Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Ежелден елорданы еншілеген

2042
Ежелден елорданы еншілеген - e-history.kz

Ұлы даланың кіндігінде орын тепкен Ақмоланың, қазіргі Астананың тарихы көне өркениет пен ірі саяси оқиғалардың, дәуірлік өзгерістердің тарихы деуге дәлел жеткілікті. Деректерге сүйене отырып, Астана шежіресі біздің заманымызға дейінгі III мыңжылдықтан басталады деп кәміл айта аламыз. Шаһардың шаңырағын алғаш көтергендер нақ осы мыңжылдықта ұлы далада ұлы империя құрған ғұндар болатын. Бұл берік байламды шетелдердің саяхатшылары XVIII-XIX ғасырда емеурінмен аңғартып кетсе, қазіргі қазақ зерттеушілері ашық мәлімдеп отыр. Оларға дәл осындай батыл пікір айтқызған тарихи орын Астанадан небәрі он бес шақырымдай жердегі Тайтөбе белінің үстінен табылған ескі қамал.

Дәуірінде айбыны асып, қуаты тасып тұрған ғұн көсемдері Сарыарқаның төсіне, төрт құбыланы тоғыстырған жер ортасына, Нұра мен Есіл өзендерінің арасында жатқан Тайтөбенің үстіне қамал салыпты. Кеңдігінен бас айналатын, қараған көз сүрінбейтін ұлан даланы сол қамал күндіз-түні қалт еткізбей қарауылдаған. Ғұндардың тілінде "ақ" - батыс, "мола" - қамал ұғымын білдірген. Сонда Ақмола атауы "Батыстағы қамал" деген сөз болып шығады.

Осы тұжырымның тарихи дәлдігіне Қостанай облысының жерінен Ақсекент қаласының орны табылғаны, шаһардың аты Батыстағы қала делініп аударылғаны да нақты дәлел.

Тағы бір айғақ – Жезқазған өңіріндегі Ақмола тауы. Осы дала тауында да көне қорғанның сілемі әлі күнге айқын танылады. Соған қарап ғұн империясының Сарыарқадағы әскери қамалдарының маңы елсіз болмайтыны және белгілі. Тайтөбедегі қамалдың бойы бағзы заманнан малшылар мен егіншілердің, қолөнер шеберлерінің құтты мекеніне айналған. Академик Әлкей Марғұлан "Ежелгі жыр-аңыздар" атты зерттеу еңбегінде: "Есіл, Нұраның арасындағы үлкен айдын – Тоғаныстың тоқсан екі көлі "ноғайлы-қазақтардың жойқын егін салған жерлері. Қызыл мола, Сұлу там, Сырлы там, Хан сүйегі солардың жәдігерлері", - деп жазады.

Осындағы Қызыл тамды әйгілі Қарауыл ақын да жырға қосқан.

Кенжебай жайлау қайда Бозайғырдай,

Шыға тоқтап жатады мал қайырмай.

Ақмола - Қызылмола арасында,

Қонады керей-қыпшақ ірге айырмай, -

деп басталатын ұзақ жыр бертінге дейін осы өңірде айтылып келеді.

Қызыл мола атауындағы "мола" сөзі ғұндар тілінде қамал-қорған мағынасын бергенін еске алсақ, сол империяның Астана маңындағы бекінісі екеу болғанын болжай аламыз.

Ертеден осылай әскери стратегиялық ерекше маңызға ие болған өңірде қанша рет майдан ашылып, қанша рет жан алысып, жан беріскен ұлы шайқастар өтті екен десеңізші. Сол ұрыстардың өтінде батырлық, қаһармандық дәстүрдің қалыптасқаны және анық. Өзіміз жоғарыда сілтеме жасаған кемеңгер ғалым Әлкей Марғұлан халық шежіресінде Ер Көкше мен Ер Қосай бір туысқан кісі болып көрсетілетінін, олардың арғы атасы "Манас" жырында - Қамбар делінетінін, Атбасар мен Есіл даласын қоныстайтынын, уақ тайпасы сол екеуін түп атасы етіп дәріптейтінін айтып кеткен. Олай болса, эпостық батырлар Қамбар, Ер Көкше мен Ер Қосай Астана топырағының ту ұстап жауға шапқан жойқын ерлері.

1553082836_photo_220882.png


Ғұн империясы берік орныққан ұлы дала одан бергі ұзақ заманда Дешті-Қыпшақтың қасиетті мекені болды. Ресей мен Орта Азияға, одан асып бүкіл Шығыс Еуропаға сол дәуірдегі әскери-тұрмыстық және қалалық мәдениетті молынан дарытқан қыпшақтар бүгінгі Астана маңында небір тамаша шаһарларға ғұмыр берген. Солардың бірі Елордадан қол созым жердегі Нұраның бойындағы Бытығай қаласы.

Аталған қала Ресей картасына алғаш рет 1694 жылы түсірілген. Бұл картаның авторлары Ресейден сол жылы әз Тәуке ханға келген елшілер Ф.Скибин мен М.Трошин болатын. Карта 20 парақтан тұрады, "Казачья орда" деген ат берілген.

Біз үшін аса құнды осы мұрағатта әз Тәукенің Нұра өзенінің бойында орда тігіп отырғаны, оған бару үшін Есілден өтуге тура келгені баяндалады. Сол жерден Қорғалжын көлі алыс емес делініп, орда мен көлдің аралығында, Нұраның жағасында Бытығай атты қала бар екені әңгімеленеді. Әз Тәукенің қаланы ерекше қамқорлықпен күтіп ұстап отырғанын айта келіп, елшілер шаһарда салтанатты діни орындардың көп екендігіне таң қалады. Бытығайдың елсіз еместігін, Жібек жолын пайдаланған керуендер тоғысып жататынын, бірақ бұл тұста дала саудасының біршама саябырсығанын хабарлайды.

Осыдан ғасырға жуық уақыт өткенде, атап айтқанда, 1762 жылы орыс ғалымы П.Рычковтың Петербургте "Сочинение колледжского советника Академии наук Петра Рычкова" деген кітабы жарияланады. Қазақ жерін ұзақ уақыт шарлаған ғалым Бытығай қаласынан біраз мағлұматтар береді. "Бытыгай - развалины великого города в киргиз-кайсацкой Средней орде на реке Нуре, впадающей в озеро Кургальджино от устья оной реки верст в тридцать. По признакам был сей город положением верстках на десятки, и еще видны тут четвероугольные палаты наподобие замка так велики, что вокруг сажен на триста. Тут же одна мечеть и весьма много развалившегося каменного строения", - деп сипаттайды. Соған қарағанда, Бытығай әз Тәуке дүние салған соң қараусыз қалған, қирап бітуге айналған.

Көне шаһар туралы бұдан кейін мәліметтер қалдырған адам тау-кен инженері И.П.Шангин. 1816-1820 жылдары ол "Вестник Европы", "Сибирский вестник" және "Горный журнал" басылымдарында Ақмола өңірінің көне ескерткіштері, соның ішінде Бытығай қаласы туралы бірнеше зерттеу мақалаларын жариялаған. Қазақ даласын бес ай бойы шарлап үш мың шақырымдай жол жүрген инженердің сол жазбалары "Дневные записки путешествия в степи киргиз-кайсаков Средней орды стата Колывано-Воскресенских заводов ерг-гешворена Ивана Шангина 1816 г." деген еңбегіне енген.

tild6466-3731-4439-a266-303531323466___3.jpg


Бытығай қаласы оған қатты әсер етсе керек, жанында бірге болған топограф Ретивихке көрінісін сыздырып алады, өзі де жазбаша нақты суреттейді. "Из горько соленых озер оз. Кургал-Джин имея до 300 верст окружности есть величайшее. В него изливается ныне р. Нура, текущая прежде в р. Ишим. Но в дальнейшем растоянии от сего озера видны обширные поля древних пашен, свидетельствующие о плодородии страны сей, а холмы кирпичей более 15 верст окружности занимающие и из развалин древного города, составившеся, как остатки древного храма, весьма порядочной архитектуры, доказывают, что страна сия населена была не блуждающими народами, а народом образованным, просвященным".

Бытығай Шангинге осындай көрікті ой салған. Сар далада ғұмыр кешкен ата-бабаларымыздың даналығына құрмет сезімін оятқан. Сол қаланың осынау өлке өркениетінде жалғыз еместігіне таңдай қағып, Есіл-Нұра қойнауының көне тарихын терең зерттесе деген ойға толғатқан Аққайрақ пен Есіл өзендерінің бойындағы қалалар мен қамалдардың орнынан, Жақсы көң, Жаман көң арналарын қуалай салынған мазарлардың орамынан таңғажайып мәдениеттің тарихын таныған.

Орыс зерттеушілерінің осы тарихи еңбектерін біздер жоғары бағалай отырып, солардағы тағы бір құнды дерекке ерекше назар аударуымыз керек. Ол атақты әз Тәукенің, қазақ мемлекеттігінің керегесін кеңейтіп, алғашқы конституциясы - "Жеті Жарғыны" өмірге әкелген кемеңгер ханның ордасы Астананың түбінде болғандығы. Осыдан елорданың Ақмолаға көшірілуінің тарихи сабақтастығы келіп шығады. Үш жүздің билігі қолында тұрған хан бұл дүниенің жұмағы - көгілдір Көкшеге немесе жер жәннаты Жетісу мен Алатауға, яки ару Алтайға қоныс теуіп, Еділ-Жайық өмір кешіп жатар болса, кім қой деген. Алдияр ханға алты алаштың қамы қазақ отанының кіндігі Сарыарқаға, Есіл мен Нұраның аясына орда тіктіргенін аңғару қиын емес шығар. Арада төрт ғасыр өткен соң сол даналық қайталанды. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың көрегендігімен жаңғырды.

Жадымызда дәл осылай қайта түлейтін қасиеттер сірә да аз емес. Астананың тарихын асқақтататын осындай ізгіліктің бірі – данышпан бабамыз әз Тәукенің елорданың іргесіндегі ордасын қастерлеп, ғибадат ететін, айбын көретін белгі орнату. Бұл әсем жалғасқан ұрпақ сабақтастығы, тарихтың көркем тоғысуы болар еді.

Сол атақты хан көзі тірісінде аялап күткен Бытығай қаласын уақыттың шаңынан аршып, көптің көз алдында қайта тірілтсе, көне ғасырлардың алдындағы парызымызды орындар едік. Бүгінде ежелгі шаһардың орнын ағыны қатты Нұра жыл санап шайып жұқартып барады.

Қазіргі шағыңнан жаңылғың, келешегіңнен адасқың келмесе, өткен тарихыңмен әлсін-әлсін сырласып тұр. Ал қартаң тартқан алдияр уақыт Астананы бауырына басқан Ақмола аймағы бергісі Ресей, арғысы Франция, Италия, Испанияны әлімсақтан қызықтырғанын айтады. Қызықтыратыны - осынау өңір арқылы бүкіл Дешті-Қыпшаққа ықпал етуге болатындығы.

Француз королі Людовик IX-ның тапсырмасымен 1253-1255 жылдары Фламанд саяхатшысы Вильгельм Рубрук қазақ даласына аттанды. Саяхатшының корольден алған нақты нұсқауы - осы елге алда-жалда жорық жасалар болса, стратегиялық маңызды аймақтарды анықтау, жауынгерлігімен аты шыққан арғын, қыпшақ, найман, керейлерді христиан дініне үгіттеу, сол ниет жүзеге аса қалса, крест жорығына қосып алу.

B.Рубрук ұлы даланы әбден шарлап қайтқан соң Людовик IX- есеп жазады. Әккі саяхатшы корольге көрген-білгенін әскери барлаушы секілді тактикалық тұжырымдар түрінде баяндайды. Ертіс, Есіл, Нұра, Кеңгір, Сарысу, Қорғалжын, Балқаш секілді өзен-көлдердің дала халқы үшін аса маңызды екенін мәлімдейді. Ұлытауды жан-жақты сипаттайды. Алжа-там, Болған-ана, Жұбан-ана қалаларын суреттеп береді.

Дәл осындай деректерді Испан короліне 1271-1295 жылдары қазақ жері арқылы Қытайға өткен атақты Марко Поло да жеткізеді.

Аталған саяхатшылардың көрген-білгендері Италияға да белгілі болған шығар, 1375 жылы осы елде құрастырылған "Каталон картасында" молынан пайдаланылған. Карта Италиядан Дешті-Қыпшақ жеріне саудамен келген көпестердің құнды мүлкі болған еді. Сол көпестер әр сапардан оралған сайын карта жаңа жер аттарымен толығып отырады. Бірте-бірте Еуропаға кеңінен таралады. 1459 жылы Венецияда Фра-Маура деген атпен жарық көреді. 1742 жылы Францияда өңделіп, тың деректермен байытылып шығарылады. Соның бәрінде де Солтүстік және Орталық Қазақстан назарға алынған. Сарай, Сүзген-тұра, Бесік-тұра, Қашлық, Ақтоғай, Іскер, Қайнақ, Ханыкей, Бытығай қалаларының географиялық орналасу реті, халқы туралы мәліметтерге бай. Сарыарқа мен Ақмола-Қараөткел өңірін осынша зерттеген Франция мен Италияның, қала берді Испанияның қазақ даласына қарумен келмеуі оларға жеткен мәліметтерде бұл елдің күш-қуаты туралы жақсы айтылғандығынан шығар. Жолындағысының бәрін жайпаған крест жорықшылары Людовик IX-шының тұсында да, онан кейін де арғын, найман, керейлермен нығайған Дешті-Қыпшақ даласына беттей алмаған.

Иә, ежелгі Қараөткел-Ақмола дүниенің төрт бұрышына осылай мәлім болыпты. Стратегиялық-географиялық ыңғайлылығымен, гүлденген мәдениетімен, еңселі қалаларымен әйгілі еді. Сол ерекшелік іргедегі Ресейдің де назарын аударды. Бірінші Петр Қытайға өтетін төте жолды іздеді, империяны кеңейтудің, Ресейден сыртқары жерлерді игеріп, бекіністер салудың амалын қарастырды. Тобыл картографы С.У.Ремезов қазақ даласын зерттеуге аттандырылды. Ол әз Тәукеге барған елшілер Ф.Скибин мен М.Трошиннің деректерін зерттеп шығып, бірден Сарыарқаға бет бұрған. Негізгі мақсаты әскери жолды сызу, қажет жағдайда орнығатын ұрымтал жерлерді дәл анықтау, кен шығатын аймақтарды белгілеу болған.

Картографтың Сарыарқаны қанша уақыт кезгені белгісіз, ал патшаның тапсырмасын ерекше ыждаһаттылықпен орындағаны анық. Оның осы сапардың деректері бойынша жазған "Чертежная книга Сибири" кітабында Арқа аймағының географиялық бедері дәл түсірілген, табиғаты, жер асты байлығы туралы мол мәліметтер келтірілген. Тағы бір ерекшелігі - көне мәдениет ескерткіштеріне де тыңғылықты сипаттама жасалады. "Чертеж земли всей безводной и малопроходной каменной степи" деген бөлімінен Тобыл, Ертіс, Есіл, Қорғалжын атауларын табасыз, Нұраның сағасындағы Бытығай қаласының орны туралы нақты мәліметке қанығасыз. Қаланың қирай бастағаны, әуелден қорғанысқа өте қолайлы жерге орналасқаны айтылады. Құдайға құлшылық ететін әулие орындардың жиі ұшырасатыны атап көрсетіледі. Шангин оларды мешітке ұқсатса, Ремезовтен ондай анықтаманы кездестірмейміз. Соған қарап, Бытығайда тәңірге де, христиан дініне де, исламға да иланушылар уақыттың әр кезеңінде болғанын, қаланың тым көнеден келе жатқан шаһар екенін болжауға мүмкіндік туатындай. Бәлкім, Бытығайды да ғұндар салған шығар.

Қаланы саяхатшы-зерттеушілердің бірі Ботағай, бірі Тотағай деп атаған. Бұл сөздің алғашқы мағынасы қандай болғаны жұмбақ. Оны шешуді жеңілдету үшін қазақтың "Батагөй" деген әсерлі сөзіне тели салар едік. Бірақ мұндай үстірт байламға барғымыз келмейді.

Ремезов сапарының бізге тағы бір құндылығы - Есіл-Нұра ескерткіштеріне жан-жақты хабар беретіндігі. Ол осы өңірдегі Көк там, Сұлу там, Сырлы там мазарларының көркіне таңдай қаққан, Ұлытаудағы Домбауыл кесенесіне ұқсатқан. Ал Домбауыл кесенесінің осы күнге дейін мұрты да сынбай сол қалпында тұрғанын білеміз. Ендеше, Ремезов құмартқан мазарлар да ұзақ сақталуға тиіс еді, сірә қолдан қиратылған болуы керек.

Мұндай тұжырымға келуімізге XVII ғасырда Тобыл, Ақмола өңірлерінде арнайы тапсырмамен болған поляк Юрий Крижаничтің дала ескерткіштерінің қатыгездікпен тоналып жатқандығы жөнінде қаққан дабылы себеп. Ол көне тамдар мен қорымдарды, мазарларды тіміскілеп, алтын бұйымдар іздеушілердің көбейіп кеткенін, бұлай жалғаса берсе, даланың ежелгі мәдениеті тып-типыл болатынын айтып, билік орындарынан араша сұрайды. Бірақ бұл әрекетінен нәтиже шығара алмаған.

Дәл осындай себеппен швед ғалымы Страленберг 1740 жылдары Қараөткел-Ақмола маңынан көрген, архитектуралық даралығына таңқалған құрылыстар да құрып кетті.

Сарыарқа өркениетіне жасалған осы жойқын шабуылды әуелде көр қазушылар дүниеқоңыздықпен бастаса, кейін дала мәдениетін жою жөнінде арнайы тапсырмалар берілгені тарихтан белгілі. Осындай мақсатпен ұйымдастырылған арнаулы экспедициялар XIX ғасырдың ортасына дейін Қазақстанның әр түкпірін тінтумен болды. Аталған ғасырда бұл іске әскери экспедициялардың офицерлері белсене араласты. Академик Әлкей Марғұлан "Бегазы -Дандыбаевская культура Центрального Казахстана" еңбегінде: "В первой половине XIX в. в Центральной Казахстан устремились десятки кладоискателей, которые хищнически грабили древние курганы и гробницы эпохи бронзы, уничтожая сотни уникальных памятников", - дей келіп, офицер С.Б.Броневскийдің "Записки о киргиз-кайсаках Средней Орды" деген жазбасынан деректер келтіреді.

М.Броневский көптеген көне қорғандарды қопарғанын, олардан талай құнды бұйымдар тапқанын жасырмайды. Сол бұйымдардың дені музейлерге тапсырылмаған, қайта қорытылып, алтын-күміс құймаларға айналдырылған. Әйтеуір, сәтін салып, осындай тіміскі офицерлердің ішінен А.Бахирев пен Дартоның қазып алған заттарының кейбірі Румянцев музейіне беріліпті. Сол жерде әлі күнге сақтаулы.

Есіл-Нұра, Қараөткел-Ақмола өңірінің тарихи архитектуралық ескерткіштерге бай болғаны соншалық, ғасырлар бойы оңды-солды қиратылса да таусылмаған. Оған нақты дәлеліміз бар.

023.jpg


Петербургте 1911 жылы тау-кен инженері Козыревтің "Гидрологическое описание южной части Акмолинской области" деген еңбегі жарық көреді. Ол осы аймақтың су қорын зерттей жүріп, өзендерге таяу жерлерден, далалық алаңқайлардан балбал тастардың жиі кездесетінін жазған. Сондай-ақ түрлі формадағы сынтастарды да көргенін, олардың қайсыбірінде де көне жазбаға ұқсас таңбалар бар екенін айтады.

Өкінішке қарай, бұлар да бізге жетпеді. Басқаны былай қойғанда, Ақмола қаласының шеңберіндегі көне қорымдар да құрылыс жұмыстарының барысында ғайып болды. Бүгінгі Астана шаһарының астында жиырмадан астам ежелгі қоныс орындары тұншығып жатыр. Астана тарихы, Арқа тарихы "Дат тақсыр!" деп сауға сұрап жатыр. Бәлкім, соңғы рет шығар.

Қария тарихтың осы жалбарынысын бүгінгі дәуір естіген шығар, өңірдің көне мәдениетіне назар аударыла бастады. Назар аудартып отырған - еліміздің Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы. Қазіргі таңда археолог ғалымдардың нақты тапсырмасы бар. Астананың бері салғанда мыңжылдық тарихы зерттеліп, айқындалуы, ғасырлардың шаң-тозаңынан аршылып алынуы керек.

Бұл бағыттағы жоспарлы ғылыми-зерттеу жұмысын белгілі ғалым, көрнекті мәдениет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков басқарып отырған Еуразия университеті сәтті бастап кетті. Осы ғылым ордасының профессоры, әйгілі археолог Кемел Ақышев Астананың батысына қарайғы бес шақырым жерден, Есілдің сол жағалауынан X-XI ғасырға жататын Ақжол атты қаланың орнын тапты. Бұзық көліне таяу салынған шаһарда жүргізілген қазба жұмыстары ғалымға Ақжол Дешті-Қыпшақ әскери-саяси бірлігі қалыптаса бастаған тұста тұрғызылған деген қорытынды жасатып отыр. Қаладан табылған кірпіштің ою-өрнегі, арнайы күйдіру технологиясының қолданылуы, мәдени реңдегі және діни сипаттағы ғимараттардың сілемі ұшырасуы сол заманда сәулет өнерінің кенже болмағанын айғақтайды.

Ақжол - екінші жағынан тарихқа күні кешегіге дейін жыртқыштық көзқарас сақталғандығының ащы дәлелі. Қала Целиноград – Қорғалжын автожолын салу кезінде қопарылып, қазып алынған топырақпен бірге рәсуә етілген. Бүгінде Астананың құрылысы кең қанат жаюда. Қала Есілдің арғы бетіне құлаш ұрды. Ғұн көсемдері қамал-қорған салып, осы жерде ұлы мәдениеттің дамуына алғаш негіз қалаған тарихи мекенге, Тайтөбеге қарай талпынуда. Құданың құдіреті, дана тарихтың киесі шығар, ата-бабалар рухымен осылай әсем табысып жатқандаймыз.

Қайырлы болсын дейік.

II

Бұл дүние шіркін – жалған, бірде масайратып арқадан қақса, бірде аһ ұрғызып жағадан алады. Бетіне жан қаратпаған айбынды ғұндардан, кемеңгер әз Тәукеден соң күмәнді күндер туады десе, кім сенген.

   Еркін өскен ел едік,

   Көңілі түссе көл едік.

   Көз алартқан жауларға,

   Етектей жерді бермедік.

   Арқаның саумал желі ескен,

   Ат жалында күн кешкен,

   Күндерім еске түседі.

   Ата жаумен егескен,

   Жауыр болған жабыдай.

   Саяқсып жүрген халқым-ай,

   Руға, жүзге бөлініп,

   Шашырап кеттің тарыдай,

   Қамшының қысқа сабындай.

   Мерзімі шолақ ғұмыр-ай,

   Баладай аңқау халқыма.

   Жар бола гөр, уа құдай! -

деп тілеп кеткен, "қазақтың басын қоса алмай, кәрілік дерттен аса алмай" өткен қанжығалы қарт Бөгенбайдан соң жылмиған жылымшы жылдар жылжып жетеді десе, кім иланған.

Сол солғын заманның сарыны 1830 жылы Қараөткел бойын салқын кезіп кетті. Осы жылы патшалық Ресейдің қазақ даласындағы ықпалын біржола күшейту мақсатымен арнайы әскери экспедиция әзірленіп, подполковник Федор Шубиннің басшылығымен Ақмолаға аттандырылады.

Ақмолалық журналист А.Дубицкий "Город на Ишиме" атты кітапшасында бұған Алтай-Қарпық және Қуандық болыстарының әлділері Батыс-Сібір губернаторы Вельяминовқа жазған өтініш хат себеп болды деген дәйек келтіреді. Олар Қоқан жақтан қарақшылық шабуылдың жиілеп кеткенін, содан қорғану үшін осы өңірде округ құрудың қажеттігін дәлелдесе керек. (Мұндай дерек 1979 жылы жарық көрген "Қазақ ССР тарихында" да бар).    

Губернатор бұл тілекті қабыл алады, аталған аймақта Ақмола деп аталатын төртінші округ құру жөнінде патша келісіміне қол жеткізеді. Осы саяси маңызы зор шаруаның мұқтажына 31 мың рубль бөлініп, "іске сәт" деп алақандарына түкіреді.

608ebeee8a253408654214 (1).jpg


Асылында болашақ қалаға орын Шубиннен бұрын белгіленген деген де ақпар бар. Ол тұс - Тайтөбенің етегінен көсілетін ұлан жазық болатын. Қыр астында ғұн империясы қамал салған Тайтөбе белі, сол қапталын орай ағып Нұра сарқырап жатыр, ал қарсы маңдайда Есіл ен көсілген. Әскери бекініс пен дала шаһарына бұдан артық қандай қолайлы орын бола қойсын. Осы жерге қақыратып қазық қағылады. Таңдалған мекеннің сызбасы Батыс-Сібір губернаторы Вельяминовқа жеткізіліп, ол мақұлдайды.

Осы шаруаны тындырушылар кеткен соң, ел ақсақалдары жиналып, кеңес құрады.

"Қоқанның қарақшылығынан араша сұрап жүргенде, мынандай күйге душар боламыз деп ойлап па едік. Арғысы Сарысу, бергісі Қараөткел, Қорғалжын елі алты ай жаз Арқа жаққа қатар қонатын ен жайлаудан біржола айырылғанымыз осы шығар. Түбінде солай болмасын десек, бір амалын табайық", - деседі.

Кеңесе келе "нартәуекел" деп қазықты суырып алып, Есілдің арғы бетіне, қаланың қазіргі орны тұрған суы ащы, топырағы сор жерге әкеліп қағады. Тайтөбе маңы туралы, "өте қолайсыз қойнау, қыста қар қалың түседі, көктемде екі өзен жарыса тасығанда су жайылып, тасқынның астында қалады" деген лақап таратады. Бұған губернатордың айналасындағыларды әбден сендіреді.

Осылай кесіп айтуымызға А.Дубицкийдің жоғарыда аталған кітапшасында мемлекеттік архивке сүйене отырып, келтірілген нақты дәйек бар.

"Судья по всему, губернатор Вельяминов мыслил строить приказ в глубине урочища Акмола на Нуре, примерно в двадцати верстах от Кара-Уткуля, но впоследствии место сочли неудачным, стоянка была перенесена в другой, более северный пункт, о чем 7 сентября 1830 года Чириков сообщил в канцелярию Сибирского казачьего воиска: "Постоянное пребывание отряда, состоящего под командою… полковника Шубина - 2-ого, прискано при урочище Кара-Уткуль, где и устраивается ныне помещение людей и лощадей".

Есіл өңірімен таныс емес ел үшін айта кетейік, Ақмола Тайтөбе маңының, Нұра мен Есіл аралығының атауы, ал қазіргі Астана тұрған жер ежелден Қараөткел делінген.

Сонымен жер біржола таңдалып, дені Сібір казактарынан тұратын мұздай қаруланған топ арнайы жіберілген мамандардың басшылығымен әскери бекініс пен қаланы салуға бел шешіп кірісіп кетеді. Құрылыс жұмысы екі жылға созылады да 1832 жылғы 22 тамызда аяқталады. Сол күні Ақмола округі де ресми жарияланып, осы екі оқиғаға арналған азан-қазан той өткізіледі. Казактар жүздеген мылтықтан оқ атып, зеңбіректер отыз бір рет жер-көкті солқылдатады. Осы жылы Қоңырқұлжа Құдаймендин округтің аға сұлтаны болып сайланады.

Қараөткелде әскери бекіністің салынуы, оның алдында қабылданған "Сібір казактарының уставы" бойынша хандықтың жойылуы, елдің ішін болыс және сұлтан сайлауларының жікке бөліп, қырық пышақ етуі халықтың наразылығын күшейтіп жіберді. Мұның үстіне Ресейден тақыр кедейлер Ақмоланың құнарлы жеріне ағылып, байырғы тұрғындар ата қонысынан ысырыла бастады. Ұлан далада бекіністер мен әскери дистанциялар қаптап, қарулы казактардың зорлық-зомбылығы көбейді. 1831 жылы ғана Қазақстанның батысында - 8, орта аймақта - 20, шығыста - 28 дистанция ұйымдастырылды. Бейсауат жүрген адам, шығып кеткен малдың сау қайтуы азайды. Ашынған, қорланған елдің намыстылары мен арлылары Көкшедегі Кенесарыны төңіректеді. Жерін талатып так, елін тонатып бақ тапқан талай ездің тексіздігі Кененің көкірегін қақ айырды. Жүрегі сыздаған хан тұқымы:

   Сенгеніміз - жансыз,

   Көсеміміз - қансыз,

   Шешеніміз - мәнсіз,

   Сатқынымыз - сансыз,

   Ұрпағымыз - тұлдыр,

   Болашағымыз - бұлдыр,

   Заманымыз - сұм,

   Жігеріміз құм болды-ау, - деп күйзеледі.

Тақсіреті талайға кеткен, талайлардың түбіне жеткен, хан тағынан тайған, шарасыз ел көрінген көлденең көк аттыға алақан жайған кезең Кенесарыны ақыры атқа қондырды. Қараөткел қайдасың деп тебіренді. 1838 жылдың 28-ші мамырында Ақмоладағы әскери бекіністі тікелей шабуылмен тас-талқан етті. Бекіністен Қоңырқұлжа мен осындағы казак әскерінің басшысы Карбышев, бірді-екілі солдат қана түн жамылып қашып шықты. Бір назар аударарлық жай: бұл күн жаңа стильге көшіргенде 10 июнь болып шығады да, Астана қаласының 1998 жылғы халықаралық тұсаукесері: Кенесары Ақмола бекінісін алғаннан дәлме-дәл 160 жыл өткенде ұйымдастырылған болады. Тағы бір қызығы, тұсаукесер бекініс орнында тұрған Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы Орталық стадионда өтті.

Көкжал туған хан Кененің осынау ерен ерлігі, ұлт-азаттық қозғалысының алғашқы жеңісі қазақ даласының талай саңлақ батырларын атқа қондырғаны белгілі. Сол қарулы қозғалыстың діттеген жеріне жетпегені де мәлім. Ақмоладан кейін Жезқазғанның жалпақ даласындағы Ақтау бекінісін жермен жексен еткен, алты алашқа бостандықтан жол салсам деп көксеген, елі үшін арыстанша алысқан есіл ер өмірінің соңында:

   Қош-аман бол, Сарыарқа, өскен жерім,

   Қайтқан қаздай қалың ел көшкен жерім.

   Тізе қосып бар қазақ ел бола алмай,

   Ит пен құсқа жем болып өшкен жерім, -

   деп күңіреніп өтіпті.

Шерлі сөз шерменде жүректен өріледі. Көсем сөз көшелі көкіректен талпынады. Ұран болар ұлағатқа тұмар болар қызмет жарасады. Астана хан Кенені құрметтеуден кенде емес. Есілдің жағасында асқақтап ескерткіші тұр. Қаланы қақ жарып Кенесары даңғылы өтеді. Тек осы қаһарманмен бірге Ақмола бекінісін талқандаған аруақты батырлар ұмытылмаса дейміз. Патша бекінісі болған жерге салынған орталық стадионға сол жаужүрек ерлердің есімдері жазылған ескерткіш тақта қойылса. Азаттық деп жанын шүберекке түйген басты баһадүрлер мыналар: шұбыртпалы Ағыбай, сүйіндік Жанайдар, қыпшақтан шыққан Иман, Басығара, арғын Жеке батыр, табын Жоламан, дулат Жәуке, Сұраншы, Байсейіт, Бұғыбай, атығай Аңғал.

Кенесарының дауылынан соң қазақ даласы іштен тынды. Есіл мен Нұра өңірінде арасалмақ күрт өзгерді. 1850 жылдары сол кезде Қазақстанға ағылған Ресей мен Украина шаруаларының 56 процентінен астамы Ақмола облысына келіпті. Ал қала бірте-бірте ауқымын кеңейткен. 1862 жылғы 23 қазанда оған қала дәрежесі берілді. Сол тұста шаһарда 4777 дворян, үй-жанымен 1320 солдат, 1487 қарулы казак, 130 татар, 1319 ортаазиялық, 11 дін иелері, 300-ге жуық қазақ болыпты. 1880 жылы алғашқы өндіріс ошақтары қара танытады. Екі май балқытатын, бір сабын қорытатын, тері илейтін зауыт жұмыс істеген. Бір класты үш училище, мешіттің жанынан татар мектебі ашылған.

Қаланың негізгі кәсібі ұзақ уақыт сауда болды. 1856 жылы сауда айналымы біржарым миллион сомға жетеді. Ташкент саудагерлері 1864 жылы ғана осында мал айдап келетін қазақ байларынан 30 мың қой сатып алған. Осындай алыс-беріс Ақмола 1868 жылы уезд орталығы болған кезде тіпті жандана түсті. Константин және Дмитриев жәрмеңкелері ашылды. Алғашқысы 21 мамыр - 10 маусым, екіншісі 22 қазан - 22 қараша аралығында өткізілген. Сарыарқаның марқасқалары мен қалталылары түгелге жуық жиналып, атақты балуан, әнші-күйші думанын асыратын сол жәрмеңкелер үшін қазіргі Шұбар шағын ауданының жері таңдалыпты.

Осыдан бір ғасырға жуық уақыт өткенде, 1961 жылғы 20 наурызда Ақмола атауы Целиноград болып өзгертілді. Бес облыс құрамына енген Тың өлкесінің орталығына айналды. Қаланың бұдан кейінгі тағдыры елге белгілі.


жазушы Алдан Смайыл, 2002 жыл.

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?