Өтукен даласының шығыс жақ шетінде, нақтырақ айтар болсақ Моңғолияның Кентей аймағы Батшірет сұмын орталығынан 40 шақырым қашықтағы Биндір тауының бөктерінде заманнан қалған 400-ге жуық мөр-таңбалар бар. Бұл жәдігер Құрғы өзен алқабындағы Арасан бұлағының басында орналасқандықтан «Арасан тас таңбасы» деп аталады екен.
Төрт дәуірдің мұрасы сақталған кешен
Аталмыш құнды ескерткішті алғаш рет 1943 жылы Х.Перлее деген археолог-этнолог ғалым зерттеп бастап, арада аздаған жыл үзілістен кейін 1960-1970 жылдар аралағында тұрақты түрде зерттеу-зерделеу және таңбаларға анықтама жасау ісімен айналасқан екен.
Нәтижесінде, 1976 жылы «Көшпенділердің тек-тұқымын мөр-таңба арқылы анықтау» дейтін еңбек жазып шығыпты. Ғалым бұл туындысында арасан бұлақ басындағы сопақша келген жалпақ тасқа ойып бәдіздеген мөр-таңбалардың жасалу стилін анықтап, онымен қоймай жалпы адамзат баласы ерте дәуірден бері қолданып келе жатқан гералдикалық символдармен салыстыра зерттеген.
Одан кейін бұл нысанға 1974-1981 жылдары моңғол-кеңес бірлескен зерттеу тобы, 1991-1993 жылдары моңғол-жапон бірлескен «Үш өзен» ғылыми жобасы, 1992-1996 жылдары моңғол-корея бірлескен «Шығыс Моңғолия» ғылыми экспедициясы, 2005-2008 жылдары моңғол – жапон бірлескен «Шығыс Моңғол» экспедициясы, 2008-2013 жылдары моңғол-корея бірлескен «МонСон» жобасы аясында зерттеу жұмыстары жүргізілген екен. Нәтижесінде бұл жерде: мұнда төменгі палеолит, мезолит, неолит дәуіріндегі тас құралдар және ерте ортағасырлық мұралардың аса үлкен қоры сақталғаны анықталады. Яғни, Арасан тас аумағында төрт дәуірдің жәдігері сақталған әлемде жоқ құнды нысан.
Жалпы Арасан тас ескерткішінің сипаттамасы жайлы айтар болсақ: бұл нысан адамзат тарихының мыңдаған жылдық материалдық және рухани құндылықтары сақталған қасиетті орын. Жер қыртысы 2,5 – 3,5 тереңдікте палеолит, 1,5-2,20 м тереңдікте мезолит, 65-110 см тереңдікте неолит дәуірінің 8000 астам тас құралы табылып отыр. Бұл жәдігерлер жүздеген мың жылдар бойы жергілікті дәстүрін сақтаған өзіндік ерекшелігі бар нақты тарихи мұра екендігін академик А.П.Окладников алғаш рет анықтап, ғылыми негізде баға берген.
Мұнда тас құралдармен қатар, палеолит дәуірінен бастап, археологиялық төрт мәдени қабатты толық қамтыған және қола, темір, сюнну (ғұн), түрік, ұйғыр, қидан дәуірінде сызылған мыңдағын мөр-таңбалар сақталған.
Арасан тастың шығыс жақ етегінде ұзындығы 6 м, көлденеңі 2-3 м, қалыңдығы 60-70 см жалпақ тастың бет жағына 180, артына 40, қырына 50 барлығы 270 мөр-таңба қашалған. Бұл таңбалар уақыттық тұрғыдан: палеолит дәуірінен бастап, Моңғол империясы құрылғанға дейінгі аралықты қамтып отыр.
Сонымен қатар, бұл жерден сақ (скиф), сюнну (ғұн), түрік дәуірінің қорғандары мен молалары көп кездеседі. Осы молаларға археологиялық қазба жұмысын жүргізген кезде әр дәуірге тән қыш ыдыстардың сынығы мен жебелер көптеп табылуда.
Көне түрік бітік жазуы
Сондай-ақ, бұл ескерткіш кешен төңірегінен палеолит дәуіріне тән жан-жануар және адам бейнесі бәдізделген артефактілермен қатар, орхан-енисей, парсы, тибет, манжы-қытай т.б. 20 түрлі жазу нұсқалары анықталып отыр
Бұл кешенге 1979 жылы атақты түрколог, шығыстанушы, археолог – ғалым С.Г.Кляшторный мен қазақтан шыққан үлкен түрколог Қ.Сартқожаұлы екеуі бірлесіп құрған моңғол-кеңес тарихи-мәдени мұратану экспедициясы арнайы зерттеу жүргізеді. Нәтижесінде бұрын-соңды ғылыми ортаға белгісіз болып келген жаңа көне түрік бітік жазуын анықтап, оның алғашқы оқылымын Қаржаубай Сартқожаұлы жасап алғаш рет айналымға енгізеді.
Қаржаубай Сартқожаұлы марқұмның жазуынша, бұл жазуды алғаш рет тапқан Х.Перлее ақсақал болғанымен жарықтық жазудың көшірмесін дұрыс жасай алмаған. Яғни, жазудың бас жағындағы «р» пошымды таңба ескерілмей қалыс қалған. Дәл осы таңбадан бастап өлшегенде жолдың ұзындығы 30 см, әріптердің биіктігі 4-4,5 см. Екінші жазудағы жолдың ұзындығы 60 см, әріп кескіндердің биіктігі 17-20 см, жазу элементі өте қарапайым, - дейді Қаржаубай ғалым.
Аталмыш нысанға Қ.Сартқожаұлы өз тарапынан екінші мәрте 1989 жылы зерттеу жүргізіп, мұндағы жазулардың дәлме-дәл көшірмесін жасап, жетілдіріп оқып шыққан. Ғалым бұл реткі тың жаңалығын Ұланбатыр қаласындағы Педогогикалық университет жанынан шығатын "Acta Historica" жинаққа жариялайды.
Кейін ғалым ағамыз бұл жазбасын қазақша аударып 2017 жылы жарық көрген «Тасқа қашалған тағылым» атты еңбегіне енгізіпті. Осы кітапта: «Б.з. VІ-VІІ ғасырлар шенінде Шығыс Моңғолия жеріндегі Арасан тас (Рашан - хад) жотасындағы тасқа сегіз-оғуздың «w» таңбасын қашап, жанына: «Ата-апам ашуны = Ата-бабам еншісі» деп жазған. Таңба алып, жеке тайпа атануын байырғы түріктер осылайша қадірлеп, қасиеттеп ата-баба еншісі солардың ырысы ретінде ардақ тұтқан. Осы үрдіс сол заманмен ғана бітпей, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, ұлыс мақтанышына айналып отырған. Енисей бойындағы Тугутюп (Е-120) шаршы тасына б.з. VІІ-VІІІ ғасырларда қашалған «тамға ер еріме ашунмыс = таңба ерден ерге (ұрпақтан ұрпаққа) еншілеген» деген қанатты сөзі осыны айғақтайды» деп жазыпты.
Өздеріңіз көріп отырған мына екі жазу Арасан тас кешенінен табылған жазулар. Бұл жазуларды үлкен ғалым Қаржаубай Сартқожаұлы былай деп оқып, тәпсірлепті.
Жазулар транскрипциясы:
1 жазу: atan apam acynun
2 жазу: sad jic /2/ erti
Аудармасы:
1 жазу: ата-бабаң (берген) сыйлығы.
2 жазу: шад (лауазым) жалғастырушы еді.
Түсініктеме:
1 жазуда оңнан солға қарай 2-әріп (n) – нан кейін бір нүкте қойылған. Оның тура астына 1(р) әрпін қашаған. Тас қашаушы 3-әріпті жазбай ұмытып кетіп, 4-ші әріпті жазғаннан кейін қатесін түсініп, 1(р) әрпін осындағы нүктенің астына жазған. Нүкте 1(р) әрпі осы тұсқа келуі керек еді дегенді көрсетіп тұр. Бірінші жалғаудағы «ata» сөзіне жалғанған «-n» - тәуелдік жалғауының 2-жағы (-in, yn, un). Олай болса, «atan» сөзін «атаң» деп аударуға болады. Ал «acynun» сөзінің түбірі «асу – пайда, олжа» деп түсіндіріледі. – п жалғауы тәуелдік жалғауының екінші жағын көрсетеді. Сондықтан «acynun» сөзін «сыйлығы» деп аударылған екен (Қаржаубай Сартқожаұлы, Жан-тегін Қаржаубайұлы «Орхон ескерткіштерінің толық атласы», Алматы, 2019 ж. 3 том, 227-б)
Айта кетерлік оқиға Арасан тас кешен аумағын Моңғол мемлекеті 2020 жылғы Үкіметтің № 13 қаулысымен мемлекет қамқорлығына алыпты. Сөзімізді түйіндеп айтар болсақ, бұл нысан әлі толық зерттелген жоқ. Осындағы 400-ге жуық мөр-таңбаларды көшпенді қазақ халқы күні кешеге дейін әртүрлі жағдайда қолданып келген таңба-символдармен салыстыра зерттеп, ұлтымыздың ежелгі геральдикалық туындыларын айқындауға негіз бар.