Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы
Бүгін тарихта

Әл-Азһар мешіті мен университетінің тарихы

2724
Әл-Азһар мешіті мен университетінің тарихы - e-history.kz

Сурет: islam.ru

Мысырдың Каир қаласындағы әл-Азһар мешіті ең көне мешіттің қатарынан саналады.   Бұл мешіт Каир қаласы Фатими мемлекетінің астанасы болған -  970-971 жылдары   салынған екен. Сондықтан мешіт те сол тұста Каир мешіті деп аталған. 

Мешітті Фатими халифалары тұрғызған. Мешіттің атын да солар қойған дейді. Жалпы Фатими мемлекетін құрушылар өздерінің шежіресін Мұхаммед пайғамбардың кенже қызы Фатимаға негіздейтіні белгілі. Фатиманың бір есімі – Фатима Заһра яғни «гүл» деген мағынада. «Әл-Азһар» да осы «Заһра» сөзінен туындаған дейді. 

Жаңа айтқанымыздай, мешітке алдымен фатимилер иелік етеді, сол замандағы қазилардың басшысы (қази-қузат деп аталған) Әбу Хасан Әли бин Нұғман жиналған жұртшылыққа әкесі жазған мұхтасарды оқып берген. Осынау алғашқы ғылыми алқадан кейін фатимиттердің уәзірі Яқуб бин Калис бір топ ғалымды осы мешітте дәріс оқу үшін арнайы бекітіп, яғни жалақысы бар жұмысқа алып, мешіт маңайынан баспана берген. Осылайша 975 жылдан бастап осы жерде алғашқы ғылыми дәріс жүргізілген деген дерек бар. Содан кейін нешетүрлі ғылым түрлері оқытыла бастайды. 

Бейбарыс сұлтан Әл-Азһар мешітін гүлдендірді 

Одан кейін тарих сахнасына аюбилер келеді, олар бұған дейінгі қалыптасқан оқу жүйесін өзгертіп, фикһ пен хадис ілімдерін кеңінен оқытуды қолға алады. Бұл уақытта жан-жақтан білім беремін деп шейхтер, ілім аламын деп шәкірттер ағылып келіп жатады. Бірақ, кей деректерде, неге екенін көп ұзамай бастапқы қарқынның саябырсып қалғаны айтылады. Мәмлүктер келгенде олардың сұлтаны Бибарыс Заһир әл-Азһарға ерекше көзқараспен қарайды. Бұл кезде де мешіт айтарлықтай гүлденеді. Осылайша Бейбарыс, Қалауын бабалар тұсында Әл-Азһар гүлденіп, рухани-ағартушылық ролі зор  үлкен орынға айналады.

Осман халифалығы кезінде мешіт бұрынғыдан да өркен жая түсті. Османдар басқарған кезде  бұл орталық халифалар назарында болып, олар оның құрылысына мән беріліп, ғалымдарын да көтерді. Енді бұдан былай шариғат та, тіл ғылымдары да, астрономия, математика, алгебра, инженерия ғылымдары да оқытыла бастады. Мұнда оқуға түсушілерден оқып-жаза білу, құран жаттау, есеп-қисаптың негізін меңгеру талап етілді. Бірақ, бұл замандарда шәкірттердің жас ерекшелігіне шектеу болмаған. Сондай ақ, студент әр ғалымның сабағына қатыса жүріп, мұғалімді өзі таңдайтын болған. Мәмлүктер кезінде мұнда университет пен мешіттің қаржылық және әкімшілік мәселесіне жауап беретін жетекші адамдары болғанымен олар ғылыми мәселелерге қатыссыз болатын, ал османдар келген кезде әл-Азһар шейхы деген мансап пайда болған. Әл-Азһар шейхы мансабына ең бірінші ғалым  Мұхаммед бин Абдулла Хураши Мәлики деген адам тағайындалған. Деректерге қарағанда, 1979 жылдан күні бүгінге дейін елу дін қайраткері әл-Азһар шейхі болған. Бұл Ислам басшыларының ең жоғарғы атағы.  

«Әл-Азһар» ислами білім беретін оқу орны

Осылайша Әл-Азһар біртіндеп дами бастаған. 1288 һ.-1872 жылы Худауи Исмаил кезінде студенттерге біліктілік беру жүйесі туралы заң қабылданып, осы заң бойынша шәкірт жоғарғы оқу орнының дипломын алу үшін діни сабақтардан бөлек (фикһ, усул, хадис, тәпсір, таухид) синтаксис, морфология, логика, шешендік өнер сияқты сабақтардан да емтихан тапсырған.  Олардың емтиханы да біздікінен бөлекше болған, яғни шәкірт ұстаздың орнына тұрып, шейхтердің өзіне дәріс береді, шейх  сабақ барысында  шәкіртке сұрақ қояды. Арнайы сабақтардан бөлек шариғаттың салалары бойынша сұрақ қойылатын бұл емтихандар бірнеше сағаттарға, кейде таңертеңнен кешке дейін созылатын болған. Шейхтар мен шәкірттер емтиханды намаз оқу үшін не түскі ас үшін ғана тоқтатып, қайта жалғастырған. Ал емтиханнан соң ұстаздары шәкіртінің білімін үш түрлі деңгеймен бағалайтын болған. Қорытындысында бірінші деңгейлі яғни жоғарғы деңгей көрсеткен шәкіртке барлық пәннен немесе бірнеше пәннен сабақ беруге ғылыми түрде рұқсат етіледі. Ал екінші деңгей алғандар орташа кітаптар бойынша сабақ береді. Үшінші деңгейге тұрақтаған шәкірттер кішкентай кітаптар бойынша дәріс бере алады. Жалпы, екінші және үшінші деңгейдегілерге қайта дайындалып, жоғары деңгейден көрінуге жол ашық. Егер құлап қалса ол шәкірт қайтадан білім алуы тиіс. 

Ал, 1314һ.-1896 жылы жаңа заң шығып, енді оқуға он бес жастан бастап алатын болды. Және жасы он беске толған шәкірт оқуға жазу-сызуды, есеп-қисапты, құранды біліп,  арнайы дайындықпен келуі тиіс болған. Өйткені, оқу бағдарламасы бұрынғыдан күрделене түседі: бұдан былай ахлақ, хадис терминологиясы, алгебрадан бөлек, аруд (өлең өлшемін зерттейтін ғылым) ислам тарихы, география, шығармашылық деген сабақтар енгізіледі. 

Енді жаңа заңның аясында дипломның да түрлері пайда болады: сегіз жыл оқыған шәкіртке мешіттің имамы, уағызшы бола алатын «әһлия» дипломы берілсе, он екі жыл оқыған шәкіртке Әл-Азһарда ұстаз бола алатын «алия» дипломы берілетін болған. 

«Үлкен ғұламалар ұйымы»

Білім-ғылымның дами бастағанының көрінісі ретінде бір мысал айтып өтсек,  1239һ.-1911 жылы Салим Бишри атты шейх «Үлкен ғұламалар ұйымы» деген заңды бекітіп, осы заң аясында Ғұламалар ұйымы құрылады. Оның құрамында ең беделді деген отыз ғалым болған. Жасы қырық бестен төмен емес, жоғары бөлімде төрт жыл дәріс оқыған, діндарлығы мен тақуалығы биік, өмірінде атақ-абыройына дақ түспеген ғалымдар ғана осы ұйымға лайық болған. Кейін Марағи дейтін шейхтың кезінде бұл ұйым «Үлкен ғұламалар қауымдастығы» деп өзгертіледі. Арада біршама уақыт өткенде яғни 1349һ.-1930 жылдары әл-Азһар мешітінде оқудың мерзімі он бес жылға ұзартылады: бастауышта төрт жыл, орта оқуда бес жыл, қалғаны жоғарғы оқу болды. Осыған байланысты дін негіздерін, шариғатты, араб тілін оқытатын үш факультет құрылады. 1381һ.-1961 жылы 5-шілдеде шығарылған заң бойынша Әл-Азһар университеті факультеттер саны көбейген үлкен ғылым ордасына айналып, мұнда Қарым-қатынас және әкімшілік факультеті, инженерия факультеті, медицина факультеті деген үш факультет болады, кейін оған Егін шаруашылығы деген факультет қосылады. Әйелдерге арналған бөлім де ашылады.  Кейін Әл-Азһар университеті медицина, ислам ғылымдары, сауда-саттық, әлеуметтану, психология ғылымдарын оқытатын дербес университетке айналады.  Жоғары кеңес құрылып, оны шейх басқаратын болды. Оның міндетіне  университеттің жалпы жоспары мен саясатын бекіту міндеті кірді. 

Бұрынғы Ғұламалар ұйымының орнына енді Ислами зерттеу ұйымы құрылып, оған барлық мазһаб өкілдерінен елу адам кірген, бір қызығы сол ғалымдардың жиырмасы мүлдем мысырлық емес ғалымдар көрінеді. Бүгінгі таңда Әл-Азһар жоғары деңгейлі ғалымдар мен дін мамандарын дайындайтын Ислам әлемінің негізгі білім беру орталығына айналып отыр.  Біздің елдегі ҚМДБ осы мың жылдық тарихы мен тәжірибесі бар, мұсылман әлемінде өзіндік орны бар әлемге белгілі Әл-Азһар универсиетімен байланыс орнатқан, Алматыдағы «Нұр-Мүбәрак» универсиеті екі елдің келісімі нәтижесінде ашылған. 

Айта кетер болсақ, 14-15 қыркүйек күні елордадағы Тәуелсіздік сарайында өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезіне әл-Азһар шейхы, Жоғарғы имам Ахмет Тайып келеді. Ол сондай-ақ 16 қыркүйек күні ҚМДБ жанындағы Республикалық бас мешітте жұма намазына қатысып, уағыз айтады. 

Суреттер ғаламтор бетінен алынды

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?