Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Татар баспасөзінде аталған қазақтың ақын арулары

2434
Татар баспасөзінде аталған қазақтың ақын арулары - e-history.kz

Қазақтың үш ару ақыны

Өткенде жазған желілес екі мақаламыздың біріншісінде «Шора» журналының  1912 жылғы №5 санының 145-146-беттерінде қазақ ақындары туралы «Шайырлар хақында жауап» атты мақаланың бар екенін, сол мақалада бүгінгі таңда қазаққа белгілі һәм белгісіз болып келген он ақынын таныстырылғанын айта келіп, аталған жазбада Шал ақын туралы қысқа да нұсқа құнды деректер барлығын жария еткенбіз («Қазақстан тарихы» интернет порталы: Ә. Ахметұлы. Татарлар өткен ғасыр басында Шал ақынды жақсы таныған https://e-history.kz/kz/news/show/339598). 

Екінші мақалада сол жазбада аталған екінші ақын – Жаманқұл деген тарихи тұлға туралы шамаша зерделеп, оқырман қауым мен зерттеушілерден мұнан үш ғасыр бұрын жасаған Жаманқұл ақынның кім екенін анықтаудың маңызын қарастырғанбыз (Ә. Ахметұлы: Қазан татарларын таң қалдырған кітапты жазған Жаманқұл ақын кім? https://e-history.kz/kz/news/show/339614). Аталған екі мақаламыз туралы оқырмандар мен зиялы қауым өкілдері өзіндік пікірлерін білдірді. Сол қатарда әдебиеттанушы ғалым Серікбай Қылышбай мақаламызда асығыс болжаған кейбір деректер жөнінде сыни пікірімен қоса ағалық ақылын айтты. 

 «Шораның» аталған санында «Түрік оғлы» деген бүркеншік есіммен жазылған мақалада қазақ ақындары туралы білгісі келетін татар оқырмандарына қазақтың 10 ақын сол кезде қолы жеткен деректер негізінде таныстырып өткен. Бес ақынды бақилық болған, бес ақынды қазір тірі ақындар деп бөле таныстарған.

Осындағы бақилық болған ақындардың бірі – Шал ақын, екіншісі – Жаманқұл ақын. Үшінші, төртінші, бесінші ақындар қазақтың  ақын қыздары – сөз киесі қонған аналарымыз болып шықты. Енді татарлар осыдан 112 жыл бұрын басылым арқылы оқырмандарына жеткізіп отырған қазақтың бұлбұл ақындары кім болғанына үңіліп көрейік.

Мыңжан ақын кім? 

Берілген тізімде Шал ақын мен Жаманқұлдан кейін үшінші болып Мыңжан ақын аталады. Басылымда Мыңжан ақын туралы мынадай шап-шағын дерек бар: 3) Мыңжан. Қостанай үйезінде қыпшақ тұқымды Қарағыз аймағындағы біреудің қызы. Төлебай ақынмен айтысқан өлеңдері бек көп. 

 

Мыңжан ақын туралы біздің білеріміз аз. Түрлі басылымдардан ақтарып көріп сенімді деректер таба алмадық. Зерттеушілер енді ақын Мыңжан анамызды назардан тыс қалмас деп ойлаймыз. Мыңжанмен айтысқан Төребай ақын туралы халық арасында да ресми баспасөзде де, қолжазбалар қорында да материалдар бар. Сирек кітаптар мен қолжазбалар қорында Төребай ақын, Төлебай шешен атымен бірнеше Төребай кездеседі. Бірі – Төребай Пышанұлы (1848-1911) Сыр бойы, Қармақшы өңіріндегі «Бекет», «Ақши» аралығында көшіп-қонып жүрген елдер ішінде туып, ержеткен қазақтың шешен биі (Даланың дара ділмарлары. – Алматы: «Қазақстан» баспа үйі, 2001. – 592 б.). Енді бірі – Төребай Есқожаұлы (1844 жылы, қазіргі Батыс Қазақстан облысы Жымпиты ауданы – 1911 жылы, қазіргі Алматы облысы Көксу ауданы Шыбынды тауының маңы) – айтыс ақыны («Қазақ әдебиеті». Энциклопедиялық анықтамалық.  – Алматы: «Аруна Ltd.» ЖШС, 2010.). Мұндағы екінші Төребай ақын Сарамен айтысқан. Бұл айтыстардың да қолжазбалары бар. Мақаламыздың мақсұты Мыңжан және өзге де ақындар жайлы болғандықтан, біз Төребай туралы сөзді осында ірке тұрамыз. 

Мәшһүр болған Ұлбике ақын

«Шорада» аталған қазақтың тағы бір ару ақыны – Ұлбике. 

Ақын анамыз туралы басылым былай қысқаша қайырады: 

4) Ұлбике. Ұлы жүзде Ошақты тайпасының бір қызы. Қыз күніне және ерге тиген соң сөйлеген сөздері һәм ақындардан Күдері Қожамен қағытпа айтыстары бек көп. Мәшһүр һәм мойындалған адам. 

 

 

  Иә, татар жазарманы дұрыс айтады. Ұлбике ақынды қазақ баласы жақсы біледі. Ұлбике Жанкелдіқызы (1825 жыл, Қызылорда облысы Сырдария ауданы – 1849 жыл, Жамбыл облысы, Талас ауданы, Үшарал) – қазақтың әйгілі ақын қызы, майталман айтыскер, жезтаңдай әнші, дәулескер домбырашы. Тал бойына алуан түрлі өнер дарыған ару. Шыққан тегі — Ұлы жүз ішіндегі Ошақты руы, Тасжүрек. 

Ұлбике ақынның зерттелуі туралы энциклопедияда: Ұлбике  мұрасынан бүгінгі ұрпаққа жеткені мың шумақтай өлең. Жиырмаға  тарта айтыстары мен санаулы ғана көңіл күй толғаулары сақталған. Ұлбикенің асыл мұрасын жинауға М-Ж. Көпейұлы, Ә. Диваев, В.В. Радлов сияқты әйгілі фольклор жинаушылар айрықша ыждаһатпен ден қойған. «Бұдан 120 жылдай бұрын жанды бетіне қаратпаған ақын болып, қазақтан Ұлбике деген қыз шығыпты», — деп жазады Ә. Диваев. Ұлбикенің шығармаларын В.В. Радлов Санкт-Петербург қаласында бастырып, кейін орыс және неміс тілдеріне аударып жариялады. М. Әуезов, С. Мұқанов, М. Жолдасбеков қатарлы білікті ғалымдар Ұлбикенің ақындығына жоғары баға берген. Ұлбикенің ғұмыры қызғалдақтай келте болған («Қазақстан» ұлттық энцклопедиясы, 1998.)

Ұлбике айтса айтқандай, аса дарынды, танымал адам болған. Бүгінгі таңда да зерттеушілер Ұлбике тақырыбын жақсы зерделеп келеді. Біздің қолымызға бір ғана Ұлбике туралы жазылған, түрлі баспасөзде жарияланған 36 мақала түсті. Сирек қорларда сақталған Ұлбике ақын туралы қолжазбалардың өзінен он шақтысы бар.  

Орынбаймен айтысқан Күнікей ақын кім екен?

«Шора» журналында қазақ ақындары ретінде Ұлбикеден кейін, 4-орынға Күнікей деген ақын апамыз жазылған. 

4) Күнікей. Сүйіндік тайпасынан бір әйел (қатын) ақын. Орынбай ақынмен айиысқан өлеңдері көп. 

Қазақ ақындарын тізбелеген «Түрік оғлы» атты автор Күнікей туралы мәліметті де міне осылай қысқа қайырады. Бірақ соңына қарай Күнікей ақынның өлеңінен үзінді келтіреді:

Қатын деген бір тайпа ел болармыз, 

Еркекпенен сөйлесуге тең болармыз. 

Момыннан пышақ, шақпақ алып жүрген, 

Қуандық сүйіндігің біз болармыз. 

Мұны Орынбаймен айтысқанда бір тарихи оқиғаға ишара қылып һәм Орынбайдың қатындарды кемсітіп айтқан сөзіне қарсы айтқаны екен. 

 

 

Күнікей ақын туралы біздің білеріміз аз. «Шорада» келтірілген деректе ақынның руы (арғын, қуандық, сүйіндік) мен  айтыскер болғаны, Орынбай ақынмен айтысы сақталғаны айтылады. Және айтыстан бір қайырымы да берілген. Күнікейдің әріптесі Орынбай ақын туралы жұрт жақсы біледі.  Бұл қазақтың мәшһүр ақындарының бірі Орынбай ақын Кертағыұлы (1813-1890) болуы бек мүмкін. Орынбай ақын аталған тұлғаның өзі қазақ тарихында бірнешеу. «Қарауыл Орынбай» атанған Кертағыұлының өз тұсында Жанақ, Балта, Шөже, Тоғжан, Серәліқожа, Арыстанбай, Шортанбай, Сақау, Қожабек, Кемпірбай, Тезекбай, Өтеулі, Дана, Байкөкше, Нұркей, Ақан сері, Құлтума, т.б. ақындармен айтысқаны айтылады (Қазақ энциклопедиясы. 7 том,  9 бөлім). Бірақ, бұл қатарда Күнікей ақын да Орынбайдың әріптесі болғаны туралы айтылмайды. 

Күнікей ақын туралы біз зерделеген кітаптарда жарытымды деректер табылмады. Бірақ ғасырлар бұрын өмір кешкен ақын ана туралы қолжазба деректерден екі тақырып көзге түсіп отыр. Ол деректердің бірінде Күнікей ақын Жанақ ақынмен де айтысқаны баяндалады. Міне осыған қарап Жанақ ақын әрі Орынбайдың, әрі Күнікейдің әріптесі болғанын білеміз. Демек, Орынбай мен Күнікей де айтысқан. Ол айтыстың дүбірі татар жазармандарына да жеткен деуге болады. Алдағы уақытта біз Күнікей ақын мен Жанақ ақынның айтысы туралы қолжазбаны оқырманға жеткізуге асығамыз.

Міне, осылайша татар туыстардың өткен ғасыр басында қазақ ақындары туралы жазған шағын мақаласынан ой өрбітіп, алаштың бірнеше ақынын еске түсірдік. Ескірген есімдерін сала зерттеушілері жаңғырта зерттей жатар деп қолдағы бар деректер негізінде аталған тұлғалардың кім болғанын танып білу үшін ортаға салмағы ауыр ой салдық. Әсіресе, біздің бүгінгі тақырыбымызға арқау болған, ХІХ ғасырда өмір сүрген қазақтың үш ақын қызы – Мыңжан, Ұлбике, Күнікейлердің де алаш баласының әдебиет тарихынан алар орнын айқындаудың маңызы зор. Біз танып білмеген, зерттеп болмаған, ұмытылып бара жатқан сөз бұлбұлдары баршылық. Өткен ғасыр басында татар басылымдары жариялаған қазақтың он ақынының үшеуі жыр киесі дарыған аналарымыз болып отыр.   

 

Әділет Ахметұлы 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?