Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы
Бүгін тарихта

Алты Алаштың ардағы

1838
Алты Алаштың ардағы - e-history.kz

Алаштың ардагер азаматтары жайлы ай, апта емес, күн сайын айтылуы тиіс. Неге десеңіз дәл қазір қазақтың алаштан өзге рухан темірқазығы жоқ. Бізде бір жаман ғадет бар. Айтулы тұлғалар жайлы тек сол тұлғаның бәленбайыншы  жылғы даталы мерейтойымен ғана шекетеліп жатамыз. Рас, алашты тану – мұрат болса, алаштық танымға жету – парыз болуы тиіс. Алаш интеллигенциясы  жүз жылда,  я болмаса жүз елу жылда ғана бір айтылатын науқандық шара емес.  Алаш – ұлт барометрі. Алаш әлемінің айтылғанынан ашылмаған сыры әлі көп. Біз төмендегі тәуелсіздіктің алаң-елең шағында (1992 жылы) жарық көрген Қалкен Мәкенбаев есімді автордың Әлімхан Ермековқа қатысты ерекше жазылған мына бір естелігін сол мақсат жолында арнайы жариялап отырмыз. 

 

1917 жылы Сұлтанмахмұт Торайғырұлы Әлімхан Ермековқа жазған арнау өлеңінде бүй дейді:

          Әлімхан Ермек ұлы жас жігіттен,

          Келеді екінші боп бұл ретпен.

          Қазақта мұндай жігіт көрмедім, - деп,

          Ардақтың қарт Потанин лепес еткен,

          Ақ жүрек, алғыр ойлы, адал жан деп,

          Тумай жатып жастарға даңқы кеткен.

          Томдағы инженерлік сабағыңда,

          Жетеді бір жылдан соң тамамына.

          Өткізбекші өмірін ілім үстінде,

          Бір түрлі биіктік бар талабында...

Әлімхан Әбеу ұлы Ермеков 1891 жылы Ақтоғай ауданы, Қызыларай мекені, Бөрік тас деген жерде дүниеге келген. Әкесі Әбеу халқына қадірлі, озық ойлы, орысша сауаты бар, өз дәуіріндегі зиялылардың бірі болған. Әбеу 1911 жылы қайтыс болған. Әлімхан 1899 Қарқаралыдағы қалалық училищеге оқуға түседі. Мектеп қабырғасында зейінді, алғыр екені көрінеді. Мектепті үздік бітірген Әлімханды әкесі 1905 Семейдегі ерлер гимназиясына әкеліп түсіреді. 1912 жылы  Әлімхан Семей гимназиясын алтынмен бітіріп шығады. Сол жылы Том технология институтының тау-кен факультетіне еш конкурссыз қабылданады. Өзінің студенттік кезеңі туралы Әлімхан Ермеков былай деп еске алады. «Сол жылдары Томскіде орыстың озық-ойлы адамдары тұратын еді. Мен солармен таныса бастадым. Орыстың белгілі саяхатшысы, Ш.Уалихановтың досы Г.Н.Потанинмен, сол арқылы орыстың жазушысы В.Я.Шишковпен, В.М.Бахметьевпен, революционер марксист – философ Дволейский,  революционер Бауэрмен танысып, олардың жасырын үйірмелеріне қатыса бастадым. Бірде Г.Н.Потанинді қарындасы биолог ғалым және суретші Клара Уткинаны туған ауылым Қызыларайға ерте ертіп келдім. Потанин ауылға келісімен Аяпберген деген ертекші, әңгімеші қартпен достасып алып, күндіз – түні, соның жанына шықпай қойды». (Білім және еңбек, 1967 ж. №6.13 бет). Аяпберген ақсақал арабша сауатты өз ортасының қадірлі, құрметті адамы болған. Ол кісінің баласы Баттал ақсақалдың бар қағаздарының ішінен төмендегідей өлеңі табылды: 

Өлеңім ертегі мен жырым маржан,

Кезінде Потаниндей ғалым жазған.

Шоқанмен бірге оқып Томскіде,

Шығыстың жұлдызы деп атын қойған.

Достаевский өмірлік болды ғашық,

Шоқандай күн нұрына бұлтсыз ашық,

Екі елдің болашағын бірге ойлап,

Том – том ғып кітаптарын кетті жазып.

Орыстың этнографы Потанині,

Тыңда да Аяпберген деген шалды.

Өлеңін ертегісін жазып алып,

Достасты бірге татып тұз бен нанды. 

  Шоқанның досы Н.М. Ядиренцев атты ғалым, Әлімханның келешегіне қатты әсер еткен. Томдағы кезінде жан – жақты білгір ғалымның еңбектерін үзбей оқып бойына көп сіңірген, үлгі алған.  XX ғасыр басында Н.Ядиренцев, Г.Потанин кадет партиясының позициясына көшеді. Егер Алаш партиясының басшысы болған Әлихан Бөкейхановтың кадет партиясы Орталық комитетінің мүшесі болуы сөзсіз әсерін тигізген. Сондықтанда, Ермековпен қоса Алашорданың қатарында болған (А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, М.Әуезов тағы да өзге) қайраткерлердің көзқарасымен дүниетанымы олар өмір сүрген орта мен сол кезеңнің өмір шындығына сәйкес келеді. Өз халқын жан – тәнімен шексіз сүйген Әлімхан бостандық дабылын естісімен, қалайда қазақ халқын езгіден құтқарып теңдік әперуді ойлады.  1918 жылы сәуірдің екісі күні Әлімхан Ермеков, Алашорда басшысы Әлихан Бөкейханов және Халел Ғаббасов үшеуі  Семейден тікелей байланыс желісі арқылы В.И.Ленинмен және сол кезде ұлт істері Халық комиссары И.Сталинмен сөйлеседі. Бұл туралы КПСС Орталық комитеті жанындағы Марксизм – Ленинизм институты шығарған «В.И.Ленин Биографическая хроника» атты кітапта былай деп жазылған. « Апрель, 2. Ленин вместе с И.В.Сталином ведет переговоры с вызвавшими их к прямому проводу А.Букейхановым, Х.Габбасовым, и А.Ермековым, правительство «Алаш – Орда». /М., 1974 г.т. 5, стр. 352-3/

Ленин мен Сталин телеграмма арқылы төмендегідей жауап қайырған.

« Әр халықтың өз билігін өзіне береміз. Жалғыз-ақ Совет үкіметін танысаңыздар. Қазақтың қамқорлары тезінен комиссиясын жасап, автономиясын жария қылуға асығар деп білеміз » - Ленин, Сталин қол қойған. 

( Ж. Аймауытов, « Абай » журналы, 3-нөмірі). 1918 жылдың майында РСФСР ұлт істері жөніндегі халық комиссариаты жүйесінде қазақ бөлімшесі құрылады. Осы кезде Қазақстанда болашақ Қазақ мемлекеттігін әзірлеу жөнінде қызу жұмыс басталды.  Әлімхан Ермеков Семейдегі революциялық істерге араласады. Терең білімді, алғыр ойлы, таза жанды жас Әлімхан 1920 жыл май айында Семей губревконың атынан Кирвоенревком орталығы Орынборға жіберіледі. Кирвоенревкомның 1920 жылғы 18 майдағы қаулысы бойынша Әлімхан Ермековке № 2043 мандат беріп, « Қазақ өлкесінің жағдайы мен оның шекарасын белгілеу жөнінде» - баяндамау жасау үшін Мәскеуге арнайы жіберіледі. Ендігі сөзді Әлімхан Ермековтың өзіне берейік: 

«Совет әскері Колчакты талқандағаннан кейін үкметтің губерндік органын ұйымдастыру үшін 1919 жылы декабрдің аяғында Омбыдан Семейге Сибревкомның мүшесі Қосарез ( ВЛКСМ Орталық Комитетінің бірінші секретары, белгілі Косаревтың әкесі) келеді. Ол Семейдің жұмысшы аймақтарында қазақ жұмысшылары мен кедейлері қатысқан бірқатар митингтер өткізді. Дала губерния революциялық комитеті мүшелігіне өкіл ретінде кандидат туралы пікірлер талқыланды. Осыдан кейін Қосаревтың ұсынысымен мені губерниялық революциялық комитет құрамына кіргізді. 1919 жылдың июлінде РКП Орталық Комитеті мен Совет өкімті Лениннің инициативасымен Кыргыз ( Қазақ ) өлкесін басқару жөніндегі Әскери революциалық комитетте ұйымдастырылды. Оның түпкілікті құрамы 1919 жылдың 20 декабрінде бекітілді. Председатель Әліби Жангельдин, Сақыпкерей Арғыншиев, Ғұбайдола мен Әлиасқар Әлібековтер, Бақытжан Қаратаев, Ахмет Байтұрсынов, Мұхаммедияр Тұнғашин, Нысанғли Бегімбетов тағы басқалары тағайындалды. 

Семей мен Ақмола губерниялары Қырғыз өлкесін басқаратын Қырғыз (Қазақ) әскери – революциялық комитеті ( Қырғызәскериревком) құрылғанға дейін Сибревкомның қарамағында болды. Осы бір шұғыл мәселені шешу үшін мен 1920 жылдың май айының басында Семей губревкомы арқылы Орынборға аттандым. Бұл сол кезде Қыр әскери ревкомның тұрақ – жайы және енді қаз тұрып ұйымдаса бастаған республиканың уақытша орталығы еді. Орынборда Семей және Ақмола облыстары Қыр әскери ревкомның қарамағына енуі туралы мәселе қаралды. Мұнда талқылаған кезде автономиялық республиканың құрылуы және оның шекарасы, құрамына Қырғыз ( Қазақ ) қазақ өлкесінің барлық облыстарының кіру мәселері көтерілді.

 Мұндай үлкен жұмысты жүргізу үшін қыр әскери ревкомның қаулысы бойынша 1920 жылғы 18 майдағы 2043 мандатпен « Қырғыз ( қазақ ) өлкесі, оның шекарасы мен ерекшеліктері» туралы баяндама жасауға Мәскеуге аттандым. Қыр әскери ревкомның өкілетті коллегиясының председателі болып тағайындалып, әрі ВЦИК президиумның қаулысы бойынша осы комитеттің мүшесі болып бекітілдім. Бұл комитет мүшелерінің қатарына, сондай-ақ Ақмола облысынан  Сәкен Сейфуллин кірді. Мәскеуде төрт ай жүріп мен Қыр әскери ревком мүшелірімен тығыз байланыста болдым. Олардан автономия Республиканың құрылуы мен оның шекарасын анықтау мәселері жөнінде тиісті нұсқаулар алып тұрдым. 

   Мәскеуге келгеннен кейін Ә. Ермеков  В.И. Лениннің төрағалық етуімен болған комиссия мәжілісінде Қазақ автономиялы республикасын құру туралы баяндама жасайды. Ал Түркістан республикалары жайлы оның алдына ғана Түрік комиссиясының мүшесі Сафров баяндама жасаған еді. Нақты негіздеуге құрылған оның жан-жақты баяндамасы отаршылдық пен Стольпин реформасы нәтижесінде көшіп-қонудың салдарынан байырғы тұрғындардың ауыр халін ашып берді. Ол өдерінің түпкілікті жерінен айырылып, кулактарға басыбайлы болған қазақ батрақтарының теңсіздігіне баса назар аударды. Ол тез арада кулактарды қуып және олар тартып алған жерлерді бұрынғы иелеріне қайтарып беру үшін жер реформасын жүргізуді талап етті. «Сонда ғана,- деді ол,- байырғы халық еркіндікті қабылдап, ұлы Октябрь революциясының жемістерін жинай алады ».

 Владимир Ильич Ленин оның бұл ойын қуаттады. Содан кейін көп ұзамай Түркстан бойынша О. Жандосовтың қатысуымен жер реформасы жүргізілді.

   Баяндамаға кіріспей тұрып, ұлы Октябрь революциясы көсемінің алдында қатты толқыдым. Бірақ оның қарапайымдылығы, мейірімділігі, кіші халықтарға деген ерекше қамқорлығы маған жаймашуақ әсер етті. Баяндама кезінде мені оның ширақтығы, ойының өткірлігі, баяндамашыны әділ де батыл қолдауы бей-жай қалдырмады. Жаңа мәселелер жөнінде оның талдауы мен бойлай енуі таңқаларлық еді. Ол менің баяндамама қатты қызығушылық пиғыл көрсеттіүмкін болатын қателіктерден сақтандырып мұқият тыңдады, ал әділ шешімді талап ететін керекті жағдайларды батыл сүйемелдеді. Владимир Ильич тек тыңдап, талдап қана қоймай, әрі пікір айтып, бүкіл баяндама бойы белсенді күйде болды. Сөйтіп маған ұмытылмас әсер қалдырды.  Енді Владимир Ильичтың шиеленіскен мәселелерді дұрыс шешуге қатысып, көмегі туралы жеке-жеке эпизодтарға тоқталайын. Мен өзімнің баяндамама негізінен Қазақстандағы шекараны анықтауда үлкен маңызы бар күрделі де шиеленіскен жер мәселесіне тоқталдым. Бұл мәселелер Лениннің көзі тірісінде шешілген болатұғын, сондықтан да қазір тарихи-анықтамалық сипат алады. Патшалық Россия кезінде қазақ жұртының иелігінен өзен, көл жағалауында, орман алқабында орналасқан қара топырақты жерлер тартып алынған. Мұндай әпербақандық помещиктер құқын жоқтайтын Столыпиндік реформадан кейін тіпті өрістеп кетті. Ол Мемлекеттік Дума мінбесінен, «қырғыз даласын игеру» керек деп патшалық саясаттың тірегі болды, сөйтіп жергілікті  тұрғындарды ойламай Қазақстан мен Түркстанда кулақтық шаруашылықтың қанат жаюына бар күшін салған еді. Мұнда Каспий жағалауы туралы мәселелер өткір пікірталастар тудырды. Ал жергілікті тұрғындардың жер туралы мәселесін тіпті қараған жоқ болатын.  Ертістің он шақырым сол жақ беті 1904 жылғы орыс-жапон соғысы алдында сенат үкіметінің қаулысымен сібір Қазақтарының иелігіне берілген. Ал қазақ елі бұл жерден айырылып, оның үстіне жайылымдарда мал бағу үшін орыс кулактарына орасан зор қаржы төлеп, тез арада кедейлікке ұшырады. Сөйтіп олар әрбір қазақ семьясына қызмет ететін үй шаруасындағы жұмысшы ретінде батрақтарға айналды. Архивтерден қазақ кісісін жерлеу үшін жерге 18-20 сом алтын төлегені белгілі. Мен баяндамам да осы он шақырымдық жерді халқы ежелден иелегендіктен өздеріне қайтарып беру туралы ұсыныс жасадым. Ал Каспий теңізінің солтүстік жағалауы салық жинайтын жер болып жарияланғанымен, патша үкіметі қазақ тұрғындарын иеленген жерлерінен көшірте алмады. Себебі, Каспийдің солтүстік жағына қарай «Рың құмдары » деп аталатын құм бұйраттары созылып жатыр. Экономиканың қатал заңы тұрғындарды Каспий теңізінің жағалауына қуды. Онда олар балық аулаумен шұғылданып, кемелерде жұмысшы болып күн көру мүмкіндігіне ие болды. Баяндаманың соңында қазақтарға иеленіп келген жерлері өздеріне қайтарылып және жергілікті қазақ пен отырықшылданған орыс тұрғындары орынығып біткенше Россиядан қоныс аударуды тоқтатқан жөн деген ұсыныс жасадым. Осы жерде Владимир Ильич менің сөзімді бөліп «Қызық екен, орталықтағы жолдас, біздің ЦК-ның мүшесі Сафаров Түркістаннан барлық кулак шаруашылығын көшіріп жіберу керек десе, бұл қалай ? Мен мұндай пікірлерді күтпеп едім деп, күмілжіп қалдым. Бірақ мен Сафаровтың Түркістанның жағдайын көбірек білетіні, ол сол жерде көп болғаны туралы айттым. Ол Қазақстанның жағдайында ондай ұсыныстан бас тарту керек дедім. Және де өз ұсынысымның негізі ретінде солтүстік аймақтардағы қазақ пен орыс тұрғындарының сан жағынан ара қатынасы жайлы статистикалық мәліметтер келтірдім. Орыс тұрғындарын көшіріп жібереміз деген шешімнің орындалуы мүмкіндігіне сенбеймін, себебі ұлттар арасында алауыздық туу қаупі бар дедім. Сонда Владимир Ильич « ендеше ойлану керек » - деді. Енді он километрлік тұтас жер туралы біраз мәселелерде қамтып айтсам да Владимир Ильич тағыда қосымша айтарыңыз бар ма? – деп деп сұрады. Сонда мен жастардың атынан ( ол кезде мен 29 жаста едім ) жерде өңдеу және шөп шабуға арналған ауыл шаруашылығы машиналарымен коммуналарын ұйымдастырса деген тілек айттым. Владимир Ильич қолын сермеп: « Керегі жоқ, керегі жоқ. Біз тіпті ауыл шаруашылығы коммуналары жайлы Орталық Россияда ойластырғамыз жоқ » – деді.  Комиссияның мәжілісінде біздің Республиканың анықтау кезінде Каспий теңізінің солтүстік жағалаулары Астарахань губерниясынан қайтарылып, Қазақстан шекарасына кіргізу керектігін айттым. Бұған көптеген адам қарсы болды. Әсіресе Астрахань губерниялық атқару комитетінің преседателі ( фамилиясы есімде жоқ ), Лежава, Брюханов секілді басшылар Каспий балығымен Москва жұртшылығын асырап отырмыз, еліміз азық-түлік қиындығын бастан кешіп отыр, - деді. Бұл мәселеге сөйлегендердің теріс көзқарасы байқаған Владимир Ильич маған бұрылып бұлай деді: « Біздің экономистер жан-жақты талдап, батыл айтқан секілді, ұялмаңыз, өзіңіздің ойыңызды еркін айта беріңіз, енді сөз сізге беріледі. « Мен, - дедім, кеше ғана институтты бітіргенмін, тәжірибелі жастардан үйренуге дайынмын. Бірақ кейбір жолдастардың менің ойыма қарсы болғанына таңым бар. Өйткені, Қазақстан өзінің ұлттық, тұрмыстық ерекшеліктеріне байланысты автономиялық басқарушылықты РСФСР-дің ішінен алады. Біз жағалаудың республиканың шекарасына кіруін мақұлдағанымыз дұрыс сияқты, себебі онда балық шаруашылығымен айналысатын қазақтар мекендеген және де бұл жағалау Қазақстан территориясының ішіне кіріп тұр. Ал егер осы жағалауды тұрғындармен бірге біздің республиканың шекарасына кіргізбесе, біз оларды ұйымдастырып Орталыққа Астрахань губерниясына қарағанда тіптен көп балық жіберер едік». Владимир Ильич Астахань губернияслық атқару комитетінің предсетателіне бұрылып, одан жағалаудағы қазақ және орыс тұрғындарының сан жағынан ара қатынасы қандай деген сұрақ қойды. Председатель статистикалық мәліметтер жоқ дегенге келтіріп, сұрақтан бұлтарғысы келіп еді, Владимир Ильич жағалауды қанша қазақ, қанша орыс бар деп отырғаным жоқ, осы өңірдегі тұрғындардың қайсысы басым деді. Сонда председатель, амалсыздан «қазақтар басым секілді» дегенге сайды. Владимир Ильич мәселе түсінікті болды деп дауысқа салды, сөйтіп менің ұсынысым көпшілік дауыспен қолдау тапты.

1920 жылдың 24 авгусінде Халық Комиссарлар Советінің Қырғыз (қазақ) Автономиялық республикасы туралы декрет жобасының мәселесі жөніндегі мәжіліске баяндамашының бірі ретінде мен де қатыстым. Мәжілістегі атмосфера аса іскерлік жағдайда болды, әрқайсысы өздерінің жауапкершілігін сезініп, қатал тәртіп пен саналылық орнағандай еді. Бұл мәжіліске Владимир Ильичтің өзі қатысып отырды. Мәселе туралы Ұлттар жөніндегі наркомат председателінің орынбасары Каменский баяндама жасады. Ол өзінің жауапкершілігін қатты сезініп, баяндама барысында көп қиналды. Сөйтіп декреттің жобасы тұтас оқылып, РСФСР Халкомсовының мәжілісінде бекітілді. Тиісті қосымшалар мен өзгерістерімен қоса декрет 1920шы жылғы 26 августа бүкіл елге жарияланды. 1920 жылы 23 июннен 7 августке дейін Коминтеринің 11 конгресінің мәжілістері өткен еді. РКП (б) делегациясының құрамына Владимир Ильич Лининнің басқаруымен партия мен үкімет басшылары кірді. Сондай-ақ бұған автономиялық республикалардан да делегаттар келді. Қазақ автономиясын Тұрар Рысқұлов пен Ахмет Байтұрсынов бастап барды. Конгресте Владимир Ильичтің «Егерде алдынғы қатарлы елдердің пролетариаты көмек берсе, әлеуметтік- экономикалық артта қалған елдер капитализмді орағытып социализмге өте алады» деген сөзі маңызды теориялық мәнге ие болды.  Ең алдымен В.И.Лениннің осы конгресте неміс тілінде сөйлегені мені таңқалдырды. Мұнда Үндістан Комунистік партиясының лидері Ройдың өз Отанында ұлттық буржуазиялық демократтық қозғалысты қолдауға қарсы сөйлегені көп пікір талас туғызды. Владимир Ильич Ройдың бұл істерін қате деп тауып, империялизммен күреске бағытталған ұлт-азаттық қозғалысқа пролетарияттың шұғыл түрде көмек көрсетуі туралы батыра айтты. Осындай күйде ағылшын камунисттік партиясының делегаты Квеч те сөйледі. Иә, осы бір қысқа естелігімізді аяқтай келе, мен жас, албырт шағымда Владимир Ильич Ленинмен кездескеніме өзімді бақытты санаймын. Оның шабытты да дана, аса адамгершілікті кейпі жүрегімде мәңгі сақталады...» дейді  алаш ардақтысы Әлімхан Ермеков. В. И. Ленин өзі төрағалық еткен алғашқы мәжілістің аяғында, - деп еске алады Ә. Ермеков «Автономияны құру жөнінде қазір Сталинге барып пікірлесіңдер, онда дайындаған жобасы бар, сонымен танысып, бар ойларыңызды түйістіріңіздер»-деп кеңес берді.

Мәжіліске қатысушылар тегіс үзіліске дәлізге шықтық. Қазақстандық делегация 15-тей адамбыз. Әлихан Бөкейхановты тостық. Әлекең Ленинмен оңаша пікірлесіп, әңгімелесіп қалған болатын. Бір 15-20 минуттен кейін ол кісі де шықты. Біздер сізді Сталинге кіруге тосып тұрмыз,- делінді. Әлихан бәрімізге салқындау қарап: «Сталин не шешер дейсің, оның не ойы, не білімі көлемді емес, қанша бір жетіскен жоба бар дейсің. Онанда өзіміз жеке шешкен дұрыс,- деп жүріп кетті». Біз бәріміз де аңтарылып қалып, Әлекеңе ілесіп Кремльден шығып кеттік. Осы күні ойлаймын, бәлкім кіріп пікірлескеніміз дұрыс болар ма? Мүмкін басқаша шешілер ме,- еді деген ой келеді. Осы мәжілістен кейін бір жеті өткен соң В. И. Ленин Қазақ АССР-ін құру жөніндегі декретке қол қояды. Ленин декретте Халық Комиссарлары Советінің мәжілісінде Каспий жағалауы туралы талқылауда төмендегідей- деп көрсетілген: «Из Астраханской губерни: волости Синеморскую Букеевскую орду и территории бывших казенных оброчных земель прилегающих к 1-му и 2-му приморским округам. Что же касается береговой полосы и волостей Сафроновской, Ганюшинской и Николаевской, то они во всех отношениях, кроме хозяйственной стороны, остаются в полчинении Кирревкома". (В. И. Ленин, О Казахстане, А. 1982г., с. 168).

 Бұл 29 жасар талантты Әлімхан Ермековтың үлкен жеңісі, әрі кең ұлтты Қазақстан алдында сіңірген аса зор тарихи еңбегінің жемісі еді. Қазақ республикасының территориялық шекарасын белгілеуде Әлиағаның жасаған еңбегі тарих алдындағы, қазақ халқының перзенттік парызын абыроймен аяқтағанының айғағы.Осы тарихи декрет жарияланған күні Әлімхан Ермеков Бүкіл россиялық Орталық Атқару Комитеті (ВЦИК) Президиумының қаулысы бойынша Қазақ ревкомының мүшелігіне бекітіледі. «В документальных материалах архивного фонда Всероссийского Центрального Исполнительного Комитета (ВЦИК) в протокольном постановлении Президиума ВЦИК от 25 августа 1920 г. об утвержлении состава Киргизского ревкома значится Ермеков (имя и отчество не указаны). (1235-Қар. 37-тізім, 5-іс. 185-бет)1921 жылы Ермеков туған жері Қарқаралыға екі қабатты мектеп ашады. Қарқаралы - Ұлытау - Баян өлкесінің жастарын өнер-білім алуына ұйтқы болады. Осы оқу орнына Сібірден жер аударылған Петроград - Мәскеу қалаларының білікті ғалымдарын шақырады. Бірінші қабаты қызыл кірпіш, екіншісін ағаштан өргізіп жаңа оқу орнын іске қосады. Соңынан Қарқаралы педагогикалық училищесі осы мекенжайда ашылды. Осы жылдары Әлімхан Ериеков Қызыларай өңірінде (Бұрынғы Қоңырат, қазіргі Ақтоғай ауданының территориясы) бастауыш мектептер ашуға үлкен еңбек сіңіріп, жастардың білім алуына жағдай жасайды. Бұл оқу орнын бітірген көптеген жастар осы өңірде, республика көлемінде халық арасында өнер білім таратып, жауапты қызметтерде болды.   Қарқаралыда бала оқытып, өсіп келе жатқан жас ұрпақты білім нәрімен сусындатып, өзінің сүйікті ісімен айналысып жүрген терең білімді Әлімхан Әбеуұлын Семей губерниялық партия, Совет басшылары бірнеше рет шақырып, жауапты қызметтерге ұсынады. Ә. Ермеков 1925 жылы Семей губерниялық жоспарлау басқармасы председателінің орынбасары болып тағайындалады. Өзінің іскерлігі, білімділігімен көзге түскен жас маман сол жылы Орынбордағы Мемлекеттік жоспарлау комитетінің председателі, әрі өнеркәсіп секциясының бастығы қызметіне жоғарылатылады. Сол жылдары  Қазақ АССР ауылшаруашылығы банкісі басқармасының мүшесі қызметін де қоса атқарады.1926 жылы Әлімхан Ермеков  алтыншы шақырылған Қазақ АССР Орталық Атқару комитетінің мүшелігіне сайланады. 1929  жылы да Ә.Ермеков  жетінші шақырылған  Орталық Атқару комитетінің тағы да мүше болып сайланады. Ермеков Әлімханды Ташкентте 1926 жылы тұңғыш ашылған оқу орны – Қазақ педагогикалық институтына (Қазпедвуз) арнайы шақырылып 1927-1928 жылдары сонда математика пәніне сабақ береді. Институт ректоры Темірбек Жүргеновпен (Темірбек 1927 жылы Әлімханның қарындасы Дәмеш Әмірханқызы Ермековаға үйленеді) Әлиаға өте жақын араласады. Сөз арасында айта кететін жай, 1927 жылы июль айының аяғында Темірбек пен Дәмеш Әмірханқызы Тәшкеннен Қарқаралыға елге келеді. Дәметайдың шешесі Бибіш тәтеден ұлықсат бата алу үшін арнайы келген, Қызыларай тауының баурайындағы Былқылдақ жайлауында , сол кезде оқыған қос жасты халық ерекше қуанышпен қарсы алады. Осы Былқылдақ жайлауының бір ерекше қасиеті,үлкендердің айтуынша, атақты өнер иесі Тәттімбет өзінің үзеңгілес досы Ермек ауылына қонаққа келіп жатып, «Былқылдақ», «Cылқылдақ» күйлерін шығарған. 1913 жылы этнограф ғалым Григорий Потанин екі немересімен келіп киіз үй тіктіріп екі айдай демалған. Том студенті Қаныш Имантайұлы Сәтбаев 1923-1925 жылдары жаз айларында келген. Осы жайлауда 1925 жылы мемлекет қайраткері Нығымет Нұрмақұлы, Зүпнін Ыбырай қызына үйленіп той өткен. Міне, енді екінші мемлекет қайраткері Жүргенов Темірбек пен Дәмеш Әмірханқызының үйлену тойы өткізілді. Былқылдақ жайлауы мен мол сулы қалың көкорай шалғынды, шұрайлы, тұнық сулы жер ұйығы. Ертеде суы мен көліне аққу ұшып келіп, үйрек пен қаздар сыңсып жататын, арқары мен елігі жүздеп жүретін бай өлке болатын. Қандай қасиетті мекен десеңізші.

   Әлімхан мен Темірбектің және тағы басқа қайраткерлердің табандылығының арқасында Қазпедвуз 1928 жылы Алматыға көшіріледі.

   Ә. Ермеков 1928 жылы 1 қыркүйектен бастап Қазақ мемлекеттік университетіне жұмысқа орналасып, осында біріңғай ғылыми-педагогикалық жұмыспен айналысады. 

   1930 жылы Қазақ Мемлекеттік зоотехникалық – малдәрігерлік институты болып қайта құрылғанда Әлімхан Ермеков жаңа институтта профессор міндетін атқарып, кейін кафедра басқарады. Осы кезде жоғары оқу орындары үшін «Ұлы математика курсы» атты іргелі еңбегін жазады. Ермеков Әлімханның алғашқы шәкірттерінің бірі, кейін Қазақ СССР Ғылым академиясының академигі Қажым Жұмалиевтің естелігінде алғашқы көруін былай деп тамаша суреттейді: Сол жағындағы – доцент Ермеков ұзын бойлы, сұлу, денелі, тіптік, ат жақты, қыр мұрынды, қараторы келген, айтарлықтай-ақ кісі екен. Жасы отыз бес, отыз алтылар шамасында. Сол кездің модасымен шашы ұзын, бірақ қылаусыз, мойылдай қап-қара... Алтын пенснесі жарқ-жұрқ етіп, әлде бір әңгімелер айтып профессор Фатовты күлдіріп келеді. Өзі де күледі жәп-жәй күлмейді, сақылдап қатты күледі. Ондай күлкі тек адал адамдарға тән ғой. Бір көргенде-ақ оны ешбір бүкпе сақтамайтын, ағынан жарылатын адам-ау деп қалғандайсың...

Бір кезде алтын пенснесі жарқ-жұрқ етіп, ұмтыла басып «Здравствуйте» - деп әнеукүнгі көрген доцентіміз - Ермеков Әлімханның өзі кіріп келді. Біздер орындарымыздан ұшып тұрып, ізет-білдірдік.

 – Отыра беріңдер!- деді де Әлекең студенттер жайлы өте бір қызық әңгіме айтып, жұртты бір күлдіріп алды. Ол университеттің құрылу тарихы, мәні, түсушілердің алдындағы міндет мақсаттары туралы сөйледі. Сәлден кейін ұзын шашын шалқасынан қайырып тастап, Әлекең орысша есіле жөнелгенде тыңдаушылар аузын ашып, көзін жұмды. Сөз сөйлемдерін қағазға түсіріп, сан рет жөндеп, нақысына келтіріп оқып, әбден жаттап алған адам да тап ондай айта алмас. Құйылып жатқан көркем сөз, сөз емес-ау-ой. Сөйлеп тұрып, сәл кідіреді де не бір үлкен ғалым, не бір философтардың өмірімен байланысты, әрі қысқы, әрі қызықты бір әңгіме айтып, тыңдаушылардың тағы бір күлдіреді. Өстіп ол 20 минуттың ішінде аудиторияны өзіне ертіп, билеп алды. Тыңдаушылар ол адамды әрі  іш тартса, әрі орыс тілінде әдемі, шешен сөйлеудің үлгісін көрді. Оған ешкім сұрау берген жоқ, сәлден соң математикадан ауызша емтихан басталды. (« Жұлдыз », 1968 жыл, № 4, 134 бет).

   Қазақстанның сол кездегі  жаңа астанасы-Алматыда 1930 жылдың 30 май мен 6 июні аралығында VII өлкелік партия конференциясы өтті. Осы конференцияда интеллегенция  атынан Әлімхан Ермеков терең мазмұнды сөз сөйледі. Ол өзінің бар күш-жігерін ғылымға, оқу ағарту ісіне арнайтындығын, республика ғылыми интеллегенциясын осындай игі  істерді жасауға шақырады. Ә.Ермеков Марксизм-ленинизм институтында оқитын партия қызметкерлеріне де сабақ береді.1935 жылдың 1 майында Қазақстандағы тұңғыш техникалық жоғары оқу орны Кен металлургия институтына шақырылады. Онда математика және теориялық механика кафедрасының меңгерушісі профессоры болып сайланады. 1935 жылы Әлімхан Ермеков  көп жыл бойы ізденуінің нәтижесінде "Ұлы матикатика курсы" атты ғылыми еңбегінің бірінші бөлімі шығады.Бұл математика саласында жарыққа шыққан алғашқы еңбек еді.

   1935 жылы қараша айында Г.М. Кржижановскийдің төрағалық етуімен өткен Жоғары аттестациялық комиссияда Ә. Ермеков профессор атағын қорғайды. Сөйтіп Әлімхан Ермеков қазақ халқының зиялы ұлдарының ішінде тұңғыш рет математика профессоры ғылыми атағына ие болады. 1936 жылы Әлімханның ұсынысы бойынша Кен институтының бірінші,екінші курс студенттеріне арналған жалпытехникалық факультет ұйымдастырылады. Бұл факультетте ауыл мектебінен келген қазақ жастарына жоғары математика,физика,теориялық механика, химия және жоғары курстарда өтетін арнайы пәндердің негізі оқытылды. Ауыл жастарының орыс тілін жетік меңгермегендігі ескеріліп,сабақ негізінен қазақ тілінде жүргізілді. Ә.Ермеков негізін салған техникалық білім беру саласындағы қазақ-орыс қостілділігі тәжірибесі 1937 жылдан кейін жабылып қалды. Тек қана елу жыл өткеннен кейін, профессор Ермековтың бастаған тәжірибесі қазақ тілін қолдану аясын ұлғайтып, соңғы екі жылда жоғары техникалық оқу жүйелерінде жүзеге аса бастады. Тек қана елу жыл өткеннен кейін профессор Ермековтың бастаған тәжірибесі қазақ тілін қолдану аясын ұлғайтып,соңғы екі жылда жоғары техникалық оқу жүйелерінде жүзеге аса бастады.1936 жылы өзінің ұстаздық тәжірибесіне сүйене отырып,ғылыми негізде «Қазақ тілінің математика терминдері» атты түсіндірме сөздігін бастырады. Кейінгі жылдарда жарық көрген қазақ тіліндегі математика оқулықтарында бұл еңбектің аты аталмаса да, профессор Ермеков қалыптастырған терминдер кеңінен пайдаланылып келеді.

   Осы тау-кен институтында ғылыми қызмет атқарған қысқа да, қызықты кезеңдерін Әлімхан Ермеков  өте ілтипатпен еске ататын. Алғашқы институт директоры А. Бүркітбаев жөнінде қайрат-жігерге толы, ойлы-іскер, жалындап тұрған жас еді дейді. Өзімен бірге қызметтес болған профессор Глазуновский В.А. Ключанский , Г.В. Юрьев М.В. Воловик,  Бутов, Рыжов П.А туралы жоғары пікірде болатын. Ал студенттер арасында В.Шарипов, Ө.Байқоңыров, А.С Көлебаев, Н.И Харитонов, А.Д Сцыпин, Ш.Ибраев, Волков, Бралин,Ақыжанов, Әбішев, М.Г Мильграмм, С.А Карамуллин және басқаларын зейінді,алғыр,келешектері мол болатын еді дейді .Әлімхан Ермеков осы институтта 1937 жылдың 1 қыркүйегіне  дейін еңбек етті. 1937 жылы жылы халық басына қаратүнек орнады. Әлімханның ежелгі достары Санжар Аспандияров, Құдайберген Жұбановтар "халық жауы" болып ұсталып кетті. Қазақстанның көрнекті  қайраткері, оқу-ағарту халық комиссары Темірбек Жүргенов те халық жауы ретінде ұсталады.

   Темірбек қарындасы Дәмештің жұбайы. Ендігілері аман қала ма деген оймен Әлімхан Алматыны тастап, 1938 жылдың қаңтарында Мәскеуге келеді. Оны РСФСР Мемлекеттік Жопарлау комитетінің оқу орындары басқармасынан Куйбышев қаласының Жоспарлау институтына жолдама алады.

   Ә. Ермеков 1938 жылдың 3 ақпанынан 17 наурызына дейінгі аралықта Куйбышев қаласындағы жоспарлау институтының математика кафедрасының меңгерушісі болып істеді (Институт архиві, 3573-қар. 2-тізім, 3-4 бет). 

Сол кездегі жағымпаз-жендеттер қоймай арызданып Ә. Ермековті қаматады. 

Ә. Ермеков жабылған жаладан үзілді-кесілді бас тартып бірінші мамырдан 17-шілдеге дейін жоғары жаққа алты рет арыз жолдап, әділдікті талап етеді.

   1939 жылы 28 ақпан күні НКВД-ның әскери трибуналы Ермековты РСФСР Қылмысты істер кодексінің 49 және 58-1а статьясы бойынша 10 жылға бас еркінен айырады. Профессор Ермековке тағылған айыптар бірін-бір жоққа шығаратын, шындыққа мүлде жанаспайтын, ойдан шығарылған жала болатын.

   Ә. Ермеков түрмеде жүргенде заңсыздық жаламен жабылғандығын дәлелдеп арыздануын тоқтатпады. Соның әсері болуы керек, 1947 жылдың басында түрмеден босап шықты. Толық ақталып түрмеден шығысымен Ә. Ермеков тікелей Москваға бір-ақ тартады.  Әлімхан Ермеков терең білімділігі мен ғылымға деген ерекше қабілетін ертеден білетін СССР Жоғарғы оқу орындары Министрлігіндегі оқымыстылардың айтуымен Шымкент технологиялық институтына жолдама береді. 1947 жылдың 15 тамызында Шымкент технологиялық институты математика кафедрасының меңгерушісі болып, ұстаздығын қайта бастайды.Амал нешік, тағдыр тауқыметінің көп азабын бастан кешкен Әлімхан Әбеуұлы  НКВД түрмесіне қайта жабылады.1955 жылы 7 мартта СССР Бас прокурорының қаулысы бойынша Ә. Ермеков мерзімнен бұрын түрмеден босатылады. 1957 жылдың 26 ноябрінде толық ақталады

СССР Жоғарғы Сотының анықтамасында былай деп жазылған болатын:

   "Приговор Военного трибунала пограничных и внутренних войск НКВД Казахской ССР от 28 февраля 1939 года и определение Военной коллегии Верховного Суда СССР от 11 сентября 1939 года в отношении Ермекова Алимхана Абеуовича по вновь открывшимся состава преступления. Председательсвующий Судного состава Военной коллегии Верховного Суда СССР полковник юстиции Цырлинский". 

Осыдан кейін Ә. Ермеков қайыра  қоныс аударып Қарағанды қаласында тұрақтады. Қарағанды тау-кен институтына мұғалімдікке орналасады.

1958 жылдың 28 мартында Қазақ ССР Жоғарғы Сотынан хабарлама келді. Онда: "Уголовное дело по обиннению Ермекова Алимхана рассмотрено судебной коллегией по уголовным делам Верховного Суда КазССР 28 февраля 1958 года. Постановление бывшей тройки при ПП ОГПУ в Казахстане от 20 апреля 1932 года в отношении Ермекова Алимхана отменено в дело производством прекращено за отсутствием состава преступления.

Зам. председателя Верховного Суда КазССР Королькова - деп қол қойылып, Жоғарғы Соттың гербілі мөрі басылған.

Сөйтіп Әлімхан Ермеков зұлымдықтың жаласы жабылған қара дақтан 28 жылда зорға айығып ақталады. Ол кісіні білетін жақын достары, туысқандары Әлімханың  халқына деген ақтығына берік сенуші еді. Міне жарқырап, жақсылықтың да күні шықты. Бұл күнге жете алмай қанша зиялылар қара түнектің құрбаны болды емес пе? 

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?