Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Құнды кітап – халық қазынасы

4224
Құнды кітап – халық қазынасы  - e-history.kz
«Құнды тарту» акциясы жарияланғаннан бері Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапхана қорына 10 000 астам кітап сыйға тартылды

ҚР Ұлттық акуадемиялық кітапханада «Құнды тарту» атты кітап сыйлау акциясы туралы ұйымдастырылды Кітап – оқырманға рухани күш жігер, тәлім-тәрбие, үлгі-өнеге беретін рухани сарқылмас қазына. Кітап құндылығы жайында дана халқымыз: «Білімнің бастауы – кітап» десе, данышпан Абай: «Артық ғылым кітапта, ерінбей оқып көруге» дейді, ал көрнекті жазушы Әбіш Кекілбаев: «Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана» деп кітаптың құдіретін, оның мәртебесін одан әрі асқақтатып көрсеткен екен. Міне, осы Кітап дейтін рухани асыл қазынаның мәртебесін көтеру мен жастарға кітап оқуды насихаттау үшін ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы 2014 жылдан бастап «Құнды тарту» атты кітап сыйлау Акциясы жарияланды. 

Акцияның мақсаты: Астана қаласындағы ұлттық академиялық кітапханасы қорын түрлі тасымалдау құралдарындағы ғылыми, ғылыми-көпшілік, деректі (құжаттамалық), анықтамалық және озық үлгідегі классикалық шығармалармен қатар, қазіргі заманғы қазақ және әлемдік көркем әдебиет туындыларымен толықтыру болатын. 

09e555e374d079b77d97b6fc56b0452a.jpg

Бұл акция басталған сәттен-ақ ғалымдар, оқытушылар, ақын-жазушылар, зиялы қауым өкілдері, жастар және жерлестеріміздің кітапханамызға бас сұғып, өзінің жан дүниесіне рухани демеу жасаған адами қасиеттеріне көзіміздің жеткені ақиқат. 

Бірінші болып жеткен «Халықаралық ақындар мен жыраулар одағы» Республикалық қоғамдық бірлестігі. «Қазақстан айтыс ақындары» анықтамалық жинағының алғашқы 50 данасын сыйға тартты; Қазақстан Республикасының дін істер жөніндегі агенттігі «Дінтұтқа» атты басылымның 20 данасын сыйға берді. Қазақстанның аймақтарынан да сайтқа кіріп пошта арқылы кітаптарын жіберіп жатқандар да аз емес. Солардың бірі белгілі ақын, жазушы, Джавахарлал Неру атындағы Халықаралық сыйлықтың лауреаты Аманжол Шамкеновтың ұлы – Ернар Шамкенов. Ернар Аманжолұлы Павлодар қаласында тұрады, ҚР ҰАК сайтын жиі қарайды, біздің хабарландыруды оқып, Акцияны қолдауды шешіп, әкесінің 5-томдық басылымын жібере отырып былай деген, - «Біздің бұл азғантай сыйымыз ұлттық рухани мұрамызға қосылған тамшыдай болса да үлесіміз болсын...» Жылы сөзге жанымыз жібіп қалды. Іштей әрбір адамның туған халқының әдебиеті мен рухани мұрасына деген шынайы құрмет осындай болса нұр үстіне нұр болар еді деп ой түйдік. 

Игілікті сыйлыққа қосылған ерекше топтамалар – атақты ғалым, академик Зәки Ахметовтың жеке кітапханасынан 566 дана кітап, 43 папка қолжазбаларымен жұбайы Зия Насыровна кітапханаға сыйға тартты. «Самұрық-Қазына» АҚ басқарушы директоры Дархан Қалетаевтың жеке кітапханасы, оның ішінде 400-ден астам 19-20 ғасырдың басылымдары бар. 

Міне осындай игілікпен басталған іс осы күнге дейін жалғасын тауып келеді. 

Жазушы Әкім Тарази студенттік жылдарынан кітаптар жинай бастаған жеке кітапханасын, оның ішінде көркем туындылар және тарих, философия, тіл білімі бойынша ғылыми-танымдық еңбектермен Ұлттық академиялық кітапхана қоры толықтырылды. Сыйға тартылған топтамалар – 978 кітап. 

Атап өтетін тартудың бірі Қазақстанның Орталық комитетінің хатшысы, көрнекті қоғам қайраткері Мұхамеджана Абдықалыковтың жеке кітапханасынан бірегей кітап топтамасы, оның ішінде 1942 жылы жарық көрген М. Әуезовтың «Абай» тарихи романы, 1945 ж. А. Никольской и Т. Нуртазинаның аударған «Абай» романы. 1905ж. Санкт-Петербург қаласында Ш. Уалихановтың қолжазбасы бойынша басылып шыққан «Сказание об Едигее и Токтамыше» атты кітап, 1904 жылғы Ш. Уалихановтың шығармалары, 1938 жылғы Ж. Жабаевтың өлеңдері және тағы басқа салалар бойынша кұнды кітаптар. 

Профессор Қалиев Сайлаубек Қалиұлының жеке кітапханасынан 500-ден астам математика ғылымдары бойынша құнды басылымдары кітапхана қорынан тиісті орын алды. Мысалы Г.М. Фихтенгольцтің «Дифференциалдық және интегралдық ескертулер курсының 1 томы» кітапты математика ғалымдары өте жоғары бағалайтын еңбек болды. Сонымен қатар атақты қазақстандық математик-ғалымдары О.А. Жәутіков, Н.Т. Темірғалиевтің еңбектері, әлемдік ғалымдар А.Я. Хинчин, С.М. Никольский, Н.Н. Лузин, А.Д. Мышкис, Е.С. Вентцель және т.б. еңбектері. 

88bb3ccacaa47faa3e34e60b5375e18d.jpg

Асыл ойлар қазынасы – кітапқа, кітапханаға деген құрметін сезініп, көпшілік кәдесіне жарасын деген оймен кітапханамызға құнды тарту жасаған тұлғалар ішінде ғалымдар, жазушылар, Л.Н. Гумилёв атындағы Еуразия Ұлттық университетінің академиктері Сейіт Қасқабасов, Әділ Ахметов, Гәділбек Шалахметов, Премьер-Министрі Кеңсесі жетекшісінің орынбасары, жазушы, филология ғылымының кандидаты, драматург Жолтай Алмашев, Қазақстан Республикасы ҚР Парламент Сенатының депутаты Жабал Ерғалиев, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Алдан Смайыл, ақын-жазушылар қауымы, Еуразия Ұлттық университетінің проректоры Дихан Қамзабекұлы, Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі Финляндия Елшілігі басшысының бірінші хатшысы Аннийна Койвула-Олстад ханым, Мемлекет тарихы институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Бүркіт Аяған, ҚР Ұлттық кітапханасының бас директоры Ә. Асқардың жеке қорындағы кітаптар, Нүркен Мырзаханұлы, профессор, абайтанушы Е.И. Григорьевтің еңбектері, ҚР Президенті әкімшілігі, Қарағанды қаласы Болашақ университеті, Павлодар облысының Мемлекеттік мұрағаты, Қазақ Ұлттық аграрлық университеті басылымдары. 

Мұнай-газ саласының еңбек ардагері А.О. Бәлдеков 58 дана кітабын сыйға берді. Кітаптардың ішінде 1999 жылы Астана-Лондоннан шыққан 2 томдық «Қазақстанның мұнай энциклопедиясын» ерекше атап өтуге болады. Қазақстандағы мұнайгаз өнеркәсібінің 100 жылдығына арнап басылған бұл энциклопедияда халықаралық іскерлік қауымдастыққа құнды тарихи деректер ғана ұсынылып қоймай, Қазақстанның мұнайгаз секторының дамуы көрсетіліп, еліміздің мұнай байлығын жүз жылдар бойы зерттеп игерген жетекші мұнайшы мамандар туралы да жазылған. 

«Құнды тарту» акциясы жарияланғаннан бері Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапхана қорына 10 000 астам кітап сыйға тартылды. Бұл кітаптарды түрлі ұйымдар, Қазақстандағы Елшіліктер және жеке тұлғалар тапсырды. Әрбір сыйға тартылған кітап кітапхана үшін өте маңызды, өйткені сыйға тартудың арқасында кітаптың ғұмырын ұзартуға әрі кітапхананы рухани қолдауға болады. Бүгінгі таңда бұл жайт ерекше көкейтесті, өйткені сыйланған кітаптар кітапхана қорын толықтырудың ең негізгі көздерінің бірі болып табылады. 

Кітапхана қорына сарқылмас рухани қазына ретінде құнды басылымдар күнделікті құйылып жатады. Елбасы Н.Ә. Назарбаев айтқандай, «Өзінің биік, таза, рухани қасиетімен Кітап – мәдениет пен руханиятты қорғауда теңдесі жоқ қару болып табылады. Кітап – адамзат баласына ағарту, білім сыйлай береді». 

Қ. Нұралинова, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы ақпараттық-мәдени бағдарламалар қызметінің жетекшісі 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?