынбай, соның ерлігін паш етпек болғанда өзі кемел адамға ұқсап шығады. Ғаниды танытайын деп алысқан Өзбекәлі де Ғани секілді алып тұлғаға айналды. Тәуелсіз Қазақстанда Ғани Мұратбаевтың шарапатын көрген адамдар дүниеден өтіп кетті, ал оны насихаттауға құлықты адамның табылмауы жалпы ұлттың мәңгүрттенуінің нәтижесі. Жастардың санасын оятып, оларға ұлтжандылық, Отансүйгіштік қасиеттерді беру үшін өшкендерді жаңартып, Ғани секілді аққан жұлдыздай жарқырап өткен тұлғаларды көпшілікке қолжетімді қалалық, аудандық БАҚ беттерінде жиі насихаттау қажет. 

Ерғали Ділдәбек, Қосшы қаласы мәслихатының депутаты

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?