12 шілде - Григориан жылнамасының 193-күні. Qazaqstan tarihy порталы бұл күні әлем елдерінде қандай айтулы мерекелер өтті, қандай тарихи даталар болғанын айтып өтеді. Сондай-ақ Қазақстан тарихында елеулі орны бар бірнеше тұлғалар осы күні дүниеге келді.
12 шілдеде дүниеге келген танымал тұлғалар
Ерден Нығметұлы Әзірбаев – Қазақ ССР Ғылым академиясының корреспондент мүшесі, химия ғылымдарының докторы, профессор. Ол 1912 жылы он екінші шілдеде Батыс Қазақстан облысындағы Сайқын станциясында малшы-шаруашының отбасында дүниеге келген. 1929 жылы Орда ауылындағы орта мектепті бітіріп, Н.Г.Чернышевский атындағы Саратов университетінің студенті атанады. Кейіннен 1937-1940 жылдары А.А.Жданов атындағы Санкт-Петербург мемлекеттік университеттің аспирантурасын тәмамдайды. Ғұлама ғалым, академик А.Е.Фаворскийдің жетекшілігімен ол ацетилен химиясы саласында зерттеулер жүргізеді. Университетті бітірген соң Ерден Нығметұлы Саратов крекинг зауытында инженер-химик болып жұмыс істейді де, Қазақстанға қайтып оралып, жоғарғы оқу орындарының өркендеп қалыптасуына үлес қосады. 1934-1935 жылдары Батыс Қазақстан облысы Орал қаласындағы педагогикалық институттағы химия кафедрасын ұйымдастырып, алғашқы жетекші қызметін атқарады. Сондай-ақ ғалым Әзірбаев Алматы қаласындағы Қазақ мемлекеттік университетінде органикалық химия кафедрасын ұйымдастырып, жетекшілік қызметін қоса атқарады. 1953 жылы Семей мемлекеттік институтында биологиялық химия кафедрасын ұйымдастырды.
Ерден Нығметұлы Қазақ мемлекеттік университетінде қызмет қыла жүріп, республикада дамып келе жатқан химия ғылымы мен өңдірісіне маман кадрлар дайындау ісіне қызу араласты. Осы жылдар оның тікелей қатысуымен СССР Ғылым академиясының Қазақ филиалының Химия-металлургия институтында «мұнай лабораториясы» ұйымдастырылды. Кейіннен Қазақ ССР Ғылым академиясының пластмасс лабораториясы деп аталды. 1944 жылы органикалық синтездеу лабораториясы ашылды. Атақты химик ғалым Әзірбаев 1958–1964 жылы Қазақстан Ғылым Академиясының Химия-металлургия институтының директоры қызметін атқарды. Ол институттан басшылық қызметтен кетсе де, өзі құруға атсалысқан институтында қызметін жалғастыра берді. Өзі құрған гербицидтерді синтездеу лабораториясында өте тиімді пестицидтерді дәрілік препараттарды және басқа да биологиялық тиімді қосылыстарды алу жолдарын зерттеді. Ғалымның негізгі ғылыми еңбектері көмір, мұнай, ацетилен, органикалық қосылыстар, активті заттар химиясына, нәзік органикалық қосылыстар синтезіне арналған. Әзірбаев органика синтез саласында ацетиленнің жаңа туындыларын және оның изомерлерін зерттеді. Алғаш Қарағанды көмірінен кокс алу мүмкіндігін анықтады.
Хабиболла Тастанов – музыка зерттеушісі, композитор. Моңғолияның Баян-Өлгей қаласындағы қазақ ұлттық театрының құрылуына атсалысқан өнер қайраткері. Ол 1926 жылы Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданында дүниеге келген. 1950 жылы Алматы мемлекеттік консерваториясының (қазіргі Қазақ ұлттық консерваториясы) домбыра сыныбын бітірген. Қали Жантілеуовтің шәкірті. Алғаш еңбек жолын өзі білім алған Қазақ ұлттық консерваториясында халық аспаптары кафедрасында ұзтаздық қызметтен бастады. 1959-1961 жылдары КСРО Мәдениет министрлігінің жолдамасымен Моңғолияның астанасы Ұланбатыр қаласында осы елдегі қазақтардың өнері онкүндігін өткізуге басшылық етті. Баян-Өлгий музыкалы-драма театры жанында алғаш қазақ халық аспаптар оркестрін ұйымдастырды. Осы еңбегі үшін 1960 жылы Моңғолияның «Алтын жұлдыз» орденмен марапатталды. Моңғолиядағы қазақ театрының қалыптасуына үлес қосқан, музыкант, композитор Мүсәйіп Құсайынұлы өз еңбегінде Хабиболла тастановтың еңбегі туралы былай деп баяндайды:
«1956 жылы Баян-Өлгий аймағында ұлттық музыкалық драма театры ашылды. Содан кейiн ұлт аспаптар оркестрiн құру идеясы көтерiлдi. Сол үшiн Советтiк Қазақстаннан арнайы мамандар шақырылды. Сол кезде Хабиболла Тастановтың келгенi есiмде. Сонымен қатар, ұлттық аспаптарды жасаудың шеберi, осындағы Құрманғазы атындағы ұлт аспаптар оркестрiнiң бiраз аспаптарын жасаған Қамар Қасымов атты шебер келдi. Шебер аспаптарды дайындады, Хабиболла Тастанов ойдағы-қырдағы таланттарды iздеп, ұлт аспаптар оркестрiне мамандар дайындай бастады. 1959 жылдың желтоқсан айында оркестрдiң тұсауы кесiлдi. Ол кезде Баян-Өлгийде би, балет, драма т.б. мұғалiмдерi болмады. Олардың көбi Ұланбатырдан, кейiн Қазақстаннан келе бастады» деп.
Домбырашы Тастановтың «Домбыра оркестрін қалай ұйымдастыру керек», «Пьесалар. Домбыра үшін», «Алғашқы домбыра үйрену мектебі», «Домбыраға арналған этюдтер мен пьесал» атты зерттеу кітаптары мен ғылыми еңбектері бар. Музыка зерттеушісі 1980 жылы бесінші маусым күні Алматы қаласында дүниеден өтті.
Ерғали Нүсіпұлы Нүсіпов – қазақстандық ғалым. Техника ғылымдарының докторы, профессор. «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері. Ол 1941 жылы он екінші шілде күні Алматы облысы, Райымбек ауданы, Алғабас ауылында дүниеге келген. 1965 жылы Алматы қаласындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің геологиялық барлау факультетін бітіріп, таукен инженер-геофизигі мамандығын алып шығады. Кейіннен Санкт-Петербург қаласындағы тау-кен институтының аспирантурасында білім алады. Ғалым Нүсіпов еңбек жолын Қызылорда гидрогеологиялық экспедициясының инженер-геофизигі болып бастады. 1967 жылдан бастап Қазақ политехникалық институтында (қазіргі Қазақ ұлттық техникалық университеті) доцент, кафедра меңгерушісі, декан, проректор қызметтерін абыройлы атқарды. 1997-2000 жылдары «Қазнедра» Ұлттық өнеркәсіп бірлестігінің бас директоры, Қазақ минералды шикізаттар институтының директоры. 2000-2001 жылдары Алматы қаласындағы Қаныш Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің ректоры қызметін атқарды.
Ерғали Нүсіпұлы «Қазақстан алмастары», «Қазақстан геоэкологиясы», «Қазақстанның Каспий өңірі геодинмикалық мониторингі» мемлекеттік және салалық ғылыми-техникалық бағдарламаларын әзірлеуге қатысты. «Мұнай-газ кенорындарының геодинамикалық мониторингі Тұжырымдамасы мен Регламентінің» авторы. 300-ден астам ғылыми жарияланымның, оның ішінде 18 монографияның авторы.
Райхан Нәбиолдақызы Қалиолдин – қазақстандық өнер қайраткері, актриса. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Дарын мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты. «Ерен еңбегі үшін» мемлекеттік марапатының иегері. Ол 1962 жылы 12 шілде күні қазіргі Жетісу облысы, Ақсу ауданы, Ақсу ауылында дүниеге келген. Әкесі - Қалиолдин Нәби Атабайұлы, мектеп директоры, Қазақстан Білім беру ісінің үздігі болған. Анасы - Нұралина Шара Шудабайқызы, мұғалім болып еңбек еткен, ҚР Білім беру ісінің үздігі. 1983 жылы Алматы мемлекеттік театралды-көркемөнер институтын бітіріп, драма және кино актрисасы мамандығын иеленді. Еңбек жолын 1983 жылдан бері - Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының әртісі болып бастаған. Аталған өнер ордасында әлі де қызмет атқарып келеді. Көптеген тарихи қойылымдар мен спектакльдердің басты рөлдерін сомдаған. Отандық телесериалдардың танымал әртісі.
12 шілде - әлемде
12 шілде – Бүкіләлемдік азаматтық авиация бортсерігі күні. Жыл сайын 12 шілде де стюард және стюардессалар өздерінің кәсіби мерекелерін атап өтеді. Осынау әлемдегі танымал мамандықтың ғасырға жуық тарихы бар. Кейбір деректерге сүйенсек, 1928 жылы Германияда алғаш рет ұшақ бортында жолаушылардың қауіпсіздігі мен сервиске жауапты адам бекітілген. Бастапқыда бортсеріктің міндетін ер адамдар – қымбат мейрамханалардың даяшылары атқарған екен. Алайда, 1930 жылы Америка Құрама Штатарында әуедегі жұмысқа сүйкімді қыздарды да тартуды ұйғарыпты. Оның үстіне қыздардың салмағы да жеңіл, бұл сол кездегі ұшақтар үшін өте маңызды еді. Азаматтық авиация тарихындағы алғашқы бортсерікші (стюардесса – халықаралық термин) Айова штатының тұрғыны – Эллен Черч. Ол 1930 жылы 15 мамырда «Сан-Франциско – Шайен» рейсінде 11 жолаушыға борстерікші қызметін атқарған. Эллен Черч медбикелік курстарды бітіріп, авиация саласында да қосымша дәрістерін алды. Алғашқы бортсерікшілер үшін аз салмақ пен қатар медбикелік қызметте маңызды болды. Бұл күндері бортсерікшінің салмағы онша маңызды емес. Бірақ персоналды таңдау кезінде негізгі критерийлерге сыртқы сурет (сөйлеу, мимика, макияж, сыртқы тартымдылық); ішкі сурет (қажетті қасиеттердің болуы); кәсіби сурет (кәсіби білім мен дағдылар) негізге алынады. Қазіргі заманғы бортсерікшілердің басты міндеті-ұшу кезінде жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Сонымен қатар, стюард және стюардессалар жолаушыларды жайлы сезіну үшін бәрін жасайды. Бірақ бұл мамандардың күлімсіреуінің артында үлкен жұмыс жатыр. Бортсерікшілер дәрігерге дейінгі көмек көрсете алады, жолаушыларды ғана емес, сонымен қатар ұшқыштарды да кабинадан эвакуациялай алады. Ұшу алдында қобалжығандарды қалай тыныштандыру керектігін, ұшақтың құрылғыларын қалай бұрау керектігін, ашық мұхиттағы апат сигналын беруді, өртті сөндіруді және тіпті шарапты қалай дұрыс таңдау керектігін біледі. Стюардессалар әртүрлі техникалық әдебиеттердің бірнеше портфолиосын жатқа білуі керек және бұл білімді жыл сайын растауға, соның ішінде апаттық-құтқару дайындығы бойынша сынақтарды тапсыруға міндетті. Бұл өте көп ақпарат, бірақ олар жолаушылардың қауіпсіздігі олардың жұмысына байланысты екенін түсінеді. Бүгінгі күн ресми түрде бекітілген мереке болмаса да, көптеген компаниялар өздерінің стюардессаларын құрметтеу дәстүрін қолдайды.
12 шілде – Фьорд күні. Жыл сайын Скандинавия елдері 12-14 шілде аралығында фьорд күнін (Fjordens Dag) атап өтеді. Ол 1991 жылдан бастап жыл сайын жағалау суларының жай-күйіне жұртшылықтың назарын аудару мақсатында өткізіліп келеді. Фьордтар деген (Швед тілінен fjard) – жағалаулары биік, тік құз, ені тар әрі терең, ұзына бойы созылған теңіз шығанағы. Өзен аңғары немесе тектоникалық жарықты мұздық жырып кеңейткеннен кейін теңіз суы басуынан пайда болады. Норвегияның батысы әлемге әйгілі фьордтармен танымал, Бұл елде жаһанға танымал «Гейрангер» фьорды орналасқан. Ол өзінің қуатты каскадты сарқырамаларымен танымал. Одан кейінгі танымал фьордтардың бірі – Нерей. Ол Норвегияның ең тар фьорды болып саналады. 2005 жылы 14 шілдеде ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра мәртебесіне жоғарыда аталған Гейрангер мен Нерей фьордтары жатқызылды. Сондай-ақ, фьордтар тек Скандинавия елдерінде ғана емес, олардың орналасқан жерінің басқа да танымал аудандары — Чили жағалаулары, Жаңа Зеландияның Оңтүстік аралы, Солтүстік Америка және кейбір Арктика аралдары да бар. Дания мемлекеті де жыл сайын 12 шілде де фьорд күнін тойлап келеді. Мерекені атап өту кезінде экологиялық аймақтанушылардың жиындары, экология тақырыбындағы кинофильмдер, жазба және фото көрмелер, музыкалық кештер, концерттер, мәдениет және өнер майталмандарымен кездесулер ұйымдастырылады.
12 шілде - Бүкіләлемдік фотографтар күні. Мереке фотосурет цифрлық дәуірде де кәсіп болып қала беретін адамдарға арналған. 2024 жылы мерекелік күн жұмаға сәйкес келеді. Бұл дата француз суретшісі Луи Дагердің есімімен байланысты. Ол 1839 жылы Париждегі суретшілер академиясында суретке түсірудің жаңа әдісін көрсеткен болатын. Сондықтан осы күн фотографтардың төл мерекесі ретінде аталып жүр. «Фотография» термині де 1839 жылы пайда болған, оны екі астроном – ағылшын Джон Гершель мен неміс Иоганн фон Медлер біруақытта қолданыпты. 1854 жылы дәл осы күні әлемге әйлігі «Кодак» компаниясының негізін қалаушы Джордж Истман дүниеге келді. Оның арқасында фотосурет көпшілікке танылып, жеке өнер түріне айналды. Көршіміз Ресей еліде фотограф күнін бірер жыл алдын ғана тойлай бастады. 2009 жылы «Фотодело» журналының редакторы бастаған энтузиастар Еуропа мен АҚШ-та тойлайтын Дүниежүзілік фотограф күніне қосылуды және оны Ресейде атап өтуді ұсынды. Халықаралық күннің құрметіне Мәскеуде фестиваль ұйымдастырылды. Тарихқа көз жүгіртсек, Ұлыбритания ханшайымы Виктория мен күйеуі ханзада Альберт фото түсіру ісіне қатты әуес болған.
Бұл күні кәсіби фотографтар мен әуесқойлар түрлі шеберлік сағаты мен ашық сабақтарға қатысып, тәжірибелерімен бөліседі, ақыл-кеңесін айтады. Бұдан бөлек, көрмелерге барып, фотоаппараттар мен жарық жабдықтарының жаңа үлгілерін сынап көруге мүмкіндік алады.
Мамандық шығармашылық болғандықтан, сыйлықты таңдауға шығармашылықпен қарау керек. Сіз линзболдарға назар аудара аласыз — ерекше кадрлар жасауға арналған арнайы призмалар, су астындағы фотосуреттерге арналған қораптар, ауа-райынан қорғайтын қақпақтар, фотофондар және басқа да пайдалы жабдықтар. Сонымен қатар, сіз сәтті кадрлар, қызықты жаңа орындар, шығармашылық идеялар және камера объективі өмірдің ең жақсы сәттерін ғана жеткізе алатындай етіп тілей аласыз.
12 шілде – Апельсин күні (ағылш. Orangemen ' s Day). Жыл сайын 12 шілде күні Солтүстік Ирландиялықтар апельсин күнін атап өтеді. Апельсин күні бүкіл Ұлыбританияда ұлттық мереке ретінде толығымен жіктелмейді. Дегенмен, бұл есте қаларлық дата Солтүстік Ирландияда кеңінен атап өтіледі. Сондай-ақ өзінің түрлі-түсті мерекелік дәстүрлерімен көптеген көрермендерді тартады.
12 шілде - Сан-Томе және Принсипи Демократиялық Респуликасының Ұлттық мейрамы - Тәуелсіздік күні. Бұл тарихи мереке Португалиядан тәуелсіздік алған атаулы күнге келіп отыр. Гвинея шығанағындағы осы аттас аралдарда және Африканың батыс жағалауындағы басқа да ұсақ аралдарда орналасқан мемлекет. Астанасы - Сан-Томе қаласы. Ресми тілі - португал тілі. Ақша бірлігі - добра. Мемлекет басшысы - Президент. Заң шығарушы органы - Ұлттық халықтық жиналыс. Экономикасының негізгі тірегі ауыл шаруашылығы. Экспортқа какао, кофе, пальма, банан шығарады. Негізгі сауда серіктесері Португалия мен АҚШ. Тарихқа шегініс жасайтын болсақ, Гвинея шығанағындағы Сан-Томе және Принсипи аралдарын XV ғасырдың екінші жартысында португалдықтар ашқан болатын. 1492 жылы мұнда алғашқы португал қонысы құрылды. Аралдарда плантациялық экономика дами бастады. XVI ғасырда аралдар қанттың ең ірі жеткізушілерінің бірі болды. XIX ғасырда кофе мен какао өсіру басталды. Плантацияларда португалдықтардың басқаруымен жергілікті тұрғындар жұмыс істеді. 1876 жылы құлдық ресми түрде жойылды, бірақ плантациялардағы еңбек жағдайлары қараусыз қалды. Сондықтан сол уақыттан бастап жиі-жиі көтерілістер болып отырды. Олардың ең үлкені 1953 жылы болды. 1960 жылы Сан-Томе мен Принсипиді азат ету комитеті құрылды. Ол 1972 жылы Сан-Томе мен Принсипиді азат ету қозғалысына айналды. 1974 жылы Португалияда қалампыр төңкерісі - қансыз әскери төңкеріс болды. Жаңа солшыл үкімет Португалия колонияларындағы ұлт-азаттық қозғалыстардың басшыларымен келіссөздерді бастады. Нәтижесінде 1975 жылы 12 шілдеде Сан-Томе мен Принсипидің тәуелсіздігі жарияланды.
12 шілде - Кирибати Республикасының Ұлттық мейрамы - Тәуелсіздік күні. Мерекені ашу құқығы Президент Кирибатиге тиесілі. Салтанатты ашылу рәсімінен кейін Оңтүстік Таравадағы Байрики ұлттық стадионында түрлі-түсті шеру өтеді. Бұл күні мемлекет астанасында спорттық және басқа да мерекелік іс-шаралар өткізіледі. Кирибати - Тынық мұхиттың батыс бөлігіндегі аралдар мен атоллдарда орналасқан мемлекет. Кирибати құрамына Гилберта, Лайн, Феникс, Банаба аралдары кіреді. Астанасы - Байрики қаласы. Ресми тілі - ағылшын тілі, сонымен қатар барлық халқы тунгаруан (кирибати) тілінде де сөйлейді. Ақша бірлігі - австралия доллары. Британ достастығы құрамына кіргенімен мемлекет басшысы - Президент. Заң шығарушы органы - Ассамблея палатасы. Кирибати аралдарына алғышқылардың бірі болып, ХVII ғасырдың басында Испан отарлаушылар келе бастады. XVIII ғасырда Британдық штурмандар архипелагтың көптеген аралдарын ашты, ал 1826 жылға қарай Кирибати құрамына кіретін барлық аралдар картаға түсірілді. XIX ғасырдың ортасында мұнда христиан миссионерлері пайда болды. Екінші дүниежүзілік соғыс басталған кезде Кирибати аралдарының көпшілігін Ұлыбритания басқарды. 1963 жылы колонияны басқарудағы алғашқы күрделі реформалар басталды. 1971 жылы ол өзін-өзі басқаратын бірлік мәртебесіне ие болды. 1975 жылы Гилберт аралы мен Эллис колониясы бөлініп, 1979 жылы 12 шілдеде Гилберт аралдарының тәуелсіздігі жарияланды, олар Кирибати Республикасы деп аталды. 2014 жылы Қазақстан Кирибати және Вануату елдерімен дипломатиялық қатынастар орнатты. Сол жылы сол уақыттағы Сингапурдағы Қазақстан Республикасының елшісі Ерлан Қожатаев пен Вануату тарапынан Премьер-Министрдің орынбасары – сыртқы істер министрі Эдвард Нипаке Натапей бірлескен коммюникеге қол қойды. 2021 жылдың 13 қазаны – БҰҰ Бас ассамблеясының отырысында Семей полигоны жабылуының 30-жылдығына орай Қазақстан Республикасы мен Киривати Республикасы Ядролық қаруға тыйым салу туралы шарттың аясындағы оң міндеттемелерін қолдайтын Бірлескен мәлімдеме қабылдады. Екі елдің азаматары бір-біріне саяхаттау үшін визалық саясатты қажет етеді.
12 шілде - Тонгадағы Тупоу VI патшаның туған күні. Монархия әлі де сақталған көптеген елдерде монархтың туған күні кем дегенде жұмыс күні, кейде мемлекеттік мереке болып табылады. Сондай мерекенің бірін Тонга корольдігі 12 шілде де атап өтеді. Яғни бұл күні мемлекеттік деңгейде Тупоу VI патшаның туған күнін атап өтеді. Ахоэиту Унуакиотонга Тукуахо (2012 жылы таққа отырғаннан кейін — Тупоу VI) 1959 жылы 12 шілдеде дүниеге келген. Ол патшаның үшінші ұлы және кенже баласы болды. Болашақ патша өзінің мансабын Әскери-теңіз күштерінде қызмет етуден бастады. 1982 жылы қызметке кірісіп, 1998 жылы әскери мансабын аяқтады. 1998 жылдан 2004 жылға дейін ол бір уақытта сыртқы істер министрі және қорғаныс министрі қызметін атқарды. Ол уақытта бұл қызметте оның үлкен ағасы Сиаоси Тупоу V болды. 2000 жылы ол сондай-ақ мемлекеттің премьер-министрі болып тағайындалды. Тақты 2012 жылы үлкен ағасы, Король Джордж Тупоу V қайтыс болғаннан кейін алды. Таққа ресми отыру рәсімі тек 3 жылдан кейін - 2015 жылы өтті. Патшаның туған күні Тонгада мемлекеттік мереке болып табылады, бірақ оны 12 шілдеде Король Тупоу VI шын мәнінде дүниеге келген кезде емес, 4 шілдеде әкесі Король Тупоу IV туған күні атап өтеді. Бұл ретте 4 шілде күні 2015 жылдан бастап Тупоу VI таққа отыру рәсімінің мерейтойы болып табылады.
12 шілде - Ресейде Балықшылар күні. Жыл сайын 12 шілде күні Ресейде балық шаруашылығы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі тойланады. Адамдар күнкөріс үшін балық аулаумен мезолит дәуірінің соңынан бастап айналыса бастаған. Ал неолит дәуірінде теңіз, өзен, көл жағалауларын мекендеген тұрғындар үшін балық аулау нақты кәсіпке айналған. Бастапқыда балық ұстау үшін үшкір таяқ (сүңгі), тас құралдары пайдаланылса, кейінгі кезеңдерде найза, садақ сияқты аңшылық құралдарымен қатар сүзекі, сүйектен жасалған қармақ, қаза (қамыстан тоқылған құрал) пайдаланған. Орта ғасырдан бастап аталмыш кәсіп өркендеп, 19-20 ғасырларда балық аулайтын ірі көлемдегі және жетілдірілген құрал-жабдықтар, арнайы қайықтар мен кемелер жасалған. Қазақстанда 19 ғасырдың ортасынан бастап Каспий, Арал, Балқаш, Жайық, Сырдария сияқты ірі теңіздер мен өзендердің жағалауында балықшылар мекені, балық өңдейтін цехтар пайда болған. Бүгінгі таңда дүниежүзілік балық шаруашылығының жалпы өндірісі 130 млн. тоннаға жетеді. Оның 90 млн. тоннадан астамы ауланса, қалған 40 млн. тоннаға жуығы аквамәдениеттің көмегімен алынады. Соңғы жылдары тұщы су жүйесінде де, сонымен қатар теңіз ортасында да аквамәдениеттің жедел дамуы қарқын алуда. Дүниежүзінде жалпы аквамәдениетті өндірудің көшбасшысы - Қытай және жылсайын ішкі және дүниежүзілік нарыққа 325 мың тоннаға дейін лосос өсіретін және жеткізетін Норвегия болып табылады. Дүниежүзілік балық өндірісінің 38 пайызға жуығы экспортталады. Дамып келе жатқан елдердің экспорты 50 пайыздан астам, ал импорттың 80 пайыздан астамын дамыған елдерге (Жапония, АҚШ, Еуропа) тиесілі. 100 млн. тоннаға жуық балық өнімдері тамаққа пайдаланылады, ал қалғандары, негізінен балық ұнына қайта өңделеді.