Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы
Бүгін тарихта

Мұнай мен газ өндірісі – ел экономкасының локомотиві

2881
Мұнай  мен газ өндірісі – ел экономкасының локомотиві - e-history.kz

Сурет: ritmeurasia.org

Қазіргі әлемді мұнай мен газсыз елестету – қиынның қиыны. Көліктерді қозғалысқа енгізетін жағар және жанармайлар, электр оқшаулағыш заттар, ерітінділер, мұнайхимиялық тоып жатқан қсопалар, косметикалық өнімдер, т.б. Мұнай – адамзат қоғамының қозғалтқыш күші десек те болады. Мұнай өндіру, өңдеу, оны тасымалдап сату, мұнай-газ кенорындарына деген қзығушылық, осы бір шексіз табиғат ресурсының тұтқасын ұстау жолында туындайтын текетірестер – мұның бәрі де мұнайға қатысты. 

Мұнай жоқ елдің мұнайы көп елге кіріптарлығына қоса, «Мұнайлы елдің мұңы көп» дейтін айтылым да барлығы рас. Мұнай мен газға келгенде, жер аумағы жағынан әлемдегі үздік ондыққа енетін Қазақстанның да өзіндік орны бар. Жерінің кеңдігі оның қойнауындағы мұнай мен газдың қоры мол болуына кепілдік беремйді дегенімізбен Қазақстанның бұл тұрғыда бәсі жоғары. Қазақ жерінде мұнайдың да, газдың да қоры жетерлік. Қазақстан мұнай өндіру бойынша әлемдік рейтингте он бірінші орынға ие және геолог ғалымдардың болжауынша алдағы кезеңде бұл сан ілгері қарай өсудің, яғни алғашқы ондықтың бел ортасына енудің мүмкіндігі өте зор. Қазақстан – мұнай өндіруші мемлекет. Газ өндірісі де біршама жақсы дамып келе жатыр. Қазақ жері, қазақ халқы мұнай өндірісінен өз үлесін кейінгі үш ғасыр бойы аоып келе жатыр. 

Мұнай деген сөздің өзі қашан пайда болғанын тап басып айту қиын. Ертеден бері адамзат өмірінде өзіндік орны бар бұл органикалық сұйықтықты қазақтар ежелден түрлі ауруларға қарсы емге, от жағу кезінде тамызыққа пайдаланып келген. Ал Қазақстандағы алғашқы мұнай өнеркәсібі сонау XIX ғасырдың аяғынан бастап қалыптаса бастаған екен. Бұған Каспий теңізі аумағындағы мұнай өнеркәсібінің қарқынды дами бастағаны себеп болған. 

Каспий теңізінің батыс бөлігіндегі әзербайжан жері – әлемдегі ең алғашқы мұнай өндірушілердің қатарынан саналады. Соның ішінде Баку қаласы маңы, Апшерон түбегі соңғы үш ғасыр жүзінде дүниежүзіне әйгілі болды. Каспий теңізі алабындағы мұнайдың мол қорына әлемдік алпауыттар ХІХ ғасырдың екінші жартысынан-ақ көз тігіп, оны игеріп пайдасын көру үшін мол қаржы сала бастаған. Солардың қатарында ағайынды Альфред, Людвиг, Роберт Нобельдер де бар болатын. Олар Каспий мұнайына алғаш ұңғыма салған шетелдік компания болды. «Nobel Brothers» компаниясы Баку қаласының маңынан бірнеше мұнай алқаптарын алып иеленумен қатар, шағын керосин зауытын салып, өз жұмысын бастайды. Жұмысы жүріп, тасы өрге домалаған ағайындылар Каспий теңізінің өзге нүктелерінде де мұнай ұңғымаларын орната бастайды. Қара теңізде жалға алған жерінде мұнай өңдеу зауытына арналған көпір салып, күкірт қышқылы зауытын, мыс, шойын балқыту зауыттары мен кеме құрастыру зауытын іске қосады. 

Нобельдердің өндірген мұнай өнімдері пойызбен кемемен күллі Ресейге таратылып жатты. Олардың мұнай өнімдерінің логтипі Әзербайжанның көне қаласы Сураханадағы отқа табынушылар ғибадатханасы болумен қатар, мұнай кемелерінің атауын да Зороастра, Мұхаммед, Будда, Брахма, Сократ, Спиноза, Дарвин деп, көрнекті діни жәні философ тұлғалардың атымен атауының өзі де әлемдік діндер мен олардың әдет-ғұрыптарын құрметтеуге деген ұмтылыс болған. Нобельдердің Ресей империясы аумағындағы бизнесі біршама жылдар бойы гүлденіп дамиды. Ақыры 1918 жылы Нобельдер отбасы өздерінің барлық активтерін большевиктерге қалдырып, Стокгольмге біржола кетіп қалады. Ұлы күйзеліс жылдары Нобельдердің мұнай компаниясы Нью-Джерсидегі «Standard Oilға» сатылады. Бұл компанияның иесі Людвиг Нобельдің кенже ұлы Гест еді. Қазіргі күні әлемге әйгілі Нобель сыйлығының біршама бөлігі осы мұнай саудасынан түскен кірістен құралатындығы белгілі. 

Мұнай мен газ өнеркәсібін – бір ұшақтың қос моторы тәрізді, қанаттас құрылым деуге болады. Қазақ жері мұнай мен газға бай болғандықтан да, мемлекетіміздің отын өнеркәсібінде, сондай-ақ бюджеттік қазынан толтыруда мұнай мен газ жетекші рөл  атқарады. Сонымен қатар мұнай мен газ – біздің мемелкетіміздің негізгі стратегиялық шикізат көзі. Жалпы алғанда мұнайдан сан жүздеген өнім түрлері алынады. Олардың ішіндегі ең қажетті, маңызды өнімдердің қатарында автокөліктерге арналған отын және химия өнеркәсібіндегі полимер материалдарының негізгі шикізаттарын атауға болады. Оларсыз қазіргі әлемнің тыныс-тіршілігін елестетудің өзі қиын.

Қазақ жері – мұнайға бай. Әзірге дейін ашылған, барланған нәтиже бойынша мұнай мен газдың молынан шоғырланған жерлері Қазақстанның оңтүстігі мен батысы. Бұл өңірлердегі Қарашығанақ, Теңіз, Өзен, Ембі, Торғай ойпаты т.б. атаулар  күллі әлемнің мұнайшыларына таныс деуге болады.

Қазақ даласының батыс, оңтүстік батыс, шығыс бөліктерінде мұнай өнеркәсібі әр кезеңдерде қалыптастып дамып келді. Алдағы кезеңдерде солтүстік өңірлерден де мұнайдың мол қоры табылып, мұнда да мұнай ұңғымалары самаладай тізіліп өнім беріп жатуы әбден мүмкін. Мұнайшылықты атадан балаға, немереден шөбереге мирас қылған ондаған мұнайшылар династиясы туып қалыптасты. Сонымен бірге мұнайшылардың өмірі туралы сан ондаған туындылар жазылды. Аса көрнекті әдебиеттанушы ғалым, академик Зейнолла Қабдоловтың мұнайшылар өміріне қатысты екі томдық туындысында екі дәуірдің суреті бар.

Каспий теңізінің солтүстігінде Қазақстанның тарихында бұрын соңды болмаған Солтүстік-Каспий жобасы ондаған жылдар бойы жүзеге асырылуда. Бұл жобаның негізгі мақсаты: мұнай және газ кеніштерін барлау және Қашағанды игеру болып табылады. Мұндағы теңіз акваториясының жалпы барланатын ауданы 5600 шаршы шақырым. Осыншама аудандағы көмірсутек қорларын барлау, ұңғымалар бұрғылау жұмысы жоспарланды. Ұңғыны бұрғылау жасанды аралдар арқылы іске асырылуда. Мұнай және газ қабаты орналасқан тереңдік 4300 м екендігін ескерсек, бұл жобаның қаншалықты күрделі екендігі түсінікті болады. Жобаны іске асыруға «Аджип» (Италия), «Бритиш Газ» (Ұлыбритания), «Би-Пи/Статойл» (Ұлыбритания/Норвегия), «Мобил» (АҚШ), «Шелл» (Нидерландтар) және «Тоталь» (Франция) т.б. мұнай саласында өзіндік орны бар алып компаниялар атсалысып келеді. 1997 жылы қараша айында ҚР мен халықаралық консорциум арасында Солтүстік Каспий алабынан өндірілетін өнімді бөлу туралы келісім (СКӨБК) жасалып, қол қойылған болатын. Осы жұмыстардың алғашқы нәтижесі – Қашаған кен орны болды. Каспий теңізінің қазақстандық бөлігінің солтүстік аумағында орналасқан «Қашаған кенорнының жалпы көлемі – 75Х45 шақырым алаңды алып жатыр. Мұндағы болжанған геологиялық мұнай қорының көлемі – 4,5 млрд. Тонна.

«Қашаған» кенорнынан мұнай өндіру үдерісі 2013 жылдың 11 қыркүйегінде басталды. Алайда газ құбырында газдың жылыстау жағдайы анықталуына байланысты өндіру тоқтатылды. Біршама жылдар бойы күрделі үдерістерді жүзеге аысрғаннан кейін, 2016 жылдың бірінші қарашасында Қашағандағы көмірсутекті шикізатты коммерциялық деңгейде өндіру жолға қойылып, тәулігіне 75 мың баррельге дейін мұнай өндіру қуаты игерілді. Кезең-кезеңмен өндірістік нысандар мен олардағы өндіру құрылығыларын орнатып, жетілдірудің арқасында қазіргі күні мұнай өндіру көлемі тәулігіне 350 мың баррельге жетіп отыр. Бұл – консорциум үшін де, еліміздің бюджет қазынансын нығайту үшін де маңызды өндірістік үдерісі болып отыр. 

Дүние жүзіндегі ең ірі газконденсат кенішінің бірі болып саналатын «Қарашығанақ» кенішінің қоры жалпы  1,2 млрд т сұйық көмір сутегі және 1,3 трлн мгаз  деп болжанған. Қарашығанақ кен орны теңізде орналасқандықтан, одан мұнай өндіру – күрделі технологиялық әдістерді қажет етеді. Себебі, табаны тұз тұнбаларынан тұратын кен орнындағы мұнайды өндіру біршама қиын. Оның тереңдігі 4-6 км болғанымен, ондағы қысым өте жоғары болып келеді. Оны өндіру үшін қолданылатын құрал-жабдықтар мұнай құрамында күкіртті сутектің көп болуынан тез жарамсыз болып қалады. 

Отандық кенорындарда өндірілген мұнай республикамыздың әр түрлі аймақтарындағы өңдеу кәсіпорындарында пайдаланады және экспортқа шығарылады. Өндіріс ауданынан тікелей тұтынушыға теміржол арқылы цистернада және Каспий теңізі арқылы алып танкермен тасымалданады. Бірақ қазақстандық мұнайдың негізгі бөлігі құбыр арқылы тасымалданады. Мұнай тасымалдаудағы құбырдың рөлі өте тиімді болғандықтан жыл өткен сайын оның үлесі арта түсуде. Құбырдың мұнайды өткізу мүмкіншілігі өзгелеріне қарағанда біршама жоғары. Атап айтқанда диаметрі 83 см құбыр жылына 20 млн тонна өткізе алады. Сонымен құбырмен мұнай айдау – өрт қауіпсіздігі тұрғысында да да қолайлы. Осыған орай Қазақстанда магистарльды мұнай құбырлары көптеп салынды. 

Қазақстандағы магистральды мұнай құбырының ұзындығы 7000 шақырымнан асады. Олардың ішіндегі ең ірілері: Атырау-Новороссийск, Атасу-Алашаңкай, Атырау-Самара, Атырау-Орск, Омбы-Павлодар-Шымкент-Чарджоу, Қарашығанақ-Атырау. 

Мұнай мен газ – табиғатынан улы заттар болғандықтан қоршаған ортаға, әсіресе жер бетіндегі тірі ағазаларға үлкен зиян шектіре алатын зардапқа ие. Соның ішінде адам денсаулығына мұнайдың тигізетін зияны орасан. Сондықтан да мұнай мен газды өндірген, өңдеген, тасымалдаған кезде тиісті қауіпсіздік шараларын қатаң ескеру талап етіледі. Бұл талаптарды ескере отырып орындаған жағдайда қауіп біршама сейіледі. Дегенмен әлемде, оның ішінде біздің елімізде мұнай мен газдың, олардан алынатын өнімдердің әсерінен туындайтын қолайсыз жағдайлардың деңгейі азаймай отыр. 

Мұнай мен газды өндіру кезінде және мұнай өнімдерін тасымалдау, қолдану барысында топырақ пен атмосфера, флора мен фауна үлкен көлемде зардапқа ұшырайды. Әсіресе мұнай мен газды өндірген кездегі және құбырда болған апатты жағдай аса қауіпті. Осындай апаттардың салдарынан ауаға орасан мол мөлшерде газ бөлініп шығады және мұнай төгілген кезде көптеген жердің немесе судың ластануына, техногендік ірі апаттарға алып келеді. Сондай-ақ мұнайды жаппай өндіру барысында ілеспе газды жағу кезінде атмосфера қабаттарына улы заттар көптеп тарап, аумақтың экологиялық ахуалын төмендетеді. Мұнайды танкермен теңіз арқылы тасу және көп жылдар бойы мұнай өндірілген ескі өндіріс орындарының су астында қалуы сияқты себептерден де Каспий теңізінің аумағы жыл өткен сайын ластануда. Өсімдіктер мен құстар әлемінің поуляциясы жыл өткен сайын азайып, итбалықтар тәрізді су жануарлары, балықтар көптеп қырылуы – осының салдары. Көмірсутек қорларын жер қойнауынан шамадан тыс игерудің салдарынан Жер шарында жасанды жер сілкіністері де пайда болады Мұнай мен газ өнеркәсібінің қоршаған табиғат пен адам денсаулығына қолайсыз әсер етуін азайту мақсатында әрқашан табиғатты сақтау технологиясын қолданып отыру міндеттеледі. Мұнай өндіруші компанияларға ілеспе газды бейберекет жағуға тыйым салынды. Сондай-ақ мұнайды бұрғылау орындарын су басып кетпеу үшін арнайы қорғаныш дамбалар тұрғызылу талаптары қойылады. Сонымен қатар мұнай мен газ өндіретін және өңдейтін аудандарға тым жақын орналасқан елді мекендердегі адамдарды өзге өңірлерге, яғни денсаулығына қолайлы жерлерге көшіру талабы да жүзеге асырылып отыруы тиіс.

Қазақстанның экономикалық әлеуетін құрылымдаудағы локмотив – отын энергетикасы десек, оның ішіндегі мұнай мен газ өндіру – нағыз флагманы. Мұнай мен газдың әлемдік, отандық отын-энергетикалық сегменттегі маңызы әлі де біршама жылдар бойы кемімейтіні сөзсіз. Дегенмен, ғылым мен техника, технология алға жылжыған сайын энергетикалық қуат көздерінің баламалары көбейіп келеді. Алдағы күндерде Еуропа мен АҚШ-та, әлемнің өзге де дамыған елдерінде іштен жанатын қозғалтықы бар автомобильдер мүлде пайдаланылмайтын болады. Бұл дегеніміз – бензин мен дизель отынын, керосинд т.б. мұнай өнімдерін пайдалану күрт құлдырайды, біртіндеп әлем халқы осы үрдіске көшеді деген сөз. 

Суреттер: ғаламтор бетінен

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?