Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы
Бүгін тарихта

Музейдегі кереметтер

1850
Музейдегі кереметтер - e-history.kz

Сурет: olke.kz

Біз Оралдағы іссапарымызды облыстық өлкетану музейінен бастадық.  Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейі – Қазақстанның көне музейлерінің бірі. 1836 жылы құрылған. Ғимаратына келсек, 1879 жылы мавритан стилінде салынған. Музей директоры Мирболат Ерсаевтің айтуынша,  ғимарат о баста арнайы орыс-қазақ қолөнер мектебі үшін салынғанымен, азамат соғысы кезінде мұнда облыстық әскери комиссариат орналасыпты. Одан кейін XX ғасырдың 30-шы жылдары оқу сыныптары, интернат, асхана, клубтары бар Орал кәсіптік техникалық мектебі болған.  №75 қалалық кәсіби-техникалық училищесіне, ал 1963 жылы Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтына беріліпті де, 1975 жылғы 12 сәуір күні облыстық атқару комитетінің бұйрығы бойынша мәдениет басқармасына табысталған екен. Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінде бүгінде 200 мыңға жуық жәдігерлер сақталған, ішінде 190 жылдық тарихы бар артефактілер кездеседі.

Тарихын тартқан әріден…

Ақын Ертай Ашықбаевтың «Орал қалам дегенде Орал қалам, Көне музей секілді тоналмаған» деген өлең жолдары бар. Бұл қаладағы көне құрылыстар мен ғимараттарға қатысты айтылғаны анық. Сонымен бірге Оралдағы өлкетану музейі де бүгін-ертең айтылып бітер әңгіме емес, тарихы тереңге кетеді. Музей директоры Мирболат Ерсаевтің берген мәліметіне қарағанда, музей алғашында 1836 жылы Орал әскери училищесі жанында ұстаз М.Курилин мен Г.Карелиннің өлке тарихына қатысты жәдігерлерді жинақтауының арқасында құрылған. Әр жылдары музейді Махонин, Г.А.Харитонов, В.С. Либерман, М.М. Таранков, С.Г. Мазанов, П.С.Зимин, Ұ.И.Ершуриева, Г.Қисамбаева, С.Е.Танабаева деген басшылары басқарған.

Бүгінгі күні БҚО тарихи-өлкетану музейінің Жәңгір хан атындағы тарихи-этнографиялық музейі, Е.Пугачев музей-үйі, А.С.Пушкин  музейі, С.Ғұмаров музей-үйі, Табиғат және экология музейі,  Рухани жаңғыру музейі, облыс аудандарында С.Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музейі, М.Мерәліұлы атындағы тарихи-өлкетану музейі,  Д.Нұрпейісова атындағы өнер музейі, т.б. барлығы 18 бөлімі жұмыс істеп, халыққа қызмет көрсетуде.  Біз музей директоры, 2021 жылы мәдениет және өнер саласы ұйымдары мен қызметкерлерінің «Рухани қазына 2021» фестивалінде «Үздік облыстық маңызы бар мемлекеттік музей қызметкері» атанған, «Мұстахим Біләлұлы Ықсанов» қоғамдық қоры медалінің, Қазақстан салалық, мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағының «Еңбек даңқы» төс белгісі иегері Мирболат Ерсаевтан музей жұмысы туралы сұрап-білдік.

 

Музейдің мазмұндық жағынан баюы – үздіксіз үрдіс

 

«Белгілі ғалым Темірбек Қожакеев: «Қазақ топырағында сатира жанры болған ба деп сұрағанша, қазақ халқы күлген бе? деген дұрыс шығар»,– депті.

Сол секілді «тәбәрік», «жәдігер», «көненің көзі» деген сөз тіркесі бар ұлтта музей элементі сол ұғымдармен бірге жүреді. Мысалы, хан Жәңгірдің қару-жарақ музейін ашуға талпынуы құр орысқа еліктеуінен тумаған, бұрыннан бар дәстүрді жаңа заман талабына қарай жаңғыртуы. Қазіргі тілмен айтқанда, модернизациялауы. Әрине, бар дүниеге бас болып, көздің қарашығындай сақтау – бізге міндет. Дегенмен, Тәуелсіздік санамызға еркіндік әкелсе, өткен тарихымызға да жаңаша қарауға тура келеді. Сол себепті музейдің мазмұндық жағынан баюы, жаңа экспонаттармен толығуы – үздіксіз үрдіс. Батыс Қазақстан облыстық өлкетану музейіндегі  филиалдар санын 18 деуге болады, жақында тағы бір музей ашылады. Бұл Теректі ауданындағы аудандық өлкетану музейі. 12 аудан ішінде Бәйтерек ауданы мен Тасқала ауданында музей ашылған жоқ, оны да жоспарлап жатырмыз. Қоғамдық негіздегі музейлер болғанымен музей деген статус алмағандықтан оларды атамай отырмыз. Тасқала ауданында музей салу жоспарда бар. Казталов ауданында екі музей бар, біреуі Ақпәтер тарихи өлкетану музейі, біреуі Көктерек өлкетану музейі. Екеуінде де жұмысын жүргізіп отырған музей саласының майталмандары деуге болады, олар жәдігер жинап, музей жасақтап, совет кезінен еңбектеніп келе жатқан адамдар. Осы жерде қаншама жәдігер жиналды, соның бәрі шашылып кетпесін деген ниетпен 2008-2012 жылдары көп тер төгіліп жинақталған Ақпәтер өлкетану музейін мақтанышпен айтуға болады, себебі, алғашқылардың бірі болып ашық аспан астындағы техникалық музей (әзірге Қазақстанда жоқ) жасақтап жатырмыз. Тың игеру кезінде пайдаланылған техникалардың 60-қа жуық түрін қойып отырмыз. Комбайн, жер жыртатын техника, молоковоз, т.б. бар» дейді облыстық өлкетану музейінің директоры Мирболат Ерсаев. 

 

Қазақтың атасы неге немересін музейге әкелмейді?

 

Әдетте біз туризмді дамыту үшін көп мәселенің шешілмей отырғанын, айталық, оған баратын жолдың болмауы  кедергі екенін айтамыз. Ал, Мирболат Ерсаев олай есептемейтінін айтады. Оның айтуынша, туризм дамыту деген жолға қарамайды, нағыз туристер діттеген жағына сол кезеңдегі жолмен барғысы келеді. Нағыз туристер, әлемді айналып жүргендер үшін жол кедергі болмайды. «Мысалы, Жәңгір хан мекен еткен, Бөкей хандық құрған жерді көргісі келген адам сол кездегі жолмен жүргісі келуі мүмкін» дейді ол. Сол секілді Мирболат Бижанұлы бізде  елдің тарихына, көне жәдігерге керемет бір құрметпен қарау жағы әлі де кемшіндеу екенін жасырмайды. Осы тарапта білдірген пікірін бере кетсек.

- «Тыңдалмаса, сөз жетім» дейміз, көрермені жоқ музей де тұлдыр. Музей тек экспонаттар танысатын орын емес, тарихпен танысатын мекен. Ал инновациялық технологияның мүмкіндігі – шексіз. Жаңа құндылықтар жаңа буынның жүрегінен тезірек орын табады.

Өзім осы музей саласына 2014 жылы келдім, өзге ұлт өкілдері немерелерін әкеліп, бұл біздің тарихымыз деп таныстырып жүреді. Бірақ қазақ аталарымыздың немересін музейге әкеліп жүргенін көрген жоқпын. Осы орайда әріптестермен ақылдасамыз, музейге қалай қызықтырамыз? дегенді талқылаймыз. Мысалы, Пугачев музейін шетелден іздеп келеді, әлемдік классиктер жазғаннан кейін оны бәрі біледі. Пушкин музейін д біледі. Пушкиннің Оралға келіп-кеткені бір тарих.  Шолоховты да біледі, тамашалайды. Ал біздің қазақы құндылықтарымызды насихаттау үшін не істеуге болады? 

 

Музейде мынадай бар, мынадай бар...

 

Осы бағытта ойланып, ізденіске бет алған музей ұжымының қол жеткізген нәтижелері баршылық. 2017 жылы Рухани жаңғыру музейінің ашылуына орай музей қорына Алматы қаласынан Антикварлық дүкеннен ХІХ ғасырға жататын, ағаштан жасалған үй жиһаздары алынды. 

– Этнографиялық тұрғыдан дәлелдеу ол өз алдына бір бөлек әңгіме. Ал, тарихи мұра болғасын, тек қана дерек пен дәйекке сүйенеді. Осы орайда, соңғы жылдары музей қоры археологиялық қазба жұмыстары нәтижесінде табылған заттармен толығуда. Атап айтқанда, гривна, моншақтар. Бұл музей ісінің ғылымиланғанын көрсетеді. 3d mapping ойлап таптық. Бұны мақтанышпен айтуға болады. Мәншүк Мәметова музейінде 1993 жылы салынған диарама бар. Ескі картина ғой бір сөзбен айтқанда. Соны тірілттік. Соғыс көрінісі, Мәншүктің соңғы соғысы, Мәншүк пулеметпен атып жатады, сол дыбысына дейін, пулеметтің қозғалысына дейін, танкаларды жүргізіп тұрып көрсеттік. Осыдан кейін келушілер саны күрт көбейді. Келген адамдардың бәрі көздеріне жас алып кетеді. Жақында суретшілердің симпозиумы болған, сол кезде әлемдік деңгейдегі суретшілерге де осы дүние әсер етті. «Мынаны ойлап табу ерекше дүние» деп баға берді. 

18 мамыр халықаралық музейлер күні, музейге адам тарту мақсатында 2015 жылы «Музей түнін» ұйымдастырдық. Түнгі музейді аралаудың әсері бөлек болады. Қызықтыру үшін театрландырылған көрініс қойдық. Музейдегі адамдарға жан біткенін көрген адамдар жылда осы күнді күтетін болды. 3-4 мың адам жиналады. 

Жақында «Орал қаласының тарихы» деген Тұяқбай Зейітұлымен жазған кітапты көрген боларсыз. Сол кітапты алғанда ішіндегі цифровизация, 3d mapping, бәрі біздің музейдің жасап шығарғаны. Осындай жобалар бар. Біз соңғы жылдары жаңа технологиялар жайлы тынбай айтып келеміз, музей саласына сандық технологияларды енгізуге барынша күш салып жатырмыз. Ендігі буын айналасынан міндетті түрде мультимедианы көргісі келеді. Сондықтан жас буынның талабына сай, әлемнің цифрлануына музейлер де икемделуі тиіс. Осы себепті біз музейлік маршруттар, виртуалды экспозициялар, аудио-гид, QR код арқылы экскурсия, экспонаттардың қысқа 3D видеосын смартфон арқылы көрсету сияқты цифрлық өзгерістерді енгізе бастадық. «Виртуалды экспонат» жобамыздың негізгі мақсаты – қордағы сирек кездесетін көне жәдігерлерді көпшілікке көрсету, электрондық нұсқада жәдігерлерді көпшілікке қолжетімді жасау, музейге келушілерді тарту. 

Музей залдарында мультимедиялық киосктер жұмыс жасап тұр. Музей қорындағы көне кітаптар мен газеттер цифрландырылды. «Интерактивті музей жобасы» аясында 3D  форматта жәдігерлердің каталогын шығардық, қаржылық қолдау болса елдегі ерекше жоба болмақ» дейді музей басшысы.

Облыстық музейдің ғимараты 8 залдан тұрады. Барынша өлке тарихын қамтып отыр деп айтуға болады, бірақ ғимараттың тарлығына байланысты көп нәрсені көрсете алмайтыны рас. 200 мыңға жуық жәдігер болатын болса 1896 жәдігер экспозияда тұрса, қалғаны қорда жатырған көрінеді. Заттарды ауыстыру арқылы да көрермен тарту әдісі бар. Бұл тұрғыда да Мирболат Бижанұлының айтары бар: «Музей ішінде «Зергерлік залы» бар. Осыған қатысты байқағанымды айтайын.  Өзім отбасыммен Қазақстанның бүкіл музейін екі мәрте аралап келдім. Кей музейлер бізден алда. Байқағаным, негізі бізде зергерлік бұйымдар жақсы дамыған екен. «Жайық жауһарлары» залында қыз баладан әжелерге дейінгі аралықтағы зергерлік бұйымдар жинақталған. Қызға қандай бұйым арналған, неге кг болуы керек. Бала сүйген әйел адамдар әдейі келіп аралайды» дейді музей басшысы.

 

 Құрманғазы қолының табы қалған

 

Музей директорының айтуына қарағанда, (БҚОМ №9443) Құрманғазының қолының табы қалған домбыра көшірмесін БҚО музей қорына тапсырып отырған Едіге Қуанғалиұлы Нәбиев Ақ Жайық өңіріне танымал домбыра жасаушы шебер, күйші. Ол домбыра көшірмесін түпнұсқа домбыра өлшемімен дәлме-дәл етіп, қарағайдан жасаған. Мұндай домбыра түрі тек қана Кіші жүзге, соның ішінде батысқа тән, шағын көлемді, ешкі шегінен жасалған, тиектің жоғары жағында шырпы қадалған болып келеді екен. 

«2016 жылы Астраханға жолым түсті. Атамның айтуымен Құрманғазы бабамыздың мәңгілік мекен еткен жері Алтын жарға барамын. Құрманғазы атындағы мәдени өнер ошағы бар екен, музейі бар, аралап жүргенде экскурсовод Құрманғазы бабамыздың қолының табы қалған домбыра деп бір домбыраны көрсетті. Бұл неге Қазақстанда тұрмайды? деп анда мында хабарласып едім, жәдігер ретінде тіркеліп қойған затты алуға болмайды екен. Содан ұсыныс жасап, көшірмесін алдырып домбырашы Едіге Нәбиевке жасаттық. Қазіргі уақытта экспозицияда тұр. Құрманғазының туған жылына байланысты талас көп. Зерттеу жұмыстары бойынша шатасып, биыл 220 жылдығына не істейсіңдер деген ұсыныс түсті. Өзім бұрыннан бері күйлерін, шыққан тарихын  зерттеп келемін, үлкен экспедияция ұйымдастырылып сол жерде де болдық. 

Ал енді домбыра қалай келді дегенге келсек, Құрманғазы бабамыз 1886 жылы Мақаш правительмен Астраханға өтеді ғой, жалғыз өтпеген, баласымен өтеді, оның есімі нақты кім екенін анықтай алмай жатыр. Менің білуімше Ешмұхамбет деген баласы бар, сол болуы керек. Астраханға өткенде Құрманғазы бірден Алтын Жарға бармайды, Сақма деген жерге, руы қызылқұрт Ыбыр Досалиевтің үйіне түседі. Төрде тұрған домбыраны алып, күй тартады. Сол домбырамен Ыбыр Досалиевке күй үйреткен деген әңгіме бар1980 Ыбыр Досалиевтің немересі, Володаровка ауданы Корни ауылының тұрғыны ұлы күйші Құрманғазы Сағырбаевтың саусағының тиген, қолының табы қалған осынау домбыраны күйші музейіне сыйға тарту еткен.       

Құрманғазының сауыты. 1960 жылдардың шамасында музей қорына біреу тапсырады, ол жатып қалады. Құрманғазының шежіресі туралы анықталмайды, шежіресін жақында таптық. 1950 жылы Қадырбергенов деген кісі сызған екен. Бұл шежіре бойынша Исатай Кенжалиевтің, Ахмет Жұбановтың кітабын қарағанымда Байлыс туралы, Шоқа, Бұқа, Тоқа, Тәңірберген туралы айтылып жүрді. Шежірені қарасам сызбаны сызып кеткен екен. Өтепбергеннен Сағырбай, Тоқа, Шоқа, Бұқа, Тәңірберген тарайды. Сағырбайдан Байғазы, Құрманғазы, Тілеуберген, Жаманғара тарайды. Жаманғараның баласының бірі Байлыс. Байлыстың әйелі 1960 жылы осы сауытты музейге тапсырған. Бұл ғылыми дәлелденіп тұр. Енді Құрманғазының нақты датасы қай жылы екен, соны анықтау керек. Астрахан архивіне бару керек. Құрманғазы төкпе күйдің авторы, Дәулеткерей лирика, Шертпе күйдің иесі  Сүгір дейміз. Күйдің таралуы, дамуы біздің батыстан шығады. Құрманғазының көптеген күйлерінің шығуы, табиғатына келсек, Мұхтар Әуезовтің сегізінші томының 83-бетінде Құрманғазыны неге күй атасы деп атаған? Өйткені ол табиғатқа, махаббатқа тіл бітірген, жан-жақты жанрды қамтыған күйші. Құрманғазының өмірбаянына арналған портрет салу жоспарымыз болғанымен әзірге тоқтап тұр» деді Мирболат Ерсаев. 

 

Музейдің жетістігі

 

Музей қызметкерлері мемлекеттің мәдени құндылықтарын іздестіру, зерделеу және ғылыми тұрғыда зерттеу мақсатында түрлі экспедицияларға шығып, өзге өңірлердің музейлерімен нәтижелі ынтымақтастық орнатып, табысты еңбектеніп келеді. Айталық, музейдің екі қызметкері  Татарстан Республикасында өткен VIII Бүкілресейлік ғылыми-тәжірибелік конференциясына «Таксайская принцесса», «Природа и экология родного края» баяндамаларымен және бір қызметкер АҚШ-тың Сан-Франциско қаласында өткен V Халықаралық ғылыми-практикалық конференциясына «Сапа менеджменті: іздеу және шешімдері» баяндамасымен қатысып, сертификатқа ие болған. Сондай-ақ, музей ісінде тәжірибе алмасу үшін іссапармен Қытайдың Пекин, Синин, Ланьчжоу қалаларындағы музейлерін аралап келген.

Жаңа заманғы үрдістен қалып қоймау, ілесіп отыру – уақыт талабы. Осы бағытта 2019 жылы облыстық музейде «Маркетинг технологиялары және цифрландыру» бөлімі ашылыпты. Музей ісінде маркетинг стратегиясын  қолдану нарықтық экономикада музейлерді табысқа жетелейтін басты бағыттардың бірі деп есептейтін музей басшылығы өлкенің құндылықтарын брендке айналдыру мақсатында, көпшілікке музей жәдігерлерін заманауи түрде жеткізу бағытында жәдігерлерді цифрландырылу ісін қолдануда. Музей басшысы М.Ерсаевтің айтуынша, облыстық музейі қорындағы құндылықтар негізінде «3D форматтағы интерактивті кітабы» басылымға әзір тұр. 3D форматта жәдігерлерді жан-жақты қарау мүмкіндігіне ие. Музей залдарындағы жәдігерлерге QR кодтар қойылады.

Бүгінде балаларға арналған өлке құндылықтары енген  бояу кітапшалары шығарылуда. Жәдігерлер салынған магниттер мен күнтізбелер музейге келушілер тарапынан сұранысқа ие. Осы жерде музей басшысынан жалпы музей жұмысын ілгерілетуде мәселе бар ма? деп сұраған едік. 

«Меніңше, музей саласында Тәуелсіз Қазақстан бойынша ортақ база жасақтайтын уақыт келе жатыр. Ол үшін есеп жүргізу жүйесін біріздендіру керек болады. Бұл ел көлеміндегі мәселе болсын. Мысалы, Кітапханаларда еліміз бойынша ортақ жүйе бар. Бір ғана мысал, олар КАБИС дейтін арнаулы бағдарламаға енгеннен кейін оқырман интернет арқылы кез келген кітапхананың қорынан қажетін іздей алады» деп жауап берді ол.

 

 Ақша қуғандар музейде жұмыс істемейді

 

Қай саланы да жұмысын жүргізіп, өрісін кеңейтіп, алға жүргізетін табанды, мақсаткер адамдар. Өз ісін сүйетін адамдар мақсат жолында кездескен қиындықтарды шешудің жолдарын табады, нәтижеге жетуді басты орынға қояды. Бұл орайда Музей директоры Мирболат Ерсаевтың пікірінің жаны бар.  «Музей мәдениет саласында кенже қалып келе жатқан саланың бірі. Онда нағыз музей жанашырлары жұмыс істейді. Жалақы қуған адамдар музейге жақындамайды. Мәдениет саласындағы ең төменгі жалақы осы музей саласында. Мәдениеттің басқа салаларына қарағанда, музей жекелеген адамдардың жеке энтузиазмына тікелей қатысты. Мысалы, театр құрып алып, актер жинауға болады. Ал Музейдің ғимаратын ашып алып, оған содан кейін барып экспозиция жүргіземін деу – құр әурешілік. Сол себепті ел ішінде жеке коллекция, ескілікті заттар жинап жүрген, ондай «атам төсегінен, атан төсінен безгендей» дейтін іске кіріскен адамдарға қамқорлық мәселесі – мемлекеттік, ұлттық мүддемен қабысып жатады» деген пікірде музей басшысы. Оның айтуынша, Жәнібек аудандық музей, Чапаев атындағы музей, Жаңақаладағы Дина Нұрпейісова атындағы музейлер болсын, сол жергілікті аудандар тарихын қамтиды. Бөрлі тарихи өлкетану музейі Қарашығанақтың тарихын көрсетеді. Сырым ауданында Алаш музейі және Сырым батыр музейі, Қаратөбеде Мұхит музейі бар. Осы жерде мақтанышпен айтуға болады. Сырым экспозициясын жаңадан ғимаратқа көшіріп жасақтап, музей саласын дамытуда көтеген жұмыстар атқарылып жатыр. 

 

Археология  арқылы жаңсақ көзқарастарға жол берілмейді

 

2012 жылдың күзінде БҚО тарихи-өлкетану музейінің қоры құнды жәдігерлерімен толыққан. Яғни археологиялық қазбалар нәтижесінде БҚО-ның Теректі ауданы, Долинное елді мекенінің Тақсай кешенінен алтын алқа,  ат әбзелдері, ыдыс сынықтары табылған.

Мысалы, анықтамалықта Алтын алқа, V ғ.б.д.д., Тақсай кешені, тұтас  алтыннан құйылған, мойынға  бір жарым  айналымға иілген көлемді жұмыр шыбықша түрінде жасалған. Екі шетінде жыртқыш мысық тұқымдас  аңның  алдыңғы екі аяғына басын салып жатқаны бейнеленген. V ғ.б.д.д. , Тақсай кешені.

Кішкентай қазандық (БҚОМ №9657\1) түбі биік конус тәрізді келген, денесі дөңгелек пішінді, екі тік тұтқасы бар. Қазандық денесінің жоғарғы бөлігі сым түрінде қиғаш сызықтармен безендірілген. Жәнібек ауданы, Майтөбек қорымы.  Жетекшісі Лұқпанова Яна Амангелдіқызы деп көрсетілген. 

Біз музей басшысы Мирболат Ерсаевтен археология орталығы туралы сұрадық. «2019 жылы архология орталығы бөлек болатын, қазір біздің музейдің құрамына  кірді. Негізі археология бөлімі ғылыми тұрғыда жақсы дамып, жақсы нәтиже болуы үшін археология саласы бөлек болғаны дұрыс деп ойлаймын. Археология саласы тұнып тұрған ғылым, оның лабороториялары болу керек, таза ғылыми жұмыспен айналысуы керек». Басшының айтуынша, Жайық қалашығы 2001 жылы табылған, Алматы археология институты қазып, көп жәдігер сол жаққа кетіп қалған. Қазіргі таңда екі кесене, бір монша, жайлы тұрғын жай орындары бар көрінеді, 295,4 гектар музейдің балансында. Ол жер ашық жатыр, тарихи маңызы бар жер ретінде құрылыс жүргізілмейді. Музей ұжымы Батыс облысының экономикасын көтеру бағыты бойынша да ашық аспан астындағы үлкен музейді қалыптастырсақ деген оймен әкімдікке жоба ұсынған екен, қаржыға байланысты қазіргі уақытта тоқтап тұр екен. «Оңтүстік өңірлерде ортағасырдағы қалаларды тұтастай тұрғыза алмаса да қақпаларын тұрғызып қойған, адамдар фотосессия жасап, яғни сол жердің тарихына үңіледі деген сөз ғой. Сондай жасағымыз келеді. Батыс өңірде төрт мешіт, төрт медіресе болған екен, аға буын өкілдерімен ақылдасып сол медресені қайтадан қалпына келтірсек деген ұсыныс айтқан болатынбыз. Сол медресені қалпына келтірсе, батыс өңірінде мұсылман дінінің пайда болуы туралы тақырып қозғалады. Әлі күнге шейін қалада тек қана казактар болған дегендей таластар болады, соған бірден-бір жауап ретінде Жайық қалашығы пайда болғанын айтуға болады. Жайық қалашығы Алтын Орда дәуіріне жатады. Сол жерде мешіт болған. Алғашқы мұсылмандар ортағасырларда пайда болған. Музейдің өткен шақ, осы шақ, қазіргі шақ деген сияқты үш шағы бар.  Өткен шақ өткен тарихымызға қатысты. Осы шағы – бүгінгісі. Мысалы, бізде  «Атамекен» орталығының іргетасы құйылған суреттер бар. Ең бірінші сызбасы қалай болды, соны да сақтай беру керек» дейді Мирболат Ерсаев.

Жалпы археология орталығының жұмысына тоқтала кетсек,   2019 жылдың маусым айында Шыңғырлау ауданында «Көне Сегізсай» тақырыбында археологтардың халықаралық  симпозиумы өткен.   Симпозиумге  әр жылдары Көне  Сегізсай  қорғандарында жұмыс істеген археолог, антрополог және тарихшы ғалымдар қатысқан. Олардың ішінде Мәскеу қаласынан тарих ғылымдарының докторы А. С. Балахванцев, тарих ғылымдарының кандидаты Е. П. Китов, Самара қаласынан тарих ғылымдарының докторы  А. А. Хохлов пен В. Н. Мышкин, «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығы басшысы Б. Жұмабаев болыпты. 

Симпозиум жұмысы далалық семинармен жалғасып, ғалымдар Елекшар қорымындағы құлпытастармен танысып, «Хасен хазірет» мешітінде болып, обаларды аралап, пайым-пікірлерін ортаға салған. 2020 жылы Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің  тарих және археология бөлімінің археологиялық тобы аға ғылыми қызметкер Я.А.Лұқпанова мен бірге Жаңабай (Шалқар) кесенесінде қазба жұмыстарын жүргізіп, Алтын Орда дәуіріндегі кесененің бір бөлігін зерттеген. Архитектурасы сирек кездесетін кесене күйдірілген және өңделмеген кірпіштен салынған және қабырғасының қалыңдығы 1,6 м жетеді. Қазба жұмыстары кезінде 34 жәдігер табылды, соның ішінде моншақ және кыш ыдыстың 33 бөлігі. Табылған жәдігерлер облыстық музей қорына тапсырылған.

Музей және тарих

 

 Жалпы музей жұмысы тек жәдігерді көрсетумен шектелмейді, насихат жұмысы басты орында. Бұл орайда атқарылып жатқан шаруа жеткілікті. Айта кетсек,  Елбасының «Архив-2025» бағдарламасы аясында Сырым ауданы Сырым Датұлы туған мекенінде «Дат» мешітінің орны табылып, мұрағаттық құжаттар негізінде сол мекенде тұрған адамдардың толық тізімі анықталып, ақпаратты нақтылау мақсатында Сырым ауданы Жетікөл ауылдық округінде экспедиция ұйымдастырылған. 2021 жылы  М.Мәметова мемориалдық музейінде Сталинград қаласының неміс-фашист басқыншыларынан азат етілгеніне 78 жыл толуына орай «Батыс Қазақстан облысы – Сталинград майданының жақын тылы» атты халықаралық онлайн конференция ұйымдастырылып, Қазақстан, Ресей, Украина, Қырғызстан елінен Ұлы Отан соғысында хабарсыз кеткен қазақстандықтарды іздеу тобы мүшелері, осы салада ізденіп жүрген мамандар қатысқан. Сол музейде  неміс-фашист концлагерлерінен соғыс тұтқындарының босатылған күніне орай «Соғыс тұтқындары туралы не білеміз?» атты халықаралық онлайн конференция өтіп, оған Қазақстан, Ресей, Украина, Башқұртстан, Германия елдерінің іздеу тобы мүшелері және музей қызметкерлері қатысқан. Сол жылы мамыр айында облыстық музей қызметкерлерінің ұйымдастыруымен Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің 185 жылдығына орай «Қазіргі қоғамдағы музей: жаңа даму жолдарын іздестіру» атты халықаралық онлайн конференция өтіп, ҚР Ұлттық музейі, Ақмола тарихи-өлкетану музейі, Ақтөбе тарихи-өлкетану музейі, Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейі, Хан Ордасы тарихи-мәдени, архитектуралық-этнографиялық музей-қорығы, Татарстан Республикасының Ұлттық музейі, РФ Орынбор губернаторлық тарихи-өлкетану музейі, Семей тарихи-өлкетану музейлері  қатысқан. Одан бөлек Сырым Датұлының туғанына 280 жыл толуына орай «Дала реформаторы – Азияның тарихи тұлғасы», 20 қазан Шыңғырлау тарихи - өлкетану музейінің ұйымдастыруымен Ахмет Байтұрсынұлының 150-жылдығына орай «Ахмет әлемі: қазақ тілі мен әдебиетінің бүгіні, болашағы» тақырыптарында республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциялар және  21 қазан күні Мәншүк Мәметова мемориалдық музейінің қызметкерлері  Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметованың туғанына 100 жыл толуына орай «Қаһарман қызы қазақтың» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізілген. 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?