Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Ұлт күрескері - Әлімхан Ермеков

4761
Ұлт күрескері - Әлімхан Ермеков - e-history.kz

Сурет: kazpravda.kz

Әлімхан Ермеков математика саласы бойынша профессор атағын алған тұңғыш қазақ. «Алашорда» қозғалысының жетекшілерінің бірі, «Алаш» идеясы, ұлт мұраты үшін он сегіз жыл өмірін қапаста өткізген тағдырлы жан. Кезінде В.И.Ленинге Каспий теңізінің солтүстік жағалауының (Астрахан губерниясын) Қазақ республикасына қайтарылуы тиімді екенін дәлелдеп берген, сөйтіп қазақ жерінің бір пұшпағы болса да осы елде қалуына бірден-бір себепші болған адам.

Әлімхантану бағытындағы зерттеу жұмыстарының басында ғалым, тарих ғылымдарының докторы, профессор Жанна Қыдыралинаның «Әлімхан Ермеков: тағдыр және заман» атты еңбегі тұр. Профессор Жанна Қыдыралина көрнекті қайраткер еңбегі туралы былай дейді:
 

 

«Әлімхан Ермековтің кеңестік Қазақ автономиялы республикасын құруға белсене қатысушы ретіндегі, қазақ жерлерін біріктіруге жасаған қызметі бүгінгі күнде жұртшылықтың қызығушылығын тудыруда. Әлімхан Ермеков жоғары интеллектуалды тұлға. Алаш ардагерлері Әлихан Бөкейханов пен Ахмет байтұрсынов оны Қазақ елі мен жерінің тағдыры шешілгелі тұрған жиынға кездейсоқ жібермеген. 29 жастағы жас Әлімхан Алаш Орда атынан барып, әртүрлі саяси топтардың өкілдерімен келіссөздер жүргізген. Ол Қазақ Орталық Атқару Комитетінің өкілетті уәкілі ретінде жауапкершілігі өте мол сын сәтте Мәскеуге барып, Лениннің алдында баяндама жасап, орталық аппараттың алдында Сибревком басшыларымен пікір таластырып, Ақмола облысын, Астрахан губерниялық атқару комитетінің құзырына қарап кеткелі тұрған Қазақстанның маңызды территорияларын, соның ішінде Каспийдің солтүстік жағалауының Қазақстан құрамында қалуын қадағалаған. Соның арқасында бүгінгі Астана жері, мұнайлы Батыс сақталып қалған».

 

«Қазақстанда жер мәселесі өте күрделі болды»

 

Ғалым М. Ескендірұлының «Алаш Орда министрлері» (2008 жылы шыққан) атты кітабында да «Әлімхан Ермековтің тарихи зор еңбегінің бірі – Қазақ автономиясы шекарасының біртұтастығын жанқиярлықпен қорғауы. Осы орайда ол 1920 жылы 17 тамызда В. Лениннің төрағалығымен өткен қазақ өкілдері қатысқан Халық комиссарлары кеңесінің мәжілісінде қазақ автономиясы мәселесі қаралғанда, Қазақстанның жағдайы туралы баяндама жасайды. Онда ол Қазақстанның шекарасы туралы мәселелерді қамтып, өктемшіл, озбыр, отаршылдық пиғылдағы өкілдермен қызу айтысқа түсіп, өз пікірін тиянақты, жан-жақты, бұлтартпас дәлелдермен қорғап шығады. Нәтижесінде кезінде қазақтардан тартып алынған Каспийдің теріскей жағалауындағы он шақырымдық ұлан-ғайыр жер Лениннің тікелей қолдауымен Қазақ еліне қайтарылды» деп тарихи мәлімет келтіреді.

 

Осы жерде «Әлімхан Ермеков – тарихи тұлға» атты кітапта келтірілген қайраткердің өз сөзінен мысалы келтірсек, «Қазақстанда жер мәселесі өте күрделі болды. Патша билігінің кезінде жергілікті халықтың пайдалануынан ең жақсы жерлерді – өзен-көлдердің жағалауларын, тоғайлы жерлерді тартып алып, орыстарға үлестірді. Солардың қатарына он верстық Ертістің екі жағалауы, жетпіс верстық Каспий теңізінің солтүстік жағалауы кірді. Әсіресе, жерді тартып алу Столыпин реформасынан кейін кең етек алды. Олар жергілікті халықтың мүддесін, пайдасын қорғамады. Отырыста Каспийдің солтүстік жағалауы туралы үлкен жарыссөздер болды, нешетүрлі пікірлер айтылды» дейді. Осылай дей келіп, Ә. Ермеков Каспий теңізінің солтүстік жағалауын Астрахан губерниясының құзырынан алып Қазақстан жеріне қосу керектігін айтып ұсыныс жасайды. Оның бұл ұсынысына Астрахан губисполкмның төрағасы Брюханов қарсы шығады. Ә.Ермеков те өз пікірінен танбай: «Егер біз Каспий жолағын біздің республикамыздың жеріне қосуды ұсынсақ, ол сол аумақтың Қазақстан жеріне қаққан сынадай енуіне байланысты болып отыр және онда қазақтар тұрады, оларды ұйымдастыру бізге оңай, орталыққа балықты біз береміз» деп нақты жауап береді. Сол кезде В.И.Ленин Брюхановтан теңіз жағасын қоныс еткен қазақ пен орыстың саны қанша екенін сұрайды. Осы жерде Брюханов күмілжіп, ол жерде қазақтардың көп қоныстанғандығын амалсыз мойындайды. Сөйтіп жағалауды Қазақстанға қосу туралы ұсынысқа Лениннің өзі бас болып дауыс беріп, Ә. Ермековтің ұсынысы бірауыздан қабылданады. «1920 жылдың 26 тамызында Қырғыз Автономиялық Социалистік Республикасының құрылғандығы туралы декрет қабылданды. 1920 жылдың 12 қазанында Оренбург қаласында бүкілқазақстандық кеңестер съезі болды. 1921 жылдың сәуірінде СНК РМФСР-дің және партияның ОК-ның шешімімен Семей, Ақмола облыстары, Корастылев даласы, солтүстік Каспий жағалауы Қазақстанға қосылды» деп жазылған кітапта. 

 

58-бап және Ленин көшесіндегі 58-үйдің 8-пәтері 

 

Ғалымның «Ұлы математика курсы» оқулығы жоғары техникалық оқу орындары мен педагогикалық институттарға арналып, латын қарпімен Қызылорда қаласындағы «Қазақстан» баспасынан 3500 данамен шыққанымен (1935 жылы), кейін осы құнды еңбек әдейілеп жойылған. Дерекке қарағанда, Абай атындағы әмбебап кітапхананың сирек басылымдар қорында осы еңбектің бір данасы сақталған көрінеді. Осылайша ғалымды алаш идеясы өз алдына, ғалым болғаны үшін, былайша айтқанда, орыс тілін білмейтін қазақтар жоғары ғылымды үйреніп қояды деп соттағанға ұқсайды. Шынымен де Ә.Ермековтің өмір жолына үңілсеңіз, тоталитарлық жүйенің қыспағы, совет үкіметінің шынайы бет-бейнесінің қандай болғанын көруге болады. Ғалымды 58-баптың 8-тармағы бойынша яғни халық жауы (жапонның тыңшысы) деп және ғылыми терминологияға зиян келтірген адам ретінде он сегіз жылға соттаған. 1930-1947 жж. Ермеков «ұлтшыл», «контрреволюцияшыл», «халық жауы» аталып, үш рет сотталып, он сегіз жыл өмірін түрмелер мен саяси куғын-сүргінде өткізіп, аса ауыр моральдық соққыға ұшырайды. Немересінің естелігіне қарағанда, атасы Әлімханды сол кезде сегіз адам бір-бірін ауыстырып отырып, үш тәулік бойы қинап, жауаптаған. Осы күндері ол ұйықтамастан, тек су ішкен екен. Есінен тана бастаған кезде көзіне әлденелер көрініп, санасы шаршаған осынау қиын сәтте туған-туыстарының ағаш басына асылған күйі одан «істегеніңді мойында» деп жалынғаны елестейтін көрінеді. Ермеков амал жоқ, өзін жапон тыңшысымын деп мойындаған. Оны лагерьге жіберген. Рухы шынымен де мықты адам болып тұр ғой, ешқандай жағдайы жоқ жерде, бастан кешкен ауыр азаптан ақыл-есін, кісілігін жоғалтпай шыға алған. Әйтпесе, он сегіз жыл деген тым көп уақыт қой. Соған қарағанда ғалым адамның өзі ішінде бір сөнбес шырағы болғаны, білімі бар, ұлтының тарихын білетін, ғылымнан хабары бар адам ғана өзінің адамдық қалпын жоғалтпай шыға алады дегенге сенімі болғаны анық.

Erk8O3luKOdoKfH88mkPR593wOyrrO1RKKnLN3fZ.jpg_width=400Xheight=225Xtype=1.jpg
 

 

Кейін келген соң да оны не үшін сотталғанын еске салып отыру үшін Ленин көшесіндегі 58-үйдің 8-пәтеріне тұрғызады. Оны білетіндер, көз көргендердің, шәкірттерінің айтуынша, есіл ер, мықты азамат ұзақ жылдар бойы кеңес өкіметінің жазалау органдарының қудалауында болғанына қарамастан, адамгершілік қасиетін, ұлтжандылық позициясын сақтап, ғалымдық, ұстаздық болмысына кір шалдырмай өткен.

 

Әлімхан Ермеков есімін ұрпақ есінде қалдыру, оның еңбегін насихаттау мақсатында деректі фильм түсірілген. Осы деректі фильмнің авторы әрі жауапты жетекшісі Назгүл Әбутұрапованың баспасөзге берген сұхбаты бар. «Бүкіл ғылыми атақтарынан айырылып, 58-баппен сотталып, 18 жылын абақтыда өткізіп, кейін түрмеден шыққан соң Қарағандыда 58-үй, 8-пәтерде тұрған қазақтың тұңғыш математигі, профессор, ағартушы ғалымы 1970 жылы елеусіз қалпында дүниеден өткенде қаланың шетіндегі елеусіз жатқан христиан зиратына жерленеді. Оған баратын жол да жоқ екен, адасып зорға таптық, сенесіз бе?» депті. Фильм жетекшісі осы жайды айта келіп, бүгінгі арзан күлкі, арзан сауыққа қыруар қаржы құйып отырған еліміздегі телеарналардың ұлттың асылдары, кезінде ел мұраты үшін жанқиярлыққа барған, халқының болашағы үшін деп бүкіл өмірін қиған арыстар туралы айтып, насихаттап отыруға, олардың істеген ісін ұрпаққа жеткізіп отыруға құлықсыз екенін келтіреді. 

 

Әлімхан Ермеков туралы фильмнің авторы әрі жауапты жетекшісі Назгүл Әбутұрапова: «Абақтыда болған кезінде Ә. Ермековтың қара басына талай рет қауіп төніп отырған. Бірақ түрме басшылары оны үнемі кейінге ысырып отырған. Неге десеңіз, олардың бәрі диплом алуы үшін оқуы тиіс болды. Түрме басшылығының рұқсатымен қызметкерлерге орта мектеп көлемінде сабақ берген профессордың дәрісіне лагерьдегі офицерлер құрамы түгел қатысқан. Бұл жайында жазылған естелік-дәптерді Ермековтің туған немересінің қолынан оқыдық» дейді.

 

Сол сұхбатты біз де тауып оқыдық. Ол түрмеде отырып та ағартушылықпен айналысқан, ол кезде бәрі бірдей сауатты емес еді, ғалым лагерь басшылығына жеңілдетілген онжылдық білім беру бойынша сабақ берген. Білім алған кезде олар жағдайды жақсырақ түсінеді дегенге сенгендіктен, оларға математика негіздерін, тарихты, әдебиетті, физиканы, астрономияны үйреткен. 

 

Қазақ тіліндегі математика оқулығын жазған

 

Отандық математика ғылымы саласында қазақ тілінде алғаш оқу құралын жазған автор ретінде Міржақып Дулатов аталады. (Есеп құралы. Орынбор: «Дин уа мағишат», 1914). Математика ғылымының ең қиын бөлімі алгебраны Қ.И.Сәтпаев әуелі араб графикасында 1924 жылы жазып шығып, (көлемі 592 бет), кейін 1929 жылы оны латын әрпіне көшіреді (көлемі 1400 бет). Осындай іргелі еңбектер қатарында Әлімхан Ермековтың «Ұлы математика курсы», «Аналитикалық геометрия мен дифференциал және интеграл есептеу негіздері» мен «Қазақ тілінің математика терминдері» атты анықтамалық сөздік кітабы құнды еңбек саналады. Әлімхан Ермековтың орыс тілінен аударылған осынау ауқымды, салмақты еңбегі «Детерминант теориясының элементтері», «Координат методы», «Функциялық байланыс және оны көрсету тәсілдері», «Сызықтық функция», «Екінші реттік қисықтар, кеңістіктегі координат методы», т.б. жеті бөлімнен тұрған. Әлімхан Ермеков 1948 жылы «Халық мұғалімі» журналына «Емле мен терминологияның кейбір мәселелері» деген мақала жариялап, «қазақтың байырғы тілінен: нүктелер, іргелес бұрыштар, сыбайлас бұрыштар, тең бүйірлі бұрыштар, түзудің берілген кесіндісі, ортақ төбелі бұрыштар, тең бүйірлі үшбұрыштар, түзудің берілген кесіндісі, ортақ төбелі бұрыштар, үшбұрыштың қабырғалары мен бұрыштарының арасындағы тәуелділік, шеңбер қоюшы, түйіндесу ауданы, дөңгелек, түзулер, бұрыштар, амалдар, т.б. осындай терминдердің жиындысы математика ғылымының бір саласы – геометрияның терминологиясы болды. Ондай терминдерді советтік қазақ мектептерінде қазақ балаларын оқытқанда қазақ тілінде қолданып, оқушыларға ғылымнан нақты білімдер беріп жүрміз деп әбден айта аламыз және осылай істеуге тәжірибеміз, ақыл-ой еңбегіміздің зертеу, қарастыру істеріміздің нәтижелерін толық көрсетіп отыр» деп жазған екен. Ғалым осылайша қазақ тілінің байлығын пайдаланып, қазақ тіліне математика терминдерін енгізбек болған. Айта кетейік, профессор Әлімхан Ермековтің «Қазақ тілінің математика терминдері» атты түсіндірме сөздігі 1936 жылы жарық көрген де, содан бір жыл бұрын оған КСРО Жоғары аттестациялық комисссиясы теориялық механика мен математикадан профессор дәрежесін береді. Бірақ, ол бұл дәреженің қайырын көріп үлгермейді, көп ұзамай басына қара бұлт төнеді.

 

Бір кезде оған «Қазақ» газетінде «Технологиялық институтқа тек қана зеректер түседі, Әлімхан – білімді, шешен, өткір, халыққа қызмет етуді өзіне парыз санаған жігерлі азамат» деп баға берілген екен. Мәліметтерге қарағанда, Әлімхан Ермеков 1921 жылы Қарқаралыда екі сатылы мектеп пен педагогикалық техникум ашқан. Ал 1925 жылы оны Семейге шақырып алып, Орынбордағы Қазақстан Госплан төрағасының орынбасары етіп бекітеді. Қайраты тасып тұрған жас жігіт сонымен бірге өндіріс секциясына жетекшілік жасайды. Арада көп өтпейді, 1929-1930 жылдары Алаштың жетекшілерін, жалпы осы мұрат жолындағыларды қуғындау басталады да Әлімхан Ермековті де сол кезде тұтқынға алып, бірақ артынан босатады. Мәліметтерге қарағанда, ол 1927-1935 жылдары Ташкендегі қазақпедагогика институтының оқытушысы, ҚазПИ-де доцент, Алматы зоотехника және мал дәрігерлік институтының профессоры, математика кафедрасының меңгерушісі, 1935-1937 жылдары Алматы кен-металлургия институтының математика және теориялық механика кафедрасының меңгерушісі болған.

Немересінің естелігі 

 

Арадік баспасөз беттерінде жарық көретін ғылыми мақалалар мен тұлғатануға қатысты сұхбаттар да оқырман үшін құнды мағлұмат болары анық, соның бірі «Казправданың» 2016 жылғы желтоқсан айындағы санында журналист Наталья Рыжковаға Әлімхан Ермековтың немересі Олег Ермековтың берген сұхбаты. «Бұл бір жағынан сенің бірегей тұлғаның ұрпағы екеніңді сезіндіріп кеудеңе мақтаныш ұялатса, екінші жағынан үлкен жауапкершілік жүктейді, өзіңнің фамилияңа сай болуың керек дегенді ойлайсың», деген жауабынан немересінің атасына деген құрметі мен ізеті байқалады. Ол жас кезінде жақсы бағалар алса оны өз еңбегімен, лайықты алып жатқанын үнемі дәлелдеуге тура келгенін айтады. «Өйткені, Ермековтің немересі болу бір жағынан қалыпты нәрсе болғанымен, бір жағынан оңай емес» дейді.

 

Әлімхан Ермеков 1891 жылы Қарағанды облысы Ақтоғай ауданының Беріктас деген жерінде дүниеге келген. Атасы Ермек Абайдың әкесі Құнанбаймен бірге Меккеге қажылыққа барған. Әлімхан Ермеков жастай білім қуған, 1912 жылы Томск техникалық институтында оқыған. Тек орыс тілін ғана емес, француз, ағылшын, латын, итальян тілін де жетік білген. 1917 жылы Әлихан Бөкейханов бастаған алашшылдармен бірігіп, автономия құру мақсатында қызмет ете бастаған. Сол заманда ұлттың жаңаша дамуы үшін ой кешкен, тыным көрмеген өзге қазақ азаматтары секілді Әлімхан Ермеков те ұлт мұраты жолында талмаған. Орыс географиялық қоғамы Семей бөлімшесіне мүше болған. Немересі Олег Ермеков өз естелігінде атасының Қаныш Сәтбаевпен дос болғанын, оны өзі алып жүріп технологиялық институттың тау-кен факультетіне оқуға түсуіне себепші болғанын айтқан. Кейін Сұлтанмахмұт Торайғыровқа да Томскіде білім алуына қолдау көрсеткен деген дерек бар.

 

1930 жылы алғаш рет тұтқынға алынған кезде Әлімхан Ермеков бұл жайында үй ішіне хабарламақ болады. Ол кезде тұтқындарға арналған арнайы вагон болмаған, кәдімгі купеде келе жатады, келесі купеде төрт студент болады. Әлімхан конвоирлардың көзін ала бере бір студенттің қолына тілдей хатын қыстыра кетеді, онда өзінің тұтқындалғанын, үйдің адресін көрсетеді.

 

Кейін 1950 жылдары інісі, ғалым, тау өнеркәсібімен айналысқан академик Төлеухан Ермеков сол кезде Министрлер кеңесінің төрағасы болған Д. Қонаевқа кіріп, Әлімхан Ермековтың жағдайын айтып, ол үшін баспанадан көмектесуді сұрайды. Қонаев Әлімхан Ермековке Панфилов көшесінен жақсы пәтер бергізеді. Өзі Әлімхан Ермековты қабылдап, «Әлеке, есіңізде ме, баяғыда сізді тұтқындаған кезде бір студентке тілдей хат беріп жіберген едіңіз ғой, сол студент мен едім» деп өткенді еске алады. «Менің атам көп тыңдағанды жақсы көретін. Адамды бақылайтын. Әбден тыңдап алатын да сосын барып, пікір алмасуға бола ма, әлде қажеті жоқ па? деп ойланатын. Бір қызығы оның шәкірттері, әріптестері ол кісіні бойы биік, тұлғалы адам сияқты көретін. Бұған ол кісінің кеудесін тік ұстап, тік жүретіні себеп болса керек. Сонымен бірге Әлімхан Ермековтың дәрісіне басқа топтың да студенттері келетін болған» деп естелік айтады Олег. Немересі Олег Ермеков өзінің сұхбатында атасы қайтыс болғаннан кейін көп адамның «маған сенің атаңның көмегі көп болды, кезінде жақсы бағыт беріп, көмектесті» дегенін келтіреді.

 

Сондай естеліктің бірін келтірейік. «Егемен Қазақстанның» 2010 жылғы 13 қарашасындағы санына Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті тау-кен институтының директоры, профессор И. Арыстанның «Ескірмейтін еңбек» деген мақаласы шықты. Ол өзі заманында Әлімхан Ермековтен дәріс алғанын айта келіп: «Осы ұлы адамның көзін көріп, дәрісін тыңдауға жазған тағдырыма ризамын... Біз ол кісінің халқының болашағы үшін күресте ауыр жолдан өткенін, ұлттық математиканың негізін қалаушы екенін көп жылдардан соң барып білдік. Қуғын-сүргін зардабымен арпалыса жүріп, «Ұлы математика курсы» деген оқулық кітабын жазғанын тәуелсіздік таңы атқанда ғана естідік. Кезінде жойылып жіберілген еңбектің архивте сақталған жалғыз данасын шәкірттері қайта басып шығарды. Бүгінде ол – әрқайсысымызға қымбат мұра» деп еске алған. 

 

Қайратты қазақ әйелі 

 

Әлімхан Ермековтің әйелі Рақия Ермекова да Томск университетінде оқып, жоғары медициналық білім алған қазақ әйелдерінің бірі. Күйеуі сотталып кеткен кезде балаларын асырап сақтаған қазақ әйелі. Алдымен «48 сағат ішінде балаларыңды алып, пәтерді босат» деген, одан кейін «қаладан кетіп бол» деп. Медицина ғылымдарының докторы, профессор Сағындық Ордабеков «Егеменге» жариялаған мақаласында облыстық мұрағатта зерттеу жұмыстарымен айналысып жүргенде Рақия Ермековнаың атын бірнеше рет кезіктіргенін, оның соғыс жылдарында 1941-1945 жылдары Жамбыл өңірінде еңбегі сіңген дәрігер болғанын айтады. Сол кезде сүзек таралып жатқан қиын кез, Рақия Шағабетдинқызы науқастарға қолынан келгенше көмектеседі. Ол дипломды дәрігер болғандықтан жергілікті теміржол ауруханасын басқарады, бірақ сегіз жыл бойына қоғамнан бөлектенуге мәжбүр болады. Халық жауының әйелі ретінде көп бейнет көрген, тайгаға барып ағаш кескен, жер аударылған деген там-тұм деректерді көзіміз шалды, келешекте алаш арыстарының жесірлері мен ұрпақтары көрген саяси қысым мен ауыртпалық туралы да кеңірек мағлұмат беретін зерттеулер жүргізілетін шығар дейміз. 1953 жылы күйеуімен Жамбылдан Қарағандыға келіп, 1960 жылға дейін Қарағандыдағы онкодиспансерде еңбек еткен. Деректерде оның арысынан он жыл бұрын яғни 1960 жылы қайтыс болғаны айтылады.

 

Жалпы репрессияның зардабы бұл отбасыға аз тимеген. (Ермековтың қарындасы Дәмештің күйеуі де білім саласының халықтық комитетінде жасаған, оны да тұтқындап, атып тастаған. Темірбек Жүргеневтің әйелі де 1938-1946 жылдары халық жауының әйелі ретінде Карлагта болады). 

 

Әкеге тартып туған ұл 

 

Әлімхан Ермековтың ұлы Мағауия Ермеков (1921-2006) те ғалым, геология-минералогия ғылымының докторы, профессор, ҚазКСРО ҒА корреспондент мүшесі, ҚР ҰҒА академигі болған. Әкесін тұтқындап әкеткен кезде Мағауия тоғыз жаста болған екен, кейін ол естеліктерінде осы жағдайдың өмір бойы жанына жара болып салып, жазылмай кеткенін айтқан. Мағауия 1939 жылы Алматыда мектепті үздік бітіріп, Ростов машинажасау институтына түседі. Бірақ екі айдан кейін халықаралық ахуалдың нашарлауына байланысты әскерге шақырылады, Түркменияның ыстық жағында атқыштар қатарында болады. Соғыс басталғанда кіші лейтенанттың жедел курсын аяқтаған талапты жасқа лейтенант атағын береді. 1944 жылы жаяу офицер біліктілігі курсын оқиды, майданға баруға қатты құштар болғанымен «мемлекеттік қылмыскердің ұлы» деп ол жерге жібермейді. Ол болса «майданға барсам, ерлік көрсетсем, әкемнің тағдырына әсер етер ме еді» деген үмітте болады. 

2-376.jpg
 

 

Мағауия алты жарым жыл әскерде болып, жеке штаб батальонының бастығы дәрежесіне дейін көтеріледі. Ұлы Отан соғысы кезінде Германиядағы жеңіс медалімен марапатталады. Соғыстан кейін тағы жыл жарым уақыт әскери қызметте болып, Алматыдағы атқыштар училищесінде оқытушы бола жүріп, сол жақтан Алматы тау-кен институтына оқуға түседі. Оның әкесі туралы естеліктерін оқи отырып, қаршадай кезінен қиындықпен бетпе-бет келген оның әкесіне деген құрметі бөлек азамат болып өскенін байқаймыз. «Краснояр өлкесіндегі Канский еңбекпен түзеу лагеріне сол кездегі БАМ жанымен жүріп отырып азаппен әрең жетуші едім, себебі ол кезде пойыз қатынасы да жолға қойылмаған болатын. Алматы апортын салған екі чемодан мен арқамдағы рюкзакпен батпақты кешіп қараңғыда келетін едім» деп еске алады. «Бірде лагерьдің саяси бөлімінің бастығы-полковник мені жолай өз көлігіне мінгізіп алды. Шамасы менің офицерлік щинелім әсер етсе керек. Екеуара әңгімелестік. Сол кезде мен әкеме тағылған айыптарды тізіп шықтым, сонда ол маған: әкең бір жерде бірдеңе айта салған болып тұр ғой деді». Әкесі абақтыда ұзақ жыл отырған кезде ұлы бірнеше рет іздеп барған, оған өзінше сүйеу болғысы келген. Инженер-геолог барлаушы мамандығын алып оқуын аяқтағанда Қарағандының «Казахуглегеология» тресіне жіберіледі. Ол кезде бұл жақ жер аударылғандардың жері саналатын. Бірақ оны шахтаның геологы ретінде жұмысқа алмайды, жалпы көмірмен байланысты жұмыстарға жібермейді. Сотталғандар мен кейде жапондар жұмыс істейтін карьерлерге барып, барлауды геологиялық картасыз жүргізуге тура келеді.

 

Әлімхан Ермековтың немересі Олег Ермеков те техника ғылымдарының кандидаты, геофизикадан жақсы еңбек жолын бастап, Қарағанды политехникалық институтында сабақ беріп, облыстық экономика басқармасын басқарып, кейін білім бизнесіне ауысқан. Бүгінгі таңда ұлы Әділмен бірге Ұлыбританияда «Maryadieducation» компаниясын басқарады екен. Мағауия Ермеков 2000 жылы «Мой отец – Алимхан Ермеков» деген кітап жазған. 

 

***

 

Бүгінде Әлімхан Ермеков атында көше бар. Кезінде «Сарыарқа» басылымының 1918 жылғы 22 қаңтарындағы санында Әлімхан Ермеков Алаш автономиясын құруға шақырылған 2-жалпықазақ съезінің делегаты ретінде былай деп жазған екен: «Желтоқсанның 12-сі күні түс ауа, сағат 3-те Алаш автономиясы дүниеге келіп, азан шақырылып ат қойылды. Алты алаштың баласының басына Ақ орда тігіліп, Алаш туы көтерілді. Үлкен ауылдарға қоңсы қонып, шашылып жүрген қырғыз-қазақ жұрты өз алдына ауыл болды». 2007 жылғы 12 желтоқсанда Астана көшесіне Әлімхан Ермеков есімі берілді. Бұл көшенің ұзындығы 899,5 м. Темірқазық, қоғам қайраткері Н.Оңдасыновтың, Алпамыс батыр көшелерін қиып өтіп, жырау, жыршы Қарасақал Ерімбетов көшесімен аяқталады.

Суреттер: ғаламтор бетінен алынды

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?