Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Алтайдың «күрес патшасы»

1775
Алтайдың «күрес патшасы» - e-history.kz

Небары 22 жасында салмағы 292 келі тас көтеріп, күллі Алтай даласын талантымен айран-асыр еткен даңқты балуан Солтыкен Көкішұлы өмірден өтті. Апайтөс алыптың өмірден өткені туралы жазушы Жәди Шәкенұлының Facebook парақшасында жариялады.

«Қайғылы хабар 

Қазақтың әйгілі палуаны, қытай мемлекеттік чемпионы Солтыкен Көкішұлы бүгін таңертең (25 сәуір 2024 жыл) 72 жасында ауру себебінен Алтайда қайтыс болды.

Жаназа намазы мен жерлеу уақыты туралы нақты хабар айтылады.

Алла Тағала иманын жолдас қылсын!

Марқұмның жатқан жері жаннат, топырағы торқа болсын.

Арыс майданының әйгілі шебері, Қытай еліндегі талай мықтыны асау жамбасқа алған айтулы балуан, шаршы алаңдарда елі үшін маңдай терін төгіп, көк етін сөккен Солтыкен Көкішұлы 1952 жылы ҚХР Алтай қаласы, Қыран өзені бойында өмір есігін ашқан. Балуандығының бақ жұлдызы 1973 жылдан жана бастаған Сөкең өзінің күш-қайратының арқасында ШҰАР балуандар командасына қабылданып, дүйім жұртқа таныла бастаған ол қазақ ұлтының балуаны ретінде Шыңжаңның «Әйгілі адамдар кітабына» есімі енгізілген. Сондай-ақ Қытай мемлекеттік дене-тәрбие комитеті жағынан «Спорт саңлағы» деген құрметті атаққа ие болған. Өз күрес тарихында 16 рет аға жүлдегер болып «күрес патшасы» атанған құрыш білек, атан жілік азамат еді», – деп көңіл айтты жазушы.

Еркін күрестен Қытайдың бірнеше мәрте чемпионы атанған Солтыкен Көкішұлы – шет елдегі қазақ тарихында халықаралық жарыстарға қатысқан алғашқы спортшылардың бірі болатын. Аты аңызға айналған қазақ балуаны 1952 жылы Қытайдың Алтай аймағында Қызылтас ауылында дүниеге келген. Арғы аталары Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданына қарасты Қаратал деген жерде тұрған. Совет үкіметі орнай бастаған тұста бай-манап деген желеумен қуғанға ұшырап, Қытайдың Алтай аймағына қоныс аударуға мәжбүр болған. Алайда мұндай қуғын қытай жерінде де жалғаса береді. Бай-манап деп әкесіне күн көрсетпейді. Ақыры қоғамға зиянды адамның баласы деп Солтыкеннің өзін мектептен шығарып жібереді. 

Солтыкен балуанның айтуынша, әкесі қуғанға ұшыраған соң біраз қиыншылық көрген. «Әуелі қозы бақтым, ер жете келе орманнан ағаш дайындадым. Өмірдің небір қиыншылықтарын басымнан өткердім» дейді екен өткен өмірін еске алғанда. 

Тұла бойы қара күшке толы Солтыкен жастайынан күреске қызығып өседі. Алайда жоғарыда сөз етілген жағдайларға байланысты біраз уақыт жоғалтып алады. Тек 23-24 жасынан бастап қана күрес үйірмесіне жазылып,  кәсіби түрде күресе бастайды. Ұзамай маңайға «бір қазақ баласы шығыпты, қарсы келгеннің бәрін күйретіп жатыр» деген әңгіме тарай бастады. Бұл сыбыс бір бапкердің құлағына жетіп, арнайы іздеп келіп Солтыкенмен танысады. Кеудесі көріктей, алқынып тұрған бозбаланың бойынан алапат күштің барын байқаған бапкер еш ойланбастан өз командасына алады. Бұл 1977 жыл болса керек. Алайда «байдың тұқымы» деген қоңырау бәрібір алдынан шыға береді. Қатарынан бірнеше жыл бойы қарсылас шақ келтірмей тұрса да, жарыстарға қатыстырмай қояды. 1979 жылы ғана мүмкіндік туады. Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық аймағы атынан ел чемпионатына қатысып бірден 2-орынды жұлып алады. Бұл жарыста балуан 130 келіден жоғары салмақта күреседі.  Бұл жарыс балуанның есінде мәңгіге қалған екен.

«Алғашқы яғни 1976 жылғы күрес алаңына шығу сәті батырдың мәңгілік есінде қалып қойған. Айтуынша, бұл белдесу қызығы мен қиындығы қатар келген сәт болыпты.  Автономиялы райондық  деңгейдегі екінші кезекті балуандар жарысының Күйтүн қаласында өткізілетінінен білген соң Солтыкен ағамыз жатпай-тұрмай дайындала бастайды. Балуандықтың қыр-сырына үңіліп, ел арасында кеңінен тараған күрес әдістерін зерделей бастайды. Осындай толассыз жаттығудың нәтижесінде Бұратоланың салмағы 139 келі болатын алыбын алып ұрып айбынын асқақтатады.  «Мығым күш иесі Байынкүшік дейтін моңғол балуанын жалпақ жауырынымда ойнатып, астыға басқанда сүйінген халық орындарынан тұрып кеткен еді. Сол шақта көрермендер арасында отырған дәулескер күйші Дәулет Халықұлы тебіренісін тоқтата алмай, құшағын жая алаңға шығып маңдайымнан сүйгені әлі күнге дейін есімде», – дейді екен ағамыз осы сәтті еске алу барысында. 

Осыдан кейін ғана жас балуанның жолы бола бастайды. «Ол кезде менде тәжірибеден гөрі қара күш мығым еді» дейді екен Солтыкен ағамыз. 

Кейін 1980 жылы Шицзячжуан қаласында топ жарады. 1981 жылы Шанхайда өткен жарыста жеңіс тұғырынан көрініп, 1982 жылы Дальянда өткен жарысқа барады.1986 жылы Мяньянда өткен жарыста да жеңімпаз атанады. 1979 жылы Үндістан астанасы Делиде өткен жарыста үшінші орын, 1981 жылы Иранның Тегеран қаласында өткен жарыста төртінші орын иеленді.

25 жасынан бастап Қытайдағы күрес әлеміне қадам басқан даңқты балуан мемлекеттік деңгейдегі  бес мәрте чемпион, төрт мәрте екінші орын, бір мәрте үшінші орын алған екен. 

Расы керек, Солтыкен ағамыз Шыңжаң қазақтары арасында әлемдік додаларға қатысқан алғашқы балуан болатын. 1978 жылы қазан айында Шаңхай қаласында өткізілген бүкіл мемлекеттік 100 кг салмақтан жоғарғылардың балуандар бәсекесінде 1 дәрежелі атаққа ие болады. 

Кейін халықаралық жарысқа жолдама алу бәсекесінде қытайдың менмін деген балуандарын жерге қаратып кетеді. Осылайша бұл жарыста Иран, Үндістан, Пәкістан балуандарымен белдесіп үшінші орын алады. 

1981 жылы Иранда өткізілген «Такти» атты 82 мемлекеттің дүниежүзілік сайысында 100 кг салмақ категориясында күресіп, Кубаның төрт дүркін әлем чемпионы атанған балуанын қапсыра құшақтап лақтырып жібереді. Бұл жеңіс ағамызға «күрес патшасы» деген атақ алып келеді. Осылайша балуанымыз өмірінің соңына дейін «күрес патшасы» атанып келді. 

Басында айтып өткеніміздей, 1987 жылы Үндістанда өткен әлем додасында да топ жарды. «1990 жылы 97 кг салмақпен Хыби өлкесінің халқы хан көтерген 120 кг салмақтағы Бәйланчи есімді балуанмен белдесіп, 2 дәрежелі күміс медальмен марапатталдым. Сонымен қатар Моңғолияның 130 кг салмақтағы аю балуанын да алып-ұрып Шыңжаң халқының ыстық ықыласына бөлендім. Жалпы спорт тарихымда 5 рет бірінші дәрежені, 3 рет екінші дәрежені жеңіп алдым», – дегені бар БАҚ құралдарының біріне берген сұқбатында батырдың өзі. 

Кейін өзі де шәкірт баулып, бапкерлік жолды таңдаған. Бүгінде Солтыкен Көкішұлы дайындаған шәкірттердің саны жүзден асады. 

Спортқа тым кеш келгендіктен Солтыкен ағамыз әлемдік деңгейдегі олимпиада ойындарына қатыса алмаған. 

Ел арасында «Солтыкен Көкішұлы 292 келі тас көтерген екен» дейтін аңыз бар. Бұл рас еді. Оны балуанның өзі де растаған.

«Ол кезде үй салу үшін орманға барып ағаш дайындайтын едік. 40-қа жуық жігіт жатқанбыз қоста. Содан жігіттер «Сен онсыз да жоғарғы таптың баласысың. Сені енді күреске алмайды. Сен мына тасты көтеріп, атыңды тарихта қалдырып кет» деп намысыма тиді. Бес-алты жігіт бір үлкен тасты домалатып алып келді. Соны көтеріп үлкендігі кіндіктен келетін тағы бір жер тастың үстіне апарып қойған ем. Бірақ сол сәтте тастың ауырлығы сонша, көз алдым қарауытып, басым айналып кетті. Он минуттан кейін барып қалпыма әрең келдім. Кейін жігіттер әлгі тасты ауыл мектебінің алдына әкеп қойыпты. Таза салмағы 292 келі екенін айтты» деп еске алған екен. 

Балуан көтерген бұл ақ тас бүгінде Алтай аймағына қарасты Шірік ши ауылындағы мектептің алдында тұр.

Солтыкен Көкішұлы – жұрт арасында қара күш иесі ғана емес, ақын ретінде танылған тұлға. Жасында қуғын көріп, оқи алмағанымен, қолына қалам ұстап, өлең жазумен айналысқан. Даңқты балуан Шыңжаң жазушылар қоғамы, Алтай аймақтық, Алтай қалалық жазушылар қоғамының мүшесі  атанған. Кейін жергілікті үкіметтің саясаты жұмсарған соң, Солтыкен ағамыз шығарған өлеңдерін жинақтап бірнеше кітап шығарған екен. Жинақтарының атауы түгел бес қару түрлерімен аталыпты.  Мәселен, алғашқы жыр жинағын «Ақ семсер» деп атаған. Кейінгісі «Көксүңгі», «Жасыл жебе» және «Айбалта» деген атаумен шығыпты. Соңғы жинағы «Қара шоқпар» деген атаумен шыққан. Айтпақшы, «Сәйгүлік» деген атпен түрлі жанрдағы шығармаларынан құралған тағы бір жинағы жарық көріпті.  

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?