09.04.15
Міне, Ұлы Отан соғысының жеңіспен аяқталғанына да 70 жыл өтті. Бұл сол кездегі кеңес халқының ержүректігі мен төзімділіктерін паш ететін, тарихта мәңгілік қалатын күн. Ұлы Отан соғысы халқымызға төнген ең ауыр күндер болды. Төрт жыл, 1418 күн мен түн бойы өз жері мен отаны үшін, келешек ұрпақ үшін жан қилы соғыс жүріп жатты. Ұлы Отан соғысы тарихының беттерін парақтаған адам жеңіс сағатын соқтыруға Қазақстанның қосқан үлесі телегей-теңіз екенін байқар еді.
Осы бір аяқ астынан басталған әділетсіз арпалысқа көп қазақстандық азаматтар әскер қатарына шақырылды. Біздің ауданымызда да ардагерлер бар. Мен олармен мақтанамын! Ақпан айында біздің мектептің балалары мен педагогтары Ақкөл ауданында тұратын ардагерлерді аралап шықты. Мен өзім ардагер Трубицын Федор Гавриловичпен кездескеніме өте ризамын. Оның соғыс туралы айтып берген әңгімесі
жүрегімде мәңгі қалады. Ардагер бізге соғыс, қиын сынақ, Жеңіс күніндегі үлкен қуаныш туралы әңгімелеп берді.
1925 жылы 22 ақпанда Ақмола облысы Бұланды ауданы Новодонецк селосында туған. Қызыл әскер қатарындағы қызметін 1942 жылдың сәуірінен бастады. Кіші командирлер курсын бітірген соң, алдыңғы шепке жіберді. Өзінің алғашқы ұрысқа қатысуын Калинин майданынан бастады. 24 желтоқсанда ол оқ тиіп жараланды, Иваново қаласында госпитальда емделді.
Сауыққаннан кейін 145 полкіне түсті, одан кейін И.Д. Черняховскийдің қол астындағы 11 армияның құрамына енген 3 Беларусь майданының №552 әскери бөлімнің 49 атқыштар полкіне жіберілді. Беларусь елінің Орша қаласын жаудан азат ету үшін болған ауыр ұрыстарға қатысты.
Әскери бөлім ұрыспен Литваға кіріп, Неман өзені арқылы өтіп, Каунас пен Вильнюс қалаларын азат етті. Литвада мина жарықшақтарымен екінші рет жарақат алды. Госпитальдан кейін 87-гвардиялық артиллерия полкінің алдыңғы шептегі артиллериялық барлау бөліміне жіберілді. Шығыс Пруссияда соғысып, Гумбиннен (қазір Гусев қ.) және Инстербург (қазір Черняховск қ.) қалаларын азат етті. Кенигсбергті шабуылдау алдында (қазіргі Калининград қ.) «Қаланы қайткен күнде де алу керек!» деген бұйрық берілді.
Бәрі де бұл – соңғы ұрыс, соғыс аяқталуға жақын екенін түсінді. Шынында да Федор Гаврилович фашистерді жеңген Жеңіс туралы қуанышты хабарды Кенигсбергтің түбінде алды. Батылдықпен, ерлікпен соғысқанының куәсі - наградалары мен жараланғандығы үшін төсбелгілері.
Соғыс мүгедегі Федор Гаврилович Трубицын 1 дәрежелі Ұлы Отан соғысы орденімен, «Ерлігі үшін», «Кенигсбергті алғаны үшін», «Германияны жеңгені үшін», «Маршал Жуков», «Украинаны азат етудің 60 жылдығы», «Астананың 10 жылдығы», «Беларусь Республикасын неміс-фашист басқыншыларынан азат етудің 65 жылдығы» медальдары және т.б. марапатталған. Кейіннен 11-ші және 5-ші армияны біріктіріп, Прибалтика әскери округі құрылып, ол әскери қызметте 1950 жылдың наурызынан дейін болды. Әскерден кейін Калининград облысында киномеханик болып жұмыс істеді. Одан соң Калугада МТС-та және «Добровольский» совхозында тракторшы болды... Бейбіт өмір қалпына келе бастады.
Жеңіс шеруі, 2014 ж.
Ол 1956 жылы туған жеріне оралды. Ақкөл стациясында, одан кейін жанар-жағармай құю бекетінде слесарь-моторист болып жұмыс істеді. 19 жылдан артық «Целинэнерго» жоғары вольттік электр торабында электромонтер болып жұмыс істеді, кейін – подстанцияда электрослесарь болды, сол жерден зейнетке шықты.
Ардагер келген қонақтарға қуанып қалды
Бүгін біздің алдарымызда мықты, мейрімді, көңілді адам отыр. Оның әңгімелерін тыңдағанда соғысты өз көзімен көргендей болдым. Өмірдегі қиындықтарға, сынақтарға көнбегенге таңғаламын. Осы атамызға зор денсаулық тілегім келеді, өмірде тек ғана жақсылық көрсін! Уақыт өткен сайын аталарымыз сыйлаған Жеңістің маңызы артып келеді. Олар көрсеткен ерліктері бүгінгі ұрпаққа өнеге. Отансүйгіштік қасиет әркезде де қастерлеуге тұратын қасиеттердің бірі. Осы ұғым біздің үлкен құндылығымыз болуы керек деп ойлаймын.
Отаншыл болу – ең алдымен өткенді білу. Мен ұлтжанмын, өйткені өз елімнің тарихын ұмытпаймын ешқашан. Майдан шебінде жанын пида еткен жауынгерлер мәңгі есімде қалады. Отан үшін отқа түсіп, Жеңіс сыйлаған ардагерлерге тағзым етемін. Сұрапыл да жойқын соғыста қыршынынан қиылған жауынгерлер есімі ел есінде мәңгі сақталады. Жанымызда қалған ардагерлерімізді құрметтеп оларға шексіз алғысымызды білдіріп бас иеміз!
Пафенгут Иосиф,
№ 1 Балалар үйінің 7-сынып оқушысы,
Ақмола облысы, Ақкөл қаласы
«Бір суреттің тарихы» фотожобасына қатысыңыз, біз сіздің оқиғаңызды жарыққа шығарамыз.