Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Батыс Қазақстандағы мәдени майдан

1477
Батыс Қазақстандағы мәдени майдан - e-history.kz

Соңғы жылдары тарихи әдебиетте мәдени майдан мәселелерін зерттеуге үлкен көңіл бөлініп келеді. Қазақстандағы мәдени революция мәселесі және оны іске асырудағы жергілікті кеңестердің рөлі белгілі дәрежеде кейбір ғылыми еңбектерден орын алған. Алайда Қазақстан жергілікті кеңестерінің мәдени-ағарту жұмысын басқарудағы рөлін жан-жақты ашып көрсететін арнаулы еңбек әлі жоқ. Осыған орай Қазақстан жергілікті кеңестерінің саяси-ағарту, үгіт-насихат жұмысын, сауатсыздықты жою мәдени-ағарту мекемелерді басқарудағы тәжірибесін жан-жақты зерттеудің ғылыми-практикалық маңызы зор.

Жергілікті кеңестер мәдени-ағарту жұмысында арнаулы мекемелер: мәдениет үйлері, кітапханалар, клубтар, қызыл отаулар, қызыл бұрыштар, көркемөнерпаздар үйірмесі мен спорт ұйымдарын т. б. құрды. Олар осы мекемелер арқылы бұқара арасында саяси хабарлар жүргізеді, партия мен үкіметтің және жергілікті кеңестер қабылдаған шешімдері мен шараларын түсіндірді еңбектің озат әдістерін насихаттады.

Жергілікті кеңестер өздерінің атқару комитеттері арқылы кинофикацияны, клубтарды, балалардың музыкалық және көркемөнер мектептерін, жергілікті баспа орындарын, кітап саудасын, радио хабарларын, мемлекеттік кітапханаларды, мәдениет үйлерін, музейлерді, мәдениет және демалыс парк терін басқарды. Олар колхоздың және кәсіподақ ұйымдарының мәдени-ағарту мекемелерінің басқару қызметін бақылап, осы мекемелерге кадр іріктеуді қамтамасыз етіп отырды. 

Мәдени өсімнің сандық көрсеткіштері

Енді 1926-1940 жылдардағы Батыс Қазақстандағы мәдени өсімнің сандық көрсеткіштерін қарастырып көрелік. Мәдениетті насихаттаудың және еңбекшілердің творчестволық қабілетін арттырудың мәдени демалыстың әсерлі орталықтарының бірі клубтар болды. Жергілікті кеңестер әсіресе клубтар жұмысына тікелей және кәсіподақ ұйымдары арқылы көп көңіл бөліп отырды. Мұнда лекциялар, диспуттар, жиналыстар өткізілді, кинофильмдер көрсетілді, спектакльдер мен концерттер қойылды. Бірінші бесжылдықтың аяғына қарай облыста 144 клуб болса, екінші бесжылдықтың аяғына қарай олар 154 болды, ал 1940 жылы облыс көлемінде 199 клуб қызмет жасады. Клубтарда ұйымдастырылған мәдени-ағарту үйірмелері белсенді қызмет аткарды. Олардың мүшелері спектакльдер қойып концерттермен, баяндамалармен және лекциялармен халық алдына шығып отырды. Мысалы, 1936 жылы облыстың сегіз ауданында (Лбішін, Камен, Теңіз, Тайпақ, Теректі, Қаратөбе және т. б) 251 драма, 214 хор, 189 музыкалық, 178 дене шынықтыру, әдеби және 254 басқа да үйірмелер жұмыс жүргізді.

1940 жылы аудандық клубтардың 48-і ұйымдастырып, оларға 384 адам қамтылды. Бұл үйірмелерде 504 сабақ, 8115 лекция және баяндамалар өткізіліп, 121485 адам қатысты, оның 54688-і әйелдер болатын. Дәл осындай жұмысты ауылдық жерлердегі клубтар да жүргізді. Алты ауылдық клубта 73 адамнан құрылған 13 үйірме ұйымдастырылды. Онда 194 лекция мен баяндама өткізілді, оның 100-і қоғамдық-саяси тақырыпқа арналған болатын, 56 спектакль мен кеш ұйымдастырылып 60 киносеанс көрсетілді. Клубтарда балалармен де жұмыс жүргізілді. 1940 жылы балаларға арналып 503 үйірме ұйымдастырылып, оған 2119 бала қамтылды. Осы үйірмелердің күшімен 799 ертеңгі ойын-сауық пен кештер өткізілді. Дегенмен кейінгі кезеңдермен салыстырғанда, бұл уақытта мәдени мекемелердің әлеуметтік жағдайлары нашар күйде болды. Клуб мекемелерінің барлығы дерлік жылу және жарық жүйесімен қамтылмады, жеке өзіндік мүліктері мен аспаптары, музыкалық қондырғы бұйымдары болмады. Клубтық мекемелердің жанынан мәдени-ағарту үйірмелері ашылып, белсенді қызмет атқарды десек те, техникалық үйірмелер, бейнелеу өнері бойынша үйірмелер болмады. Орал қаласында 1947 жылы қалалық клубтардың көпшілігі жұмыс істемеді. Землячка зауытының жанындағы клуб қызмет етті. Қарастырылып отырған кезең соңында клубтық мекемелердің саны Орал облысында 592-ге жетті.

Мәдениет мекемелерінің маңызды орындарының бірі мәдениет сарайлары мен театрлар болатын. ХХ ғасырдың басында Оралда жазғы және қысқы драма театрлар жұмыс істеген. Оларда орыс группаларымен қатар, татарөнерпаздары да өз қойылымдарын көрсетті. Азамат соғысы жылдарында театрға К. Маркс есімі беріледі. 1927 жылы орыс театры сахнасында тұңғыш рет пьеса қойылады. Сұрапыл соғыс жылдарында қала сахнасында көшірілген Белорусь драма және Карелия-фин опералық театрлары өнер көрсетті. Олар оралдық әріптестермен бірлесіп, көптеген классикалық туынды мен «Отан сүйгіштікке» үндеген қойылымдарды көпшілік назарына ұсынды. 1960 жылы театр жанынан студия ашылды. Осы жылы театрға А.Н. Островскийдің есімі беріледі. Жалпы соғыстан кейінгі жылдарда Орал қаласында қалалық орыс театры мен облыстық қазақ музыкалық комедия театры болған. 1917 жылдан бастап ел аралап, өнер көрсеткен үгіт бригадалары мен «Қызыл керуен» жылжымалы театры міндетін атқарады. 1934 жылы Орал қаласында 15 адамнан тұратын әуесқой театр студиясы ұйымдастырылып, туындыларды сомдайды. Кейін облыстық атқару комитетінің шешімі бойынша 1936 жылы осы студия қазақтың музыкалық драма театрына айналған. 1949 жылға дейін қазақ музыкалық драма театры ретінде жұмыс істеген. Алғашқы режиссерлерінің бірі Ж. Шанин болды. 14 жыл ішінде театр қазақ, орыс және шетел драматургтерінің көптеген пьесаларын сахнаға шығарды. Өкінішке қарай, Оралдағы қазақ драма театры соғыстан кейінгі жылдарда жабылып, ұзақ жылдар бойы қызмет етпеді. Тек тәуелсіздік алғаннан соң 1992 жылы театр өз жұмысын жандандырды. 1993 жылы қазақ драма театры ретінде қайта құрылды. Сонымен бірге 1944 жылы облыста қуыршақ театры ұйымдастырылған. Оның репертуарында орыс, қазақ ертегілері негізінде жазылған спектакльдер болды. Жыл сайын жүзге тарта спектакльдер көрсеткен. Қуыршақ театры 1949 жылы таратылған. Сонымен қарастырып отырған кезең соңында Орал облысында театрлар желісінде 1 ғана театр болды.

1948 жылы құрамында жүзге тарта қызметкері бар Орал қалалық музыкалық комедия театры Атырау драма театрымен біріктірілді. Орал театрының қосылуы театрдың облыс аралық музыкалық қазақ драма театры болып қайта құрылуына мүмкіндік берді.

Кітапханалардың жай-күйі

Мәдени-тәрбиелік саясатта үлкен мағынаға кітап ие болды. Кітапқа қызығушылық зерттеліп отырған уақытта Қазақстанда да ерекше болды. Баспа өнімдерін пайдалану ісін ұйымдастырып, оқырмандарға мәдени-ағарту және ғылыми бағытта көмек көрсететін мекеме – кітапхана. Ол баспа өнімдерін жинау, сақтау, насихаттау, оқырмандарға баспасөз шығармаларын пайдалануға беру және әдебиет көрсеткішті ақпарат жұмыстарымен шұғылданды. Әдебиетке халықтың сұранысын қамтамасыз ететін республикада кітапханалардың кең желісі құрылды: республикалық, облыстық, аудандық, ауылдық кітапханалар, кәсіподақтық, ведомствалық, ұжымшарлық, салалық ғылыми-техникалық және жоғары оқу орындарының кітапханалары болды.

 Батыс Қазақстандағы жалпы кітапханалардың саны 1940 жылы 691 бірлікке артты. Кітапханалардың даму тарихында 50-60 жылдары сәл кідіріс болған. Өйткені, бұл уақытта республикада, оның жекелеген аймақтарында кітапханалар желісін қысқартулар орын алды. Бұл қысқартулар 1959-1965 жылдары уақ, кішігірім кітапхалардың бірігіп, іріленуімен байланысты болды. Халықтың кітапхана мекемелерімен қамтамасыз етілуі туралы сөз қозғағанда, алдымен, қалалық, облыстық деңгейдегі кітапханаларды анықтау керек. Кітапхана мекемелерінің желісі әртүрлі деңгейдегі және әртүрлі жасқа арналған кітапханалар қатарынан тұрды. Ауылдық жерлерде кітапханалар мүмкіндіктері шектеулі, әрі өлшемі мен кітап қорының әрқилы түрлерінің жиынтығы бойынша да жұпыны болды. Зерттеліп отырған уақытта Батыс Қазақстанның облыс орталықтарына айналған ауқымды Орал, Гурьев, Ақтөбе, Ақтау қалаларында орналасқан облыстық кітапханалар маңызды мағынаға ие болды. 

Батыс Қазақстандағы ірі ұлттық кітап қоймасы мен кітапхана ісі саласындағы ғылыми-әдістемелік орталық болып Орал қаласындағы Ж. Молдағалиев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапхана табылды. Оның кітап қоры 270 мың данадан асады. Қазақстандағы байырғы әрі ірі кітапханалардың бірі болып саналады. Қалалық мәртебесі бар, байырғы кітапхананың бірі М. Горький атындағы қалалық мәдени-көпшілік кітапхана болды. Оның іргесі 1938 жылы облыстық кітапхананың бөлімшелері ретінде қаланған. Кітапхананың қорында 600 мың дана кітап жинақталған. Мұнда әдістемелік-әдебиет көрсеткіш, бірегей қорды пайдалану, оқырмандарды қамтамасыз ету, қорды алмастыру, әдебиетті жинақтау және өңдеу бөлімдері бар. Балалар мен жасөспірімдерге қызмет көрсетуде А.П. Гайдар атындағы балалар мен жасөспірімдердің кітапханасы үлкен рөлге ие болды. Ол жалпы және арнаулы кәсіби білім беретін оқу орындарының оқушыларына, сондай-ақ, студенттерге, қызмет көрсетеді.

Батыс Қазақстан облысының жергілікті кеңестері көпшілік кітапханаларын ұйымдастыруда біраз жұмыстар атқарды. Бұл кітапханалар еңбекшілерге мыңдаған кітап қорларын пайдаланып, өздерінің білімі мен мәдениетін арттыруға мүмкіндік берді. Кітапхана қызметкерлері астық жинау науқанында еңбекшілерге қызмет көрсету мақсатымен көшпелі кітапханалар ұйымдастырып отырды. 1935 жылдын көктемгі егіс науқанында республика көлемінде кітапханалардың, көшпелі кітапханалар мен кітап тасушылардың арасында еңбекшілерге жақсы қызмет көрсетудің байқауы ұйымдастырылды. Жеңімпаздарға арналып 83 сыйлық белгіленді. Бұл байқауға облыс кітапханаларының көпшілігі қосыла отырып, өте жақсы әрі мазмұнды ұйымдастырылған жұмыстар көрсетті. Теңіз аудандық кітапханасы жақсы жұмыс атқарды. Кітапхана меңгерушісі Пичужинаның ұқыпты басшылығының арқасында кітап қоры 1150-ден 5095-ке көбейтілді. Егер бұрын бір ғана көшпелі кітапхана болған болса, енді ал 7-ге жеткізілді.

Үлгілі кітапханалардың ішінде Хохлачева басқарған Жымпиты аудандық кітапханасы да бар. Кітапханада лекция, әңгімелер өткізіліп отырды. «Кітап достары» үйірмесі ұйымдастырылды. Жаңадан ашылған кітапханалардың ішінде Речкина басқарған Бөрлі аудандық кітапханасы жақсы жұмыс жүргізді. Ол үш ай ішінде 6 көшпелі кітапхана ұйымдастырды. 1936 жылы облыс көлемінде кітапхана жұмысын жақсарту мақсатымен облыстық халық ағарту бөлімі тарапынан бірнеше мәжілістер өткізілді.

Республика көлемінде өткізілген байқаудың қорытындысында кітапхана жұмысын жақсы жолға қойғандығы үшін 1936 жылы Батыс Қазақстан облысы бойынша 3 кітапхана 2 мың сомнан және 3 кітапханашы 200 сомнан сыйлық алды.

Кітапхана қызметкерлері мерзімді баспаны тарату ісіне де белсене қатынасады. Осы бағытта жүргізілген жұмыста Фурманов ауданы жақсы көрсеткіштерге жетті. Егіс науқаны кезеңінде аудан көлемінде таратылған газет-журналдың жалпы сомасы 30398 сом 84 тиын құрады, оның ішінде өлкелік газеттер 6227 сом, облыстық газеттер 13329 сом 30 тиын.

Облыста кітапхана ісінің мамандарын іріктеуге де үлкен көңіл бөлінді. Қысқа мерзімді курстар ұйымдастырылды. Егер 1932 жылғы совет құрылысы курстарында 4538 адам оқытылса, 1933 жылы олардың саны 8930 адамға жеткізілді, оның ішінде 5735-і мәдени ағарту, ал 1610-ы саяси-ағарту қызметкерлері болатын. 1935 жылы кітапхана қызметкерлерінің білімін толықтырудың айлық курсын 30 адам өтті.1936 жылдан бастап бұл курстар тұрақты сипат ала бастады. Білімді кітапханалар қызметкерлерінің жетімсіздігін ескере отырып, 1935 жылғы жаңа оқу жылынан бастап Орал қазақ педагогикалық техникумында кітапхана бөлімі ашылды.

Облыс кітапханалары жақсы жұмыстар жүргізді. 1940 жылы Тайпақ аудандық кітапханасы кітап оқушыларымен 244 жиналыс өткізді, 18 кеш ұйымдастырып, ағымдағы саясат жөнінде 442 баяндама жасады. Осы жиналыс, кеш және баяндамаларға 6345 адам қатысты.

Әр бесжылдық сайын кітапханалар мен олардағы кітап қорлары Батыс Қазақстан облысында едәуір өсіп отырды. Мысалы, бірінші бесжылдықтың басында облыста небәрі 8 кітапхана болды, екінші бесжылдықтың бас кезінде олардың саны 39-ға жеткен болса, 1940 жылы облыста барлығы 291 кітапхана халыққа қызмет көрсетті. Бұларда 338 600 кітап пен журнал болды. Село кітапханаларына арналып, 5 086 сомға кітап сатып алынды, соның ішінде қоғамдықсаяси әдебиетке 1 147 сом жұмсалды.

Село кітапханаларындағы кітап оқушылардың саны 13 366 адам құрады. Селолық жерлерде көшпелі кітапханалармен 432 адам қамтылды.

Оқу үйлері – ауылдық жерлердегі саяси-ағарту жұмысының орталығы болатын мекемелер. Олардың көпшілігінде көркемөнерпаздар, ғылыми-атеистік, ғылыми-техникалық, ауылшаруашылық және басқа да үйірмелері жұмыс жүргізді. Оқу-үйлерінің жұмысының мазмұны, оның қызметінің тәсілдері жөнінде РКП (б)-ның XIII съезінде нақтылы нұсқау берілген болатын: «Оқу-үйінің ең маңызды жұмысы анықтама (осы сөздің кең мағынасында алғанда) жұмысы болуға тиіс. Осы мақсат үшін анықтама столы ұйымдастырылуға тиіс. Бұл жұмыс оқу-үйі кітапханасының берік қалыптасқан ұйтқысы, мұқият ойластырылып жасалған программалары бар үйірмелердің жұмысына, сауатсыздықты жою пункттеріне және қысқа мерзімді практикалық курстармен толықтырылатын әралуан ересектер мектептеріне сүйенуге тиіс. Газет оқу төңіректе не болып жатқаны жақсы түсіне білуге үйрететін село тілшісі жұмысы, осы төңіректегіні жазып, деревня өмірімен таныстырып отыратын қабырға газетін шығару-оқу-үйінің негізгі жұмысы осындай».

Облыстағы оқу-үйлерінің өсу жағдайын мына цифрлардан көруге болады: 1932 жылы олардың саны 111 болса, 1940 жылы 2 044-ке жетті. Оларда ұйымдастырылған үйірмелер саны 719, мүшелерінің саны 5 033 адам. Бұл үйірмелерде 7 909 сабақ өткізілген болатын. Бұл оқу үйлерінде 57 патефон болды. Олармен партия мен үкіметтің қаулы-қарарлары, маңызды мәселелер жөніндегі шаралары жазылған табақшалар тыңдалды. Оқу-үйлерінде дәл осындай жолмен 39 446 адам қатысқан 2 636 коллективті тыңдау әрекеті ұйымдастырылды.

Қарастырылып отырған кезеңде Батыс Қазақстандағы кітапханалардың материалдық-техникалық негізінде қалыс қалған тұстар болғаны да рас, әсіресе ауылдық мекендерде кітапханалық қондырғылар жетіспеді. Кітапхана ісіндегі толық қанағаттандырылмаған тұс әдебиеттермен қамтамасыз ету болды. Бірінші кезекте идеологиялық және насихаттық бағыттағы кітаптармен жабдықтауға мән берілсе, кітапхананы ғылыми және көркем әдебиеттермен қамту әлсіз болды. Әрине, кітапхана жұмысы негізінен қала-қоныстарда жақсы ұйымдастырылды.

Тайыр Қасымұлы

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?