Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Түркі халықтарының әдеби жолы

4735
Түркі халықтарының әдеби жолы - e-history.kz

Сурет: rus.team

Түркі этномәдени жүйені тұтас сақтап қалатын ең күшті фактор - барлық түркі тілдері мен мәдениеттерінің лингвистикалық базасы болып саналатын ілкідегі көне түркі тілі. Бәрімізге мәлім көне түркі тілінің бай ойлау жүйесі мен үлкен мәдени әлеуеті болды. Сол себепті, одан қазіргі түркі тілдері мен мәдениеттері салаланып шыққаннан кейінгі даму процесінің жаңа сатысында да бұл тіл, яғни түркі тілі алып түркі әлемінің әмбебап әдеби тілі ретінде ұзақ ғасырлар бойы қарым-қатынас құралы болып саналды.

Осы тілде түркі және әлем әдебиетінің тамаша туындылары дүниеге келді. Мәдениеттанудың ойлау (ой-пікір) типологиясы бойынша мұндай сабақтастықтың жазба ескерткіш ретіндегі бастамасы Орхон-Енисей ескерткіштері «Орхон трилогиясы» тек саяси-идеологиялық мақсатта жазылуы тұрғысынан ғана емес, сонымен қатар тарихи- этнографиялық құжат ретінде де ерекше маңызға ие. Бұл жазба ескерткіштер көне түркілер туралы сол кезеңнің қандай да бір қытай дерегінен сан есе артық, әрі толық мағлұмат беретін бай ақпарат сипатында. Қытай деректері тек хронологиялық мәліметтер болса, ал аталмыш түркі деректері жанды өмірдің, бастан өткен тарихтың ақпараттар жиынтығы. Бұл тұрғыда көптеген зерттеушілер оларды қаһармандық эпос деп те есептейді. Шынында да кейінгі ғасырларда пайда болған эпикалық дастандар Орхон түркі жазба ескерткіштерінің өзінің ұғыну мәдениетінің дәстүрлері негізінде пайда болған. Шамамен біздің заманымызға дейінгі бірінші мыңжылдықтың орталарында қалыптаса бастаған көне түркі эпосы «Оғыз қаған», «Қорқыт Ата кітабы», «Алпамыс», «Манас», «Көрғұлы» секілді әлемнің ең тамаша қаһармандық эпостарын тудырған. Аталмыш эпикалық дастандарда түркілердің ұлы жаһангерлік қасиеті өз көрінісін тапқан. Егер түркілер Еуразияның маргинал этносы болған болса, олар ешқашан мұндай тамаша ескерткіштерді өмірге әкеле алмас еді. Түркі эпос мәдениетінің ерекшелігі - осы ескерткіштерде түркілердің этнографиясы нақты оқиғалардың берілуі, сюжет драматизмі, кейіпкерлердің ерлігі, мемлекеттің сипаты, әр түрлі халықтармен қарым-қатынас динамикасы Еуразия кеңістігінің өзіндей кең әрі көлемді түрде беріледі. Құрылымдық және қызметтік ерекшеліктері бойынша түркі этникалық-мәдени жүйесі әрқашан тұтас бір бүтінді құрап, біртұтас бір әлем моделін көрсеткен. Бұл мағынада жалпы түркі мифологиясы моделі біреу, біртұтас. Оның қандай да бір элементін кез келген түркі халқында кездестірмеу еш мүмкін емес. Осыған байланысты, жеке-жеке түркі халықтарында кездесетін әлем моделін (үлгісін) басты модельдің бір варианты деп санауға болады. Ал басты модель болса, біртұтас түрде де, жеке-жеке элементтерімен де түркі халықтарында соншалықты маңызды өзгеріске ұшырамастан, осы кезеңге дейін өмір сүріп келген өзгермейтін, тұрақты жалпы түркі мифологиялық әлем моделі. Түркі эпикалық мәдениетінің классикасына кіретін, бірақ түркі суперэтносының кейінгі тармақталу процесінде едәуір дәрежеде ұлттық сипат алған (қазақ, қырғыз, өзбек, түрікмен, әзербайжан, түрік) эпостардың өзін тап бір ортақ түркі жазба ескерткіші секілді етіп көрсететін фактор – түркі тайпаларының ынтымақтастығы, түркі әлемінің ортақ біртұтастығы. Мысалы, «Қорқыт Ата кітабы» дастанында ішкі және сыртқы Оғыз тайпалары арасындағы келіспеушіліктерді жою, олардың бірлігін қамтамасыз ету - осы эпостың идеялық мақсаты болып саналады. Эпостардан өнердің жанрлық түрлеріне өту процесінде осы идеяның өзінің де тармақталып, салалануы заңды. 

Кейде тіпті кішігірім жанрлардың даму барысының өзінде түркі мәдениетінің тіл мен ой-пікір ерекшеліктері сақталып қалған. Ілкі көне әуендер мен әуездер үнінде бәріне ортақ түркілік сарындар сақталған. Әдеби форма мен мазмұнның жаңарған сатыларының ешбірінде түркі ерекшелігі жоғалмаған. Мысалы, Әзербайжан фольклорында баяты танымал болып, ал поэзияда араб және парсы тілінен әлі бас тарта қоймаған кезеңде (XIV ғасыр) бір-бірімен үнемі соғысып жүрген қараман, осман, түркілерімен тайпалары арасындағы дұшпандықты жойып, елде заңдар мен ережелерді нығайту үшін қолынан келгенді аямаған әмірші-ақын Гази Бурханеддин түркі әдебиетінің ең көне жанрларының бірі - тұйықтарды жазған. Тұйықтар - түркі рухының бірлік сезімін өлтірмей, түркілердің ежелгі түп-тамырына шақырып, бірлікке үндейтін. Жалпы түркі әдебиетінің өзіндік ерекшеліктерінің бірі - көркем ойлау жүйесіне мифтік және реалистік бастау диалектикасының тән болуы. Мифтік дүниетаным түркі өркениетінің даму процесінде оның «поэтикалық архитектурасын» құраған. Түркі эпос мәдениетінің архетиптері көркемдік-эстетикалық дамудың кейінгі сатыларында да жаңаша мазмұн формаларында көрінген. Мәдениет пен руханият негіздерін саналы түрде сақтап қалғандықтан, түркі әдебиеті өзінің мифологиясымен, фольклорлық дәстүрлерімен терең байланысып жатыр. Бұл әдебиет - жаратылыс (материя) пен руханияттың (рух) біртұтастығына негізделген энергияның қайнар бұлағы. «Поэтикалық» түркі пассионарлығы - оның табиғатынан, «космо-психологиясынан» туындаған. Табиғат (өздері пайда болған алғашқы табиғи кеңістік) түркілердің тіршілігінің ажырамас бір бөлігі болғандықтан, қайда барса да, оны да өзінің рухани әлемі секілді жаңа географиялық кеңістіктерге жетелеген. Сол себепті, табиғат пен фольклор – түркілердің рухани әлемінің біртұтас нүктелері болып саналады. Осыған байланысты, түркілерді әлемнің ең экологиялық сипаттағы этносы деп санауға болады. Пассионарлық - түркілердің ең басты ерекшелігі, қозғаушы күші болып саналды. Түркі өркениеті Еуразияның бай табиғатын, этносфераның алуан түрлілігін, фольклор архетиптерін өз өзегінде ғасырлар бойы сақтап, олардың синтезін рухани энергияға, әскери-саяси ұйымдасушылық күшке айналдыра білгендіктен, шындығын айтқанда, пассионар өркениет болып гүлдеді. Тек саяси ой-пікірі ғана емес, сондай-ақ әдеби интеллекті де жоғары болған түркілер шығыс өркениеттерімен кездескенде де, кейіннен осы өркениеттермен белсенді байланыста болған кезде де, ешқашан тартыншақтап, маргинал жағдайға түспеген. Өз тілі мен мәдениетін, әдебиет саласындағы шығармашылық қабілетін батылдықпен осы өркениеттердің сынақ алаңына шығарды. Түркі тілі мен әдебиеті шығыстың үлкен әдеби жазба тіл дәстүрі бар мәдени өркениет жүйесінде тез арада өз орнын тауып, тарихи болмысының жаңа кезеңін бастаған. 

Алдымен барлық түркі халықтары пайдаланған түркі әдеби тілі, ал кейіннен бұл тілден тараған түркі тілдері енді орта ғасырларда Орталық Азияда болғаны секілді, шығыста да жетекші тілдер қатарында орын алып, түркі халықтары осы тілдерде өздерінің ұлттық әдебиеттерін тудырды. Түркі этномәдени жүйесінің кейінгі дифференциалды үстемдігі орта ғасырлардан бастап мынадай жағдай туғызды. Түркі халықтары мен мемлекеттерінің тарихы шығыстың үш ірі тілінде - араб, парсы және түркі тілдерінде жазылды. Түркілердің әлем мәдениетінің дамуына жасаған теңдессіз қызметтерінің бірі - олар өздерінің саяси үстемдіктерін пайдаланып, басқа тілдер мен мәдениеттерге қарсы кемсітушілік саясатын еш жүргізбеген. Олар өз ана тілдерін шығыстың ірі тілдерінің қатарына қосқан. Бұдан еш ұтылмаған, керісінше, өз тілдерінің өміршеңдігін қамтамасыз еткен. Нәтижесінде, түркі мәдениеті басқа мәдениеттер ішіне еніп жоғалмаған (ал көптеген ірі халықтардың өзі осындай тағдырдан қашып құтыла алмаған), керісінше басқа мәдениеттерді қорғаушы «өркениет қалқаны» қызметін де қоса атқарған. Түркілер туралы тек түркі тіліндегі тарихи дереккөздер ғана емес, сонымен қатар, басқа тілдердегі тарихи деректер де осы суперэтнос құрған мемлекеттер мен олар қалыптастырған мәдени мұраның кереметтігі туралы мол мәлімет береді. Түркілердің тарихи өмірін тебіреністі тілмен баяндайтын, кейде осы шынайы тарихты мифге айналдыратын, аңыз формасында ұсынатын, даналардың дана сөздерін бізге қысқа әрі нұсқа түрде жеткізген эпос-оғызнамалар («Оғыз қаған», «Қорқыт Ата кітабы», «Көрғұлы», «Манас», «Эмсали-Түрки» - түркі мақалдарының жинағы және тағы басқалары) турасын айтқанда, жоғары әдеби-эстетикалық ой-пікірдің жемісі. Профессор Ф.Баят бұл феноменді зерттей келе былай деп атап көрсетеді. «Оғызнамалар әрі дастан, әрі жылнама дәстүрінде түркі тайпаларының бір мемлекет құрамында бірігіп, жаһандық мемлекет құру жолында жүргізген күресінің жемісі. Оғыздар мен олардың ұлы аталары туралы, оғыз мәдениеті, оғыз мемлекеттілігі туралы бұл дастандар түркілердің жаһангерлік идеясын жаю үшін туған. Бұл тұрғыда оғызнамаларда әр түрлі кезендерде құрылған түркі жаһан мемлекеттерінің үлгілері көрінеді, түркішілдік оғызшылдық түрінде сақталып насихатталады. Әрине, оғыздар түркі тарихында ірі мемлекеттердің құрылуына жақыннан атсалысқан, өздерінің мемлекеттерін құрған, үнемі әлемдік мемлекетті құру идеясының туын көтерушілер болған. Негізінде оғызнамалар тек оғыз мемлекетінің жылнамаларда, эпикалық дәстүрде баяндалуы ғана емес, тұтас түркі этносының дастанға айналған, эпикалық тарихи-идеологиялық жыры. Оғызнама бұл тұрғыда саналы түрде түркшілік идеологиясын насихаттайтын Орхон-Енисей жазбалары, Қашқаридың «Диуанымен» қатар тұрады. Түркі қаһармандық дастандарында қаһармандық өлшемі - алыптық пен батырлық. Жаулап алу дастандарында алыптық енді билік ету идеясымен бірлеседі. Алып болу - әлемге билік ету секілді болып қабылданады. Алыптық пен билік ету Оғызнама дастандарында Тәңірдің берген тартуы секілді көрсетіледі. Осыған байланысты, орта ғасыр авторлары көп уақыт түркі армиясын заң түзуші, әлемді ретке келтіруші, жолдан азғандарды жазаға тартушы күш ретінде көрді» дейді. Әрине, оғызнамалардың түркі халықтарының ең танымал, әдеби- көркемдік жағынан ең тамаша дастандар екендігі еш шүбәсіз. «Қорқыт Ата кітабы» мен «Көрғұлы» әлем мәдениетінің ең тамаша әдеби жәдігерлерінің бірі. «Қорқыт Ата кітабында» оғыз түркілерінің мемлекеттілік тарихының бастау алдындағы жағдайы, олардың рухани-танымдық құндылықтары, ұлыс пен жерді қорғау жолындағы күрескерлік рухы, оғыз тайпалары арасындағы бірлікті қалай да сақтап қалу ниеті барынша шынайылықпен көрініс тапқан. Ал «Көрғұлы» ерліктің басқа қырын ашады. Халық арасынан шыққан қаһармандар халықтың құқығын қорғау, жер бетіне әділет орнату үшін тіпті билікпен де күресу миссиясын атқарады.

Негізінде түркі эпосының мұндай мазмұнда берілуі үлкен даналықтың белгісі. Түркі мемлекеті үлкейіп, империяға айнала бастаған сайын халықпен байланысын жоғалтпауы керек. Қандай жағдай болмасын халықты қанаушылық сипат алмауы тиіс. Бұлай болған жағдайда халықтың әділетсіздікке төзбейтіні оны ақыр соңында құлдырауға алып баратыны анық. Біз үшін әсіресе мына жайт аса маңызды: бұл екі эпос Әзербайжан мәдениетінің, руханиятының, этногеографиясының жемісі болуымен қатар, бүкіл түркі халықтарының әдеби-мәдени мұрасы. Түркі текті қырғыздар дүниеге әкелген «Манас» - көлемі жағынан (ол Гиннестің рекордтар кітабына енген) әлемнің ең үлкен эпосы. Халық ауыз әдебиетінің зор үлгісі саналатын бұл дастан ғасырлар бойы жыраулар тарапынан жырлана- жырлана толығып, рухани өмірдің үнемі өзгеріп отыратын көріністері арқылы халықтың айнасы болған. Ал «Эмсали-Түрки» оғызнамасын қазіргі түркі халықтарының мақал-мәтелдерінің бастауы деуге де болады. Ерте орта ғасырлық түркілердің тілі мен мәдениетінің өзегін қысқа да нұсқа формада баяндау ерекшелігін, оның өзі мен айналасына даналықпен қарағанын, түркінің даналық сөзінің көп мағыналы қабаттары мен алуан түрлі семантикасын осы бір нақыл сөздерден құралған оғызнамадан жеткілікті деңгейде оқып, үйренуге болады. «Бұтрақді күп, буғдай умма» (Ошаған егіп, бидай дәметпе); «Ұлысын ұнатпаған үйіне бос барады», «Үлкен қалалар темірдің аузы», «Атты досыңдай бақ, дұшпаныңдай мін» іспетті мақалдар түркі мәдениеті мен әлем мәдениетіндегі бірегей үлгілерінің бірі. Жебірей текті, парсы тілді ислам тарихшысы Рашид ад-дин Фазлуллахтың «Жамиғ-ат Тауарих» (XIV ғасыр) атты іргелі еңбегі бар Бұл еңбекте алғаш рет оғыз түркілерінің саяси- мәдени тарихы жалпы әлем тарихы тұрғысынан баяндалады. Әлемдік тарихтану ғылымының осынау бір классикалық ескерткіші түркі халқына, мемлекеттілігіне, тілі мен мәдениетіне, сондай-ақ оның ислам әлемінен алар жоғары орнына ашық түрдегі қызығушылықпен көрсетеді. Осы еңбекте түркі тарихы тіпті белгілі бір дәрежеде аңызға айналдырылып, көтермеленіп жазылған. Рашид ад-дин Фазлуллахтың әлемнің көптеген тілдеріне аударылған «Жамиғ-ат Тауарихы» казіргі танда түркі халықтарының ұрпақ шежіресін, түркі мемлекеттерінің тарихи даму барысын және түркі мәденистінің жалпы адамзаттық сипатын оқып-үйрену үшін ең маңызды дереккөздердің бірі болып саналады. Түркі ұлттық әдебиеттері қалыптасқан дәуірден бастап (XIV-XVI ғасырлар) олардың әрбірінің өз тілінің әлеуетіне қарай тарихи даму кезеңі басталды. Түркі әдебиетін құрып, калыптастырушылар Мәулана Желаладдин Руми, Жүніс Әміре секілді алыптардың жолын одан кейінгі түрік халықтарынан қаулап шыққан ақын-жазушылар жалғастырды. Олар ұлттық мәдениеттің, қалаберді әлем әдебиетінің дамуында маңызды рөл атқарды. Нобель сыйлығының иегері Орхан Памук , сондай-ақ қырғыз бен қазақтан шыққан Шыңғыс Айтматов, Мұхтар Әуезовтың өзі неге тұрады. Түркі ұлттық әдебиеттерінде көркем ойдың барлық үлгілері мен заманауи (верливр) поэзия формалары да, сатира, түрлі проза және драма жанрлары, естелік (мемуар) роман жазу, романтизм, реализм (ағартушы, сыншы), модернизм және постмодернизм әдеби ағымдары, фантастика, жаңа әдеби эксперименттер, классикалық формаларға оралу элементтері түгелдей көрініс тапты. Қазіргі кезеңде тәуелсіз түркі мемлекеттерінің ұлттық мәдениеттерінің түркі өркениетін жалпы әлемдік деңгейде көрсете аларлық зор әлеуеті бар.

ХХ ғасырдың басынан осы күнге дейін түркі өркениетінің әлемге тарту еткен әдебиет қайраткерлерін назарға алар болсақ, олардың шынымен де жалпы адамзаттық құндылықтарды, ұлы гуманизм идеалдарына қол жеткізуде, адамзатты өркениетке жеткізетін жұмыстардың жүргізілуінде үнемі алдыңғы сапта болғанын анық көруімізге болады.

 

Пайдаланған әдебиеттер тізімі:

Жаваншир Фейзиев «Түрк әлемі»,

Лев Гумилев «Ежелгі түркілер»,

Кляшторный С.Г «Түркі тайпаларының ежелгі тарихи мәселелері»,

Фарук Сумер «Оғыздар, түркімендер»,

Махмұд Қашқари «Диуани лұғат-ат түрік».

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?