Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы
Бүгін тарихта

Қазақстандағы еңбекпен түзету лагерьлерінің құрылып даму тарихы

1616
Қазақстандағы еңбекпен түзету лагерьлерінің  құрылып даму тарихы - e-history.kz

Сурет: egemen.kz

Адамзат баласының ең қатерлі құндылығының бірі – бостандық. Бір-ақ рет берілетін ғұмырын еркіндікте, бостандықта өткізу – әрбір саналы адамның дарық дүниедегі аңсар мақсаты. Бас бостандығы мемлекеттің, халықралық ұйымдардың негізгі заңдарымен кепілдендіріледі десек те, тарихи дәуірлер барысында адамдардың жаппай жазалау науқанының құрбандығына айналып, жазықсыз жапа шегіп жататын мысалдары көп. Саналы түрде қылмыс жасап, жеке адамның немесе тұтас қоғамның өміріне қауіп төндіріп, зиян шектірушілермен күресу, ел ішіндегі тыныштық пен тәртіпті сақтау – қай дәуірде болмасын өзекті болып келген. Мұндайды қазақ «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман» деп атайды. Бір мемлекеттің, оған көршілес елдердің, немесе дүниежүзінің мамыражай тыныш өмірін астаң-кестең ететін жағдайлар билік тізгінін ұстаушы жеке адамның немесе саяси топтың өз дәуіріндегі ел басқару ұстанымына қатысты туындап отырғанына мысалдар көп. Солардың бірі де бірегей мысалы – марксизм-ленинизм идеясын жүзеге асыру үшін небір белден басушылыққа барып, Кеңес Одағының орасан көп санды халқын саяси-қуғын-сүргіннің құрбанына айналдырған И.В.Сталин тұсындағы казармалық социализм болды.

Аталған жүйенің қашан құрылып, өзінің апогейіне жектендігі туралы қарастырудың маңызы зор. Себебі, кез келген құбылыс немесе өзге де ұдерістер бірден қалыптаса қалмайтыны белгілі. Қазақстан жеріндегі бас бостандығынан айырылғандарды оқшаулау жүйесі Патшалық Ресей мен одан кейін оның орнын басқан РСФСР (кейіннен КСРО)бас бостандығынан айырылғандардың жазасын орындату нормаларына сәйкес жүзеге асырылып келді. Сондықтан да өткен ғасырдың отызыншы жылдарына дейінгі уақыттағы аталған тақырыпты қарастыруда РСФСР заңнамалары мен кодекстері мысалға алынады.

 

Бас бостандығынан айыру түрінде жазаларды орындау нормалары жүйесіне жататын алғашқы құқықтық актілер қатарына РСФСР Әділет халық комиссариатының 1918 жылғы 23 шілдедегі «Жазалау ретінде бас бостандығынан айыру туралы және оларды өтеу тәртібі туралы» Уақытша нұсқауы шыққан болатын. Аталған Уақытша нұсқаудың көрсетілген бабы бойынша, 1917 жылға дейін әрекет еткен «Жер аударылғандарды күзетпен ұстап тұру туралы мамзұндағы Уставтың күші жойылды, оның негізгі ең алдымен жоғарыда көрсетілген, таптар тізіміндегілердің жеңілдіктері мен артықшылықтарын жою арқылы, еңбекшілермен теңестіріп, тұтқындардың тепе-теңдігі принципін қалпына келтіруге бағытталған болатын. Уақытша нұсқауға сәйкес, еңбекке жарамды, бас бостандығынан айрылған барлық тұлғалар міндетті түрде дене еңбегіне тартылуы тиіс болды.

 

В.И.Ленин бастаған большевиктер партиясы қарсыластарын қарудың күшімен еңсеріп, билікке келе салысымен тұтқындарды еңбекке жұмылдырудың жаңа ережелерін түзіп іс-әрекетке жегудің заңнамалық тетігін жүзеге асыра бастады. Белгілі бір жағдайда біршама маңыздылыққа ие, яғни тұтқындарды еңбекпен түзеу арқылы қоғамдық пайдалы еңбекке жегу дұрыс болғанымен, ақырында бұл саяси сипаты басым мәжбүрлі еңбекке айналып кетті. 

 

Қазан төңкерісінен кейінгі алғашқы жылдары-ақ осындай, бас бостандығынан айырылғандардың жазасын өтеу үшін, тұтқындардың еңбегін тиімді ұйымдастыруға арналған мекеменің сол дәуірге лайықты формасын іздеу басталғандығын жұмыс күшіне деген сұраныспен де түсіндіруге болады. Большевиктік реформаторлар мұндай мекеменің болашақ сұлбасын егін шаруашылығы колонияларынан көрді. Яғни уақытша нұсқауды құрушылардың ойынша аграрлық Россиядағы егін шаруашылығымен шұғылданатын, қаратопырақты өңірлерге тегін жұмыс күшін бағыттай отырып, осыған тұтқындардың еңбек процесін  жұмылдыру арқылы алға қойылған міндетті барынша толық орындауға болады деген болжам есептер жасалды.

Кеңестік мемлекеттегі саяси сенімсіздерді жазалау мақсаттарын жүзеге асыруға мүмкіндік тудырған алғашқы құжаттарының бірі – КСРО Әділет халық комиссариатының 1918 жылғы 30 қаңтардағы «Түрмелік жұмыс командалары» туралы қаулысы болды. Бұл құжат бойынша түрмеде жұмыс істейтіндерді еңбекке жегу қуғын-сүргін сипатында емес, мемлекетке қажетті, жұмысты орындауға негізделген болуы және жұмыстың ауырлығы, күрделілігі жағынан кәдімгі қара жұмысшының немесе қызметкердің жұмыс ауырлығынан артуы тиіс емес болатын. Тергеуде жүргендер мен түрмедегілердің еңбегі жұмыс орындалған саланың төлемдік нормаларымен төленуге жататын болды.

Байлар мен кулактарды, дін өкілдерін үстем тап өкілдері ретінде қарастыра отырып, «тап жауларын» құртып, пролетариат билігін орнықтыру – коммунистердің басты ұстанымы болды. Және мұны бастап берген – Кеңестің тұңғыш көсемі В.И.Ленин болды. Ол 1917 жылдың 5 қарашасындағы«Халыққа үндеуінде» «...Халық ісіне зиянын тигізетіндердің барлығын революциялық сотқа беру туралы» туралы атап көрсетеді. Осы аталған жағдайды орындау үшін кешікпей РСФСР Халық комиссарлары кеңесі жанындағы Төңкеріске қарсылар мен саботаж жасаушылармен күрес бойынша бүкілресейлік төтенше комиссия атты, Кеңес мемлекетінің қауіпсіздігін қорғайтын арнайы мекеме құрылды. ВЧК деген атпен белгілі бұл мекеме 1917 жылдың 7 желтоқасын мен 1922 жылдың 6 ақпаны арасында іс-қызметін жүргізді. Ф.Э.Дзержинский, Я.Х.Петерстер басқарған бұл мекеменің негізгі жұмыс бағыты – бұрынғы  Ресей империясы аумағындағы тап жаулары ретінде қарастырылған топтармен, олардың контрреволюциялық әрекеттерімен күресу, жазалаудың кешенді шараларын қабылдау болды. Роберт Конквест көрсеткен дерек бойынша Төтенше комиссияның соттан тыс отырыстары мен ревтрибуналдардың үкім кесуі бойынша 1917-1922 жылдары 140 мың адам атылған. Осылайша Кеңес Одағындағы жазалаушы мекеме өзінің қаталдығымен әйгіленіп, коммунистік идеяларды күштеп орнықтырудың «ұр тоқпағына» айналған. Бұдан соң 1922 жылдан кейін Ішкі істер халық комиссариаты жанында Мемлекеттік саяси  басқарма (ГПУ), Мемлекеттік біріккен саяси басқарма (ОГПУ) деп құрылған қаһарлы жазалау мекемесінің іс-қызметі барысы жазалау лагерьлер жүйесін де қамтыды.

Азамат соғысы жаңадан аяқталған, соғыстан қираған елдің экономикасы енді аяққа тұра бастаған 1920 жылдардың өзінде еңбек практикасында мемлекет жазасын жүктеушілерді мәжбүрлі еңбекке тартуды қалыптастырып, өрістете бастаған. Бұл кезеңдегі заңнамада көрсетілген бойынша бір жылдан артық сотты болған қылмыстық тұлға үйқамақта, түрмелер мен еңбекпен түзеу колонияларында (ЕТК) жұмыс істеуі керек болатын. Осыған сәйкес еңбек колонияларының да ашық және жабық – екі түрі болды. Ашық түрдегі ЕТК-лерге қайыр сұраушылықпен, жезөкшелікпен, қаңғыбастықпен, күресу үшін өзін өзі құрылымдау және өзін өзі басқару негізінде, қалалардың сыртында құрылды. Кеңес Одағының алғашқы жылдарындағаы ЕТК және басқа да жабық түрдегі еңбекпен түзеу мекемелері қылмыстық құқықпен күреске арналған оқшаулау орны ретінде қарастырылған. Мұндағы ескеретін жағдай: барлық еңбекпен түзеу мекемелері кеңестік шаруашылық ұйымдары болып есептелді. Олардың мақсаты түрмедегілерге еңбек дағдыларын игерту және олардың еңбегін тиімді пайдалану деп қарастырады. Ал бір жылдан аз мерзімге жаза жүктеген сотталушылар шартты түрде, яғни «түрмелер мен колониялардың тығыздығын азайту мақсатында» жазасын бас бостандығынан айырылмаған жағдайда өтеуіне мүмкіндік алды. Аталған жұмысты тиімді атқару үшін кеңестік органдар жанында мәжбүрлі еңбекті ұйымдастыру бөлімдері (бюролары) құрыла бастады. Мұндағы ерекшелік: жаза жүктегендер еңбекпен түзету мекемесінде жұмыс істеген жағдайда тиісті айлық жалақысының 50 пайызын (арнайы жағдайларда 75 пайызын) алуға тиіс деп көрсетілді. Осыған байланысты, мәжбүрлі еңбек бөлімдері алты ай және одан көп жылға кесілген тұтқындар үшін кәсіпорын құруы немесе қоғамдық пайдалы жұмысқа тартуы тиіс болды. Бұл – Патшалық Ресей тұсындағы заңнамалардың енді-енді өзгеріске ұшырап жатқан кезі болатын. Яғни еңбекке мәжбүрлеу әдісі ретіндегі қылмыстық қуғындау 1920 жылдары әлі де болса жаппай қолданысқа ене қоймаған болатын.

РСФСР Әділет халық комиссарының орынбасары П.И.Стучка 1919 жылы 12 тамызда колонияның арнайы мекемелерінде жазасын өтеуді реттеуге бағытталған «Бас бостандығынан айырылғандарға арналған егін шаруашылығы еңбегі жарғысын» бекітті. Аталған жарлық негізінен, алты айдан үш жылға дейін бас бостандығынан айыруға үкім шығарылған тұтқындарды ұстап тұруға арналды. Бұл кезеңде тұтқындар үшін жазасын өтеу мерзіміндегі еңбек міндетті болды және оларға тиісті ақы төленді.

 

Қазан төңкерісінен кейінгі алғашқы жылдардағы мұрағат құжаттары мен мұрағаттық дереккөздер көрсеткеніндей, 1919 жылы РСФСР Әскери халық комиссариаты Орталық жазалау бөлімі (ОЖБ) тұтқындарға еркін жалдамалы жұмысшы ретінде қарағандығын көрсетеді. Мұндағы еңбекақы жүйесін реттеуге қатысты көптеген жағдайларды атап өтуге болады. Түрмелерде, оған қарасты аймақтарда жұмыс істеушілерге еңбек бойынша жалпы ереже қолданылды: оларға 8 сағаттық жұмыс күні белгіленген, Сонымен бірге күрделі жұмыстар атқаратындар үшін ерекше жалақы қарастырылды және ауыр дене еңбегімен шұғылданатындарға арналған арнайы үстемеленген азық-түлік паегі де қарастырылған.

 

РСФСР Әскери халық комиссариаты 1919 жылғы 4 желтоқсандағы ерекше қаулысымен, түрмеден сырт ауыр дене еңбегімен шұғылданушылар, (мысалы, отын әзірлеу мен артушылар) «күрделі кәсіби еңбекпен жұмыс істеушілер мен белгіленген нормадан жоғары еңбек етуші бас бостандығынан айрылғандардың еңбегін ынталандыру, әр екі күндік жұмысы үш күн ретінде есептеу қарастырылғанын көреміз. Бұл өз кезегінде жазасын өтеушілердің еңбек өнімділігін арттырудың тетігі болған.

 

Таптық күрес қызып тұрған кезеңде, яғни әскери қақтығыстар жағдайындағы, Кеңес үкіметі алғашқы орнаған жылдары контрреволюциямен күреске арналған, қылмысты деп танылған адамдарды бас бостандығынан айыру орындарының ерекше жүйесі қалыптасты. РСФСР Халық комисарлар кеңесі 1918 жылдың 5 қыркүйегіндегі «Қызыл террор туралы» қаулысында жұмысшы-шаруалар мемлекетіне белсенді қарсы шығушыларды концентрациялық лагерлерьде оқшаулау, «мәжбүрлі жұмысқа жегу» ұсынылды.

 

«Мәжбүрлі жұмыс» атаған мұндай лагерьлердің құрылуы, 1919 жылдың сәуірінде шыққан Бүкілресейлік Орталық Атқару комитетінің декретіне сәйкес жүзеге асты. Бұл мәжбүрлі жұмысқа жегу лагерьлері губерниялық төтенше комиссиялармен құрылды және кейіннен РСФСР ІІХК-нің қарамағына өткізілді. Осыған байланысты мәжбүрлі жұмыс лагерінде оқшаулануға тиіс тұлғалардың тізбесі аса көбейтіле түсті. Аталған декретке сәйкес лагерьлерге еңбекпен түзету колониясы басқарма бөлімдері, революциялық трибуналдар, халық соттары мен осындай құқық берілген Кеңес өкіметінің басқа да органдары өздері қаулы шығару құқығымен тұтқындарды лагерьлерге жөнелте алатын уәкілеттіліктерге ие болды.

 

Сондай-ақ 1919 жылы 17 мамырда Бүкілресейлік Орталық атқару комитетінің қаулысымен «Мәжбүрлі еңбек лагерьлері туралы» ереже қаралып бекітілген болатын. Ереже бойынша мұндағы лагерьлерде оқшауланушылар туралы ұғымға нақты анықтама берілді. Бұл кезеңдегі лагерьлерде тұтқындар мен әр түрлі себептермен оқшауланғандар болды. Түрмедегілердің ортасында контрреволюциялық қылмыскерлер мен жалпықылмыстық қылмыс (мұның ішінде алыпсатарлар, қашқындар, алаяқтар, есірткі таратушылар, қызметтік қылмыстары үшін отырғандар) жасағандар да болды. Оқшауланғандар құрамына барлық төңкерістер уақытындағы қолға түскендер немесе азамат соғысы фронттарында тұтқындалған, шүбәсіз сенімділігіне көз жеткізуге жататын, ерекше өкімдегі соғыс тұтқындары енгізілді. Мұндағы тұтқындар мен оқшауланғандардың барлығы да еңбекке тартылатындар қатарына жатты. Осындай типтегі лагерьлердегі тұтқындардың көбісі сыртқы жұмыстарға пайдаланылды. Тек азғантай бөлігі ғана лагерьдің өзіндік қажеттіліктеріне, атап айтқанда шеберханада, кеңсе қызметтерінде және шаруашылық қызметтерінде жұмыс істеді. Жоғарыдағы атап көрсетілген нұсқауға сәйкес, тұтқындардың барлығына бірдей сегіз сағаттық жұмыс күні белгіленді. Алайда өзгелерге қарағанда бас бостандығынан айрылғандарды ұстау орындары тұтқындар мен әкімшіліктік шығындарға кететін еңбек  лагерь ішіндегі жұмыстар арқылы өтелетін болды.

 

Осыған қарағанда, Кеңес үкіметінің алғашқы құрылып қалыптасу кезеңінің өзінде, яғни 1917-1920 жылдары еңбек – соталғандарды ұстап тұрудағы негізгі құрал екендігі туралы үнемі дәріптеліп отырған. «Адамды адам еткен – еңбек» деген коммунизм көсемінің айтылым ұраны басшылыққа алынып, мемлекет ауқымындағы еңбектің маңызы үнемі нақтыланып отырған. Бас бостандығынан айыру орындарындағы мәжбүрлі еңбектің рөлі туралы 1920 жылы қабылданған «РСФСР-індегі бас бостандығынан айыру орындары туралы ережеде» (1920 жыл) барынша айқын анықтама берілді. Мұның ішінде «РСФСР-дің әрбір азаматына міндетті еңбек – сотталушыларға да міндетті болып табылады», - деп нақты атап көрсетілді. Мұнда көрсетілгеніндей, сотталғандарды еңбек процестеріне тартудың басты мақсаты – әлі де болса тұтқынды еңбектенуге ұмтылдыру, оларды кәсіп көзіне үйрету, жазасын өтеу орынан шыққан соң еңбеккерлікпен өмір сүруге мүмкіндік беру болып табылды. Мұндай жағдайда бұл жарияланымды сотталушылардың барлық категориясына қолданудың мүмкіндігі жоқ та еді. Ол, әрине, ең алдымен, еңбек істеп үйренбеген рецидивистерге, өзіндік кері түсінік қалыптастырған кәсіби қылмыскерлерге көбірек қатысты болатын.

 

Алайда, аталған заңды әзірлеп шығарушылар тәрбиелеу-түзеу мәніне тек түрмеде ғана емес, түрмеден босағаннан кейін де пайдасы тиетін, кәсіби біліктілік еңбегі ғана ие болуы мүмкін деп есептеді. Осыдан кейін жазасын өтеу орны әкімшілігі жазасын өтеушілердің ерекшелігіне байланысты, аталған орынның өндірістік сипатын есепке алуға тиіс болды.

 

Аталған заң өмірлік тәжірибеге енген алғашқы жылдардың нәтижелері көрсеткеніндей, РСФСР Әділет халық комиссариатының бас бостандығынан айрылғандардың барлығының бірдей еңбекпен қамту проблемасын шешуді қамтамасыз етуге мүмкіндігі болған жоқ. Сондықтан да РСФСР Халық комисариаты басшылығы РСФСР ХКК-інен көмек сұрауы нәтижесінде, 1921 жылдың 28 қарашасында «Бас бостандығынан айыру орындарында тұтқындарды еңбекке пайдалану туралы» жаңа декрет шығарылды. Аталған декрет бойынша Еңбек халық комиссариатына (ЕХК) және оның жергілікті органдарына сотталғандарды жұмыс күші ретінде тарту, олардың жұмысқа орналасуына ықпал жасау жөнінде тапсырма берілді.

 

РСФСР-де өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары басында жазасын өтеу орындарындағы еңбек тәрбиелеу әрекеттері ондағы ішкі қажеттіліктерді қамтамасыз ету мүмкіндігі ретінде қарастырылды. Атап айтқанда әкімшілікті ұстап тұру шығындарын өтеудің, өзіне өзі қызмет етудің, бос уақытты өткізудің құралы ретінде өз жұмысын атқарған болатын Мұндағы тәрбиелік фактор ретіндегі еңбектің қажеттілігі ең бастысы кәсіпқой қылмыскерлерга қатысты айқындалды. Бұл ретте жазасын өтеушілердің кейбірінің бостандықта жүргенде еңбек етіп үйренбегендігі, өмірде қылмыстық жолмен «табыс табуды» артық көретіндігі басты рөл ойнады.

 

Сонымен қатар бұл кезеңде РСФСР жағдайында бас бостандығынан айырылғандар ортасындағы іс-тәжірибеге икемі бар жұмыскерлер мен оқыған зиялылардың деген еңбекке деген икемділігі, олардың мүмкіндіктерін тиімді пайдаланудың маңызы туралы біртұтас түсінік болған жоқ. Бұл да болса аталған әрекетті ұйымдастырудың тиімділігін арттырудың маңызды элементтерінің қатарында болатын. 

1922 жылы РСФСР «Қылмыстық кодексі» қабылдануына байланысты, ұзақ жылдар бойы тұтқындарға, оларды еңбекке бағыттау барысында, олардың таптық тегі мен идеялық көзқарасына байланысты алып қарастыру үрдісі берік орын алды.  Осылайша, РСФСР-де, оның кейінгі аталуы КСРО-да пролетариат диктатурасы барынша күш алуымен бірге, түрмеде, лагерьлерде жазасын өтеушілерге деген көзқарас та барынша өзгере түскенін көреміз. Дегенмен, РСФСР «Еңбекпен түзету кодексі» Кеңес Одағы тұсында одақтас республикаларда өзіндік ерекшеліктерге ие болды. Бүкілресейлік Орталық Атқару комитетінің 1924-жылы 16 қазанында шақырылған он бірінші сессиясында аталған өзгерістерге жол ашылды. 

 

Республикалардағы «Еңбекпен түзету кодексі» одақтық кодекске бағынды. Олар бойынша бұған дейін қалыпатсқан бас бостандығынан айыру жүйесі дамытыла түсті. Бұл жүйе бойынша мыналар жатуға тиіс болды: қамақ үйлері (тергеуде жүрген тұтқындарға және алты айға дейін жаза жүктегендерге арналған); еңбекпен түзеу үйлері; алты айдан бес жылға дейінгі мерзіммен отырғандар мен еңбекшілер қатарынан, еңбекпен түзеу үйлерінен ауыстырылған, өтейтін жазасы бес жылдан артық емес тұтқындарға арналған еңбек колониялары (ауылшаруашылықтық, қолөнершілік, фабрикалық); арнайы мақсаттағы оқшаулау орындары (жұмысшы табына жатпайтын тұлғаларға және таптық шығу тегіне қарамастан ерекше қауіпті қылмыскерлерге арналған); ауыспалы еңбекпен түзеу үйлері.

 

Бұл жүйе тұтқындарға деген, олардың жасаған қылмысының ауырлығына және сипатына, әлеуметтік жағдайына, жүктеген жазасын өтеудегі қалпына қарай дифференциялау әдісі принципін жүзеге асыруға лайықталды. Алайда советтік бұл заңда көрсетілгендердің барлығы да іс жүзінде орындала берген жоқ және оны орындаудың мүмкіндігі де шамалы болатын. Жазасын өтеу орындарының үнемі толтырылуы әкімшіліктің заңнамалық шығарылған актіні жүзеге нақты асыруға деген ұмтылысын азайтты.

 

1928 жылы 26 наурызда РСФСР Бүкілресейлік Орталық Атқару комитеті мен Халық комиссарлары кеңесі «Жазалау саясаты және сотталғандарды ұстау орындарының жағдайы» туралы қаулы қабылдады. Бұдан былайғы ел өмірінде үлкен із қалдырған бұл құжатта ішінара таптық өзгеше элементтерге жұмыс күнін есептеуде, демалыс беруде, барынша жоғары разрядқа көтеруде шектеу жасау, режимді ұстап тұру саласындағы және т.б. тұтқындау орындары басшыларының құзыреттілігін арттыру қарастырылды. Сонымен қатар аталған құжат бойынша мәдени-ағарту жұмысында «қылмыс-қайшылыққа ұрынған жұмысшы-шаруа жастарға» ерекше назар аудару баса көрсетілді. Бұдан былай жұмыс істеп тұрған колониялардың сыйымдылығын, яғни оларға «мемлекеттік мекемелерден жұмысы тоқтаған немесе күрделі жөндеуді және жабдықтауға қажет ететін кәсіпорынды тегін немесе жеңілдетілген түрде алу» құқығын беру есебінен ұлғайтуға ұйғарым жасалды. Мұнда еңбекпен түзеу мекемелерін халық шаруашылық міндеттерін жүзеге асыруға бағыттау, таптық жат элемент ретінде танылған тұтқындарға деген қуғын-сүргінді күшейту жолдары да қарастырылды. 

 

Лениндік Жаңа экономикалық саясатқа (ЖЭС) көшуге байланысты, елді индустрияландыру мен ұжымдастырып басқарудың қатаң, орталықтандырылған қыспақтау әдісімен жүзеге асырылған әкімшілік әміршілдік жүйесі қалыптасты. Осылайша елде әміршілдік жүйе туындап қалыптасуына тосқауыл жасарлықтай демократиялық мәдениеттің берік те дамыған дәстүрлердің болмауынан, жағдай қиындай түсті.  Бұл жылдары коммунистер өндірістік әлеуетті арттырудың ең жоғарғы қарқынына қол жеткізудің тәсілін іздестірумен болды. Партия мен мемлекет басшылығы осы проблеманың нақты шешімі: орасан сан мөлшердегі тұтқындар мен арнайы қоныстандырылғандардың «арзан» еңбегін пайдалану деп білді. Қуғын-сүргінге ұшырағандарды халық шаруашылығы нысандарында жұмысқа пайдалану партиялық және үкіметтік билік деңгейлерінде қарастырылды. Осыған байланысты, 1929 жылдың 11 шілдесінде КСРО Халық комиссариатының «Қылмыстық жазалылардың еңбегін пайдалану туралы» қаулы қабылдады, онда МБСБ-ге, бас бостандығынан айырылғандарды еңбекке мәжбүрлеу арқылы байлықты игеру және өңдей мақсатында, жұмыс істеп тұрған лагерьлерді ұлғайтуға және Ухта өңірі мен Кеңес Одағының өзге аудандарында жаңадан лагерьлер ұйымдастыруға тапсырма берілді.

 

Мұндай мекеменің құрылуы Н.И.Янсонның (1882-1938) белсенді әрекетіне байланысты. Ол 1928 жылы И.В.Сталинге хат жазып, алыс өңірлердегі, қиыр шеттегі жер өңдеу мен ірі құрыс нысандарын салуға, ағаш дайындауға т.б. жұмыстарды атқаруға сотталғандардың еңбегін пайдалану туралы ұсыныс тастады. РСФСР Ішкі істер халық комисары В.Н.Толмачев және ОГПУ төрағасының орынбасары Г.Ягодамен бірге «ОГПУ лагерьлері үлгісінде құрылған, концлагерьлер жүйесіне көшу туралы ұсыныс және кіргізді.

 

Сөйтіп 1929 жылдың көктемінде ВКП(б) ОК комиссиясы Н.Янсонның басшылығымен зерттеу тобы құрылды. Осы жылдың маусымында ОК Саяси бюросы оның ұсынысын бекітті. Осыдан кейін, 1929-1931 жылдары КСРО аумағында мәжбүрлі еңбек лагерьлер жүйесі құрылып, сол уақытта ресми түрде МБСБ еңбекпен түзеу лагерьлері деп аталды және олардың көбі құрылған сәтінен бастап-ақ Н.Янсон беліглеген сан түрлі салалық бағытқа – ағаш дайындайтын, ауыл шаруашылықтық, мұнай және көмір өндіретін, тау-кен-металлургиялық, құрылыс және т.б. бөлінді.

 

Алып империя Патшалық Ресейде жүрілген төңкерістің негізінде билікті нықтап қолға алған большевиктер Кеңес мемлекетін құруға кіріскен кезде бұрынғы заңнамалар мен кодекстерге өзгертулер енгізу немесе жаңадан жазып шығу қажет болды. Мұндағы бір ескерерлік мәселе: аграрлық-индустриалдық қоғамдық құрылысқа ие, әр өңірінің даму деңгейі әр түрлі, қай жағынан алғанда да ала-құла мемелкеттіт аз жыл ішінде нығайтып, түбегейлі өзгертіп модернизациялауды көп жағдайда өктемдікпен жүзеге асырды. Мұндай батыл қадамдардың белгілі дәредеже оң сипаты болғанымен, оның құрамындағы Қазақстан сияқты аграрлық, жартылай көшпелі республика үшін үлкен зардаптар әкелді. Жаппай индустрияландыру, шетел алдындағы міндеттемелерді орындау үшін ауыл шаруашылығы өнімдеріне үлкен сұраныс тудырып, қажеттіліктерді орындаудың алуан түрлі әдістері қолданыла бастады. Ауылшаруашылық өнімдерін өндірушілерге жүктелген талаптарды орындаудың өзі қиынға түсті. Орындай алмағандар жаппай қылмыскер атанып, еңбекпен түзету лагерьлеріне тоғытылып кінәларын коммунистік құрылыс жолында атсалысып «адал тер төгу» арқылы жууы қажет деп танылды. Кеңес Одағындағы пенитенциялық жүйе (сотбасбостандығынанайыруғаүкім шығарған адамдардың жазасын өтеу нормаларының, оныұйымдастыруоргандарыменұйымдарыныңжүйесі) өткен ғасырдың отызыншы жылдарынан бастап өзінің қалыптасып даму сатысына жетті. 

Кеңестік мәжбүрлі еңбек жүйесінің даму эволюциясына қарағанда, 1920 жылдардың соңынан 1950 жылдардың ортасына дейін, алғашқы пенитенциялық жүйенің КСРО-дағы ірі шаруашылық ведомствосы ретінде КСРО ІІМ-іне қарасты жеке басқарушылық жүйеге айнала отырып, ГУЛАГ-тың саси және экономикалық функциялары ауқымында сотталушыларды мәжбүрлі еңбекке жегу арқылы мемлекеттегі ірі жобаларды, халықшаруашылығы алдына қойылған зор міндеттерді шешуге белсене атсалысты. Аталған құрылымды зерттеген ғалымдардың тұжырымдауынша тұтқындарға мәжбүрлі еңбек істету – кеңестік жүйенің өмір сүру қалпындағы маңызды шарттардың бірі болды және экстенсивті режимде әміршіл экономиканы ұзақ уақыт дамытуға мүмкіндік тудыра алды. Бірақ бұл лагерьлік экономиканың лагерьден тыс салаға кері әсері болғандығын да зерттеушілер бірауыздан атап көрсетеді. 

КСРО ІІМ ОГПУ-і жазасын өтеушілер лагерьлерін аса ірі шаруашылық ведомствосына айналдырды және 1930-1950 жылдары кеңестік экономиканы тегін жұмыс күшімен қамтамасыз ету үшін мәжбүрлі еңбекті белсенді пайдаланды. Осы орайда кеңестер билігі саясатты экономикадан шексіз жоғары қою арқылы арзан жұмыс күшін қалыптастырудың негізін қалағанын көреміз. Бұған мысалды Кеңес Одағының сонау Магаданға дейін ұласып жатқан алыс қиырын айтпағанда, Қазақстандағы «ҚарЛагтан-ақ» табуға болады.

 

Еңбекпен түзету лагерьлерінде жұмыс істеп, мемлекеттің қазынасын тегін жұмыс істету арқылы толтыру үшін тұтқындарды мәжбүрлі еңбекке ұйымдастырудың нормативті-құқықтық негіздерін жасау қажет болды. Жалпы алғанда Кеңес Одағындағы еңбекпен түзету лагерьлерінің тарихы мәжбүрлі еңбекті пайдаланумен тығыз байланысты. Өткен замандарда өмір сүрген мемлекеттер де мәжбүрлі еңбекке адамдарды, оның ішінде бас бостандығынан айрылғандарды мәжбүрлі еңбекке пайдаланудың небір үлгілерін қалдырғаны тарихтан белгілі. 

 

Алайда кейінгі дәуірлерді алып қарастырғанда дәл мемлекеттік масштабта, яғни И.В.Сталин билік басында болған Кеңес Одағындағыдай соншалықты кең ауқымда, орасан адам санын қамту арқылы пайдаланылмаған да болар.

 

Жоғарыда атап өтілгендей, «жұмыс істеушінің еңбегіне төлемеу» деген, мемлекеттің өз азаматтары алдындағы міндетті жауапкершіліктен айналып өтудің сенімді себептері қажет болды. Ол – саяси ұстанымның дұрыс-бұрыстығына келіп тірелді. Сталиндік әкімшіл-әміршіл басшылық алға қойған өндірістік міндеттерді уақытында шешу – басты мақсат болып белгіленді. Және осы міндеттерді орындау үшін әр түрлі жолдармен адамдарды алға ұмтылдырып, іске тарту қажеттілігі туындады. Осы арада айта кетерлігі – саси экономика ғылымында «экономикадан тыс мәжбүрлеу» деген ұғым барлығын атап еткен жөн. Большевиктер дәл осы ұғымды тиімді пайдаға асыра білді. Оның мәні – қандай да бір жұмысты еңбегіне қарай баламасыз өндіріп беруге тура келгенде, мемлекет немесе өндіріс құралы иесі мен басқарушылар оған тиісті ақысын төлемеу жолдарын қарастыруы болып табылады. Ондай әдістерге адамдарды интенсивті түрде көбірек, ұзағырақ жұмыс істету үшін, тікелей жұмысқа зорлау, жұмысқа зорлаумен қорқыту, қуғын-сүргіннің алуан түрлерін жаппай немесе жекелей қолдану, алуан түрлі мәжбүрлеп жазалау тәсілдерін қолдану – ХХ ғасырдың жүзінде кеңінен пайдаланылды және мұның өзі көбінесе КСРО, ҚХР т.б. коммунистер билеген мемлекеттерге тән болды. 

 

Бас бостандығынан айырылғандардың еңбегін саяси көзқарастарға қатысты бүркемелеп, еріксіз қанау – әділетсіз қоғамның адами әдепке сай әрекеті болып саналады. Кеңестер Одағындағы еңбекпен түзету лагерьлеріндегі жағдай негізінен осындай болды. Бас бостандығынан айырылғандарды жұмысқа жегуге қатысты мәселелер Батыс әлемінде де өзекті болған. Бірақ ондағы жазасын өтеушілерге қатысты ұстаным басқаша, яғни гуманизмге жақынырақ болған деуге болады. Оған мысал ретінде американдық автомагнат Генри Фордтың тұтқындар еңбегін пайдалану жөніндегі пікірін алып қарастырамыз.. Бұл мәселемен заңгерлермен қатер ірі өндіріс ұйымдастырушылары да айналысқанын көреміз: «Әзірше түрмелер өмір сүріп тұрған жағдайда, ондағы жазасын өтеушілер өндірудің жалпы жүйесіне нақты дәлдікпен бейімделген болуы керек. Түрме – қоғамның пайдасына және тұтқындардың өздерінің игілігі үшін өнімді жұмыс күшінің негізі болуы керек. Жақсы жолға қойылған түрме өзін қамтамасыз етіп қана қоймауы керек, ал тұтқын өз отбасын асырай алу мүмкіндігіне ие болуы тиіс. Егер ол жоқ болса, босатылғаннан кейін аяғына тұрып кетерлік мүмкіндік беретін, қаржы жинақтауы керек». Бұл пікірге қарасаңыз, американдық түрмеде жазасын өтеу барысында жұмыс істеген тұтқын өзіне тиесілі жалақысын ала алады және түрмеден шыққан уақытында, алдағы күндері үшін уайымдамайтындай қаржы-қаражаты қолында болуы керек.

 

Ал большевиктердің түрмеде, еңбекпен түзету лагерьлерінде жазасын өтеушілерді еңбекке тарту мен оған ақы төлеудегі көзқарасы бұдан өзгеше болды. Тұтқындарды мәжбүрлеу еңбекке тартудың негізгі тәсілі кеңестік доктринадаға сай тұжырымдалды. Ленин бастаған большевиктер билігі орнаған сәттен бастап-ақ: «Еңбек етпеген – ішіп-жемейді!» - деген ұстанымды басшылыққа алды. Бұл – жалқаулық пен жатып ішерлікке қатысты айтылғанымен, байлар мен жалшы ұстайтын орташа ауқаттыларға қатысты: олардың кедейлерді жұмысқа салып, өздері саусақ қимылдатпай, қанаушылықпен, арамтамақтықпен өмір сүреді дегенге саятын, тапшылдық көзқарастың туындауына алып келді. Кеңестік большевиктер байлық иесі кәспкерлерді еңбек процесін ұйымдастырушы, менеджер ретінде емес, біржақты қанаушы тап өкілдері ретінде қарастыруы – үлкен зардаптарға алып келген өрескел қателік болды.

 

Большевиктік көзқараспен қуғындалғандардың көбі – ауқатты адамдар болғанымен, барлығы бірдей дене еңбегімен шұғылданушылар немесе солардың жұмысын үйлестірушілер емес еді. Олардың қатарында ой еңбегімен шұғылданушылар да көп болды. «Қанаушы тапты жою» деген ұранды жүзеге асыру барысында, еңбекші, кедей-кепшік атанған қарапайым еңбекшілердің өздері де еріксіз біртіндеп мәжбүрлеу нысанына айналдырылды. Пролетариатты «капиталистік еңбек бұғауынан» азат ете отырып, большевиктер еңбекшілердің жаңа қоғам құрылысына саналы түрде қатысуын талап етті және осыған жағдай тудыруға кірісті. Алайда оның туындайтын объективті және субъективті жағдайлары ешқандай жоқ болатын. Жаңа билік күшіне ене салысымен, адамдар мемлекетке бұрынғыдан да барынша тәуелді бола түсті. Кеңестік саяси экономикалық ауқымда «Еңбекке міндеттілік» және «еңбек түрінде атқаратын міндет» терминдері синоним ретінде қолданылда бастады. Сонымен қатар жаңа билік ойлап тауып енгізген ұғымдар да болды. Бұлар – арнайы мәжбүрлі жұмыстарды, еңбек лагерьлерін мемлекеттен ұйымдастыру, мобилизациялау, еңбек армиясын пайдалану және т.б. болды. Сонымен қатар большевиктік мемлекет – советтік қоғамды құру үшін адамдарды еңбекпен қайта тәрбиелеу саясатын жариялады. Қазіргі күні көптеген зерттеушілер мен тарихшылар, сол заманды зерделеуші  адамдар мұны шынайылықтан ада, екіжүздлікке, алдампаздыққа құрылған идея дегенімен, сол кезеңнің қызыл комиссарларының біразы-ақ өздерінің осы іс-әрекетіне шынайы сенгенін, болашақта адал совет азаматының қалыптасатынан күмәні болмағанын көреміз.

Жазалау науқаны жүріліп, адамдар лагерьлерге еріксіз тоғытылған мыңдаған адамдарды ату жазасына кесумен қатар, миллиондаған тағдырлар жалғанның жарығын жазалау лагерьерінде көріп, азапты жылдарды арқалауға мәжбүр болды. КСРО-да тұтастай бір жазалау лагерьлер жүйесі құрылып, жұмыс істеді. «Ресей – халықтар түрмесі», - деген пікірді Ленин Патшалық Ресейге қарата айтқан болса, шын мәнінде өзі құрған КСРО да ондағы болып жатқан іс-әректтерге қарағанда нағыз халықтар түрмесінің өзі болды. Бүкіл Кеңес Одағының әр түкпірінде тұтастай еңбекпен түзету лагерьлері құрылды. Мұндай мекемелер жүйесінен Қазақстан да шет қалған жоқ. 1930 жылы мамырда КСРО Халық комиссарлары кеңесі: «Қазақстанда еңбекпен түзету лагерьлерін құру туралы» қаулы қабылданды. Осылайша «Гигант» кеңшары «ОГПУ-дің Қарағанды жеке еңбекпен түзету лагері» болып қайта құрылды. Бұл лагерь ГУЛАГ-ке тікелей бағынатын, жан-жағына 200-ден 300 шақырымға созылған орасан аумақты алып жатқан құрылым болды.

Мұнда жазасын өтеушілер – бұрынғы партяи өкілдері, байлар мен кулактар, поптар мен моллалар, айыпты болып танылған жұмысшылар мен шаруалар, түрлі қызметкерлер болды. Кеңес үкіметі оларды «қоғамдық пайдалы еңбекке жұмылдыру арқылы еңбекпен түзету» деген уәжге сүйеніп мәжбүрлі жұмысқа жекті. Олардың жазасын өтеу колонияларын да осылай «жұмсартып» атады. Жалпы алғанда тұтқындарды қоғамдық пайдалы еңбекке жұмылдыру еңбекпен түзеу мекемелерінің негізгі міндеті не болды дегенге келетін болсақ, бұл турасында алуан түрлі тұжырымдар айтылғанын көреміз. И.С.Нойдың дәлелдеуінше: «Тұтқындарды еңбекке мәжбүрлеу – ешқандай азаптаушылық мақсат тән емес. Керісінше, мұндай мәжбүрлеу мақсатының түйіні адамға міндеттелген еңбек оның бірінші өмірлік қажеттіліктеріне жатады. Сондықтан да тұтқынды еңбекке мәжбүрлеуде азаптау мақсатының болмауы оған әсер етудегі жазалау түрлерінен айырмашылығын көрсетеді». Мысал үшін, осындай еңбекке мәжбүрлеу мекемесі «Қарлаг» 32 мың тұтқынға арналғанымен, онда екі еседен астам, яғни 75 мыңнан көп адамға дейін топтастырылып, әр түрлі жұмыстарға жегілген.

 

Қарлагқа қоныстанушылар 1930 жылдары бұрынғы партия өкілдері, кулактар мен байлар, сондай-ақ, айыпты боп табылған жұмысшылар мен шаруалар болды.

 

Бұл өңірдегі жазасын өтеушілердің санын арттыру – «Қарлаг» арқылы шешілуге тиіс халықшаруашылық міндеттеріне қатысты болды. Осы кезеңде Қарағанды бассейінен табылған көмірді игеру, сондай-ақ Жезқазған мен Балқаш металлургия комбинаттарының, өзге де ірілі-ұсақты өндірістік кешендерді тұрғызып, іске қосу уақытында жүзеге асырудың қажеттілігі туындаған болатын. Дегенмен жоғарыда атап өткеніміздей, Қазақстан мен жалпы Кеңес Одағында қалыптасып, саны күрт артқан жұмысшы табының, яғни урбанданушылық үдерісінің азық-түліктің сұраныс-қажеттілігін сенімді түрде өтеу қажет еді. Сондықтан да «Қарлаг» тұтқындарының басым бөлігі ауылшаруашылық өнімдерін өндіруге жұмылдырылған. Яғни «Қарлаг» жүйесінде мал шаруашылығы фермалары, жеміс-көкөніс кәсіпорындары, астық шаруашылықтары жұмыс істеп, ауылшаруашылқ өнімдерін көптеп өндіріп, мемлекетке тапсырып отырған. 

 

Қазақ жерінде «Қарлагтан» өзге де біршама жазасын өтеу лагерьлері құрылып жұмыс істеп тұрғаны белгілі. Отызыншы жылдардың саяси қуғын-сүргіні кезінде отанға опасыздық жасағандардың отбасы мүшелерін туған-туыстарынан, жалпы кеңестік қоғамнан оқшаулау мақсатында Отанын сатқандардың отбасы мүшелеріне (орысша «чесейр» – ЧСИР) арналған лагерьлер құрылды. 1935 жылдың 30 наурызындағы толықтырылған «Отанын сатқандардың отбасы мүшелері туралы» КСРО Заңы бойынша жаза жүктеушілердің саны күн өткен сайын арта түсті. 1937-1938-жылдардағы алапат ауқымды террорлық қуғын-сүргінге байланысты 1938-жылы Қарағанды, Ақмола облыстары аумағында АЛЖИР (орысша, Акмолинский лагерь жён изменников Родины – Отан сатқындары әйелдерінің Ақмолалық лагері» құрылды. АЛЖИР 1938-жылдың қаңтарынан жұмыс істей бастады. Отанына опасыздық жасады деген айыппен жаза жүктеген әйелдердің Ақмолалық лагері 1950 жылға дейін іс-әрекетін жүргізу барысында мұнда қазақтың көптеген зиялы азаматтарының жарлары азапты кезеңді бастан өткерді. Мұндағы күшейтілген күзет, қатаң тәртіптегі ерекше жағдайдағы лагерьдегі аналардың жасы төрттен асқан балалары анасынан ажыратылып, балалар үйіне жіберілетін болған. 

 

Француз зерттеушісі А.Безансон кеңестік шаруашылық жүйесінің мақсатын, ұстанымдары мен негізін құрайтын элементтерді қарастыра отырып, шынайы экономика мен «фикциялық» экономика арасындағы саяси қарым-қатынаста қауіптің орын алуы, кеңестік экономика өсімінің басты факторы – ұзақ мерзімдік жоспарлы волюнтаризм әдістерінің (барынша озық дамыған елдерді қуып жетуге тырысушылық) қолданылып отырғандығын көрсетеді және бұл – түптің түбінде күйреуге алып келетін қауқарсыз экономика деген қорытынды жасайды. Кеңес Одағында В.И.Сталин мен Н.С.Хрущев тұсындағы «Американы басып озу», Қытайда Мао Цзе Дун дәуіріндегі «Зор секіру» дейтін орашолақ өктемдіктің салдарын казармалық социализмнің зардабын тартқан миллиондаған қарапайым халық көтергені белгілі. Кеңес Одағы және ондағы одақтас он бес республиканың бірі Қазақстандағы еңбекпен түзету лагерьлері жүйесінің қалыптасуы туралы қарастырудың өткен күннен сабақ алу, қателіктерге жол бермеу, бүгінгі қылмыстық атқару жүйесін заманауи жетілдірудегі тарихи маңызы зор.

Суреттер: ғаламтор бетінен алынды

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?