Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Ұлт өнерін асқақтатқан ұжым

6919
Ұлт өнерін асқақтатқан ұжым - e-history.kz

Құрылғанына 57 жыл толып отырған Ғарифолла Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филармониясының жетістігі мол, олжасы орасан, өнерді өрістетудегі мақсаты биік.  Филармонияда Дәулеткерей атындағы қазақ халық аспаптары оркестрі, «Орал Сазы» фольклорлық ансамблі, камералық «Классика» және «Назерке» халық биі ансамбльдері, дәстүрлі әншілер, эстрадалық бағытпен қатар классикалық бағыттағы әншілер қызмет етеді. Республика бойынша болсын, өңірдегі болсын, үлкенді-кішілі концерттердің бәрі филармония артистерінсіз өтпейді. Кәсіби деңгейі жоғары филармония артистері  халықаралық, республикалық деңгейдегі конкурстарда  әрдайым жүлделі орындардан жарқырап  көрініп жүр. Біз үлкен өнер ұжымының көрермен көзінен таса қалатын жұмыс процесі, тыныс-тіршілігі, материалдық жағдайы, алдағы жоспарлары жайында білгіміз келіп, Ғарифолла Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан  облыстық филармониясының   директоры Асхат Қажғалиевпен сұхбаттасқан едік. 

- Асхат Тарасұлы, «Қазақстан тарихы порталы» әңгімені мекеме тарихынан бастағанды жөн көреді. Батыс Қазақстан облыстық филармониясының құрылғанына 57 жыл болған екен, мекеменің алғашқы құрылуы кезеңі, қалыптасу жылдары туралы мағлұмат бере кетсеңіз... Филармония жұмысын алғаш ұйымдастыру туралы айтқанда кімдердің есімі аталады?

- Тарихына көз салсақ, біздің филармония Қазақ КСР-ы Министрлер кеңесінің  қаулысымен 1966 жылғы 25 қаңтарда құрылған. Сол кезде филармонияның алғашқы директоры болып Алматы Мемлекеттік  консерваториясының түлегі, жоғары  кәсіби білімді маман Уәли Кәрімов тағайындалған екен. Мақсаты – ұлттық өнерді насихаттау, ұлт мұрасын тарату болғандықтан әнші, биші, күйші мамандарына конкурс жарияланып, Бекболат Машқанов (Бекболат Машқановқа Ақ Жайық өңірінде музыка өнерін дамытудағы еңбегі үшін Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі атағы берілген), Нұрғали Божымов, Мақсат Мұхитденов, Гүлжамал Мамашева, термеші Гүлбаршын Сахиповалар қызметке алынып, талантты жастардан алғашқы эстрадалық ансамбль құрылған. Оның көркемдік жетекшісі болып оралдық музыкант Николай Горелов бекітілген. Филармонияға әр жылдары У.Кәрімов,  Ұлы Отан соғысы ардагері Сағын Есенәлиев, кейін Құрманғазы атындағы Орал музыка училищесінің директоры болған педагог-ұстаз Махамбет Ержанов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері, режиссер Мақсот Омарғалиев, әнші-композитор Донеділ Қажымов, сондай-ақ ҚР мәдениет қайраткері Марат Қалиев басшылық етіп, шығармашылық ұжымның дамып, өркендеуі жолында қажыр-қайраттарын аямаған. 

Өнерімен ел қошеметіне бөленген өнерпаздарға келсек, өткен ғасырдың жетпісінші жылдары филармония Тілек Лұқпанов, Олег Глинский, Әмір Төлеуов, Нариман Дүйсенов, термеші Қойсын Дүйсенова, пантомима жанрының шебері Зифиль Ситдиков, биші Райхан Көжекешева, әнші Қанатқали Қожақовпен толықса, сексен бесінші жылдары Алматы эстрада студиясының Ғ.Құрманғалиев класын бітірген термеші-әншілер Махамбет Балпейісов, Сәуле Таудаева, Сағадат Рахметжанов, Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерватория түлегі Мұрат Әмірханов сынды үшінші лек келді. Филармонияда көп жыл көркемдік жетекші болып қызмет еткен Юрий Савельев, сондай-ақ Зайлағи Мұхитденов, Нелли Ильиных, Өзипа Исқақова, Александра Кечина, Сәния Оразаева секілді ардагерлердің есімдері құрметпен аталады. «Ұшқын», «Думан-концерт», «Жайық толқыны», «Ән қанатында», «Гүлдерайым» деп аталған жастар ансамбльдеріне Қанатқали Қожақов, Махамбет Балпейісов, Қайыржан Махмудовтар жетекшілік етті. Оған қоса келісімшарт бойынша шақырылған «Иван да Мария» ансамблі (жетекшісі Александр Морозов) халықтық өнерді насихаттауға атсалысса, бұрыннан бар «Орал сазы» ұлттық музыкалық аспаптармен толықтырылып, фольклорлық-этнографиялық ансамбль болып қайта құрылды. Оның құрамына Асқар Құсайынов, Думан Байтілеуов, Ислямғали Мықтыбаев, қобызшы Алма Нәжімеденова сияқты жоғары білімді мамандар қабылданды.

Шеберліктерін ұдайы шыңдаған филармония әртістері Қазақстан қалалары мен ауыл-аймақтарын аралап қана қоймай, Мәскеу, көршілес Самара, Саратов, Орынбор, Астрахан, Тұзтөбеде, сонымен қатар Германия, Норвегия, Болгария, АҚШ, Біріккен Араб Әмірліктері, Хорватия секілді алыс-жақын шет елдерде сахнаға шығып, қазақ өнерін әлемге паш етті.

 

- Филармония ғимараты сәулетінің өзі ерекше, басқа жақтан келген архитекторлар оның құрылысына мән беріп, сәулет ерекшелігі туралы білгісі келген кезі болды ма? Бұл ғимарат филармонияға қашан берілді? Бізге беймәлім ерекшелігі бар ма?

- Көріп тұрсыз, филармониямыз А.Карев деген көпестің 1900 жылы ірге көтерген үйінде орналасқан. 100 жылдан астам тарихы бар ғимарат. Былайша айтқанда тарихи ескерткіш. Облысқа және Орал қаласына келген қонақтар осы Карев үйінің тарихымен және филармониямыздың жұмысымен танысқысы келеді. 1989 жылдан бері осы жердеміз. БҚО әкімшілігінің қолдауымен 2000 жылы облыстық филармония ғимараты күрделі жөнделіп, итальяндық дизайнерлердің күшімен бастапқы қалпына келтірілді. Соның ішінде екі фойе, камералық сахна қазіргі заман талабына сай безендіріліп, сәнді жиһаздармен жабдықталған. Өткен ғасырдың сәулет үлгілерімен айшықталған, камералық концерттік сахнасы мен көрермен залы бар ғимаратқа қол жеткізген филармония халқымыздың музыка өнерін кеңінен насихаттаумен бірге атақты әртістерді шақыруға да мүмкіндік алды.  Бұл облыс мәдениетінің өркендеуіне, соның ішінде ұлттық өнерді дамытуға жасалған алғашқы жемісті қадамдардың бірі деуге болады. Жаңа айттым, тарихи ғимаратта отырмыз, бір жерін өзгертуге болмайды. Тарлау екені рас. Залдың сыйымдылығы үлкен дегенде 220 орындық. Әкімшіліктегі өзіміз сыймай отырмыз. Ал ерекшелігіне келсек,  акустика жағынан ең үздіктер қатарында.

- Филармония Республика мәдениетіне еңбек сіңірген қайраткер, Қазақ КСР халық артисі, әнші  Ғарифолла Құрманғалиевтің атын қай жылы алды?

- Әр өңірдің өз мақтанышы бар. Біздің мақтанышымыз – ұлы Ғарекең. Ол кісі өткен ғасырдағы қазақ музыка мәдениетінің өз алдына бөлек құбылысы саналады ғой. 1996 жылы филармонияға Ақпарат министрлігінің қолдауымен Ғарифолла Құрманғалиев аты берілді. Содан бері әр концертімізде міндетті түрде Ғарекеңнің әндерін насихаттаймыз. Әр әншіміздің репертуарында Ғарекеңнің әндері болады. Ол кісінің алдынан сабақ алған Сәулет Таудаева, Сағадат Рахметжанов, Серік Абдрахманов деген шәкірттері осы ұжымда.  Олардың да өз шәкірттері бар. Бұл жердегі мақсат – мұраны, музыканы насихаттау. Осы жерде айта кетейін, алдағы күндері филармония жанынан музей ашқымыз келеді. Филармония құрылған күннен қызмет еткен алғашқы қызметкерлер туралы мәліметтер, өнерпаздардың аспабын, киімдерін, бұйымдарын жинақтауды қолға алдық. 

         

- Облыстың бетке ұстар өнерпаздары осы ұжымда екені анық. Оқырман үшін бірқатар өнерпаздың есімін атап өтсеңіз... 

- Қайта құру кезеңінің аумалы-төкпелі жылдарында дағдарысты басынан кешсе де, өнерді құлдыратпай алып шыққан өнер ұжымының жетістігі зор.  Филармонияда тек облыс емес республикаға танымал өнер адамдары қызмет етеді. ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, дәстүрлі әнші Хатимолла Бердіғалиев, ҚР еңбек сіңірген артистері Сәуле Таудаева, Мұрат Амирханов, Қанатқали Қожақов, Жұмағаным Рахимова, «Құрмет» ордені иегері Қайрат Кәкімов, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Жаңылсын Хасанова, «Ерен еңбегі үшін» медальдарының иегерлері Марат Сарбупеев, Еркін Өтегенов, халықаралық, республикалық конкурстардың лауреаттары Дархан Құлбабаев, Ардақ Айғалиева, т.б. артистер табысты еңбек етуде. 

- Сіздің өнер ұжымы көрерменге, сахнаға қызмет ететін ұжым. Пандемия кезеңі филармония жұмысына қалай әсер етті? Жалпы жаңа заманға сай, бейімделіп жұмыс істеу дегенді қалай түсінесіздер?

- 2019 жылы бүкіл дүние қиындыққа тап болды. Осы кезге дейін дәстүрлі концерттік бағытта көрерменмен, тыңдарманмен жұмыс істеп келген филармонияға концерт ұйымдастырмай, қашықтықтан жұмыс істеуге тура келді.  Сол кезде біз республикалық филармониялардың ішінен алғашқы болып, ақпарат бөлімін аштық. Облысымызда белсенді, әлеуметтік желіні жақсы пайдаланып, жеке жобаларымен, мысалы «Танылмаған талант» жобасымен өнерде жүрсе де көзден таса қалып жүрген өнерпаздарды танытуға атсалысып жүрген Олжас Сейтімовты арнайы шақырып, ақпараттық бөлім меңгерушісі ретінде тағайындап, қасына көмекші алдық. Осы кезден әлеуметтік желіні пайдалану қарқын ала түсті. Филармонияның шығармашылық бөлімі  бірлесіп, дәстүрлі өнерді насихаттау мақсатында филармонияның ютуб арнасында «Ғасырлар Сазы», «Мәдениет айнасы», «Трансформация», «Filarmoniya Live» атты жобаларды өзіміз түсіріп, халыққа ұсындық. Әр күн сайын шығармашылық ұжыммен филармония артистерінің онлайн концерттерін, арнайы бейнеклиптерін әлеуметтік парақшаларымыздан ұсындық. Филармонияда екі жыл қатарынан онлайн жұмыс істедік. Министрлікке дейін қолдау білдірді. Оффлайнға көшкелі видеороликтерді ютуб каналында манизация деңгейіне жеткіздік. Дәстүрлі әндерді насихаттау бойынша жобалар ашылды. Бұған дейін де 57 жылдық тарихы бар филармония ғой, бірақ істелген жұмыстар барлығы қағаз бетінде қалған болса, енді заман талабына сай әр концертімізді толықтай түсіріп салып отырамыз. 

- Бір жылдары халық концертке жиналмай, өнерпаздар еңбегі еленбей қалатын кездер болғаны белгілі. Бүгінгі таңда жұртшылықтың концертке келуге ықыласы қалай? Көрерменді жаңа заманғы өнер түрімен де таңғалдыруға тура келетін шығар?

-  Қазіргі таңда филармония халықпен байланысты нығайту, өнерімізді насихаттау мақсатында барлық интернет парақшаларында белсенділік танытуда.   Фейсбук, инстаграм, телеграм, тик-ток желілер жұмыс істеп тұр. Осыған сәйкес қазір әр концертімізге халық өз еркімен келіп, концерт тамашалайды. Ақылы концерттеріміз ақталып, билеттеріміз де жақсы өтуде. Әр концерт аншлаг деуге болады. Бізге тыңдарман, көрермен қауымның ризашылығы маңызды.  Желтоқсанда арнайы шақырумен Алматы қаласынан оркестрдің дирижері, ҚР мәдениет саласының үздігі Әділет Азбаевтың жетекшілігімен қазақ композиторларының шығармаларымен қоса әлемдік кинотуындылардың саундтректері халықтың назарына ұсынылды. Әлемдік деңгейдегі телесериалдардың көш басында тұрған «Игра престолов», «Шерлок Холмс» саундтректері қазақы нақышта домбыра, қылқобыз, асатаяқ сынды төл аспаптарымыздың сүйемелдеуімен нақышына келтіріліп, «Қасқыр», «Орақ батыр»  композициялары орындалғанда көрермендердің ерекше толқынысын байқадық.  Оркестр алғаш рет мың кісі жинады. Қаңтар айында халық сұранысымен қайта қойдық, ол кезде де халық  толып кетті. Бұл енді шоу бағыты дейді, бірақ бұл жерде идеология бар. Көрермендерді жаңғырту керек болды, жас көрермен қатарын көбейту. Ұлттық аспаптарды насихаттау, жеткізу деген мақсат болды.  Келген мың кісінің ішінен он адамның біреуінің домбыраға ықыласы ауып, біреуінің қобызға назары аууы мүмкін. Екі айда мың-мыңнан залымыз толды.

- Гастрольдерге жиі  шығасыздар ма?

- Көрші елдерге гастрольдік сапар ұйымдастырамыз. Ресейдегі қоғамдық бірлестіктер бар, Саратовтағы қазақ ауылдарына барамыз. Орынбордағы қоғамдық бірлестік те шақырып отыр, ол да қаражат мәселесіне тіреліп тұр. Барғасын жерде шағын концерт апарғымыз келмейді. Үлкен концерттік мекеме аталғаннан кейін жақсы дүние апарғың келеді. Фольклорлық ансамбль, «Назерке» би ансамблі, жеке солистер бар, соның барлығын толықтай көрсеткіміз келеді. Оркестріміз бар, бірақ оны алып шығу қиын.

 

- Аспап, костюм жағы жеткілікті ме?

- Мемлекеттік коммуналдық кәсіпорын болғандықтан кейбір жетіспейтін аспаптарымызды өз мүмкіндігімізге қарай алып жатырмыз. Мемлекеттік шараларымыз бар. Кейде үнемдеген қаражатқа әншілердің киімдерін тіктіреміз. 

 

- Көрерменге арнайы ұсынған басқа да жобаларыңыз бар шығар? Ол жобалардың ерекшелігі неде?

- Жобаларымызға келсек,  «Орал сазы» ансамблі мен «Ән қанатында» ұлт аспаптар ансамблі екеуі біріккен. Қаламыздағы 593 орындық Аманат залында концерт қойып көрермен жинады. Ақсай қаласында концерт қойдық. Кісі жиналмай қала ма деген сенімсіздік болған, бірақ залдың 100 пайыз билеті өтіп, көрермен сыймай қалды. Теректі ауданына барып қойдық. Этно-модерн бағыты дейді - фольклорлық ансамбль мен вокал-эстрадалық ансамбль екеуі біріккен заманауи бағыттағы музыкаларды, әлемдік деңгейдегі музыканы ойнап, саундтректер жасау ғой, сонымен қоса жергілікті композиторлардың әнін халыққа жеткізуді мақсат еттік. Аслан Ғұмаров деген мульти инструменталисіміз бар. Біраз аспапта ойнайды. Алматы қаласынан арнайы алдырып, ансамбльге жетекші қылып қойып отырмыз. Сол кісінің өзінің ұсынысымен жүзеге асқан жоба. Ол  да оңай болған жоқ. Адырна, жетіген сияқты біраз аспаптарды түгендеу керек болды. Оған мамандар қажеттігі бар, штат мәселесі жетіңкіремейді, сол қиындықтан шығып, аспабын қолға алып бастағанбыз. Бұл жобамен көршілес облыстарға шыққымыз келіп отыр. Филармониялар арасында меморандум бар, тәжірибе алмасу мақсатында Шымкент, Қызылорда, Ақтөбеге бардық.

- Филармонияның жұмыс жоспарының ішіндегі маңыздылары қайсысы?

- 2024 жылдың жоспары бойынша дайындық үстіндеміз. Келесі жылы Ғарифолла Құрманғалиевтің 115 жылдығы. Өзбекстан, басқа да шетелге қарай гастрольдік сапар, турне жасау жоспарда бар. Бұл енді қаражат мәселесі шешілген жағдайда. Жергілікті композиторлардың шығармашылық кешін өткізсек деген де жоспарларымыз бар. Дәулеткерей атындағы қазақ халық аспаптар оркестрінің бас дирижері, Құрмет орденінің иегері Еркін Шаяхметұлы 50 жасқа, Жаскелең Ғайсағалиев 55 жасқа толып отыр. Осы кісілердің де облыстық, аймақтық конкурсын ұйымдастырғымыз келеді. Қанатқали Қожақов 70 жасқа толмақ. Соған байланысты облысымызда, туған жерінде шығармашылық кешін  ұйымдастырсақ дейміз. Сәуле Таудаева апамыз 65 жасқа толып отыр, оны атап өту де жоспарда тұр. 

 

- Өнер ұжымын біріктіретін бір мақсат болатын шығар, осы жылға діттеген қандай мақсат бар?

- Ең үлкен мақсатымыз – филармонияға академиялық дәреже берілсе екен дейміз. Сол бағытта еңбектеніп те жатырмыз. Академиялық атақ дәрежесі филармониялар арасында жалғыз Астана қаласында. Ел біледі, біздің филармония шетелдерге дейін гастрольдік сапарларға шығып жүрген, барған жағынан табыспен оралып жүрген ұжым.  Академиялық дәреже алуға мүмкіндігі толық жетеді деп ойлаймыз. Біздің филармонияның жұмыс ауқымы болсын, жалпы қай-қай жағынан да сол тиісті шарттарға сай келгендіктен ұсынып отырмыз. Үш жыл қатарынан министрлікке ұсынып, академиялық атаққа ұсынғанбыз. Биыл жергілікті депутаттар, акимат, мәдениет басқармасы қолдауымен тағы ұсынып жатырмыз.

- Филармония  өнерпаздарының өнерін басқа өңірлер де жоғары бағалап, шақырту жіберіп жатады екен... 

- Иә, былтыр Қатимолла Бердіғалиевтің 70 жасқа толына орай турне ұйымдастырылды, 12 облысқа барып өнер көрсетті. Павлодарға барғанда таңғалдық, елдің ықыласы бөлек болды. Астанада да зал толы болды. Асхат Маемировтың ұйымдастыруымен жақсы өтті. Мысалы, Ақтөбе облысы «Айман-Шолпанды» сұрады, өнерпазды «тек жырмен жіберіңіз» деп өтініш білдірді. 

          

- Филармонияда Дәулеткерей атындағы ұлттық аспаптар оркестрі, эстрадалық ұжым, «Орал сазы» фольклорлық ансамблі, «Назерке» би ұжымы, «Классика» камералық ансамблі бар, осылардың жұмыстарына тоқталып кетсеңіз. 

- 2000 жылы М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті жанындағы Дәулеткерей атындағы өнер институты мен Құрманғазы атындағы Орал музыкалық училищесін бітірген мамандардан құралған «Назерке» халықтық би ансамблі (балетмейстері Айгүл Құлбекова) мен «Классика» камералық ансамблі (көркемдік жетекшісі Владимир Баяндин) құрылды. Облыс басшылығының ұйғарымымен қалалық мәдениет бөлімі жанындағы жоғары білімді 52 музыканттан құралған халық аспаптар оркестрі облыстық филармония қарамағына берілді. Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерватория түлектері, тәжірибелі маман, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қырымгерей Қажымов оркестрдің көркемдік жетекшісі және бас дирижеры болып тағайындалса, Қызылордадан арнайы шақырумен келген Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі Еркін Нұрымбетов дирижер болып бекітілді. 2003 жылы облыстық филармонияның халық аспаптар оркестріне атақты күйші Дәулеткерейдің есімі берілді. Кейін оркестр тізгінін Қ.Қажымовтан мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының, сондай-ақ республикалық Ш.Қажығалиев, Н.Тілендиев атындағы және басқа дирижерлар байқауының лауреаты Е.Нұрымбетов қабылдап алды.

 

- Филармония ұжымының соңғы жылдардағы жетістіктерін бір қайыра санамалап өтсеңіз. 

- Соңғы жылдардағы жетістіктерге тоқталсам, жалпы өткен жыл филармония үшін табысты жыл болды, жыл бойына 133 іс-шара (оның ішінде: 80 концерт, 33 бейне ролик, онлайн концерт, 4 ютуб жоба, 1 челлендж) ұйымдастырылды,  осыған орай концертті 50800  көрермен тамашалады. Олардың бірқатарына тоқталып өтсек, Қазақстанның  Халық әртисі, мемлекеттік сыйлықтың иегері, профессор, композитор  Кенжебек Күмісбековтің 95 жылдығына арналған Дәулеткерей атындағы қазақ халық аспаптары оркестрінің «Аманат» атты еске алу концерті; «Туған ел деп ән саламын...» атты классикалық  концерт; Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Дәулеткерей оркестрінің негізін қалаған дирижер, композитор Қырымгерей Қажымовты еске алуға арналған «Қазақ жері» атты концерт; Халық қаһарманы Роза Тәжібайқызы Бағланованың 100 жылдығына арналған әншінің репертуарындағы әндерден  «Ән падишасы»  атты концерт; Халық композиторы, «Сыр сүлейі» атанған Әлшекей Бектібайұлының 175 жылдығына арналған «Желдірме» атты Дәулеткерей атындағы қазақ халық аспаптары оркестрінің күй кеші  ұйымдастырылды.

Сондай-ақ ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен  Алматы қаласында «Ұлт рухы-ұрпаққа аманат»  атты Қазақстанның мәдениет форумы өтті. Бұл форумға Ғарифолла Құрманғалиев атындағы облыстық филармония директорының орынбасары Абдул Рахметов пен филармония ақпарат бөлімі жетекшісі Олжас Сейтимов қатысты. 

ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, дәстүрлі әнші, жыршы-термеші Хатимолла Жәңгірұлы Бердіғалиевтің шығармашылығына арналған «Шырқал ән, төгіл дауыс» атты  турнесі республиканың 12 облысында ұйымдастырылуы да филармония үшін мерей болды. Сонымен қатар былтыр Хатимолла Жәңгірұлының мерейтойы қарсаңында Дәулеткерей атындағы қазақ халық аспаптар оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижері,  «Құрмет» орденінің иегері,  мемлекеттік «Дарын»  жастар сыйлығының лауреаты Еркін Нұрымбетовтың «Әнші Хатимолла Бердіғалиевтің қазақ оркестріндегі репертуары»  атты партитуралар жинағының тұсауы кесілді. 

«Атамекен» өнер залында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстан композиторлар Одағының мүшесі, әнші-композитор Донеділ Қажымов әндерін орындаушылардың III халықаралық «Ақ Жайық - ару мекенім» ән байқауы өтті. Байқауға республикамыздың Маңғыстау, Қарағанды Қостанай облыстарынан, Астана, Шымкент, Атырау қалаларынан, Батыс Қазақстан облысы аудандары мен жергілікті Орал қаласынан келген  21 дарын бақтарын сынады. Сол «Атамекен» өнер ордасында «Folk show»  атты Дәулеткерей атындағы қазақ халық аспаптары оркестрінің жаңа форматтағы концерті өтті.

 

- Өнер адамдарын ынталандыру жағы да назардан тыс қалмайтын шығар...

- 2020 жылы Дәулеткерей  атындағы қазақ халық аспаптары оркестрінің дирижері, Мемлекеттік Дарын сыйлығының иегері Жарас Сатыбалдиев Түрік телеарнасы ұйымдастырған ұлы Абайдың 175 жылдығына арналған халықаралық өнер байқауында арнайы дипломмен марапатталды. ҚР Мәдениет және Спорт министрлігінің ұсынысымен дәстүрлі әншілеріміз «Құрмет» орденінің иегері Қайрат Кәкімов, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегерлері  Дастан Есентеміров пен Ернар Өмірәлі «Абай» атындағы мерейтойлық медальмен марапатталса, Ресей федерациясында ұйымдастырылған халықаралық «Туған жер» өнер фестивалінде Орал Сазы ансамблі  Алғыс хатпен марапатталды. Жыл сайын артистеріміз ведомствалық, мемлекеттік наградаларға ұсынылып, биіктерден көрінуде. Республика күні ұлттық мерекесі қарсаңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың жарлығымен филармония әншісі Дария Серікқызы Бақытова «Ерен еңбегі үшін» медалін тақты.  БҚО әкімі Нариман Төреғалиұлының қатысуымен «Жыл үздігі-2022» салтанатты шарасында «Еңбек ардагері» төсбелгісімен Дәулеткерей атындағы қазақ халық аспаптары оркестрінің ардагері Халиолла Молдағалиев, «ҚР Мәдениет саласының үздігі»  төсбелгісімен филармониямыздың дәстүрлі әншісі Фархат Оразов, «Орал сазы» фольклорлық ансамблінің жетекшісі Асқар Кенжеғалиев, филармония әншісі, сазгер Ербол Ақбасов және «Үздік Ақжайықтың дауысы-2022» номинациясымен филармониямыздың дәстүрлі әншісі Қатимолла Бердіғалиев марапатталды.

 

- Жалпы филармония жұмысына қатысты қандай да бір шешімін таппаған мәселелер бар ма?

- Соңғы кезде гастрольдік турнелеріміз азайды. Өңіраралық филармониялармен екіжақты келісім болса да кейде арнайы шақырылып тұрған жерге бара алмай жатамыз. Осы тұрғыда бізге қолдау және қаражат жетіспейді. Шешілмей жүрген мәселелер баршылық, атап айтсам,  шығармашылық ұжым артистерінің киімдерін жаңалау, жаңа аспаптар алу,   елімізге танымал жергілікті өнер иелерінің шығармашылық кештерінің биік деңгейде өтпеуі, шараны дұрыс ұйымдастыруға қаржылық мәселелердің шешілмеуі кедергі болып тұр. Жалпы ұжымның әкімшілік, шығармашылық деңгейі биік, филармонияның жұмыстарын жақсы атқаруда.

- Әңгімеңізге рақмет!

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?