Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Ыстықкөл жағасында қазақ-қырғыз тарихының өзекті мәселелері талқыланды

4796
Ыстықкөл жағасында қазақ-қырғыз тарихының өзекті мәселелері талқыланды - e-history.kz

Ежелден бірлігі жарасқан қазақ-қырғыз халықтарының қарым-қатынасы халық арасында «төскейде малы, төсекте басы қосылған», «қазақ-қырғыз бір туған» деп ерекше әспеттеледі. Аталмыш сөз тіркестерінің қолданылуы ауылы аралас, қойы қоралас жатқан көрші қазақ-қырғыз қыз алысып, қыз берісіп, тіршілік еткен. Мұндай тығыз қарым-қатынас үзілмей әлі күнге дейін жалғасып жатыр. 

Биылғы жылдың 27-30 маусым күндері аралығында Ж. Баласағұн атындағы Қырғыз ұлттық университетінің Тарих және аймақтану институты мен Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бірлескен «Қырғыз-қазақ халықтарының тағдырлас тарихы және болашағы» атты Халықаралық конгресі өтті. Бішкек қаласындағы Ж. Баласағұн атындағы Қырғыз ұлттық университетінде өткен конгрестің пленарлық отырысын ҚР Жоғарғы Кеңесінің депутаты Жанарбек Кубанычұлы Акаев ашып берді. Конгресте сөз алған Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, т.ғ.д., профессор Зиябек Ермұханұлы Қабылдинов «Қазақстан тарихы» академиялық 7 томдық басылымның жазылуы барысын, қазақ-қырғыз тарихының өзекті мәселелері бойынша  баяндап, институттың ғылыми кеңесінің талқылауынан шыққан ғылыми еңбектерді тарту етті. Сөз соңында Зиябек Ермұханұлы Ж. Баласағұн атындағы Қырғыз Ұлттық университетінің үздік студентіне стипендия тағайындады. Конгресс аясында «Қазақ-қырғыз тарихының жылнамасы» қазақ-қырғыз ғалымдарының іргелі мақалалары енген жинағының және Жүсіп Баласағұн атындағы Қырғыз Ұлттық Университетінде Ш.Ш. Уәлиханов атындағы кабинеттің тұсаукесері жасалды. Сондай-ақ, Ж. Баласағұн атындағы Қырғыз Ұлттық Университетінің ректоры, ҚҰ ҒА-ның корреспондент-мүшесі, т.ғ.д., профессор, Төлөбек Абылұлы Абдырахманов қазақ-қырғыз қарым-қатынастарының дамуына шын жүректен тілектес екендігін айта отырып, конгрестің жұмысына табыс тілеп, сөз соңында Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры Зиябек Ермұханұлы Қабылдиновке Жүсіп Баласағұн атындағы Қырғыз Ұлттық Университетінің құрметті профессоры атағын табыс етті. 

Халықаралық конгресс Ж. Баласағұн атындағы Қырғыз ұлттық университетінің Ыстықкөл жағалауындағы пансионатында екі мекеменің жас ғалымдарына арналған жазғы мектебіне жалғасты. Жазғы мектепте қос елдің тәжірибелі ғалымдары жас ғалымдарға тақырыптық лекциялар оқыды. Атап айтқанда, Қазақстан тарапынан Ш.Ш. Уәлиханов институнының бөлім жетекшісі Ғалия Айтжанқызы Шотанова, аға ғылыми қызметкер Оразов Рашид Ешенұлы, ал Қырғызстан тарапынан Тилек Жакыпович Токтосунов, Гүлзат Жусуповна Чодолдоева т.б. сынды ғалымдар қазақ-қырғыз тарихына қатысты түрлі тақырыптағы өзекті мәселелер бойынша өздерінің зерттеу жұмыстарының қыр-сырымен бөлісті. Аталмыш лекторларға қатысқан жас ғалымдар өздерінің көкейтесті сұрақтарын қойып, еркін пікір алмасты.

Екі елдің ғалымдары Ыстықкөл жағасында жоғары деңгейде өткен жас ғалымдар арналған жазғы мектептің ауқымын кеңейте түсуге, болашақта түрлі бағыттағы ғылыми кездесулерді, форумдарды, конференцияларды, жобаларды бірлесе атқаруға уағдаласты. Ғылым саласындағы мұндай бірлесе атқарылатын жұмыстар екі елдің мәдени ынтымақтастығын, дипломатиялық қарым-қатынастарын одан әрі бекемдей түсетіндігі даусыз.

 

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының кіші ғылыми қызметкері Н.А. Досымбетов 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?