Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Мәлім де беймәлім Бегалиева

1469
Мәлім де беймәлім Бегалиева - e-history.kz

Халықтың келбеті болып саналатын қыз балалардың орны қашанда жоғары тұрады. Біздің халық қашан қыздарды алақанға салып аялаған, асқан мейірімділікпен қараған. Қазақ қыздарының бойында сыр сымбатымен бірге даралығы да көрініп тұрады. Өзінің білімімен бірге талантын паш еткен тарихта қыздар көп болған. Алты жасында құранды жатқа оқыған Мәдина Бегалиева туралы әңгіме қозғағымыз келеді.

Биыл Мәдинаның туғанына 125 жыл толады. Ол 1899 жылы Бөкей ордасының Қалмақ қисымына қарасты Қылқанды ауылында дүниеге келген. Тарихшылардың жазуына қарағанда, Мәдинаның отбасы бай-бағлан болмаған. Әкесі Қожбан ерте өмірден озады. Анасы орыс байларының үйінде үй қараушы болып қызмет істейді. Анасына кейде көмектесіп жүретін   Жалпы  бала күнінен Мәдина білімге асқан қызығушылығын танытады. Бос уақытын кітаппен өткізеді. Сөзіміздің басында айтқандай алты жасында құранды оқыған қызды ата-анасы қыздарының болашағын ғылыммен байланысты болатынына сенеді. 

Тарихшы Елена Грибанова атап өткендей, сол кезеңде елде сауатты әйелдер өте аз болды. Мұндай жағдайдың себебі өте көп болды. Қоғамда қалыптасқан пікірлердің бірі – әйел үй шаруасына ғана араласа алады. Осындай пікірлер Мәдинаның ата-анасына да әсер етті. Олар қызының оқуына қатысты кереғар пікір білдірді. Кейіннен замандастары мұндай іс-әрекеттерді түсінбеуі мүмкін деген де пікірде қалады. Дегенмен Мәдинаның ынтасы мен білімге деген құштарлығы барлығынан да жоғары тұрды. 

Мәдина сегіз жасында Ордадағы қыздарға арналған төрт жылдық орыс-қазақ училищесінде оқыды. Содан кейін 1916 жылы үш жылдық педагогикалық курста жалғастырды. Білім жолымен жүрем деген арманына жеткен Мәдина оқуын тәмәмдап Бөкей ордасының ең шалғай жатқан Жаңғала деген ауылының балаларына білім беруге барады. Бұл аймақта педагогтар жетіспейтін. Мәдинаның кейіннен осы оқиға туралы айтқаны бар. Оның орыс мектебінде оқығанын естіген кейбір ата-аналар балаларын мектепке бергісі жоқ болған. Халықтың ойында балаларын шоқындырғымыз келмейді деген түсінік болды. Кейбірі Мәдина ұстазды көрсе балаларын киізге орап тастайтын. Соған қарамастан Мәдина ауыл тұрғындарымен сөйлесіп, балаларын оқуға көнідерді. Ауылда мектеп ғимараты болмағандықтан далада сабақ оқиды. Мәдина ұстаз ретінде басқаша көзқарасты адам болды. Ол оқыған балаларға тек білім ғана емес, ойлау және сана сезімін жетілдіруге тырысты. Балаларға көп көңіл бөлді. Оларға орыс тілінде үйретті. Бөкей губерниясында болған тұңғыш ұстаздар съезінің белсенді қатысушысы болды. 

Бұл кезеңде Ресей империясында түрлі революциялық нақыштағы көтерілістер болып тұр. Осы уақытта Мәдина Алма Оразбаева, дәрігер Добронрава, мұғалім Екатерина Князева, ғалым Нұғман Манайұлы, қоғам және мемлекет қайраткері, Мәдинаның жерлері, саяси қуғын-сүргін құрбаны  Сейітқали Меңдешевпен кездеседі. Олармен қарым-қатынас ой өрісін кеңейтіп, айналасында болып жатқан оқиғаларды жақсы түсінуге көмектесті.

Алма Оразбаева сияқты, Мәдина Бегалиева Қазан төңкерісін қазақ әйелдерін түпкілікті босатудың нақты мүмкіндігі деп түсінді. Большевиктердің билікті алуы біздің елдегі әйелдер қозғалысының дамуына түрткі болды. «Жұмысшылар мен шаруалар бұқарасының билікті жаулап алуымен қатар, еңбек әйелдері де мемлекеттің саяси өміріне және билік органдарына қызметке тұруына мүмкіндік алды. Дегенмен әлі күнге дейін (әсіресе шаруалар арасында) ескінің кейбір қалдықтары сақталған, бірақ соған қарамастан Кеңес мемлекетіндегі және шығыс шет елдеріндегі  әйелдердің бедлелі бар», – деп жазды Тұрар Рысқұлов «8 наурыз және шығыс әйелі» мақаласында.

Жоғары да айтқандай Мәдина шалғайдағы ауылда мұғалім болып жүріп, тек балаларды оқытпады. Ол ауылда қазақ әйелердінің ауыр тұрмысын жеңілдетуге, әйел теңдігі үшін біраз еңбек етті. Осы бағытта біраз үгіт-насихат жүргізді. Әйелдердің тек шаруадан басқа да қызметте жұмыс істей алатынын насихаттады. Осының барлығын көріп отырған Орталық комитет 1919 жылы партия кометінің жанынан әйелдер кеңесін ашуға бұйрық шығарады. Мәдина Бегалиева үшін бұл қуанышты жаңалық болды. Көптен бері еленбей қалған мәселе көтеріліп жатты. Ең қуантатын дүние – мұндай кеңес Мәдинаның туған өңірі Бөкей губерниясында ашылды.  Мәдина әйелдер құқықтары туралы дәрістер оқыды, ананың мәртебесі туралы айтты, драма үйірмелерін ұйымдастырды. Замандастарының естеліктеріне сүйенсек, Алма Оразбаевамен бірге ол сахнада жиі өнер көрсетіп, өз шығармаларында алалаушылық, қараңғылықты мазақ еткен алғашқы қазақ драматургтерінің бірі – Ишанғали Меңдіхановтың пьесаларында әр түрлі рөлдерді сомдаған.

1920 жылы Мәдина Бегалиева большевиктер партиясының мүшесі болды. Содан кейін ЧОН отрядына қосылды, онда ол мылтық атуды және жаралыларға көмек көрсетуді үйренді. Жас мұғалімнің қызу әрекеті назардан тыс қалмады – 1922 жылы оны Бөкей партиясы губкомының әйелдер кеңесінің төрағасы етіп тағайындады. Жоғары лауазым үлкен жауапкершілікті артты. Өз жұмысының көкжиегін кеңейте отырып, Мәдина Қожбанқызы делегаттық жиналыстарды ұйымдастыруды қолға алды. Мұндай жиналыстар партия комитеттерінің жанынан шақырылды. Сонымен қатар Мәдина Бегалиева қазақ халқы арасындағы сауатсыздықты жою ісіне баға жетпес үлес қосқан Қызыл киіз үйлерді құрудың бастауында тұрды. Қызыл киіз үй жылжымалы дәрісхана болды, оған міндетті түрде мұғалім, бірнеше саяси ағартушылар, акушер, санитар және халық судьясы тағайындалды.

1923 жылы Мәдина Бегалиева 22-28 наурызда өткен Шығыс халықтарының әйелдері арасындағы екінші Бүкілресейлік жұмысшылар кеңесіне қатысу үшін Мәскеуге жіберілді. Осы кеңестің 18 делегатының ішінде ол көрнекті кеңес қайраткері және революционер Валериан Куйбышевпен кездесті. Балалық шақтарын Қазақстанда өткізген Валериан Владимирович Мәдинаның баяндамасын мұқият тыңдап, оны өсірген өлкенің қалай өзгергеніне тәнті болды. Бегалиева Бөкей губерниясында 10 әйелдер конференциясы өткізіліп, 25 қазақ қызы оқитын  мектеп ашылғанын айтты. Ол 8 Наурызға орай ордада өткен 500-ге жуық әйелді біріктірген манифестацияны ерекше атап өтті. Кездесуден кейін Куйбышев Қазақстаннан келген делегаттармен ұзақ әңгімелесті және бұл кездесу Мәдина Бегалиеваның есінде мәңгі қалды. Бұл жиында Мәдина Клара Цеткинмен кездеседі. 

Мәдина Бегалиеваның өмірінде 1931 жыл үлкен өзгерістер алып келді. Крайком партия оған Мәскеуге баруды және марксизм-ленинизм курстарына түсуді ұсынды, оған ол бірден келісіммен жауап берді. Сонымен бірге Мәскеуде жүріп  Орталық Комитетке  Бүкілодақтық өнеркәсіп академиясына оқуға жіберуін сұрайды. Олар оны қабылайды. Түсті металдар факультетін бітірген Мәдина Қожбанқызы инженер-металлург мамандығы берілген алғашқы қазақ әйел болды. 

Осы сәтке байланысты Мәдина: «Бүгін мен үшін қуанышты күн. Менің инженер-метталург болғанымнан бұрын қазақ қызының осындай дәрежеге жеткенінен ризамын», – деп ағынан жарылады. 

Мәдина мамандығына сәйкес Балқаштың мыс қорыту зауытының салынуынан бастап, қалыпты еңбек ырғағының қалыптасуына, мол өнім шығаруына белсене атсалысады. Білікті маман ретінде жастардың жұмыс тәжірибесінің нығаюына, кадр даярлау мәселесіне өз үлесін қосады.

Осы орайда Мәдинаның отбасылық өмірі туралы да бірер ақпарат беріп өткен жөн. Оның күйеуі Ғали Бегалиев Бөкей ордасы мектептерінде ұзақ жылдар бойы жұмыс істеген. Ғылым жолында біраз еңбек еткен ол қазақ тілін оқу әдістемесін жазды. Ғалым атанды. Олардың үшін баласы болды. 

Аумалы-төкпелі заманда білекті түріп қойып, ештеңеден қорықпаған Мәдинаның жүріп өткен жолы қазір көпке өнеге.

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?