Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Астанада «Мұстафа Шоқай – бүкіл түркі жұртының перзенті» атты конференция ұйымдастырылды

208
Астанада «Мұстафа Шоқай – бүкіл түркі жұртының перзенті» атты конференция ұйымдастырылды - e-history.kz

Астанада Мұстафа Шоқай атындағы №51 мектеп-гимназиясында «Мұстафа Шоқай – бүкіл түркі жұртының перзенті» атты ІІІ халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті, деп хабарлады Qazaqstan tarihy порталы

Конференция Астана қаласы әкімдігінің «Астана дарыны» дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау орталығы» КММ мен Мұстафа Шоқай ғылыми орталығы бірлесе ұйымдастырды.

Конференция жұмысына Түркия мемлекетінің Стамбул қаласындағы Мимар Синан көркем өнер университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Әбдіуақап Қара, қоғам қайраткері, саяси ғылымдарының докторы, философия ғылымдарының кандидаты, профессор Әбдіжәлел Бәкір, шоқайтанушы,  Қазақстанның мемлекет қайраткері, Астана мемлекеттік қызмет хабы басқарушы комитетінің төрағасы Әлихан Бәйменов, ҚР Парламентінің мәжілісінің депутаты, тарих ғылымдарының докторы, профессор Еркін Аманжолұлы, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Қазақ-Беларусь ғылыми-техникалық ынтымақтастық орталығының директоры, педагогика ғылымдарының кандидаты Жабай Нұрмақұлы, Германия мемлекеті Берлин қаласының журналисі Бауэр Биргит(қашықтықтан), Польша Республикасы ҒА Ұлттық жады институтының бас ғылыми қызметкері, РҺD Либера Павел,  Астана қаласы Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев, ҚР Мәдениет және ақпарат мин. РММ «Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының» ғылыми-зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру бөлімінің жетекші сарапшысы т.ғ.к, доцент Гүлсім Алдабергенқызы, Астана  қаласы мемлекеттік архивінің Ғылыми-зерттеу бөлімінің басшысы Ғазиза Тұрмағанбетқызы, алаштанушы ғалым, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Заңғар Кәрімхан, жас зерттеушілер, “Қыр баласы” қоғамдық қорының мүшелері Нұрсұлтан Сабыржан, Данияр Ихсан, Президент орталығының қызметкерлері, Мұстафа Шоқайдың ұрпақтары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, ұстаздар қауымы, Қызылорда өңірінен іс-тәжірибе алмасушы ұстаз және оның шәкірттері, жас мұстафанушылар қатысты. 

Заңғар Кәрімхан, алаштанушы: 

Алаш қайраткерлерінің арасында Еуропаға эмиграцияға кеткен жалғыз тұлға Мұстафа Шоқай өмірі күрделі бұралаң жолымен, қызық та қым-қуыт қырларымен ерекшеленеді.

Алаш көсемінің адал ізбасары бола білген жас Мұстафа алашшылдығымен, ұлтшылдығымен және түрікшілдігімен айрықша көзге түседі. Ол исі қазақ ғана емес, мұқым түрік-мұсылман жұртына сөйлер жерде шешен, іскер жерде көсем болып танылды. Оның асыл ойларында үш Түркістанның мақсаты мен мүддесі, тарихы мен тағдыры, келешегі мен кемелдігі тұнып тұр.

Түркістан – Мұстафа Шоқай ойларының бойтұмары. Егер де арыстың сөздерінің ішінен «түрік», «Түркістан» ұғымдарын алып тастар болсақ, онда ол сөздерінің ешқандай салмағы, құны қалмайды.  

Әбдімұтали Баяхов, «Мұстафа Шоқай атындағы № 51 мектеп-гимназиясы» директорының орынбасары:  

Бұл ғылыми конференцияның негізгі мақсаты – Алаш қозғалысының көрнекті қайраткерлерінің бірі, ұлт зиялысы Мұстафа Шоқайдың өмірі мен қызметін жас ұрпаққа кеңінен насихаттау. Оның ұлы дала төсінен басталған сара жолы, Еуропадағы саяси-қоғамдық қызметі, түркі халықтарының азаттығы жолындағы күресі жан-жақты зерттеліп, зерделенуі тиіс. Сонымен қатар, Мұстафа Шоқайдың әлі күнге дейін толық зерттелмеген еңбектерін терең талдау арқылы жаңа ғылыми тұжырымдар жасау, тарихи деректерді жүйелеу – конференцияның басты міндеттерінің бірі. Биылғы конференцияның ерекшелігі – жас мұстафатанушыларға кең мүмкіндіктер беру, олардың ғылыми ізденістеріне қолдау көрсету. Сонымен бірге, Алаш қозғалысын зерттеп жүрген ғалымдарымыз да бұл жиында өз еңбектерін ортаға салып, пікір алмасады. Конференция аясында бірнеше ғылыми бағыттар қамтылып, тарихымыздың жаңа қырларын ашуға септігін тигізетін зерттеулерге басымдық беріледі. 

Іс-шараның фоторепортажы: Елордада Мұстафа Шоқайды ұлықтаған конференция өтті

Конференция жұмысының аясында  60-тан астам зерттеу  жұмыстары  тіркеліп сараптамаға жіберілді. Шараның алғашқы бөлігі конференция қатысушыларын «Фотосуреттегі өмір» атты  (Жизнь в фотографиях) еш жерде бұрын жарияланбаған Мұстафа Шоқай мен Мария Шоқайдың жанұялық мұрағатынан алынған фотосуреттер презентациясы көрсетілуімен басталып, Мұстафа Шоқай атындағы мектеп музейінде театрланған саяхатпен, «Мұстафа Шоқай заманы және қазіргі тәуелсіздік» атты әдеби көрініспен жалғасты. 

Ляззат Жұмабекова, Мұстафа Шоқайдың ұрпағы: 

Жетісай қаласындағы Шоқан Уәлиханов атындағы киелі қара шаңырақта қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беремін. Ұстаздық қызметпен қатар шығармашылықпен де айналысамын. Қазақ руханияты мен тарихына қатысты зерттеулер жүргізіп, Мұстафа Шоқай жайлы көптеген ғылыми және публицистикалық мақалалар жаздым. Сонымен бірге, өзекті тақырыптарға арнап өлеңдер жазып, ұлттық құндылықтарды насихаттауға үлес қосып келемін. Бүгінгі тағылымды шараға Нұртаза атамыздың жары, асыл ана Зүлфияның көне шолпысын музейге табыстау үшін арнайы алып келдік. Бұл – тарихымыздың бір бөлшегі, өткеннің үнін бүгінге жеткізетін құнды жәдігер. Мұндай мұралар ұрпақ санасына ұлттық рухты сіңіруге, тарихи жадымызды жаңғыртуға ықпал етеді. Осы шара арқылы ұлы тұлғаларымыздың мұрасын дәріптеп, келер ұрпаққа аманат етіп тапсыру – біздің басты мақсатымыз. 

Халықаралық деңгейде өтіп жатқан конференцияның басты мақсаты – түркі халықтары азаттық қозғалысының көшбасшысы Мұстафа Шоқайдың 135 жылдық мерейтойына байланысты тарихи тұлғасына қатысты өзекті мәселелерді талқылап, оның  аса мағыналы өмірі, сан салалы саяси қызметі  мен шығармашылық мол мұрасы негізінде өскелең ұрпақты ұлттық рух пен отансүйгіштікке, қоғамдық белсенділік пен адамгершілікке тәрбиелеу.

Гүлсім Алдабергенқызы, Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының ғылыми сарапшысы: 

Бүгінгі Мұстафа Шоқай халықаралық конференциясына біз 2024 жылы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Ұлыбританияның бірқатар ғылыми мекемелеріне іссапармен барып қайтқан едік. Осы іссапар барысында жүргізілген нәтижелі жұмыстардың арқасында Ұлыбританияның ұлттық архивтерінен Мұстафа Шоқайға қатысты тың деректерді тауып, елімізге алып келдік. Бүгін осы құнды деректермен бөлісіп, ғылыми қауымдастыққа ұсындық.  

Секция жұмысы мектеп оқушыларының ғылыми ізденістері мен шығармашылық жұмыстарымен жалғасын тапты. 

Айта кетейік, конференцияға қатысушылардың ғылыми еңбектері мен ізденіс жұмыстары жинаққа енгізіліп, оқырмандарға таратылады. 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?