Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Бір суреттің тарихы. Рахметжан Шахметов

1245
Бір суреттің тарихы. Рахметжан Шахметов - e-history.kz

                                                                                                                                                               01.05.15

Ұлы Отан соғысы — адамдардың жүрегіндегі жазылмайтын жара. Ұлы Отан соғысы — Кеңес Одағының тарихындағы ең қиын кезең. Биыл соғыстың аяқталғанына 70 жыл. Әрбір отбасы Ұлы Жеңісті сыйлаған ардагерлердің есімдерін мәңгі есте сақтайды. 

Соғыс жылдары тарих тасасында қалып барады. Жаңа ұрпақ өсті. Жастар үшін соғыс — қан майданға қатысқан адамдар туралы естеліктер ғана. Соғысты өз көзімен көрген ардагерлердің саны азаюда. 

aeae7d33f105d43ec14d815cc33683a1.jpg

Ұлы Отан соғысының оқиғаларын естен шығармауымыз керек, өйткені майданға қатысқан ардагерлер өз Отанын фашисттерден қорғады. Егер олардың өз Отанына деген сүйіспеншілік сезімі болмаса, аспанымыз ашық болмас еді. Майдангерлер жер бетіндегі бейбітшілік үшін күресті.Соғыс жылдарын мәңгі есте сақтауымыз керек. Өткенін ұмытқан халықтың болашағы бұлыңғыр... 

1941 жылғы соғыс әркімнің үйіне қайғы-қасірет алып келді. Адамдар ел қатарлы тыныш өмір сүргісі келді. Бірақ бақытты ғұмырға төрт жыл бойы қол жеткізе алмады. Майданға жарамды ер азаматтар елін қорғады. Әр жерде «Отан-ана шақырады!» деген плакаттар ілініп тұрды. 

Атам Шахметов Рахметжан Шахметұлы да өз Отанын қорғады. 

Соғыс өрті лап ете түскенде, ол Моңғолияда 84-мотоатқыштар дивизиясының құрамында әскери борышын өтеді. Дивизияны полковник Карамышев басқарды. Соғыстың басталуы жайында Моңғолия елінде жүргенде білді. Атамды жаяу әскер училищесіне, одан кейін — майданға жіберді. 

b4512935a9042fcea69783f2e7244579.jpg

Атам соғысты есіне алғанда, жаны ауырып, жүрегі сыздайды. Волховский майданында жаумен күресіп, Новгород қаласын азат ету үшін болған шайқасқа қатысты. Бірақ, азат етілген қалада қиратылған ғимараттарды ғана қалған еді. Сол кездегі Новгородта тірі жан жоқ: фашисттер ер адамдарды өлтіріп, әйелдер мен балаларды Германияға қуып әкеткен. 

Менің атам майданда болған оқиғаны бірде былай әңгімеледі: Әскери жолдастарымен бірге барлауға жіберілген. Көздеген мақсаты: немістердің жоспарларын айтып беретін фашисттердің біреуін ұстап алу. Жауды тұтқынға алу оңайға түспеді. Атам баяндағандай, осы әскери операция болған күні аспанға қара бұлт үйіріліп, күн бұлыңғыр болды. Бір кезде барлаушыларымыз окоп түбінде ұйықтап жатқан немісті байқады. Оған бас салып, окоптан алып шығарды. Бірақ, немістер сарбаздарымызды көріп қалды. Оқ жаудырды. Бұл күні Рахметжан Шахметұлы өзінің екі әскери жолдасынан айырылып қалды. Өзі де жарақат алған еді. Алайда, әскери операцияны сәтті аяқтады.  

Атам соғыс туралы баяндағанда, көзіне жас алатын. Майданды есіне түсірген сайын, иығы селк-селк етіп, даусы мұнды шығатын. Атам бүкіл соғысты бастан кешіріп, қан майданнан жеңіспен оралды. Ол тарих пәнінен сабақ берді. Әжеме үйленді. Жеті баласы дүниеге келді. 

Атам жер бетіндегі бейбітшілік үшін соғысты. «Өз әрекеттерімді ерлік деп санамаймын. Отанымды қорғадым», — дейтін. 

Ашық аспанымыз үшін ержүрек жауынгерлерімізге алғысымыз шексіз. 

Қазіргі кезде атам 94 жасқа толды. Құдайдың бұйырғаны болса, Жеңістің 70 жылдығын қарсы алады. Жеңістің 70 жылдығына арналған әскери шеруге қатысуға шақырылды. 

Мың алғыс сізге, Ата! Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне өз алғысымды білдіремін! Сіздер жасаған ерліктеріңіздің барлық арқасында біз, балаларыңыз, немерелеріңіз, шөбелеріңіз бейбітшілік орнатылған әлемде өмір сүреміз.

Алмат Заманбек, 

Атырау облысы Есбол ауылының 

Жамбыл атындағы орта мектептің 10-сынып оқушысы

«Бір суреттің тарихы» фотожобасына қатысыңыз, біз сіздің оқиғаңызды жарыққа шығарамыз.



Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?