Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қаныштың тойы – қазақтың тойы

1457
Қаныштың тойы – қазақтың тойы - e-history.kz

Сурет: "Шаңырақ" халық шығармашылығы орталығы

Бірінші күн

Омбыдан келген бетте Баянауыл өлкесіне шығып кетуге тура келді. Он шақты күн бұрын бізге Қаныш-125 мерейтойының бас ұйымдастырушы, белгілі қоғам қайраткері, сенатор Алтынбек Нұхұлы ағамыз шақыру қағазын жіберіп, шақырып қойған еді. 

16 тамыз күні ертелетіп Қаныш Сәтбаев-125 брендбугінің авторы Алмас Сырғабай екеуміз жеке көліктерімізбен жолға шығып кеттік, төте Баянауылдың өзіне тарттық. Біз барғанда аудандық мәдениет үйінде ақындар айтысы өтіп жатыр екен. 

Түс ауа біз Павлодардан келе жатқан көліктер шеруін күтіп, оларға қосылып, Мұса Шорман ауылына бардық. Бұл Алтынбек Нұхұлы бастаған керуенде кімдер жоқ дейсіз, біздің ғұлама ұстазымыз Тұрсын Құдакелдіұлы, оның жан досы, «айтыстың атасы» Жүрсін аға, Қабанбай батырдай күркіреп Ұлықпан Сыдықов ағамыз, ғалым, яғни Қанекеңнің ізбасары Герой Жолтаев, Қаныштың туған жиені Әлима апай, «Бесінші маусымның жұпары» Тыныштықбек аға, жамағаты Шағангүл апай, даланың дархан дауысы Шаһимардан Әбілев, бүгінгінің Мәдидей күрескері Ерлан Төлеутай, халық қалаулары Аманжол Әлтаев, «жасаған берген» Жанарбек Әшімжан, Жарқынбек Амантай, өзге де баянауылдық азаматтар бар. 

Бұрын Теңдік деп аталған, қазіргі Мұса Шорман ауылының кіреберісінде 35 тарихи тұлғаға арналған аллея жасалыпты. Түнде жарқырап жанатын бұл белгілердегі суреттерді Алмас Сырғабай салып, өлеңдерін ақын Аспанбек Шұғатай жазған екен. Көп өтпей, Мұса мырза Шорманұлының зиратына, сол арқылы осы далада туған, өсіп-өнген ұлт перзенттеріне, әсіресе Қаныштай дара тұлғаның аруағына бағыштап құран оқып, дұға тіледік. 

Атақты Бөгенбай батырдың шөбересі Саққұлақ би «Орта жүздің шамшырағы», Шоқан «сирек кездесетін керемет адам», Потанин «даланың беткеұстар азаматы», Ядринцев «қыр қазақтары аристократиясының жарқын өкілі, қазақ қоғамы прогрессивті өрлеуінің көрнекті қайраткері», Гейнс «Орта орданың ең беделді тұлғасы», Жанқұтты шешен «тобықты Құнанбай, қыпшақ ыбырай, төртуыл Мұса – осы үшеуі қазақтың маңдайына нағып сыйып жүргеніне айран-асырмын» деп тамсанған Мұса мырза Шорманұлы зиратына тағзым жасап, тұлғасына бас идік.

Осы орайда бір кепті еске түсірмекпін, бұған себеп болған – осы ауылдың тумасы, Баянның өлкетанушысы Ернар Кейкі замандасымыз. Осыдан он екі жыл бұрын «Аңыз адам» журналына Марфуға қарындасымыз «Қандай тұлғаны шығаруға болады?» деп сауал тастағанда, Ернардың «Мұса Шормановты» дегеніне біз де қарап қалмай жауаптасып, пікірталас тудырыппыз. Кейінірек есіме түсті, түсірді, ол да қайшылығы көп, күрделілеу, тарихи тұлға, біз бірақ ұлттық мүдде тұрғысынан өлшегенде, әрине, онша іш тартпайтынымыз анық қой деймін...  

Оның әулеті жатқан қасиетті қорымның қарсы бетінде Мәшһүр Жүсіп 12 жасында оқыған орынға белгі қойылды. Кеш үйіріліп, күн жауып бастаған шақта қалың көпшілік белгідегі жазуды соңына дейін оқып, тыңдап, бірақ жылжыды. Бұл, меніңше, ұлт тұлғасына деген перзенттік парыздың көрінісі болды. Іс-шаралар легі ауылдағы Қаныш Сәтбаев мектебінде жалғасты. Қадірлі меймандар сөз сөйлеп, Қаныш тойын атсалысқан жандардың бірқатары осында марапатталды.

Қалың жұрт енді ауылдың мәдениет үйіне кіріп, жайылған ақ дастарханнан дәм ауыз тиді. Қаныш Сәтбаев халықаралық қорының «Қаныш Сәтбаев» орденімен марапаттау салтанаты жалғасты. Үш дәрежелі бұл орденнің алғашқысы және І дәрежелісі алпыс жыл бойы  ғұламаны зерттеген белгілі жазушы, марқұм Медеу Сәрсекеұлына тапсырылатын болды. «Қаныш Сәтбаев» ІІ дәрежелі ордендері көрнекті ғалымдарға, меценаттарға тағылса, ІІІ дәрежелі ордендері тойдың қадірлі қонақтарына, тарихшылар мен өлкетанушыларға табысталды. Бұлардың арасында біздің аға-досымыз, Қаныш Сәтбаев, Жүсіпбек Аймауытұлы, Әлкей Марғұлан, Шәкен Айманов логотиптерінің авторы Алмас Сырғабай да бар, Баян елі оның иығына жапан жауып, астына ат мінгізді.

Мұса ауылы мен Баянның арасы тура 80 шақырым, түннің жарым уағында ауданға бет түзеген көліктер ағыны жанған шоқтай жылтырайды. 7-10 шақырымға созылған көлік шеруінің жарығы Жасыбайға жеткенше сөнген жоқ.

Екінші күн

Жасыбай жағасында жатырмыз. Баянауыл ауданы әкімдігінің аппарат басшысы Асқар Мұқанов мырза бізге арнайы бөлген екі қабатты ағаш үй. Отбасыға керектінің бәрі бар, рахат. Үй мынау, көл анау. Өмірден ләззат алып үйрен дейді. 

17 тамыз күні де тамылжып атты. Таңғы шайымызды асықпай баптанып ішеміз дегенше мәдениет үйіндегі кітаптардың таныстырылымынан кеш қалыппыз. Ызғытып отырып жетіп барсақ та, ізім-қайым, ештеңе жоқ, жұрт тарап кетіпті. Кері қайттық. 

Жасыбайдың жағасына жеттік. Айдын шалқардың суы жаныңды жадыратып, тәніңді сауықтырады, көңіліңді демдеп, ойыңды ұштайды шіркін-ақ! Пай-пай, Баянның көркем өлкесі! Өзіңде туған адамда не арман бар десеңші. 

Көркем көлдің ортасында жүзіп жүрміз. Ертістің бойында туған балаға тыныш тұрған көл қауіп пе екен, құлашты сермеп малтып та, суға кіріп сүңгіп те, қол-аяқты бірдей қозғап жүзіп те көріп жатырмыз. 

Жағалау жаққа көз саламын: қалың демалушылар, қазақ-орысы аралас, жас-кәрісі, сауы мен масаңдауы да осында. Әсіресе түстіктегі аспанкөз ағайынның қарасы мол, біздің көркем өлкеміздің сырын солар білетіндей ме, бала-шағасымен шұбырып жүргендер де солар. Қазақ ағайын жаздың кезі тойменен әуре, одан қалса, несиесін жаба алмай әуре, әйтеуір демалушылардың арасынан аз да болса кезіктіріп қаласыз. 

Бәрін де қойшы, кеше кешкісінгі қонақасында сөйлеген академик ағалардың сөзі құлағымда тұнып тұр. 

Олар айтады: «Бір ғана Баянауылдан 25 академик шықты. Неге олай?» 

Біз ойладық: «Расында да неге солай екен? Бұл жерге құдай нұрын шашып, жанға жайлының, тәнге керектінің бәрін беріпті. Қандай құдірет екен?» 

Ғалымдар айтады: «Сіздер көріп жүрген Баянауылдың гранит тастары ғой. Олар біздің эрамызға дейінгі кезеңдерде жердің астынан өте ыстық температурада қызып, қайнап, жердің бетіне жарылып шыққан. Ал осының энергиясына сөз жоқ, сұмдық! Осы жерден шыққан әрбір қылтан шөп мен өсімдік жануарға азық, ал жануардың етін жеген адамдарға сол мол, жақсы энергия беріледі, дариды. Баянауылдан 25 академиктің шығуы да осындай дүниеден туындайды».  

Жасыбай – жасыл желек жамылған жер. Айналаңа қарасаң, көзің тояды, көңілің өседі, тәнің байыз тауып, жаның жайбарақаттанады. Зеңгір көк аспан, ұшар басы биік зәулім тау, көкорай шалғын бел, жақпар-жақпар тас, қатпар-қатпар қыр, қарағай, шырша, қайың, самырсын өскен  сай-сала – бәрі де керемет мұғжиза дедім іштей.

Отбасымыз болып бір тәуліктен аса демалдық. Суретші аға-досым Алмас екеуміздің бала-шағамыз асыр салып, жамағатымыз жадырап жүр. Оларды жиып, заттарды алып, үйді тапсырып, артынып-тартынып Мойылды шатқалына тарттық. Әлі де талай келерміз Жасыбайға!

Тойдың ортасы шатқалда. Шақырылған құрметті қонақтардың тізімінде бар екенімізді айтып, сақшы жігіттерден рұқсат алып, көлігімізді ішке қарай, бәйгетөбе жаққа қаңтардық. 

Біз келгенде түскі астың мезгілі еді, Успен ауданы тіккен ерекше үйте маңдай тіредік. Бізді қарсы алған келіншек – аудандық мәдениет үйінің басшысы Перизат Құрманәлі қарындасымыз. Киіз үйдің ішін ұлттық бұйымдармен көркемдеп безендіріп, құрақ көрпе, жастықтарға толтырып тастаған. Сырты да алыстан көз тартатын керім үй. Жайымызды айтып едік, танымайтын адамды құдайы қонақ қылатын қазақы мәрт көңілімізге сай, қонақ болдық. Успен аудандық мәдениет бөлімінің басшысы Салтанат Мұратқызы ханым да осында екен, жазушы һәм суретші екеумізді үлкен құрметпен күтіп жіберді, біз қатты ризашылық білдірдік. 

Мойылды шатқалы – үлкен алқап, бір шетінде атшабар, ортасына қа-қатар тізілген ақ шаңқан киіз үйлер, қолөнер шеберлерінің көрмесі, атақты тұлғалардың көшпелі музей үйлері, сол тарапта ас-ауқат дайындайтын орындар, одан беріректе аспан астындағы алып сахна. Бұл жерде бірер сағат бұрын Қазақстан Парламенті Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов мырза сөз сөйлеп, тойдың салтанатты ашылуын бастап беріпті. Біз келгенде эстрада жұлдыздары тегін концерт қойып жатты. Киіз үйлердің бәрін болмаса да, көбін аралап үлгере алдық. Әсіресе ұлт перзенттеріне айналған таудай тұлғалардың музейлеріне бас сұғып, ондағы жәдігерлермен танысып шықтық. «Қыр баласы» ұйымының Кереку еліндегі белсенді азаматы Абзал Рымбек бауырымыздың шағын экскурсия жасап, қызмет еткеніне ризамыз.

Бесін ауа бәйге басталды. Бәйгенің үш түрі бойынша жарысады деп хабарланған. Алдыңғысы топ бәйге. Жаршы жігіт бес айналым бойынша бірінші келе жатқан аттың астаналық екенін айтқанын естіп, жерге отрыа қалып тамашаладық. Соңғы айналым шабысы сұмдық өтті. Ел ойламаған оқиғалар өтті. Жарысқа қатысқан оннан аса ат көмбеге жетпей, жарысты аяқтады. Кенет астаналық «Долана» есімді жүйрік көрінбей кетіп, алға алматылық «Равшан» деген жүйрік шықты деген хабар естілді. Хабарлаушының айтуынша, ат иесі оны 50 мың долларға Франция елінен сатып алыпты. Қымбат аттың да алары қымбат болуы тиіс, мәре сызығын бірінші болып шауып өтті. Екінші келген ат та Алматы облысынан екен. Ал енді үшінші атты білейік деп тұрғанымызда, жаршы жігіт «Абай облысы, Тисанов Әділдің аты, «Оқжетпес» деп айғай салды. Орнымыздан қалай атып тұранымызды білмей қалдық, төбеден ылдиға қарай құлдилай жөнелдік. 

Есімі аталған Әділ – менің бауырым, екеуміз бір ауылданбыз, Шығыс Қазақстанның Тарбағатай ауданының Ахметбұлақ деген ауылынан шыққанбыз. «Алты жасар бала атқа шапса, тақымын қысады» дегендей, ауылымыздың аты келсе, қалай шыдап тұрайын! Әділді тауып алып, аз-кем әңгімелесіп алдық. 

Сөйткенше кеш те қарайып қалды. Алдағы төрт сағаттық жолды ойлап, ертерек жолға шығайын деп қамдандық. Сейфуллин шәкіртім де көп ұзатпай келе қалды.

Қысқасы, Баянауылдың баурайында өткен Қаныш Сәтбаевтың мерейтойы өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Келген, көрген жанның бәрі риза, бәрі разы. «Осындай той Отырарда бұрын-соңды болмаған» дегендей, мұндай той қызығы көптің көңілінде қалады. Эйфориясы естен шықпайды. Бұл елдіктің, бірлік пен берекенің тойына айналды. Қасиет қонған Баянауыл елі бір кісідей жұмылып, көтеріп алды. Ұлы жіліңгір тойдың шып-шырғасын шығармай, жып-жинақы қып өткізген Азамат, шын мәнінде де бас әріппен жазып қоюға болатын қайраткер ағамыз Алтынбек Нұхұлыға тәңір жарылқасын дейміз. Қанышты, сол арқылы Алашты ұлықтаған көңіліңізге құдай үйіп-төгіп берсін дегіміз келеді. 

Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай! Қазақтай ұлы халық жасай берсін!

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?