Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы
Бүгін тарихта

Қазақ тазысы – ұлттық құндылығымыз

2177
Қазақ тазысы – ұлттық құндылығымыз - e-history.kz

Қазақстанның тәуелсіздікке ие болып, жылдан жылға ілгері басып дамуымен бірге ұлттық құндылықтарды ұлықтау деңгейі де барған сайын арта түсуде. Ұмыт болған көптеген заттық және рухани құндылықтарымызды қайта қалпына келтіру, жетілдіріп дамыту жұмыстары мемлекеттік деңгейде қолға алынып жатқаны белгілі. Бұл – ел болудың алғы шарты. Жаһандану атты мына дәуірде әрбір ұлт, мемлекет өзінің бірегей бет-бейнесін қалыптастырып қала алғанда ғана дербестігі сақталып қалатындығын футуролог ғалымдар айтуда. 

Басты беттегі фото: wild frentier.ru

Жаһандану терминін алғаш айналымға енгізген американ экномисі Теодор Левитт: «Қай ұлттың рухани мәдениеті күшті болса, сол ұлт өмір сүруге бейім болады да, рухани мәдениеті әлсіз елдер ассимиляцияға ұшырап, өз-өзінен жойылып отырады», - деп анықтама берген. 

Осы ретте жаһандану дегеніміздің өзі – Жер шарындағы адамзат баласының бір-бірімен өзара тығыз экономикалық, ғылыми-техникалық, мәдени-саяси, байланыстағы біртұтас қауымдастық қалыптастыруы болып табылады. Демек жер көлемі жағынан аса ірі, халқының саны жағынан шағын әрі полиэтникалық сипаттағы Қазақстанның мемлекет құраушы ұлты қазақ халқының рухани мәдениеті қандай деңгейде дамып көрініс тауып отыр, өзге халықтар мен мемлекеттер алдында біз қандай құндылықтарымызға басым бағыт бере отырып ассимиляцияға ұшыраудан, жойылудан сақтанамыз деген мәселе жөнінде нақты бағдарламалар керек екендігі сөзсіз. Және осы тұрғыда атқарылып жатқан іс-шаралар, қабылданып жатқан заңдар мен қаулылар да баршылық екенінен хабардармыз. 

Алғаш жылқыны қолға үйретіп, үзеңгі мен шалбарды қолданысқа енгізген, Ұлы Далада сан ғасырлардан бері ғұмыр сүріп келе жатқан ежелгі тайпалар мен көшпелі мемлекеттердің мұрагері қазақ халқы тек өзіне ғана тән мәдени құндылықтарға кенде емес. Ұлы Дала тұрғындары төрт түлік малды, үй хайуандарын қолға үйретіп, оларды ғасырлар жүзінде сұрыптап, баптап азыққа, көлікке, мініске, киім-кешек, баспана, қару-жарақ т.б. әзірлеуге пайдалана білген. 

Адамзат баласы терімшіліктен қауымдық құрылысқа өте салысымен қолға үйреніп қызмет ете бастаған үй хайуаны – ит. 

Ит – адамның досы. Үй күзетуге, аңшылыққа, көлікке, бақташылыққа, қылмыс-қайшылықпен күреске, сәнге т.б. кеңінен пайаланылып келе жатқан иттер әлемнің адамзат тіршілік ететін барлық түкпіріне таралумен қатар, климаттық, биологиялық, т.б. факторларға байланысты олардың тұқым түрлері де тым сан алуан. Яғни тайыншадай алып маң төбеттен бастап, қос жұдырық көлемінде кішкентай иттерге дейін баршылық.

Қазақ халқы итті ежелден жеті қазынаның біріне қосып, оны ретіне қарай сенімді көмекші ретінде пайдаланып келген. Көшпелі тірлікте иттің орны мен қажеттілік маңызы өте зор. Қазақ даласының байырғы тұрғындары ерте замандардан бері құмай тазы мен маң төбеттің тұқымын сұрыптап, маңыздандырып, оларды ұрпақтан ұрпаққа аманттап жеткізіп отырған. Ит – қысқы ақ түтек дауылдарда, жаздың аптап ыстықтарында, нөсер жауын мен аңыраған қара суықтарда түлік соңында жүретін қазақ малшысының сенімді көмекшісі болумен келген. Түрік халықтарының тарихын, этногафиясын зерттеп іргелі еңбектер қалдырған Мұрат Әжі өзінің «Қыпшақ даласының жусан иісі» еңбегінде орыс қатарлы шығыс славяндардың тіліндегі собака яғни ит атауын көне түркі тіліне қатысты талдайды. Ғалымның болжап жазуынша ертедегі түркілер итті «ізбака» деп атаған. Оның мәнісі – «адамның ізін бағып еріп отыратын» деген ұғым екен. Міне, осыдан «събака», «собака» деген сөздер туындап өзгеріп қалыптасқан дегенді алға тартады. Ит тұқымының қазақ үшін айрықша маңызды да қадірлісі – тазы. Тазы мен төбет – қазақ итінің өзіндік ерекшелігі бар тұқымы саналады. 

Фото: egemen.kz сайтынан алынды

Қазақы иттерді қорғап, олардың тұқымын сақтап, молайтуға қатысты іс шаралар бұдан былай арнайы заңмен реттеледі. 

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылдың 3 қаңтарында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қазақы ит тұқымдарын сақтау және өсімін молайту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңына қол қойған болатын. 

Еліміз аумағында қазақы иттер санатына енетін тазы мен төбет тұқымдарын сақтау және олардың санын көбейту – бүгінгі күннің маңызды мәселелерінің бірі болып отыр. Осы тұрғыда атқарылатын жұмыстардың бағыты да сан алуан екен. Атап айтқанда, қазақы иттің генетикалық сапасын қазіргі әдістемелік озық зерттеу сынама үлгілерін қолдана отырып ғылыми бағалау, тиісті кешенді селекциялық сараптамалар жүргізу, аталған нәтижелерді жинақтау арқылы қажетті ғылыми база құрудың негізі заңдық тұрғыда пайдаға берілді.

Тазы мен төбетті қорғау мәселесі дәл осы кезеңде алға тартылып отыр деген мәселеге келетін болса, қазіргі күні бұлардың саны азайып, тұқымы аза бастаған деп қарастырылады. Саятшылықты жанына серік еткен қазақ малшылары мен өзге де сергек сана, ширақ денелі жігіттер құмай тазысын, маң төбтеттерін ертіп аңға шығатын дәстүр үзіліп қала жаздап қайта сергігені аян.

Иә, арғы замандардағыдай, тіпті күні кешегі кеңшар, ұжымшарлар дәуіріндей, жаппай мал ұстап, Арқаның алыс түпкір-түкпірлерін игеріп, ит жүгіртіп аңға шығушы малшылардың қарасы қазір аздау. Дегенмен, ата кәсіпті серік етіп, қазақы иттерді өсіріп, баптап отырғандар жоқ емес. Солардың бірі – Қарағанды облысының Шет ауданындағы Кеңшоқы ауылында тұратын Асхат Аманбаев атты азамат. Оның қолында қазірдің өзінде отыздан астам қазақы ит бар. Мұншама көп үй хайуанын ұстап, оларға жем тауып беру де оңай емес. Алайда ата кәсіпті ардақ тұтқан азамат көпке үлгі болып, ұлттық брендті насихаттау жолында лайықты қадамдар жасап отыр.

Бұл жерде айта кетерлігі – тазы саятшылық, аңшылыққа арналған тұқым болса, төбет – малды қасқырдан, ұрылардан күзетуге арналып сұрыпталып өсіріліп келгені белгілі. Тазы мен төбет – қазақ даласының әр түкпірінде толып жатыр емес пе? Олар үшін арнайы заң шығарудың қажеті не деген сұрақ та кесе-көлденең туындауы мүмкін. Оған себеп: жоғарыда атап өткендей ұлттық құндылықтарды ұлықтау, осы тұрғыда қазақы иттердің тұқым тазалығына мән беріп, ұқсас тұқымдар арасында өзіндік ерекшелігін айқындап таныту, халықаралық стандарттарға сәйкестендіріп куәліктендіру т.б. мәселелерді қамтиды. Текті таза ұстау, өзгемен орынсыз былғатпау – тек адамзат баласына ған қатысты емес. Бұл – өзге үй жануарлары мен хайуандарына, әсіресе жылқы мен ит тұқымдарына өте-мөте қатысты болатындығы анықталып отыр. Себебі, кеңестік кезеңде сыртқы қарым-қатынас шектеулі болғанымен, Одақ тарағаннан кейінгі жылдары еркін нарықтық экономиканың толқынында біздің адамдар Жер шарын емін-еркін аралап жан жақтан иттің түрлі-түрлі тұқымдарын әкелетін болды. Өз кезегінде бұл әкелулер арқылы жергілікті қазақы төбет пен тазының тұқымы өзгеріске ұшырайтын жағдай туындай бастады. Дамыған шетелдерде иттердің арнайы паспорты, шығу тегі қатаң тізімге тіркеліп, оларды шығару немесе сырттан ит тұқымын енгізуде карантиндік бекет ұйымдастырылып, тасымал әрекеттері әрдайым бақылауда ұсталынады. Тіпті кейбір ит тұқымдарын өз елінен сыртқа шығаруға тыйым салынған мемлекеттер де бар. Бұл да өз елінің құндылықтарына деген қамқорлық, қырағылық және өркениетті қоғам дамуының бір көрінісі. 

Тіпті осы тұрғыда ұлттық құндылықтарды сақтау тұрғысында көп істерді атқаруға болатындығына мысалды өз айналамыздан-ақ табуға болады. Каспийдің жағасы мен Үстіртті қатар мекендеп жатқан бауырлас түрікпен халқы осы мәселеде ерте қамданғанын көреміз. Олар өздерінің ұлттық құндылықтары деп танылған кілемі, ақалтеке, текежәуміт тұқымды жылқыларына қоса, Орта Азияның овчаркасы болып табылатын түрікпеннің алабай итін де қорғауды қолға алған. Тіпті ұлттық құндылық ретінде 2020 жылы Ашхабад қаласында ескерткішін қойған болатын. Қазақ тазысын да ескерткіш қоятындай деңгейде болмаса да, ұлттық құндылық ретінде биікке көтерудің алғышарты жасалып отыр.

Осы ретте қазақ тазысының өзіндік ерекшелігі қандай деген сұрау туындайды? Қазақ тазысы – өте жүйрік те жылдам ит. Қысқа қашықтықта өзінің нысана еткен жемін қуалағандағы жылдамдығы 90 км/сағатқа дейін жетеді. Қазақ тазысының түп тамыры сонау арғы ғасырларға кетеді. Биолог ғалымдар тазы тұқымының қалыптасуы сақ, ғұн дәуірі десе, кейбір ғалымдар ҮІІ ғасырлардағы, яғни арабтар Орта Азияға жорық жасауынан кейінгі дәуір дей отырып, бұл ит тұқымы арабтың салюк тұқымымен жергілікті тұқымның шағылысуы арқылы қалыптасқан дейді. Дегенмен салюкке қарағанда қазақ тазысы денелі әрі суыққа төзімді, ыстыққа да шыдамдылығымен ерекшеленеді. 

Қазақ тазысы сақ пен ғұнның заманында қалыптасқан деуге негізді біз Ұлы Дала төсіндегі тасқа қашалған жануарлар мен хайуандардың арасынан тазыға тұрқы ұқсас иттердің бейнеленуінен аңғарамыз. Суреттердің жасын ғалымдар 2000-2500 жыл бұрынғы деп болжамдайды. Қазақ тазысына ұқсас тақыр жүнді тазылар тіпті сонау мысыр перғауындары заманында да болғаны туралы мәліметтер сол дәуірден жеткен папирус жазбаларда, фрескаларда сақталған. Біздің заманымыздан 500 жыл бұрын сонау Жерорта жағасынан Ұлы Далаға саяхат жасап келген грек тарихшысы Геродоттың сипаттап жазуынша скифтер аң аулаумен шұғылданады. Скиф даласындағы салт-дәстүрлерді жаза келе, Геродот олардың аң аулау әдісін былай сипаттайды: «Биік ағаштың басына шығып алған аңшы қандай бір аңды көрген кезде оған найза лақтырады, ал содан кейін атына міне салып, жараланған аңның соңынан итін ертіп қуады. Бұл иттер алыпсоқ дәу емес, жүйрік тазылар екені анық».

Фото: egemen.kz сайтынан алынды

Қазақ халқының тарихы мен әдебиетінде ит, оның ішінде тазы туралы көптеген айтылымдар кездеседі. Қазақ мақал-мәтелдерінде тазы иттің алуан түрлі сипаттары бар. Солардың бірнешеуін мысалға келтірелік. «Тазының жүйрігін түлкі сүймес» деген мәтелді расымен де тазының жүйрік екенін, түлкінің адымын аштырмай қуып жетіп ұстайтынын меңзейді. Ал астарлы мағынада бұл – қулық-сұмдыққа бейім адам білімді адамды жақтырмайтыны туралы болмақ. «Тауындағы түлкіні бабындағы тазы алар, тозғындаған аққуды топтанған қарға алар». Бұл мақалдың мағынасына қарасақ, түлкіні бабына жеткен жүйрік тазы ғана алатындығы айқын болып тұр. Демек жүйрік тазының бабы да қыран бүркіт сияқты. Қазақ даласында Ақан серінің Базараласы, Мұхтар Мағауиннің «Тазының өлімі» әңгімесіндегі Сұлтанның тазысы сияқты текті иттер көп болған. «Заманның түлкі болса, тазы болып шал» деген мақалдың өзі де тазының түлкі алудағы айла-тәсілін меңзейді. Ал бұл – заманға сай, айла-тәсілден құралақан болма дегенді меңзейтін сөз. «Жетектеген тазы түлкі алмайды» дейді, қазақ мәтелі. Бұл – тазының ішінде тым мәпелеп, сипап өсіргендері аң аулауға жарамсыз деген мағынаны меңзесе, астарлы мағынасы біреудің қолдау-көмегімен көтерілген адам қайрат, қабілет таныта алмайтындығын тұспалдайды. 

Ұлы Далада туып қалыптасқан зороастризм дінінің қасиетті кітабы «Авестада» екі бірдей тарау итке арналған екен. Зороастризм дініндегілер үшін ит аса қастерлі саналған. Аталған кітапта иттерді асырап-баптаудан өзге оларға қаталдық жасау, ұрып-соғу жағдайында жүктелетін жаза туралы да атап көрсетілген: «Ит – саған берілген күзетші әрі досың. Ол сенен киім де, етік те талап етпейді. Ол саған аң аулауға көмектеседі, ол сенің үй-мүлкіңді күзетеді, ол сенің демалып жатқан кезіңде көңіліңді көтереді. Кім де кім оны жәбірлесе немесе дұрыс тамақ бермесе, оны азап күтіп тұр. Өлгеннен кейін мұндай адамның жаны жападан жалғыз қаңғырып жүретін болады, тіпті оның алдынан итттің өзі шықпайтын болады. Итті өлтірген адам – кісі өлтіргеннен де ауыр», - делінген. 

«Тазы» деген атаудың өзін тілші ғалымдар түркі (қазақ) тіліндегі «тез» деген сөзбен байланыстырады. Яғни, жылдам (спринтер) деген мағынадан шыққан делінеді. Сонымен қатар «тазы» атауы оның тым дегдарлығымен, таза жүретіндігімен байланысты «таза» деген сөзден шыққан деген де болжам айтылады. Тазының тұқымдық ерекшелігіне қарай бірнеше түрі қалыптасқан. Аумақтық ерекшелігіне қарай тау тазысы, дала тазысы деп бөлу қалыптасқан. Тазының қазіргі күні қазақ жерінде құмай тазы, қайың қаптал тазы, ауған тазы, түркмен тазы, орыс тазы қатарлы түрлері бар. Қазақ тазысының тұрқы биік. Шоқтығының биіктігі – 80-85 сантиметр, жалпы биіктігі – төбеті – 60-65 см, қаншығыныкі – 55-65 см, сүмпіс денелі, сұңғақ мойынды болады. Орташа салмағы – 20-25 кг болып келеді. 

Тазы деген сөздің бір мағынасы тазалық дегенге де саяды. Яғни тазы – расымен де таза ит. Күнделікті көп кездесетін «сұғанақ ит», «ұры ит» сияқты айтылымдар қазақты тазыға жүрмейді. Тазы біреудің үйіне сұғанақтанып кірмейді, тамақты ұрлап ішіп-жеп жалап-жұүқтамайды. Қолда ғана, бергенін қанағат етіп тамақ жейді. Сондықтан да итті босағадан сығалатпайтын қазақ тазыны үйге енгізген. Тіпті иесінің қасында, төрде жататын тазылар болған. Бәріміз мектепте оқыған Мұхтар Мағауиннің «Тазының өлімі» туындысы – нағыз қазақ тазысының дегдарлығын дәлме-дәл бейнелеуімен ерекше.  Тазының тағы бір ерекшелігі – адамға беталды тиіспейді, қаппайды. Тамаққа көз сатпайды. Дәрет қысқанда сыртқа шығып кетеді. Мұндай ерекшелік кез келген ит тұқымына тән емес. Дәл осы қасиеттеріне бола қазақ « жеті қазынаның бірі – құмай» тазы» деп әспеттеген.

Тазы адамның қолына тез үйренетін, иесінің көңіл-күйін, қас-қабағын тез сезгіш, сезімтал. Сонымен бірге тазы – тамақсау емес. Қазақ аңшылары тазының жарғақ және шашақ деген түрлері бар деп біледі. 

Өткен жылдың соңында ҚР Парламент мәжілісінде өткен талқылау жөнінде БАҚ-та хабарлағанындай, қазақы ит тұқымдарын сақтауға 1,4 млрд теңге жұмсалатын көрінеді. Бұл – үлкен бетбұрыс. ҚР Президентінің тапсырмасымен әзірленіп бекітілген бұл заң бойынша   «ұлттық қазақы ит тұқымдары – бекітілген стандартқа сәйкес келетін қазақы тазы мен қазақы төбет» деген ұғымдар нақтылануы көңілді тоғайтады. 

Аталған заң негізінде қазақы ит тұқымдарын сақтау және өсімін молайтуды қамтамасыз етуді жүзеге асыру мақсатында ҚР «Иттердің ұлттық тұқымдарының ұлттық орталығы құрылатыны хабарланған болатын. Бұл Ұлттық орталықтың құзыретіне мыналар кіреді деп жоспарланып отыр екен:

- ұлттық тұқымға жататын тазы мен төбет иттердің асыл тұқымымен жұмыс істеу бойынша сарапшылар мен мамандарды кинологиялық қызметке оқыту жөніндегі жүйелі жұмысты ұйымдастыру және жүргізу;

- асыл тұқымды иттерді іріктеу және таңдау, олардың жұмыс істеу қасиеттерін сақтай отырып, иттердің ұлттық тұқымдарын өсіру;

- кинологиялық қызметтің әртүрлі мәселелері бойынша уәкілетті органға – стандарттар, сынақтар, жарыстар, көрмелер, байқаулар, кешенді бағалау қағидалары, иттердің ұлттық тұқымдарының бірыңғай тұқым-тегі кітаптарын жүргізу, асыл тұқымды ит куәліктерін беру туралы ұсыныстар енгізу;

- түрлі дәрежедегі, оның ішінде халықаралық дәрежедегі сынақтарды, көрмелерді, байқауларды, жарыстарды ұйымдастыру және өткізу.

«Ештен – кеш жақсы» дейді қазақ мақалы. Сан жылдар бойы мансұқталып қараусыз қалып келген ұлттық құндылықтарымыздың бірі қазақы иттердің тұқымын сақтап, дамыту, оларды өзге де өнегелі жұрттар сияқты лайықты бағалау, бағалату жолындағы мемлекет тарапынан жасалып жатқан бұл ізгі іс-әрекет лайықты деңгейде атқарылып, өз нәтижесін береріне сенеміз. Бұлардың бәрі болашақтың еншісіндегі шаруа екендігі сөзсіз.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?