Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Бұланты шайқасының белгілі де белгісіз батырлары

3255
Бұланты шайқасының белгілі де белгісіз батырлары - e-history.kz
Жоңғарлардың Ұлытауға бет бұруы – өз жеңісіне мастануының шырқау шегі болатын. Өйткені, бұл мақсатқа жетудің оңайға түспесін білді. Ұлытау – қазақ үшін ғана емес, түркі әлемі үшін де киелі орын

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2014 жылы Ұлытауға барған сапарында айтқан «Өз тарихымызды тереңінен білу үшін көп жұмыс жасаймыз. Өткен тарих куәлерінің бірі – Ұлытау. Бұл жерді барлығы білуі тиіс» деген сөзіне үн қосу үшін әрбір саналы ұлтжанды азамат білгенімен бөлісіп, туған жер тарихынан сыр шертуге атсалысуға тиіс. Өйткені, кез-келген өлкенің тарихы мен елеулі тұлғалары – тәуелсіз еліміздің бөлінбес бір бөлшегі. Сондықтан оған рушылдық, жершілдік тұрғысыннан қарастырып, жікшілдіктің отын өршітпеу қажет. Ол үшін өткеннің тағылымына сауатты көзқарас қалыптасуы тиіс. Ол әлем халқы берік ұстанып отырған Академиялық адалдық қағидаларына сәйкес келеді. Әйтпесе, ел арасында шала сауатты жандар «өзім ғана білемінге» салынып, іріткі салып, ұлттық мәселені ауыл арасының күйкі тірлігіне айналдыруға жұмыс істейтіндер де бар. Сол себепті туған жерге еңбегі сіңген бабалар еңбегін парықсыз жандардың көзқарасымен тарих сахнасынан жоюға жол жоқ. 

Тарихтан белгілісі, Бұланты шайқасында қазақ жасақтары жеңіске жетіп, жоңғарлардың әскерін Ұлытауға жеткізбей тоқтатты. Қанжығалы қарт Бөгенбайдың ұсынысымен соғыста қаза болған қазақ жауынгерлерінің денесі таудың басына шығарылып жерленді. Солардың арасында мыңдаған жергілікті тұрғын өкілдері мен еліміздің түрпік-түпкірінен ат арытып жеткен бауырлас-қандастарымыз бар-тын. Олардың ешқайсысы жерге, руға бөлініп, жеке бас мүддесін іздеп келмегені белгілі. Мақсат – жерімізді дұшпаннан арылту болды! 

Жоңғарлардың Ұлытауға бет бұруы – өз жеңісіне мастануының шырқау шегі болатын. Өйткені, бұл мақсатқа жетудің оңайға түспесін білді. Ұлытау – қазақ үшін ғана емес, түркі әлемі үшін де киелі орын. Ол рухани орда ғана емес, қазба байлықтың тұнған қазынасы. Ол ертеден-ақ сары жезі, алтын-күміс, асыл кенінің молдығымен де шартарапты тамсандырған аймақ. Ондағы елі мен жері үшін жанын қияр ерлерді қол астына қаратып алса, шаңырағы шайқалмасын білді. Бұл әлбетте арман болатын, бірақ, сол үміт жібін ұстау сәті жақын қалғандай еді... 

Ендеше, сол бір қиян-кескі майданда жанын пида еткен белгісіз ерлердің батыл қимылы, көзсіз ерлігін жадымыздан шығармауымыз, бірлікті сақтауымыз керек. Ол біздің ұрпақтың бабалар аманаты алдындағы адал парызы болмақ. 

Өйткені, 1727 жылғы Бұланты шайқасы өзінің маңыздылығы жөнінен 1941 жылғы Мәскеу түбіндегі жеңіспен барабар. Осы оқиғадан кейін жоңғарлар басып алған қазақ жерлерін азат ету кезеңі басталды. 

Осыны ескеріп, 2015 жылы 21 тамызда Қарағанды облысының Ұлытау ауданында Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған іс-шаралар шеңберінде қазақ әскерлерінің жоңғарларды алғаш талқандаған Бұланты өзенінің жанындағы Үйтас шатқалына биіктігі жеті метрлік стелла орнатылды. 

Мұның көңіл толқытарлық іс болғаны анық. Дегенмен, мұндай ауқымды жұмыстың жалғасы болмаса, маңызын көпшіліктің ұғынуына мұршасы болмайды. Әсіресе, үш жүз жылдай уақыт бұрын болған бұл қанды оқиғаның бүгінгі тәуелсіз Қазақ елі үшін қаншалық маңызы болғанын жастарға насихаттауға тиіспіз. 

Әйтпесе, елсіз иен далада бір «Монумент» бой көтеруімен ел тарихын толықтыруды, маңызын байытуды, жастар көкірегіне патриоттық сезім қалыптастырдық десек, қате айтқанымыз болмақ. Шын мәнінде, бұл үлкен істің бастауы ғана. Сол жолда бірқатар озық ойлы азаматтар ақыл-парасатын, рухани өрелілігін, шығармашылық шеберлігін, күш-қайратын жұмсады. Ескерткіш авторы – жезқазғандық Шахибабен Сейткеновтің ұшқыр қиялы алыс замандардың келбетін көз алдымызға әкелуі айрықша тебірентсе, Стелла құрылысына «Қазақмыс» корпорациясы жеті миллион теңге бөліп, демеушілік жасауының өзі қаншама қаражат жұмсалғанын еске салады. Ескерткіш-стелланы қазақтың тұңғыш ғарышкері, Халық Қаhарманы Тоқтар Әубәкіров, Қарағанды облысының әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков салтантты түрде ашты. 

58467990092e36bc284536a288919eed.jpg

Бұланты шайқасына қатысқан ата-бабаларымыздың рухына арналған Монументтің мемлекет қамқорлығына алынуы оның елдік құндылық екеніне назар аудартпақ. Ендеше, мұндай еңбек жалғасын таппай қалса, өкініші кімді де болса ойлантары даусыз. Сол себепті, жергілікті тұрғындардың арасынан біздің «батыр бабамыздың» рухы осы жерде елдік мақсаттағы ұлы шайқасқа қатысқан! – деген мақтаныш сезімі алаулай беруі заңдылық. Бұланты шайқасына қатысып, одан әрі ата жауымызды қазақ жерінен біржолата қуып тастағанға дейінгі шайқастарда елін қорғаған батыр бабаларын бүгінгі ұрпақтары мәңгі жадында сақтайтын болады. 

Ел басына күн туған сол бір зауал шақта аты мәшһүр Қанжығалы қарт Бөгенбай, Қаракерей Қабанбай, Шапырашты Наурызбай, Шақшақұлы Жәнібек, Ханкелдіұлы Райымбек және т.б. батырлармен тізе қосып бірге соғысқан жергілікті жердің батырлары бізге мына маңғаз даланы мирасқа қалдырды. Бүгінгі ұрпақ сол жерден кен қазып, мыс балқытып, көмір өндіріп, қызмет етіп, бақытты ғұмыр кешуде. Бұл бабалар арманының азат елде жүзеге асқанының айғағы болса керек. Дегенмен, кешегі советтік кезеңнің салқыны әсерінен, осы жоңғарлар мен қазақтар арасындағы шешуші шайқастағы жергілікті жердің тұрғындары Балталы, Бағаналы, Қыпшақ елінің, т.б., қас батырлары жайлы деректер жоққа тән. Есімдерін айтуға да жасқанатын сияқты. Неге? 

Біздің айтпағымыз, соғыс жүріп жатқан кез-келген елді-мекендегі тұрғылықты халық соғыс зардабынан бейтарап қалмайды. Олардың жеңісті жақындатуға үлес қосатыны дәуір шындығында сан дәлелденген. Ол – біздің халықтың ділі. Менталитет, яки, діл (лат. menta – жан құрылымы) – адамдардың белгілі бір қоғамдастығына тән, нақтылы тарихи-мәдени ортада қалыптасқан мінез-құлықтардың және іс-әрекеттердің біркелкі сипатын білдіретін ұғым екені белгілі. Осы тұрғыдан қарағанда, біздің халық елін, жерін жат жаудан қорғауды борышым деп біледі, оны тіпті ерлік деп те санамайды. Олар қан майданға қаймықпай енген кездерінде «мақтан үшін» ерліктің үлгісін жасамағаны анық. 

Шәкерім Құдайбердіұлының жазбаларында 1723-1730 жылдардағы Отан соғысы жылдарында, тек «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» жылдарының өзінде қазақ халқының санының үштен екісі кемігені туралы мәлімет бар. Демограф М. Тәтімовтің санағы бойынша 1723 жылы қазақ халқының саны 3 миллион 330 мың болса, 1725 жылы 2 миллион 222 мыңға азайған. Демек, олар туған елі үшін жан пида еткен шаһиттер! 

«Қазақ хандығына – 550 жыл» толу мерекелік іс-шаралары қатарында ерлігімен ел ауызында жүрген халық қаһармандары мен батырлығы аңызға айналған ірі тұлғалар ауызға алынған кезде, қарапайым көпшілік көкейінде осындай «ұлы істерден менің ата-бабам сырт қалғаны ма?» деген сұрақ тұрды. Өте орынды сауал! 

Жауап біреу – халық жоқ жерде, ынтымақ қашқан елде бақыт та, жеңіс те жоқ! Қожаберген жырау, Қожабай ақын, Болман Қожабаев, Иманжан Жылқайдарұлы, Омар Қунақұлы, т.б. ақындар, би-шешендер елдің де, елім деп еңіреген ерлердің де даңқын жырға қосты, анықтап көз жүгірткен, саралаған жанға олардың шығармаларында дерек өте мол. Әйтсе де оны ғылыми тұрғыдан зерделеп, жүйелеуге әзір тиянақты көңіл бөліне қойған жоқ.

Бұл ұлы отан соғысына еңбектеген баладан, еңкейген қартқа, сондай-ақ, қыз-келіншектер түгел атсалысты. Тарихтан белгілісі, Абылайдың қызы Айтолқын, үйсін Қаратай батырдың қызы, Олжабай батырдың анасы Есенбике, Қабанбай батырдың жары, Малайсары батырдың қарындасы, батыр анамыз Гауһар, Қабанбай батырдың қаһарман қызы Назым, атақты Бұланбай батырдың жары, барлаушы топтың жетекшісі, ержүрек қыз Айбике, алшын батыр қыз Ақбикеш, найман Жандәлі, Есет батырдың қызы Ботагөз, сол сияқты Қызданбике, Нұрбике, т.б. ерліктің үлгісін көрсетіп, есімдерінің қазақ сахарасына кең жайылуы таң қалатын оқыс оқиға емес, қалыпты жағдай. Бұл қанда бар қасиет. Мысалы, сақ дәуірінде тұрмысқа шықпаған қыздардан арнайы әскери топ жасақталған. Өйткені, оларға керегі Отанының, от басының тыныштығы, ол үшін басты мақсат – дұшпанды жаусатып, туған жерді тезірек азат ету болды. Мұндай істен Ұлытау, Кішітаудың арғы-бергі өңірін жайлаған, Бұланты өңірінің қыз-келіншектері де шет қалмағаны анық.

Көнекөз қариялардан жеткен аңыздарда, Қаракерей Қабанбай батырдың жан жары, батыр Гауһар анамыз «Қалмаққырылған» сыртындағы тауға қарауылға шықты» деген сөз бар. Ендеше, Гауһар анамызға серік болғандар қатарында жергілікті жердің, Бағаналылардың, Арғын, Қыпшақтың, т.б., бізге есімі беймәлім батыр қыздары болғаны анық. Бірақ, олар жайлы не білеміз, есімі кім, кімнің баласы, кімнің жары еді?..

a5a7d5cfcd51bb9422d5180421ad202e.jpg

Бұл тарихи өлкеде – Бұланты, Білеуті, Қарасері маңында өткен соғысқа Бағаналылықтар өзге де жерлестерімізбен бірге қоян-қолтық қатысқаны мәлім.

Бағаналы Құттымбеттей батырлар ел үшін кеудесін оққа тосқан-ды. Шолушы-жасақ құрамындағы жиырмадан жаңа асқан Қаржас руынан Сеуіл батыр қапыда оққа ұшуы, Құттымбет батырдың жүрегін қалмақтардың тірідей жарып алуы осының дәлелі. Отан соғысының жалпы халықтық сипат алғанына дейін де жергілікті батырлар шолу-барлау жұмысында танытқан ерлігіне кім күмән келтіреді? Оның сыртында Бағаналы Қожастың ұрпағы – Мәйгелі, Қуат, Аманғұл сияқты, т.б. бай, батыр, ру басыларының жауынгерлерді мініс және сойыс аттарымен, азықпен қамтамасыз етудегі еңбегі ерекше ауызға алынғаны айғақ. Ой жүгіртіңіз, қаншама мыс қорыту пештері дайындалып, кен балқытылып, ұстаханаларда ұсталардың қажырлы еңбегімен қару-жарақ сайланды. Майдан шебінде және оны қамтамасыз етуде батырлығымен, ерен еңбегімен ел есінде қалған Шақшақ Жәнібек, Қыпшақ Тілеулі, Бағаналы Барлыбай, Төлек, Тулақ, Шұбартулы Жаулыбай, Жауғаш, Биғаш, Айбас, Оразымбет, Сағындық, Арғын Қаржас Аманжол, Сеуіл батырлар, Құттымбет, Аманғұл, Жылкелді, Көбес, Мәйгелді, тағы да басқаларының тарихта алар өмір жолдары әлі толық ашылған жоқ.

Сәбит қажы Байдалы, «Құрмет» орденінің иегері, журналист, алаштанушы

Әбдірахман Зарыпұлы, ҚР ІІМ ардагері

Тоғанбай қажы Құлманұлы, Әлем халықтары Жазушылары одағының мүшесі

(Жалғасы бар...)

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?