Қожаберген Жәнібекұлы – хан Абылайдың «тұлпар мініп, ту ұстаған» даңықты қолбасшыларының бірі. Есімі рулы елдің ұранына айналған аруақты батыр. Қазақ Хандығының сол замандағы алғашқы дипломанттарының бірі. Қожаберген батыр туралы деректер мәнжу-қытай, орыс, моңғол елдерінің тарихи деректерінде жиі ұшырасады. Тарих ғылымдарының докторы Бақыт Еженханұлының «Қожа берген батыр» атты ғылыми еңбегінде көрсетілген 14 құжатта «Қожаберген мен Қара Барақ – Абылайдан кейінгі іс атқаратын мәртебелі адамдар болып саналады» - деп атап көрсетілген. Белгілі түрколог ғалым Қаржаубай Сартқожаұлының моңғол архивтеріне сүйенген дерегінде: «1756-1758 жылдары қазақтар мен қалмақтардың біріккен армиясы Жетісу, Тарбағатай, Манас, Үрімжі, Еренқабырғаға дейін соғыс жүргізген. Бұл соғыста Қожаберген батыр бастаған қазақ күші белсене араласып, үлкен рөл атқарған Қожаберген батырдың басқа батырлардан бір ерекшелігі аты-жөні орыс ғалымдары Григорий Потанин мен Карл Струвеннің ғылыми еңбегінде жиі кездеседі. Атақты ғалымдар Қожаберген бастаған керей руларының 1750 жылдың өзінде-ақ Хабарға-Базар өзеніне жеткенін көрсетеді. Қарғыба-Базар қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданындағы өзен атауы». Иә, Қожаберген батыр Жәнібекұлының қаһарман, жаужүректігімен қатар ел өмірінде, елдің ішкі-сыртқы саясатында атқарған қызыметтері жетерлік. Оның көбі тарихи деректер мен архив құжаттары арқылы бекітілген. Қазақ батырлары арасында тарихи құжаттарда есімі ең көп аталатын батырдың бірі де осы – Қожаберген. Сол деректер негізінде батырдың моласы да табылып, басына арнайы күмбез орнату жұмыстары қазір жалғасын тауып жатыр. Қожаберген батыр Жәнібекұлының 320 жылдық мерейтойына орай Моңғолияның Баян-Өлгей аймағында батырға арнап еңселі ескерткіш те тұрғызылған.
Қожаберген Жәнібекұлы – Орта жүзде Абақ керейдің шыбарайғыр сойынан. Батырдың белінен тараған ұрпақ бүгінде рулы ел, қабырғалы жұрт. Олар негізінен байырғы Шығыс Түркістан, қазіргі Қытай териториясына қарасты Алтай, Тарбағатай, Баркөл, Үрімжі, Еренқабырға сынды аймақтар мен Моңғолияның Баян-Өлгей аймағына, Шығыс Қазақстан облысының Қалба тау өңіріне молынан шоғырланған. Тарихи-саяси себептермен Түркия мен Еуропа құрлығына да қоныс тепкен ұрпақтары жетерлік. Бұл күнде Қожаберген Жәнібекұлы туралы нақты деректермен қатар, батырдың көзіндей болған құнды жәдігерлері ұрпақтарының қолында, атадан балаға жалғасып сақтаулы келе жатыр. Айталық, Баян-Өлгей аймағы Бұғыты сұмында тұратын батыр ұрпақтарының бірі Жұмаш Мұқтажыұлының шаңырағында Қожаберген Жәнібекұлының Ақ туы күні бүгінге дейін сақтаулы. Сонымен қатар, Астана қаласындағы ҚР Әскери-тарихи музейінде батырдың жібек шапаны мұражайдағы құнды экспонаттардың қатарында. Оны Қарағанды облысы Бұхар жырау ауданында тұратын Бақыт Теңселұлы есімді азамат аталарынан бері ұрпақтан-ұрпаққа өткізіп бүгінге жеткізіп отырған. Тарихи деректерге сүйенсек, Қожаберген батырдың бұл жібек шапанды қазақ пен қытай арасындағы дипломатиялық келісім кезінде қытай билеушілері сыйға тартыпты. Батырдан қалған, батырдың ұрпақтарынан қалған сондай көне мұралардың бірін біз – Астана қаласынан кездестірген едік. Ендігі бір қайырым әңгіме сол туралы.
Белгілі ақын Талапбек Тынысбекұлының бастауымен Астана қаласында тұратын, бұл күнде сексеннен асқан Бижамал Жұмыққызының шаңырағына арнайы ат басын бұрған едік. Бижамал әжеміз шыбарайғыр еліне келін, өзі жәнтекей руының қазыбек бұтағынан. Көненің көзі, асылдың сынығындай болған әжеміздің көргені де, көңілге түйгені де көп. Тауасар бабасынан қалған өлеңдер мен қазақтың ескі жыр-дастандарын әлі шашауын шығармай, жаңылмай айтып бере алатын ділмар адам. Бижамал Жұмыққызының осы әулетке келін болып түскеніне алпыс бес жыл. Сол келін болып түскен жылы енесі жас келінге «Мыну арғы аталарымыздан келе жатқан қастерлі ыдыс, қадырлы аяқ сен осы мұраны қалжаяқ қып ал, аталарыңның көзіндей көріп сақ та, ырысы жұғысты болсын!» - деп ырым етіп көне ағаш аяқты сыйлайды. Аяқ кәдімгі қайыңның тошынынан жасалған, сыртына әдемі өрнек салған сырлы аяқ. Уақыт өте келе әрине өрнегі ескіріп, сыры кеткенімен, сыны кетпеген. Осы қара шаңырақтың иесі, Бижамал әжеміздің ұлы Мұрал Кәлімұлының баяндауынша: «Бұл аяқтың Бижамал апамыздың қолына қазір Өскемен қаласында тұратын Мұқсиын ағамыздың шешесі арнайы кәде сый ретінде бергенін. Аяқты сақтаған адамдардың шежіресін тарқатсақ; Мұқсиынның әкесі Мақұлбек, Мақұлбектің әкесі Бәби, Бәбидің әкесі Қозыбай, Қозыбай мен менің атам Көштекен екеуі бір туысады. Екеуінің әкесі Торғауыт деген адам. Торғауыттың әкесі Кенен, одан ары Байбура, Қожаберген болып жалғаса береді. Сонда бізге дейінгі үлкен кісілердің айтуы бойынша бұл аяқ Кенен биден бері жалғасып келе жатыр деген сөз. Қазіргі ғылымда бір ұрпақты шамамен 25 жыл деп есептеп жүр. Сол есеппен қарасақ бұл аяққа да үш жүз жылға жуық уақыт болып отыр. Демек осы қайыңның тошынынан жасалған бабалардың көзіндей болған аяқта үш ғасырға жуық тарих бар деген сөз. Шешеміз осы мұраны байырғы бабаларымыздың жолымен, көзінің қарашығындай сақтап, енді маған жеткізіп отыр». Үш ғасырға жуық уақытта қазақ тарихында небір ауыр кезеңдер болды. Бұл тарихи ыдыс сол кезеңнің куәгері. Әсіресе, Қытайда жүрілген «Мәдениет төңкерісі» сынды алмағайып жылдар да бұндай ескі мұраны сақтап қалу да оңай болмағаны түсінікті. Осы тұрғыдан келгенде Бижамал әжеміздің ерлігіне бас иеміз.
Бұл шаңырақтағы ескі тарихи жәдігердің бірі – жиегі күміспен көмкерілген қайыс белбеу. Мұрал Кәлімұлы ағамыз бұл күміс белдік туралы да егжей-тегжейлі айтып берген еді. «Әкем Кәлім Шағиұлы сексен жасқа келіп өмірден өтті. Әкеміздің бала кезінде ұлы шешеміз Нұрпия деген әжеміз әкеме арғы ұлы бабаларың Қожабергеннен бері жалғасқан асыл мұра деп табыстаған екен. Өздеріңіз білетіндей Қожаберген Абылай ханның тұсындағы үш жүзге белгілі бас батырларының бірі. Біз сол Қожабергеннен байбура руы болып тараламыз. Байбурадан Кенен, Кененнен Торғауыт, Торғауыттан Көштеке, Көштекеден Шағи, Шағидан менің әкем. Осылайша жеті атадан бері жалғасып келе жатқан көне мұраның бірі осы күміс белбеу. Осы белбеуді сексен жыл әкеміз беліне тақты. Әкеден қалған мұраны аталарымыздың рухы қонған, исі мен тері сіңген қастерлі жәдігер ретінде сақтап келе жатқан жайымыз бар. Атажұртқа қоныс аударғанда арнайы ала келгенбіз. Әрқашан төрімізде. Біздің әулетке қатысты ескі әңгіменің көбі осы белбеуден өрбіп, ары қарай тарихи уақиғаларға жалғасып кететіні бар. Қасиеті бөлек нәрсе. Талай ашаршылық, қуғын-сүргін мен «Мәдениет төңкерісінің» зобалаңынан аман шыққан бекзат дүние. Әу баста бұл белбеу мына көргендеріңізден әлдеқайда ұзын, қомақты, күміс шашақтармен шебер безендірілген еді. Жоғарыда айтқан зобалаңдар кезінде талай рет талан-таржыға түсіп, алдарыңызға жетіп отырған түрі осы. Бұл жәдігерлердің тарихы да қазақтың тарихы сияқты ауыр да күрделі».
Қожаберген батырдың ұрпағы Кәлім Шағиұлының шаңырағын ұстап отырған Бижамал әже Жұмыққызы жасынан зерек, құйма құлақ, ескі сөзге ұста, ата салтқа адал, көне өлең-жырларды жатқа білетін зерделі адам екен. Бижамал әжеміз өткен ғасырдың бел ортасынан бастап, қарапайым шаруа адамы бола тұра үзбей күнделік жүргізген, елдің шежіресін, үлкендердің салихалы әңгімесін хатқа түсірген білімді, сауатты адам. Ол кісінің зердесіне тоқылған жырларды хатқа түсіріп алу үшін, таңды-таңға жалғап жазып алудың өзі аздық етердей. Сөз соңында, біздің көңілімізді жықпай, 1954 жыл 14 жасында әкесінің айтуынан құлағына сіңген ескі өлеңнің бір қайрымын айтып беріп еді. Сол жырдан бір үзінді келтіріп, бабалар рухына бағышталған шағын жазбамызды тәмамдасақ дейміз.
Тауасар атам аты Қазыбекке,
Сыйынам қайда жүрсем құдіретке.
Өрбіген ұрпақтарын айта қалсам,
Ғайыптан өспеген ел мазақ етпе.
Атамыз 85 жыл өмір сүрген,
Қызығын бұл пәнидің көзі көрген.
Өтіпті сол атамыз Малтабарда,
Зираты Қабада тұр көзін көрген.
Мекені Мырзекеңнің Қарашілік,
Әдейлеп қасиетін бұрын біліп.
Мешіттің бас жағында орыны бар,
Зиратқа кеткен екен қамыс шығып.
Ергедік, Серенқарағай, Сауыр жақтан,
Алыпты жақсы қоныс мал қыстатып.
Қалбадан келген екен ту басында,
Жер көксеп қарамапты артқы жаққа.
Сауырдың бөктерінде Тұманды бар,
Бидайық жаны жайсаң жылқайдарлар,
Барлығын мекен еткен біздің ата,
Оалрдай сайрандаған қандай жан бар.
Осымен Сауыр жағы тоқталады,
Атамыз енді Алтайға айналады.
Қабаның ар жағында жүрген атам,
Жер салып жақсы қоныс ойланады.
Қабадан өте шыққан Құжыртыға,
Отырсың ғой жамағат сөзді ұға.
Бір жылы мал қыстатып сынамаққа,
Жайлапты Мұздыбұлақ, Жідәлыға.
Қатудан тағы асыпты ары қарай,
Көрінген майса жазық Қатынқарағай.
Егіндібұлақ, Көкасу, Ұзыннауа
Алтайдан мекен алған атам солай.
Дөң шығып Бегалы мен екі Нарын,
Атамыз мекен қылған соның бәрін.
Ен дәулет, иен-тегін жайлымында
Үштентек, Сабырты мен тұрар дәйім.
Биттікөл, Бегалы бар аласың ба?
Алтайдың салқын самал саясында.
Жел сөзге желдей ескен тіл мен жағым
Сөйлемей қоныс жайын қаласың ба?..
Бұл әжеміздің аталарынан ұққан ескі өлеңнің бір қайырымы. Әжеміздің сыр сандығында жатқан аталы сөзді жазып жариялау алдағы уақытта жалғасын табар деген ниеттеміз.