Алаш мұрасын зерттеу отандық тарих ғылымының маңызды бағыттарының бірі екені мойындалғаны ақиқат. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев өзінің «Тарих толқынында» атты кітабында осы тарихи проблемаға «Алаш мұрасы және қазіргі заман» деген арнайы бір тарауын арнап осы қозғалыстың мән-мағынасына тоқталды.
Ресейде патша билігінің құлауы нәтижесінде қазақтың ұлтжанды қайраткерлерінің ұйымдастырумен Қазақ жерінде Алаш автономиясы аталатын қазақтың ұлттық-территориялық мемлекеттілігі құрылып, 1917-1920 жылдары өмір сүргені және оны Кеңес үкіметі тарих сахнасынан күштеп кетіргені тарихтан белгілі [1].
Ресейдің Азиялық бөлігінде 1917 жылғы революциялар нәтижесінде 1917-1918 жылдары Кеңес өкіметінің саясатына қарсы бағытталған бірнеше үкіметтер құрылып, алды бірнеше ай, ал кейбірі бірнеше жыл өмір сүргені белгілі.
Қазіргі ресейлік зерттеушілердің пікірінше большевиктерден азат етілген Ресейдің шығыс аймақтарында құрылған демократиялық «үкіметтер» ішінде екеуі жетекші рөл атқарды. Бірі - Самара қаласында құрылған Комуч (1918 ж. - қыркүйек-қараша), екіншісі - орталығы Омбыда орналасқан Сібір уақытша үкіметі (1918 ж. қыркүйек-қараша). Бұл екі үкіметтің де өздерін қорғайтын қарулы күштері (Халық армиясы, Сібір армиясы) болды.
Екі үкімет 1918 жылы қыркүйекте Уфа қаласында өткен біріккен кеңесте бірігу туралы шешім қабылдап, 5 адамнан тұратын Директория құрып, бұрынғы Уақытша үкімет тұсында министр болған эсерлер партиясының мүшесі Н.Д. Аксентьевті төраға етіп сайлайды.
Бірақ сол жылы 18 қарашада Омбыда казак әскерлері төңкеріс жасап Директорияны құлатып, билік тізгіні П.В. Вологодскийге көшеді. Бүл үкімет көп ұзатпай демократиялық жолмен барлық билікті адмирал А.В. Колчакқа тапсырады. Ал адмирал Колчак Сібірдегі билікті 1920 жылдың 4 қаңтарына дейін қолында ұстады [2].
Орталық Азияда орталығы Қоқан қаласында орналасқан Түркістан (Қоқан) автономиясы құрылып 1917 жылдың қарашасынан 1918 жылдың 11 ақпанына дейін, яғни 72 күн өмір сүрді.
Ресейдің ішкі аумағында 1917 жылы 29 қарашада Башқортстан автономиясы жарияланып 1919 жылдың 18 ақпанына дейін өмір сүрді. Бұл үкіметке 3. Уәлиди басшылық жасады.
Алашорда басшылығы әр кезеңде осы үкіметтермен байланыс орнатып, олардан қолдау табуға ұмтылады. Бұл үкіметтер Алаш автономиясын біртұтас ұлттық мемлекет ретінде мойындайды деп үміттенеді. Сондықтан Алашорда үкіметінің мүшелері осы үкіметтермен тікелей байланысқа шығуға тырысты. Қазақ қайраткерлері Алаш автономиясын сақтап қалу жолында көршілес әскери және саяси күштермен, мемлекеттік құрылымдармен дипломатиялық қарым-қатынастар жүргізді [3].
Алаш басшылары жаңа құрылып жатқан қазақ мемлекетін қорғау үшін Ресей жеріндегі уақытша әскери үкіметтерден ұлттық әскер құру үшін қару-жарақ пен қазақ сарбаздарын әскери өнерге үйрететін мамандар алуды мақсат етті және бұл істе едәуір нәтижеге қол жеткізеді.
Алғашқы келіссөздерді Жаһанша және Халел Досмұхамедовтер «Комучпен» (Комитет членов Учредительного собрания) жүргізеді және олардан едәуір көлемдегі қару-жарақтар алады. 1918 жылы 3 маусымда Самарада құрылған Комуч құрамына 10-ға жуық Алаш қозғалысының көрнекті қайраткерлері кірді және бұл құрылым федерализм принципін ұстанды [4].
Комуч Алашорданы негізінде мойындады және 1918 жылы 25 қыркүйекте Алашорда туралы Декларация қабылдап, Қазақ үкіметімен байланыс жүргізетін арнайы уәкіл тағайындады.
Алашорда Башқұрт автономиясымен де одақтық қарым-қатынас жасауға әрекеттенді [5].
Алаш басшылығы сонымен қатар Орынборда атаман Дутовпен байланыс жасады, бірақ бұл әрекеті күткен нәтиже бермеді.
Омбыда орналасқан Уақытша Сібір үкіметі Ресей империясы құрамында болған отар халықтарға бүйрегі бұра қоймады. Ол үкіметтің құрамындағы М.Б. Шатилов басқарған «Бұратаналар ісі жөнінде министрлік» Алаш автономиясымен турлі мәселелер бойынша (земство, салық мәселесі, әскер жасақтау, сот билігі т.б.) бойынша жұмыстар жасады.
Алашорда басшысы Ә. Бөкейханов Сібір Үкіметіне «Алашорда мен Сібір үкіметі арасындағы уақытша қатынастар орнату туралы» төмендегідей ұсыныс жасайды:
1) Сібір үкіметі мен Алаш автономиясы бірін-бірі таниды..
3) Алаш территориясын мекендейтін барлық халықтар мойындайтын өкімет құрылғанша Алашорда қазақ-қырғыз халқының өкімет органы болып табылады.
4) Армия территориялық және ұлттық негізде құрылады ... ол соғыс кезінде Уақытша Сібір үкіметінің әскерилерімен ортақ командованиеге бағынады. Сібір үкіметі армияны қару-жарақпен, азық-түлікпен және әскери нұсқаушылармен қамтамасыз етуге міндетті. Алашорда Алаш территориясын большевиктік бандалардан тазартуды, Түркістан мен Жетісуға көмек көрсетуді өзінің бірінші міндеті деп санайды.
5) Банктер мен басқа да қаржы мекемелері әзірге Уақытша Сібір үкіметіне бағынады...
6) Таяу уақытта большевиктерден азат етілген автономиялық халықтар мен шет аймақтардың депутаттар конгресін федералдық өкімет құру мақсатымен шақыру қажет... Сібір, Алаш, Башқұрт және Түркістан федерациясын құру мүмкін.
Уақытша Сібір үкіметі Алашорданың ұсынысын төрт күн бойы талқылап төмендегідей шешімге келеді: Алашорда қазақ халқын басқаратын өкімет органы болып мойындалсын, оған үй басы сайын салық жинауға рұқсат етілсін, Алашорда ұлттық сот құруға құқылы болсын, Ұлттық армия Сібірдің әскери мекемесі белгілеген тәртіп бойынша құрылады. Оның қолбасшысы мен әскери бөлімдердің командирлерін Алашорданың келісімімен Сібірдің әскери министрлігі тағайындайды [5, 196-197 б.]. Алаштанушы ғалым К. Нүрпейісов Сібір үкіметімен Алашорданың бұл келісімін Алаш автономиясын жартылай мойындау болды деп бағалайды [6, 181 б.].
Алашорданың әскери бөлімінің бастығы, капитан Х. Тоқтамышев Уақытша Сібір үкіметімен Алашорда әскерін құруға көмектесу жөнінде келіссөздер жүргізеді. Соның нәтижесінде Алаштың әскери құрамалары ақ гвардияшылармен күш біріктіріп Кеңес өкіметіне қарсы соғыс қимылдарын жүргізуге қатысады.
Бірақ Колчак пен Анненков әскерлері бейбіт қазақ ауылдарына зорлық-зомбылық жасағандықтан алаш қайраткерлері олардан бас тартып Кеңес өкіметімен жақындасуға бет бұрады.
Колчак Сібір үкіметінен билікті тартып алып Алашордаға бағынуды талап еткенде оның Батыс бөлімі бұйрыққа бағынбайтынын өз қарауындағы территорияда басқаруды бұрынғыша жүргізе беретінін мәлімдеді. Алашорданың Батыс бөлімінің орталығы орналасқан Жымпитыға 80 әскерімен Колчактың өкілі генерал Лебедев келгенде Ж. Досмұхамедов билікті бермейді [3, 114-115 б.].
Алашорда мен Түркістан (Қоқан) автономиясы жетекшілері қазақ мемлекетін құруда бір бағыт ұстанады. Түркістандық үкімет басшылары М. Шоқай мен М. Тынышбаев Алаш съездеріне қатысса, Алашорда атынан М. Дулатов, Б. Құлманов және Т. Құнанбаев сияқты алаш өкілдері 1918 жылы 6-9 қаңтарда өткен Сырдария қазақтарының съезіне қатысады [5, 50 б.]. Алашорда мен Түркістан автономиясы жетекшілері Кеңес өкіметіне қары ортақ позицияда болып, соған сай әрекет жасады.
Дегенмен алғашқы кезде олардың арасында ұлттық мемлекет құру мәселесінде пікір алшақтығы да кездесті. Әлихан Бөкейханов Қазақстанның (Қазақ автономиясының) Түркістанмен (Қоқан автономиясымен) бірігуіне қарсы болды. М. Дулатовтың айтуынша Ә. Бөкейханов бұл мәселе туралы көзқарасын мына тұрғыда дәлелдеді: «Орта Азияның халықтары, солардың қатарында өзбектермен бірігуге болмайды. Оларда діни фанатизм мен кертартпалық ғұрыптар көп сақталынған. Орта Азия халықтары шариғат заңымен өмір сүреді. Олар мәдени тұрғыдан бізден бір саты төмен тұр. Сондықтан олармен бірігуден ешбір нәтиже шықпақ емес».
Түркістан (Қоқан) автономиясының құрамындағы өзбек өкілдері де Алашорда басшысы Ә. Бөкейханов туралы дұрыс көзқараста болмады. Қазақтардың Сырдария облыстық сьезіне қатысуға Қоқанға келген Алашорда өкілдеріне олар былай деген: «Сіздердің көсемдеріңіз кадет Ә. Бөкейханов барып тұрған орысшыл адам». Түркістан (Қоқан) автономиясының өкілдеріне Сырдария облысын Қазақ автономиясына қосу туралы пікір ұнамады. Ал Сырдария облысынан Екінші жалпықазақ сьезіне қатысқан М. Шоқай бүкіл қазақ жері Түркістан автономиясына біріктірілсін деген алғашқы өз ұсынысынан бас тартып, екі жақтың көзқарасын жақындастыруда жағымды рөл атқарды [7,126 б.].
Алаш автономиясының басшылары Кеңес билігімен де саяси ымыраға келу жолдарын қарастырады. Батыс Алашорданың 1918 жылы қаңтарда Қаратөбеде өткен съезінде Кеңес өкіметімен келіссөз жүргізу үшін Мәскеуге Жаһанша Досмұхамедов бастаған делегация жіберуге шешім қабылдайды. Оның бір себебі Кеңес өкіметің басшысы В.И. Лениннің Жаһанша Досмұхамедовпен оның орыс әйелі Ольганы (Янга) жақсы тануы да себеп болды [8, 73 б.].
Алаш үкіметінің тапсырмасы бойынша 1918 жылы наурыз айында Халел Досмұхамедов пен Жаһанша Досмұхамедов Мәскеуге барып Халық Комиссарлары Кеңесінін төрағасы В.И. Ленинмен, Ұлт істері жөніндегі халық комиссары И.В. Сталинмен кездесіп Екінші жалпықазақ сьезінің қаулысын табыс етеді. Келіссөздердің барысында Алашорда жетекшілері Кеңес өкіметі басшыларының талап етуі бойынша Кеңес өкіметін «Ресейдегі барлық автономиялы халықтардың кіндік үкіметі» деп тануға мәжбүр болады.
Зерттеушілер деректеріне қарағанда келіссөздер нәтижелі өткен. Алаштықтар Кеңес билігінен Алаш автономиясын мойындауды талап етті. Алаш үкіметі Кеңес өкіметі жанынан Қазақ комиссариатын құруды сұрады.
И.В. Сталин Семейдегі Алашорда басшысы Ә. Бөкейханов пен Х. Ғаббасовты телеграфқа шақырып: «... қазақ-қырғыз өкілдері жергілікті советтермен бірігіп, ұлт ниеттерін жарысқа шығаруға сиез шақыратын комиссия құру керек»-деп алашордашылардан осы мәселеге байланысты жауап қайтаруын өтінеді. Алаш делегациясы да ез тәуелсіздігін белгілі дәрежеде қамтамасыз етуге тиісті біраз талаптарды Кеңес өкіметіне қояды. Халел және Жаһанша Досмұхамедовтар келіссөздердің аяқталғанын хабарлай келе Семейге жолдаған жеделхатында Кеңес өкіметі Қазақстанның әрбір облыстық кеңесінде тұтқындалған қазақ қайраткерлерін босату жөнінде нұсқау бергендігін, Алашорда ұсынған өзге шарттарға таяу күндері жауап беретіндігін және РКФСР-дін Ұлт істері жөніндегі комиссариатының құрамында Қазақ бөлімін құруға қол жеткізгендіктерін хабарлайды [5, 137 б.].
Келіссөздер нәтижесінде Мәскеу алаштықтар сұраған 40 млн. рубльдің 12 миллионын береді. Бірақ орта жолда, Саратов қаласында Орал облыстық депутаттар Кеңесінің мүшесі большевик Д.И. Яковлев күтіп отырып, ақшаны тартып алады. Бұл оқиға алаштықтардың Кеңес билігіне деген наразылығы мен сенімсіздігін одан әрі өршітті.
Алаштанушы ғалымдардың пікірінше сол кезде Ресейдің Азиялық бөлігінде құрылған үкіметтер Алашорданы саяси күш ретінде танып өз жағына тартуға әрекет жасаған.
Кенес өкіметі Азамат соғысының алғашқы жылының қорытындыларын шығара келіп, кеңес өкіметін ұлт аймақтарында нығайтудың тиімді жолдарының бірі - ұлттық-мемлекеттік құрылысты тереңдету қажет деп санады. Бұл бағытта кеңестік негіздегі Татарстанның, Башқұртстанның және Қазақстанның автономиялық мемлекеттігін тез арада құру большевиктердің ұлт саясаты саласындағы маңызды міндеттерінің бірі деп анықталды. Бұл бағыт большевиктер партиясының VIII съезінде (наурыз 1919 жыл) бекітілді.
Кенес өкіметі ақгвардияшылар жағындағы уақытша үкіметтерден түңілген Алашорда үкіметімен байланысқа барып, өз жағына тартты. Ең алдымен мұндай байланысқа Алашорданың белгілі кайраткері А. Байтұрсынов басқарған тобы барды. 1919 жылы қазақ даласында большевиктердің нұсқауымен Қазақ АКСР-ін құруды ұйымдастыру мәселесімен айналысатын Қазақ революциялық комитеті (Қазревком) құрылады.
Ахмет Байтұрсыновтың ұсынысымен 1919 жылдың екінші жартысында Батыс Алашорда мен Қазревком арасында келіссөздер жүргізу мәселесі қаралды. Сол жылдың желтоқсан айында Қазревком өкілдері Жаһанша және Халел Досмұхамедовтармен келіссөздер жүргізуге келеді. Бірақ бұл келіссөздер барысында Алашорда үкіметі Қазревком тарапынан қойылған ұсыныстарға келіспегендіктен нақты жауап қайтармаған [5, 235 б.]. Дегенмен Азамат соғысы кезінде өздерінің басты саяси қарсыласы санағанымен Алашорда басшылығы Ресейдегі және Қазақстандағы саяси жағдайды ескере келе Кеңес өкіметімен ымыраға баруға мәжбүр болды.
Алаш автономиясы басшылары әрқашан екі лагерге бөлініп соғысып жатқан Ресейдің азамат соғысына қазақ азаматтарын қосып құрбан етуден барынша сақтанып, ұлт мүддесін қорғап әрекет жасады. Мәселен, 1918 жылы қарашада Қызыл Армиямен соғыстарда жеңіліске ұшыраған ақгвардияшыл күштердің қатарындағы Орал казактары Алашордадан әскерге қазақ жігіттерін беруді талап еткенде, Алаш жігіттері тек өз жерін қорғауға ғана ант бергендігін алға тартып Алаш басшылары одан бас тартады. Алашорда басшылары сыртқы күштермен қатынастарында қазақ өлкесін автономиялы басқаруға күш қолданбай, қантөгіссіз, конституциялық жолмен, саяси күрес әдісі арқылы жетуді мақсат етті.
Сонымен катар большевиктік күштермен, ақгвардияшылармен және Ресейдің Қазақ елімен шекаралас аймақтарындағы сол кездерде құрылып шамалы уақыт өмір сүрген үкіметтермен уақытша ымыраға келгенде ұлттың мүддесін қорғай отырып, тәуелсіз саясат жүргізуге ұмтылды.
Алаш көсемдері Ресейдегі алапат азамат соғысы жағдайында сан түрлі әдіс-тәсілдер қолданып кейінгі толқын қайраткерлерге мемлекет басқару ісінде, соның ішінде сыртқы қатынастар саласында ұлт кадрларына ұлт мүддесін қорғауды үлгі өнегесін, алғашқы тәжірибесін көрсетіп кетті.
Алашорда үкіметінің 1917-1919 жылдарда бұрынғы Ресей империясы аумағында өмір сүрген 5-6 үкіметтермен келіссөздер жүргізу өнері, осы іс-шараларды нақты іске асыруға бағытталған қаулы-қарарлар қабылдауы, Алашорда үкіметі мүшелерінің саяси сауатты және бұл үкіметтің сыртқы байланыстар қалыптастыруға қабілетті болғандығын айғақтайды.
Қолданылған әдебиеттер тізімі:
- Қазақстан. Ұлттық Энциклопедия. 1-том. - Алматы. 1998. -720 бет.
- Шишкин В.И. Из истории формирования Совета министров Временного Всероссийского правительства (октябрь 1918 г.) // Вестник НГУ. Серия: История, филология. Новосибирск, 2007. Т.6. Вып. 1 (история). С. 209-217.
- Сүлейменова Д.Д. Батыс Алашорда тарихы-өлке тарихының құрамдас бөлігі. -Алматы: «Арыс» баспасы. 2007. - 136 бет.
- Аманжолова Д.А. На изломе. Алаш в этнополитической истории Казахстана. -Алматы: Издательский дом «Таймас». 2009. - 412с.
- Алаш қозғалысы. Құжаттар мен материалдар жинағы. Желтоқсан 1917 ж. - мамыр 1920 ж. -Алматы: «Алаш» 2005. -Т. 2. -496 бет.
- Нүрпейісов К. Алаш һәм Алашорда. - Алматы: «Ататек». 1995. - 256 бет.
- Қазақстан тарихы (көне заманнан бүгінге дейін) бес томдық. 4-том. 2007. -Алматы: Атамұра. 2010. - 688 бет.
- Мажитов А.С. Жаханша Досмухамедов. -Алматы: Издательство «Арыс». -216 с.
nazerke_aldabergenova00@mail.ru
Алдабергенова Назерке Ганиматовна
Л. Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, Қазақстан тарихы кафедрасы,
Тарих мамандығы бойынша 1-курс магистранты, Астана, Қазақстан
Ғылыми жетекшісі – Көшенова Ғ.И., т.ғ.к., доцент