Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Чойрдағы шағын сөз

1325
Чойрдағы шағын сөз - e-history.kz

Бұған дейінгі мақаламызда көне түрік халықтары мекен еткен Еуразия далалық аймағынан табылған петроглифтердің таңбалық ерекшеліктері мен тілін сөз еткен едік. Бүгін көне түрік бітіг жазба ескерткіштеріне тоқталғалы отырмыз. 

ІІ Түрік қағанаты дәуірінен қалған жазба ескерткіштер:

1. Чойр

2. Хойт Тамир

3. Онгин (Ышбара Тамған Тархан)

4. Их хөшөөт (Күлі Чор)

5. Их Асгат (Алтын Тамған Тархан)

6. Баян Цогт (Тұйұқұқ)

7. І Орхон (Күлтегін)

8. ІІ Орхон (Білге қаған)

9. Тэвш

Түрколог-ғалым Талғат Молдабайдың айтуынша, көне түрік жазуының ең үлкен классикалық үлгілері ІІ Түрік қағандығы дәуіріне тән. Әрі олардың ішіндегі ең көнесі – Чойр жазба ескерткіші. 

«Қазіргі таңға дейін табылған, мойындалған ең ескі жазу осы Чойр жазуы болып отырӨкінішке қарай, Есік қорғанынан табылған күміс тостағандағы жазудың құпиясы әлі ашылған жоқ. Осы себепті көптеген ғалымдар оның көне түрік жазуымен байланысына күмәнмен қарап жатады. Бұл дұрыс емес. Шын мәнінде Чойр ескерткішінде бір түрік жауынгерінің (батырының) Елтеріс қағанға қосылуы жайлы сөз етіледі. Шамамен 687-692 жылдары жазылған деп есептеледі. Мәтін 6 жолдан тұрады. Мәтін адам бейнелі мүсінтасқа қашаған. Мәтінмен қатар тағы қашалып жазылған екі таңба бар. Онда көне түрік билеушілеріне тиесілі айдаһар (ұлу) және тәуешкі таңбалары бейнеленген», - дейді ол. 

Адам бейнесіндегі мүсін тастағы 6 жолдан тұратын мәтінде былай деп жазылған: 

(1) Ilteris qaγanqa ıč[igig] [yt žjyl] üčunci aj žeti-qa

(2) Adyrylmaz tat barda

(3) Ton bilge [šad]

(4) Ton jegen erkin

(5) Tuluqu bitidim yryqču ajγyl qaŋ

(6) Ögini sebini baryŋ

Қазақша мағынасы мынаған келеді: 

(1) Елтеріс қағанға [бағынды ит жылы] үшінші айдың жетісінде

(2)  [Бізден] кірмелер барда айырылмас

(3)Тон білге [шад]....

(4)Тон-иеген еркін .....

(5)Ұстынға (облеск) жаздым ырушы (тасқа) Айғыл-әке

(6) Мақтанып, сүйініп барыңдар (Сартқожаұлы Т., Молдабай Т., 2013).

Хойт Тамир жазуы

Хойт Тамир жазуы– Моңғолияның Арханғай аймағы, Их Тамир ауылы маңындағы Хойт Тамир өзенінің шығыс оңтүстігінен табылған ескерткіш. Шамалап алғанда 40 метрлік биік жалғыз жартас бетіне жазылған көне мәтін. 

«Хойт Тамир жазуының басқа жазулардан басты ерекшелігі жартас

бетіне бояу арқылы жазылған», - дейді Талғат Молдабайұлы. 

Зерттеушінің айтуынша, жартастағы жазулар 34 бөліктен тұрады. Бояулы жазу болғандықтан көп бөлігі өше бастаған. Бүгінде тек 21 бөлігі ғана толық оқылып отыр. Осы бөлігінің өзінде 42 жол мәтін бар. Мәтінде Тардуш көсемі Күлү Чордың Түргештермен соғысы және Бесбалық қаласына жасалған жорық туралы айтылады.

Алғаш болып бұл жазу туралы Д.А. Клеменц тапты. Ол өзінің 1893 жылғы Моңғолияға жасаған экспедиция есебінде бұрын-соңды болмаған айрықша ескерткіш тапқанын айтып, зерттеушілердің назарын аударады. Бірақ мәтіндегі жазуды өзі оқи алмаған. Кейіннен Д.А. Клеменцтің жасаған көшірмесі негізінде В.В. Радлов алғаш болып мәтін құпиясын ашты. Л. Базин, О. Серткая, Қ. Сартқожаұлы бастаған туркологтар бұл мәтіннің 753-756 жылдары жазылғандығын айтса,  А. Ержиласунның айтуынша, бұл жазулар 717-720 жылдары аралығында жазылған.

Ең қиыны тастағы мәтін бояумен жазылуына байланысты эрозияға ұшырап, күн өткен сайын бүлініп барады

Онгин (Ышбара Тамған Тархан) жазба ескерткіші

Онгин (Ышбара Тамған Тархан) мәтіні де Моңғолиядан табылған баға жетпес жәдігерлердің бірі саналады. Нақты айтар болсақ, Өвөрханғай аймағы, Уянға ауылдық әкімшілік аймағы маңындағы Онгин өзенінің солтүстік-батыс жағалауында жатыр.

Мәтін шамамен 719-720 жылдары жазылған, 13 жол мәтіннен тұрады. Мәтінде Білге Ышбара Тамған Тархан атты тайпа көсемінің әкесі Ел Етміш Ябғуның Түрік қағандары Елтеріс, Білге қағандарға қалай қызмет жасағаны, елі үшін тер төккені туралы айтылады.

Ескерткішті алғаш болып 1891 жылы Н.М. Ядринцев тауып, көшірмесін, сипаттамасын, фотосуреттерін жасайды. Алғашқы ғылыми аудармасын В.В. Радлов жасады. Кейін Д.А. Клеменцтің сызбасы, суреті негізінде Г.И. Рамстедт, С. Пелси зерттеу жүргізіп, осы кешеннің реставрациялық сызбасын жасады

Аталмыш кешендегі мәтінді түрік ғалымдары Х.Н. Орхун, Т. Текин, орыс ғалымдары С.Е. Малов, А.Н. Бернштам, В.Е. Войтов, қазақ ғалымдары Ғ. Айдаров, Қ. Сартқожаұлы, Н. Базылхан зерттеп, траскрипциясын, аудармасын, түсініктемесін жасаған. 

Талғат Молдабайұлының айтуынша, бұл жерде үлкен ғұрыптық кешен болған. Қазіргі көріп отырғанымыз сол алып кешеннің бір бөлшегі ғана.

Үшке бөлшектеніп кеткен мәтінтас сынығы қазіргі таңда Өвөрханғай аймағының өлкетану музейінде сақтаулы тұр.

Их хөшөөт (Күлі Чор)

Их хөшөөт немесе Күлі Чор деп аталатын бұл мәтінтас та үлкен ғұрыптық кешеннің бір бөлшегі. Аталмыш кешен Моңғолияның Төв аймағы, Дэлгэрхан ауылдық әкімшілік аумағына тиесілі Их хөшөөт деген жерден табылған.

Тастағы мәтін толықтай оқылған. Бірақ жүйелі зерттеулер ескерткіштің солтүстік бетінде өшіп қалған жазулар бар екенін анықтаған. Өшіп қалған бетіндегі мәтіннің нақты қанша жол екені белгісіз. 

Осы ескерткіш аясында тер төккен ғалымдардың пікірінше шамамен 723-725 жылдар аралығында жазылған деп болжанады. Тардуш тайпасының көсемі Ышбара Білге Күлү Чордың ерлігі жайлы баяндалады және Қарлұқтармен болған шайқаста оның қаза тапқаны туралы деректер бар.

Алғаш болып бұл ескертіш туралы ғылымға қосқан адам В.Л. Котвич  еді. Ол 1912 жылы арнайы зерттеу жүргізіп кейіннен, А.Н. Самойловичпен бірге тұңғыш рет мәтіннің аудармасын жасады.

Кейін Г. Клоусон, Х.Н. Орхун, С.Е. Малов, Т. Текин, Ғ. Айдаров, Қ. Сартқожаұлы, Н. Базылхан секілді білікі туркологтар зерттеу нысанасына алды. 

Их Асгат немесе Алтын Тамған Тархан мәтінтасы

Их Асгат немесе Алтын Тамған Тархан мәтінтасы Моңғолияның Бұлғын аймағына қарасты Могод елдімекенінен табылған. Түлээ тауының шығыс солтүстігінде орналасқан бұл нысан да ғұрыптық кешен болған. Яғни бүгінге дейін жеткен бір бөлшегі болып отыр.

Их Асгат мәтінін 1893 жылы Н.Я. Ядринцев басқарған экспедиция құрамындағы ботаник П.П. Левин тапқан, Н.Я. Ядринцев мәтіннің көшірмесін жасап, суреттерін жариялайды. Кейін Д.А. Клеменц ескерткіштің мәтіндік көшірмесін жасаған. Алғаш болып орыс ғалымы В.В. Радлов оқып, аудармасын жасаған, кейіннен Х.Н. Орхун, С.Е. Малов, Н. Сэр-Оджав, В.Е. Войтов, С.Г. Кляшторный, Қ. Сартқожаұлы, Н. Базылхандар сияқты ғалымдар зерттеген (Радлов В.В., 1892; Orhun H.N., 1936; Малов С. Е., 1959; Сэр-Оджав Н., 1965; Войтов В.Е., 1996; Сартқожаұлы Қ., 2003; Базылхан Н., 2005).

Мәтінтаста барлығы 12 жол мәтін қашалған. Шамамен 724 жылы жазылған. Алтын Тамған Тархан атты тайпа көсеміне ұлдары Тұрғұл Йелгек тарапынан көңіл айтып, еске алу мақсатында орнатылған мәтінтас.

Баян Цогт (Тұйұқұқ) мәтінтасы 

Аталмыш мәтінтес шамамен 725-726 жылдары аралығында тұрғызылуы мүмкін. Себебі, 725 жылғы Қытай жылнамаларында түріктерге жіберілген Қытай елшілігін қабылдау кездесуінде Тұйұқұқ болды. Бұл кезде Тұйұқұқ қартайғандығына қарамастан билікке араласқандығын байқаймыз (Kafesoğlu İ. 1996: 117). 

«Тұйұқұқ мәтінінің соңғы жолдарында «Түрік Білге қаған, жеңімпаз түрік халқын , оғыз халқын асырап тақта отырды» деуіне қарағанда Білге қаған билік жүргізген кезді көргендігін білуге болады. Ел басындағы қағандарға кеғес беріп, олардың қателіктерін ашық жазған Тұйұқұқтың түрік халқының саяси өмірінде маңызды рөлге ие екендігін байқауға болады. Оның өзін мемлекеттік қызметтен алған Қапаған қағанға қарата айтқан: «Елтеріс қаған жеңбесе, бар болмаса, Білге Тұйұқұқ жеңбесе мен олмасам. Қапаған қағанның жеңімпаз түрік халқының орнында, тайпа да, халық да, адам да еш болмас еді. Елтеріс қаған, Білге Тұйұқұқ женгендері үшін, Қапаған қаған бастаған жеңімпаз түрік халқының тірі қалуы осының арқасы...» [Тui. II K 1-3] сөзінен білуге болады. 698 жылы Болчу шайқасында Тұйұқұққа Қапаған қағанның Алтай тауында әскерімен бірге күтуін бұйырған еді.

Бірақ күту арқылы уақыт жоғалту стратегиялық тұрғыда жеңіліс екенін сезген Тұйұқұқ аскерін бастап Батыс Түркістан аймағына жорық жасап бірнеше маңызды жеңістерге жеткен еді. Дегенмен қағанның бұйрығына құлақ аспағандығы ескеріліп, 701 жылы Қапаған қаған оны қызметтен шеттетеді (Giraud R., 1999). Кейін билікке келген Білге қаған оны кеңесші қызметіне шақырып, көптеген жыл қызмет атқаруына мүмкіндік береді. Тіптен 722 жылы Қытайға жіберілген Түрік елшілігі арасында болып, Қытай жылнамаларында Түрік қағанатындағағы қауіпті үш адамның бірі ретінде аталып өтіледі (Taşağıl A., 2002). 

Тұйұқұқ Қытайда туып, қытайда білім алған, Екінші түрік қағанатын құру үшін Қытайға қарсы көтерілісті бастаған тұлғалардың бірі. Кейін бұл көтерліс Елтеріс қағанның билікке келуімен 682 жылы табысқа жетеді. Тұйұқұқ осы Елтеріс қаған мен одан кейін қаған болған Қапаған қаған билігінің алғашқы жылдары бас уәзірлік қызметін атқарады. Кейін Білге қаған тұсында қағанның кеңесшісі қызметін атқарады. Тұйұқұқ өз атымен аталатын мәтінтастың авторы ретінде танылады. Түрік әдебиетіндегі алғашқы естелік жазбасының авторы деуге болады», - делініпті Т.Молдабайұлының «Қазақ жазуы мәдениетінің бастаулары» атты зерттеу кітабында.

Бүгінде Тұйұқұқ ханға алып ескерткіш қойылған. Ескерткіш Моңғолияның астанасы Уланбатаар қаласынан оңтүстік шығысына қарай 45 шақырым жердегі Баян-Зүрх тауының баурайында орналасқан. 

Бұл кешенді де 1897 жылы Д.А. Клеменц тауып, алғашқы сызбасын, фотосын, мәтіндік көшірмесін алып зерттеген. Кейін оның көшірмесі негізінде 1898 жылы В.В. Радлов аудармасын жасаған. 1957 жылы Н. Сэр-Оджав басқарған ғалымдар осы кешенде археологиялық қазба жүргізді. В.В. Радлов, Х.Н. Орхун, М. Спренглинг, С.Е. Малов, П. Аалто, Р. Жиро, М. Ергин, Г. Клоусон, Т. Текин, Ғ. Айдаров, Қ. Сартқожаұлы, Н. Базылхан, Т. Молдабай зерттеулер жүргізді. 

Кешеннің бөлшегі саналатын мәтінтас екі дана, біріншісі өте жақсы сақталған, екіншісінің жазуы өшіңкі. Барлығы 62 жол мәтін қашалған.

І Орхон (Күлтегін) ескерткіші 

І Орхон (Күлтегін) ескерткіші - атақты Күлтегін  ескертікішінің бұрынғы атауы. Ескерткіш басында І Орхон деп аталғанКейіннен екінші түрік қағандығының бас қолбасшысы, Елтеріс қағанның ұлы, Білге қағанның інісі Күлтегін батырға арнап тұрғызылған ескерткіш екендігі анықталып, Күлтегін мәтінтасы деген жаңа атауға ие болған.

Күлтегін өз заманының батыры, дана қолбасшы ретінде тарихта қалды. Бұл кешен ағасы Білге қаған тарапынан 21 – тамыз 732 жылы тұрғызылған.

Мәтін Білге қаған тарапынан айтылып баяндау үрдісі негізінде жазылған. Қағанға тән асқақтық, рух бар. Негізгі мәтін кейін көркемдік тұрғыда өңделген болуы мүмкін. Білге қағанның сөздерін жазып алған жиені Жолық тегін мәтінді өзі жазып Қытай ұсталарға қашатады. 

Мәтінтаста барлығы 71 жол мәтін қашалған. «Тәңірі текті, Тәңірі болдырған Түрік Білге қаған» деп басталатын мәтін Түрік елінің қалай құрылғандығынан басталып, елдіктің мақсатын айшықтайды. Кейін елдің іргесінің не себепті шайқалғанын, оны қайта тұрғызу үшін інісі екеуінің қалай қызмет атқарғанын және Күлтегіннің ерліктерін баяндайды. Мәтін қысқа, нақты баяндау негізінде жасалған үндеу іспетті. 

Кешенді 1889 жылы Н.М. Ядринцев тауып ғылыми айналымға енгізеді. 1891-1893 жылғы Фин-уғор қоғамы тарапынан жарияланған фотосуреттері мен көшірмесі негізінде жұмыс жасаған дат ғалымы Вильгелм Томсен осы ескерткіштің қытай мәтініндегі «Тәңірі», «Түрік» деген сөздерді салыстыра отырып көне түрік мәтінінің кілтін табады. Мәтіннің алғашқы оқылымын орыс

ғалымы В.В. Радлов жасайды. Мәтіндік зерттеуін Х.Н. Орхун, М. Спренглинг, С.Е. Малов, П. Аалто, Р. Жиро, М. Ергин, Г. Клоусон, Т. Текин, Ғ. Айдаров, Қ. Сартқожаұлы, Н. Базылхан, Т. Молдабай жасады. 1958 жылы Н. Сэр-Оджав, Л. Ийсл бастаған Моңғол-Чехословакия біріккен экспедициясы осы кешенде археологиялық қазба жұмысын жүргізді.

ІІ Орхон (Білге қаған) ескерткіші

Білге қаған ескерткіші де алғашында табылған жеріне байланысты ІІ Орхон деп аталған. Кейіннен Көшө Цайдам деген атау берілді. Ескерткіштің құпиясы ащлып, мәтіндегі жазулар оқылғаннан соң Түрік қағаны Білге қағанға арналған ескерткіш кешені екені анықталып, Білге қаған ескерткіші деп аталған.

Бұл ескерткіште Түрік қағандығының қалай құрылғандығы (Бумын, Істемі қаған), кейіннен ішкі алауыздық себебімен Қытайға бағынышты болғандығы, Қытай билігінен қалай құтылғандығы мен Білге қағанның елі, жері үшін жасаған ерліктері баяндалады. Білге қаған 698-716 жылдар аралығында шад, 716-734 жылдар аралығында қаған болған, Елтеріс қағанның үлкен ұлы, ұлы қолбасшы Күлтегіннің ағасы, үш қағанға қызмет жасаған Тұйұқұқтың күйеубаласы. Мәтін қағанның елі алдындағы жасаған еңбектерінің есебі, түрік халқына жолданған үндеу, түрік халқының сол кезеңдегі қысқаша тарихы іспетті.

Аталмыш мәтінтас та сол замандағы үлкен кешен құрылымының бір бөлшегі. Кешенде сонымен қатар тұғыртас, тас мүміндер, балбалдар, сандықтастар бар. Мәтінтас үшке бөлініп кеткен. Реставрация жасалып үш бөлік біріктірілген.

Жалпы ескерткіштің өлшемі: 

биіктігі – 3,33 м., ені – 1,32 м.

қалыңдығы – 0,46 м.

Ескерткіш кешенін 1889 жылы Н.М. Ядринцев тапқан. Алғашқы сызбасын, фотосуретін, анықтамасын жасап, экспедиция есебінде береді. Алғаш мәтінді оқыған В.В. Радлов (1894 ж.), кейіннен дат ғалымы В. Томсен, түрік ғалымы Х.Н. Орхун, Т. Текин, орыс ғалымдары С.Е. Малов, П.М. Мелиоранский, қазақ ғалымдары С.А. Аманжолов, Ғ. Айдаров, М. Жолдасбеков, Қ. Сартқожаұлы, Н. Басылхан, Т. Молдабайұлы зерттеді (Жолдасбеков М., Сартқожаұлы Қ., 2006; Базылхан Н., 2005; Молдабай Т., 2015).

Тэвш немесе Тэвщ уул (тау) ескерткішті

Тэвш немесе Тэвщ уул (тау) ескерткіші шамамен VII-VIII ғасырға тән жәдігер. Түрік тайпаларының бірінің ту ұстаушы сарбаздың жазбасы. Ескерткіштің өзі Моңғолияның Өвһрханғай аймағы, Боғды ауылдық округі аймағынан көне түрік қорған орнынан табылған. 

Қазіргі таңда Моңғолия Археология институты қоймасында сақтаулы. Ескерткішті 1949 жылы А.П. Окладников, Н. Сэр-Оджав бастаған Ресей мен Моңғолияның біріккен археологиялық экспедициясы жұмысы барысында тапқан. Алғаш оқылымын 1979 жылы орыс ғалымы В.Н. Наделяев жасаған. Кейіннен Қ. Сартқожаұлы, Н. Базылхан оқып, толықтырулар енгізді.

Көне мен жазылған мұндай мәтіндер Еуразия далалық аймағының көп бөлігінде кездеседі. Әдетте түріктанушы ғалымдар мұндай жазба ескерткіштерін  табылған аймақтарына қарай топтастыруды құп көреді. Алайда соңғы уақыттарда кейбір зерттеушілер көне жазба ескерткіштер тарихны басқаша қырынан қарай бастаған. Түрколог-ғалым Талғат Молдабай өзінің «Қазақ жазуы мәдениетінің бастаулары» атты зерттеу кітабында түрік бітіг жазба ескерткіштерін хронологиялық және ареалдық ерекшелігіне қарай топтастырған. 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?